Қияға қанат қақтырған

366

0

Күні кеше Нұрлан Қанат атты інім Ертілеу Жалғасбаевтың сәлемдемесін әкеліп тапсырды. Қандай сәлемдеме дейсіз бе? Бала күннен бергі досым әкесі Шынтас аға туралы жазылған «Директор» деген кітап беріп жіберіпті.

Жуырда Қызылорда қаласында Шынтас ағаның бала-шағасы, ұрпақтары бас болып, туған-туысты, көзкөргендерді, қызметтес болғандарды жинап, ас берген болатын. Сол асқа шақырылған едім. Алайда, белгілі себеппен қатыса алмадым. Соны ескерген Ерекең осы сәлемдемені арнайы беріп жіберіпті. Шынтас аға туралы жүрекжарды лебіздер мен естеліктер топтастырылған кітапты Ертілеу Жалғасбаев, Жанділдә Баймұратұлы, Еркін Әбіл құрастырыпты. Әр естелікті оқып, кітаптың әр бетін ашқан сайын ағамыздың қарамағында жұмыс істеген жылдарым көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты.

Шынтас Жалғасбаев аға басшылық жасайтын атақонысым қазіргі Жанқожа батыр атындағы, сол тұстағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздың қоймашысы болып құрылыс бөлімінің жолдамасымен келгенде небәрі 20 жаста едім. Кеңседегі мәжілістің аяқталуын ұзақ күттім. Тағатым таусылды. Ақыры есік қағып, ішке ендім. Адамға лық толы екен. Мүлгіген тыныштық орнады. Директордың өткір жанары қанжардай қадалды. Басымнан аяғыма дейін шолып өткенде маңдайымнан суық тер бұрқ ете түсті. Сасқалақтап, жолдамамды ұсындым.

Сабыр ет, оқырманым, сондағы кескін-келбетімді шама-шарқымша суреттеп берейін. Сексенінші жылдардағы сән үлгісі есіңізде болар. Ұзынтұра, шашы иығын жапқан, балағы жарты кез шалбар, тар жиде, самбреро шләпі киген, жалтыраған көзілдірік ілген бозбаланы мен деңіз. Ашуға булыққан Шәкең «Бұл жын-перінің мекені емес! Көзіме көрінбе! Жалбыраған шашыңды алдыр! Адам сияқты киініп кел!» деп қуып шықты.

Мұндай қысылмаспын. Қимағанмен амал қанша? Шаш қысқарды. Киім реттелді. Бұл жаңалыққа бәрінен бұрын марқұм әжем қатты қуанды. Жұмысқа қосылып кеттім. Бірде Шәкең кабинетіне шақыртты. Сәл бұрын жиналысқа түсіп, есеңгіреп шыққанмын. Неге дейсіз бе? «Көше шайқасында» тым белсенділігіммен көзге ілігіппін. Есіктен жүрексініп кірдім. Бастығым «Ауданнан жасақталған Сібірден құрылыс материалдарын әкелетін топтың құрамына қостық. Күш-қайратыңды пайдалы шаруаға жұмса» деп қысқа қайырды. Үн-түнсіз басымды изедім. Сол сапардан алған әсерім бертін келе «Сағыныштан сарғайған Сібір» тақырыбымен жарық көрді.

Сібірден олжалы оралдық. Қайтар жолда серіктерімнен бөлініп, Қызылордадан түсіп қалдым. Облыстық материалдық-техникалық базаға соғып, ауылға құрылыс материалдарын алып қайтуды ұйғарған едім. Жолым болды. Облыстық базадағы Нұрия Исабекова есімді апайға жолығып, Сібірден іссапардан келе жатқанымды айтып, көмектесуін өтіндім. Нұрия апай тілге келген жоқ. Қолымда зат алуға сенімхат (доверенность) болмаса да, ауданға арналған кітапшаға жазып, құрылыс материалдарын босатты. Бұл мәселе шешілді. Енді алынған заттарды ауылға жеткізетін көлік қажет болды. Біреулердің сілтеуімен Өркендеу ауылының тумасы (аты-жөнін ұмытып қалыппын) автокомбинатта жауапты жұмыс істейтінін естіп, сонда бардым. Мәрт жігіт екен. Ләм-мим деместен тіркемесімен қос бірдей КамАЗ көлігін босатып берді.

Ертеңіне заттарымды тиеп, ауылға жеттім. Гараждың есігінің алдында Шынтас ағам тұр екен. Құрылыс заттары толтыра тиелген КамАЗ-дан түскенде жүзі түнеріп кетті. Сұстана қарап «Сен Сібірге бармағансың ба?» деді қатқыл үнмен. Мен жөнімді айттым. Шәкеңнің өңі бұлттан шыққан күндей жадырап, арқамнан қақты. Ал менің көңілім сол кезде сонау көкте шалқып тұр еді. Көп ұзамай Шынтас аға мені «Бесжылдықтың жас гвардияшысы» («Молодой гвардеец пятилетки») деген төсбелгіге ұсынды. Міне – тәрбиенің шыңы. Мініңді шыжғыртып бетіңе басып, жетістігіңді елеусіз қалдырмайтын Шәкеңнің қасиетіне қалайша сүйсінбессің?!

Шынтас Жалғасбаевтың басшылығымен Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшар республиканың, одақтың ауыспалы қызыл туын 27 мәрте иеленді. Есімі одақтың «Алтын кітабына» енді. Озат тәжірибе мектебіне айналды. Өзі «Ленин», екі «Еңбек Қызыл ту», «Халықтар достығы» ордені, көптеген медальдармен марапатталды. Қазақстан Компартиясының Х-ХІІ-ХVI съездерінің делегаты атанды. Екі мәрте облыстық, ұзақ жылдар бойы үзіліссіз аудандық кеңестің депутаттығына сайланды.

Қазіргі таңда өзі маңдай терін төккен ауылда Шынтас Жалғасбаев атындағы көше бар. Бұл – асыл азаматқа деген ел-жұртының шексіз құрметінің нышаны.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы  ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<