Тағылымы мол ұстаз

286

0

Сыныптай сырғыған сағым жылдар санатында ғұмырының саналы жылдарын мәнді өткізген, туған жеріне шынайы қызмет жасаған, елдің есінде ұзақ сақталатын есімдер болады. Осындай өнегелі өмір кешкен азаматтардың қатарын Арыстанбек Қонысұлы толықтырады.

Ол – менің ұстаздық жолымда үлгілік деңгейде өзінің жеткен жетістіктерімен із қалдырған ұстаздарымның бірі. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) 1971 жылы математика мамандығы бойынша бітірген. 1971-1973 жылдары Кеңес Армиясы қатарында взвод, батарея командирі ретінде азаматтық борышын өтейді.

А.Қонысұлы 1973 жылы Қызылорда педагогика институтында оқытушылық қызметін бастады. Оқу орнына келгеннен бастап, студенттерге сапалы білім беріп, ғылыми бағыттағы зерттеушілік жұмыстарымен айналысты. Университеттің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты, физика-математика факультетінің «Математика және математиканы оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушілік қызметін абыроймен атқарды.

КСРО ҒА Сібір бөлімшесінде академик М.Лаврентьевтің ғылыми бағыттарымен байланыста болып, кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты. Кафедра басқарған кезде мамандық әлеуетін көтеруде үлкен жұмыстар жасады, магистратура ашылды. Факультеттің, кафедраның тарихын жазып, үлкен мұра қалдырды. Академик А.Таймановтың есімін университет тарихында қалдыру мақсатында көп еңбек жасады. Материалдар жинақтап, халықаралық конференцияның өтуі мен кафедрада кабинеттің ашылуында Арыстан ағайдың еңбегі зор болды.

Мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің физика-математика факультетінің 1980 жылғы түлегімін. 1975 жылы Н.Гоголь атындағы педагогика институтының күндізгі дайындық бөліміне оқуға түстім. Оқу тобымыздың тәлімгері Арыстанбек ағай болды және математика пәнінен сабақ берді. Білімімнің өсуіне ағайдың еңбегі үлкен болды.

Оның сабақ беруі, қарапайымдығы, әділдігі және жан-жақтылығын біз өнеге тұтатынбыз. Оқу тобымыздағы барлық іс-шараларға араласып, басында жүретін.

2012 жылы университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен физика және математика кафедрасы құрылды. Осы кезден бастап ағаймен бірге бір кафедрада қызмет жасадық. Оқу үдерісінде ақыл-кеңесін беріп, қызметімнің өсуіне ықпал жасаған ұстаздарымның бірі.

Білім алушыларға «Математикалық логика», «Математика тарихы», «Дифференциалдық теңдеулер» пәндерінен лекция-практикалық сабақтар жүргізді. Сабақтарын жақсы өтетін, тақтаны жақсы пайдаланып, студенттерді сабаққа қатыстырып отыратын. Талапшыл және білімді әділ бағалайтын. Жан-жақты, энциклопедиялық білімді еді. Орыс тілінде таза сөйлейтін және сауатты жазатын.

Өмірінің соңына дейін кафедрада профессорлық қызметте болды. Ағамыздың салмақты мінезі, сөйлеу мәдениеті, үлкенді сыйлауы, кішіні құрметтей білуі біз үшін үлгі болатын.

Сонымен қатар, Арыстанбек ағайдың мерзімді баспасөз беттерінде ұлттық тарих пен танымды қалыптастыратын, жас ұрпақ тәрбиесіне арналған көптеген мақалалары жарық көрді. Кейінгі жылдары «Жаратылыстану мамандықтары үшін математиканы оқыту мазмұнын жетілдірудің кейбір мәселелері» тақырыбында ғылыми-әдістемелік ізденістер жүргізді.

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ардақты ұстазым Арыстанбек Қонысұлының өмірден озуы барлығымызға ауыр тиді, қабырғамызды қайыстырып кетті.

Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген сөз бар. Қазіргі кезде Арыстанбек ағайдан тәлім-тәрбие алған мыңдаған шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде жемісті еңбек жасап, ұстазымыздың ұлағатты жолын жалғастыруда.

Бақыт ҚАЛИЕВ,

физика және математика кафедрасының доценті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<