Қалдырған ізі мәңгілік

229

0

Сыр бойының тумасы, ұлағатты ұстаз, үлкенге іні, кішіге аға, аяулы жар, қадірлі әке құрметті және адал дос болған Тәшкенбай Нұрымбетов ағамыздың да өмірден озғанына жыл толыпты. Әттең, күйбең тіршілікпен жүріп уақыттың зымырап өткенін аңғармай да қаламыз.

Тумақ барда өлмек хақ. Дегенмен кейбір кездері пендешілікпен сабақ жоспарын жасағандай, «ертең ана істі бітірем, сосын мынаған кірісем, демалуды зейнетке шыққанда соң үлгерем» дейміз. Өмір өзінің түзетулерін сенің еркіңнен тыс ендіріп отыратынын естен шығарып аламыз.

Мұны айтып отырғаным, Тәшкенбай досымыз ортамызда ойнап-күліп, жарқылдап жүріп, бас-аяғы бір ай ауырды. О дүниеге кеткенде әттеген-ай деп бір-ақ білдік.

Оның ойлаған жоспарлары, аяқсыз қалған істері, орындалмай қалған армандары өмірдің қамшының сабындай қысқа екендігін тағы дәлелдеді.

Зейнетке шыққанына бір жылдай болған, сол зейнеттің жақсылығын, қуанышын отбасымен, достарымен бөліссем деген арманы орындалмай қалды. Бір ағыспен ілесіп Тәшкенбай ағамыздың ғұмырдариясы өте барды.

Тұла бойы тұнған биязылық, ізеттілік, адамгершілігі мол ағаммен 1985 жылдың сәуір айында таныстым.

Ол кезде қалалық білім бөліміне №140 орта мектепке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындау жөніндегі бұйрықты алуға келдім. Сабырсыздық танытып жан-жағыма жалтақтай қарап отырсам, менің фамилямды дауыстай айтып, қарсы кабинеттен сұңғақ бойлы, талдырмаш келген сары жігіт шықты. Сол кезде ол қалалық білім бөлімінің кадр жөніндегі инспекторы қызметінде еді.

Міне сол кезден бастап ағамыздың әріптес әрі серіктес досы, інісі және сырлас достарының бірі болдым.

Болмысында өте мәдениетті, сабырлы да салмақты Тәкең адамның жан дүниесін сезе білетін мықты психолог еді. Кадр бөлімінде жұмыс атқаруы, оған сол кезеңдегі кадр саясатының қыр-сырын жетік меңгеруіне, шебер маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.

Педагог-мамандарға тұлға ретінде қарап, асығыстық танытып жедел шешім қабылдамай, «Келісіп пішілген тон келте болмайды» қағидасын басшылыққа алып отыратын.

Содан болар, сол кездегі қалалық білім бөлімінің басшысы Сейітқасым Жүнісов ағамыздың кадр жөніндегі білікті де тәжірибелі көмекшісі болды.

Егемендікке қолымыз жеткеннен кейін қалалық білім бөлімі облысымыздағы ұлттық педагогикаға жаңаша көзқарас қалыптастыруда заманауи әдістерді іс жүзіне асырған шығармашылық үйіне айналды.

Ал жаңашыл-педагогтер Т.Дауметов, Г.Руснак, М.Подольский, Б.Қайназаров, Б.Остаев, З.Опалходжаева, Е.Червоненко, Л.Шастова, Г.Тоқсейітова, Р.Жавзмагина, А.Шүренов, т.б іс-тәжірибелері республика көлемінде таратылды.

Сол кезеңде еңбек еткен мұғалімдердің, мектеп басшыларының басым бөлігі бүгінгі күнге дейін «Біз – Жүнісовтің кадрлармыз» деп ерекшелеп айтып жүреді, яғни Тәшкенбай Нұрымбетовтің де «Жүнісов кадрларын» дайындауда қосқан өзіндік үлесі бар деп санаймын. Кейіннен №187, №217, кешкі мектептердің директоры ретінде педагогикалық ұжымдарға жасаған адал еңбегі замандастарының көз алдында.

Хадисте де айтылған ғой: «Ғалымның хаты өлмейді» деп, ал сол ғалымды тәрбиелеген – ұстаз. Сондықтан да ұстаздың келешек ұрпаққа берген білімі, тәрбиесі өлшеусіз.

Үлкен әулеттің көшбасшысы болған ағамыздың жұбайы Дариханы және өнегелі ұл-қыздары мен немерелерін сабырға шақырамын. Қызылорда қаласының білім саласының өркендеуіне қосқан өзіндік үлесі бар Тәшкенбай Нұрымбетовтей азаматтың ісі өлмейді.

А.БАЙМАНОВ,

ардагер ұстаз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<