Тұңғыш ғарыш конструкторы

740

0

Қазақта ғарышқа көтерілген қаһармандар санаулы ғана, ал өзі көкке көтерілмесе де арманы ғарышқа жеткен тағы бір жерлесіміз бар. Ол – академик В.Бармин атындағы Бас конструкторлық бюрода қызмет еткен, «Буран» ғарыштық жүк кемесін ұшыруға қатысқан, құрастырушы жерлесіміз Оңғарбай Қазыбаев.

Оңғарбай 1940 жылы Арал ауданының теңіз жағасындағы Қарашалаң ауылында дүниеге келген. Әкесі Қазыбай қуғын-сүргін жылдары марқұм болған ауылдасының жаназасын шығарамын деп, жала жабылып айдалып кете барған. Содан соғыс басталғанда майданға аттанып, іште қалған перзентін көре алмай жат жерде қаза табады. Анасы Рысжан үш қызы мен жалғыз ұлды жетілдіріп, ауыр жылдардың тауқыметін көтеріп ғұмыр кешті.

– Ініміз Қарашалаңдағы бастауыш мектепті екі-үш жылда бітірді. Зерек болғаны сондай, бір жылда екі сыныпты бірден оқып, Бөгендегі  орта мектепке келгенде  орыс класына қабылданды. Ол кезде поселкеде орыс, кәріс, қалмақ, т.б. ұлттар көп болғандықтан, олардың орта мектебі бар еді. Басқа балалар оқи алмай қалғанда Оңғарбай білім ұясын үздік бітірді, – дейді Тасбөгет кентінде тұратын 85 жастағы апасы Зұлпат Қазыбаева.

Жетім баланың қолы қысқалық жасап үлкен қалаға жоғары оқу орнына бара алмады. Бірақ, көршідегі Қазалы теміржол училищесін тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығы бойынша қызыл дипломмен бітіреді. Талапты жігіт 1959 жылы жолдамамен Теміртауға, жастар құрылысына жіберіледі.

Бірде газеттен Алматыда Мәскеудің Бауман атындағы жоғары техникалық училищенің құжат қабылданады деген хабарландыруға көзі түседі. Дереу мектептің үздік аттестаты мен училищенің қызыл дипломын қабылдау комиссиясына салып жібереді. Біршама уақыттан соң Алматыға барып, емтихан тапсырады. Сөйтіп, Орта Азия елдерінен келген 24 шәкірттің арасынан атақты училищеге қабылданған 6 шәкірттің бірі болды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, сырттай оқуына көмектескен бір азамат оның жолына қаржылай жәрдем бергенін айтып күліп отыратын.

Көк теңіздің жағасында толқын қуып өскен талантты жастың Одақ астанасындағы жаңа өмірі басталады. Бауман атындағы жоғары техникалық училище әлемге белгілі оқу орындарының бірі саналады. Білім ордасынан еліміздің ғылым мен техника саласына танымал талай қайраткер тәрбиеленіп шыққан. Осындай оқу орнында  үздік оқыған Оңғарбай ракета техникасы саласының маманы болып шығады. Жас жігіттің болашағына зор үміт артқан академик В.Бармин өзінің конструкторлық бюросына қызметке шақырады. Ол космонавтика атасы, академик Королевтің орынбасары болатын. Күрделі де қауіпті саналатын қызметі құпия болғанымен, Кеңес одағы олардың жетістіктерімен әлем алдында көшбасшы ғарыштық державаға айналды.

Жерлесіміздің қызметін білу үшін алдымен академиктің өзімен танысқанымыз дұрыс. Владимир Петрович – даңқты кеңес ғалымы, зымырандық-ғарыштық және әскери ұшу кешендерінің негізін қалаушы конструктор. Академиктің өмірін «Катюшадан» «Буранға» дейін» деп әсерлі бейнелейді екен.

Ғарыш кемелерін ракета технологиясынсыз елестету мүмкін емес еді, олар құдды қанатсыз құстай сезілетін. Мұның жарқын көрінісі «Буран» көп мақсатты жүк кемесін ұшырғанда айқын байқалады. Сексенінші жылдардың басында АҚШ пен КСРО арасында бәсекелестік қызып, алдымен америкалықтар «Шаттл» жүк тасымалы кемесін орбитаға шығарды. Бұл кезде біздің елімізде «Буран» жүк кемесі дайындалып жатқан болатын. Бұл бағдарламаға мыңдаған кәсіпорындардың тартылуы оның  ауқымды бағдарлама болғанын көрсетеді. Жаңа технологиямен жасалып, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» жұқалығы шүберектей тақтайшалармен қапталған кеменің бірнеше нұсқасы таңдалды. Жүк кемесін алып самолеттің арқасына қонжитып Байқоңырға әкеліп, 1988 жылы 15 қарашада ғарышқа ұшырылды. Корабльдің ұзындығы 34, биіктігі  16  метрден асатын және 100 тоннаға дейін жүк көтеруге қауқарлы еді. Ұшқышсыз басқарылып, толық автоматтандырылған «Буран» ғарышта 3 сағаттан астам болып, Байқоңырдың «Юбилейный» аэродромына сәтті қонды. Бұл космос саласындағы әлемдік жаңалық еді. Ғалымдар ғарыш кемесіне зымыран технологиясы саласындағы соңғы жетістіктер пайдаланылғанын, көршілерге қарағанда оның көптеген артықшылықтары болғанын айрықша атап өтті. Өкінішке орай, «Шаттлдың» екінші сапары қайғылы аяқталып, кеме көкке көтерілмей жатып ішіндегі астроновтармен бірге жанып кетті. Мұнан кейін екі елдің бұл саладағы бәсекелестігі бәсеңдей бастады және Кеңес одағының ыдырауына да көп уақыт қалған жоқ еді… Әлемді таңғалдырған осынау алып кеме содан бері қазақ жерінде қалып қойды.

«Буран» кемесін құрастырып, ұшыруға қатысқан жерлесіміз О.Қазыбаев оны өмірінің үлкен белесі екенін мақтанышпен еске алып отырған. Конструктор  ғарышпен бірге қорғаныс өнеркәсібінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған. Әскери зымыран қондырғыларын бронды танкіге орнатудағы ерен еңбегі үшін Патон атындағы медальмен марапатталған санаулы мамандардың бірі еді.

Қызметі  құпия, сөзге сараң Оңғарбайдың елге келгенде әңгімеге тартқан жиені, шалқарлық Бекділда Әжіғалиев оның қызметінде төтенше жағдайларға талай тап болғанын айтады.

Құпия демекші, төрт-бес жылда туған жеріне бір соғатын Оңғарбай ағамыз келген сайын тиісті орындарға тіркеледі екен. 1949 жылы Сталин атом саласы мамандарына ұшақпен ұшуға тыйым салып, тек поезбен, көлікпен жүруге және барған жерінде міндетті тіркеліп отыруға жарлық берген. Осы бұйрық ғарыш саласы мамандарына да таратылған болу керек.

Соғыс пен ауыртпалықты, тағдыр тауқыметін көрген Рысжан анамыздың «балам оқуын бітіріп келсе, үйлендіріп, келін жұмсап, қолымды жылы суға салармын» деген арманы бар еді. Бірақ қара балаға дәм-тұз сонау Мәскеуден, оның іргесіндегі Жуковск қаласынан бұйырды. Бауман училищесінде өзін  емдеген дәрігердің қызы Райсамен танысып, екі жастың арасында махаббат оянып, жарасымды шаңырақ құрды. Райса Васильевнамен екеуі Ирина, Максим есімді ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.

Ол өте бауырмал болатын. Ауылдағы апалары Қымбат, Салиха, Зұлпатпен хабарын үзбей, інісі Байнашты «Алматы-Мәскеу» пойызына жолсерік қызметіне орналастырып, ауылға сәлемдемесін жеткізіп тұрған. Жездесі Әжіғалидың майданда әкесімен қалай кездескенін тәптіштеп сұрап отыратын. Кейін өзі сұрау салу негізінде «Жауынгер Қазыбай Үдербаев Сталинград түбінде қаза тапты» деген тілдей анықтама алды қолына.

Одақ ыдыраған жылдары Қазекең елге қайтуға ниеттеніп, Қазақстан елшілігіне де барған. Олар Қарағанды металлургия комбинатынан қызмет ұсынғанда, отбасы жылы орындарын суытқысы келмей көшудің сәті түспепті. 1994 жылы жаңадан құрылған «Мясищев-Техсервис» ААҚ О.Қазыбаевты Бас конструктордың орынбасары қызметіне тағайындайды. Міне, осында өзінің сүйікті мамандығымен айналысып, көптеген ғарыштық және әскери жобаларды жүзеге асыруға қатысты. Жерлесіміз біздің ғарышкерлермен достық қарым-қатынаста болған.

Қайсар ағамыз өткен жылы ақпанда дүние салды. Саналы ғұмырын әлемдегі озық салаға арнап, көк аспанға қолы жетпесе де ойы, арманы жеткен, қазақтан шыққан тұңғыш ғарыш конструкторы Оңғарбай Қазыбаевтың есімін жас ұрпақ білуі керек.

Жұматәли ӘБДІРАМАН,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<