Туралықты ту еткен

456

0

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Иран Әмірұлы көзі тірі болғанда алдымыздағы 15 қыркүйекте жетпіс сегіз жасқа толатын еді. Оның 71 жасқа қараған жасында қайтпастың кемесіне отырып алыс сапарға аттанғанына да биыл 6 қазанда сегіз жыл толады.

Иран Әмірұлы 1944 жылы 15 қыркүйекте Жалағаш ауданының Қаракеткен стансасында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген құқықтанушы. Ақтөбе қалалық сотының, Фрунзе аудандық сотының судьясы, Ақтөбе облысының Октябрь аудандық сотының судьясы, төрағасы, Алға аудандық, Ақтөбе қалалық, облыстық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. ҚР Парламенті Сенаты ІІІ шақырылымының депутаты, Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің мүшесі. ҚР Жоғарғы Сот Кеңесінің мүшесі. ҚР Сот атқарушылары одағының төрағасы болған. ҚазКСР Еңбек сіңірген заңгері, ҚР Құрметті судьясы. «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен, «Үш би» Құрметті белгісімен марапатталған. Ақтөбе облысының және Жалағаш ауданының Құрметті азаматы. 

Ағамызға Ақтөбе қаласында берілген садақа аста облыстық соттың ардагерлер кеңесінің төрағасы, Шалқар аудандық сотының бұрынғы төрағасы К.Жүсіпов Ирекеңнен ағайынды, досты сыйлауды үйренгенін еске алды. Оның ақтөбелік достарын қызылордалық ағайындар танып, жақын туыстай болып кеттік.

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді дана қазақ. Қаракеткен топырағында туып ер жеткен ол елге келген сайын  жаңалықтар мен игі істерге, Сыр елінен шыққан азаматтардың, белгілі қайраткерлердің жетістіктеріне қуанатын. Жыл сайын Марал ишан, Қалжан ахун, Бұқарбай батыр, Беркімбай кәлпеге, әке-шешесінің басына арнайы келіп, мал сойып, құран оқытып, садақа үлестіретін. Ас-садақа, тойға қатысып, араласып, көмек жасаған адамдарға алғысын білдіріп, азық-түлік, ақшалай, басқа да көмек  көрсетіп, риза қылып жіберетін. Сыр елінде облыстық соттың бұрынғы төрағасы М.Ибраев, облыстық сайлау  комиссиясының  бұрынғы төрағасы Қ.Қайруллаев, Ақтөбе қаласының бұрынғы әкімі А.Әбенов, т.б. жолдастарымен жақын араласты. Елге келгенде міндетті түрде ағайындарды аралап шығады, жұмыстан қолым босағанда қасына еріп жүремін. Өмірбек Шаменов пен Қожахмет Баймаханов, тағы басқа інілері елді аралатады.

Иә, ол шынында да жақсы заңгер, кәсіби судья, нағыз тәуелсіз  депутат еді. Сот саласының ардагерлері мен басшыларының айтуы бойынша  жаңарған егеменді еліміздің сот жүйесін онсыз көзге елестету мүмкін емес  және оның дамуына орасан зор үлес қосты, өсіп-өркендеуіне үлкен серпін әкелді. «Әрбір судья қолындағы кодексін Құранындай сыйласын, тірідегі абыройын, өлгендегі иманын ойласын». Осы қанатты сөздер Иран ағамызға тиесілі.

Қазақтың «сырбаз», «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін сөздері сол кісіге арнап айтылғандай. Оның жақсы қасиеттердің барлығын қазасынан кейін Ақтөбеге барып, ас-садақа бергенде жұрттан, заңгерлерден, мемлекеттік, мәдени қызметкерлерден, БАҚ өкілдерінен, кәсіпкерлерден, зейнеткерлерден, Қазақстан, Ресей азаматтарынан, тіпті қарапайым адамдардан естідім. Ол елге белгілі кісілерге қатысты өткізілетін іс-шараларға қайырымдылық, қолдаушылық көрсетуде де көзге түсіп, жомарттығымен ерекшеленетін. Елге келгенде, ағайындардың жағдайын біледі, кімнің қандай қиыншылықтары бар екенін сұрастырады, мүмкіндігінше барлығына көмектесуге тырысады. Бірде Қызылордаға келген кезінде Бұқарбай батыр атындағы көшені көрсеттім. Оған көше ұнады, бұл батырдың 200 жылдық тойын өткізу жоспарланып отырған 2012 жылдан 3 жыл бұрын болатын. Кейін тойға дайындық барысында ең алғашқы болып батырдың қорына 1 млн теңге аударды. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші,  той өте жоғары деңгейде өтті. Ол кісінің қуанышында шек болмады, басынан аяғына дейін қатысып, келген қонақтар мен ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. 2009 жылы Жалағаш ауданының 70 жылдығы мерейтойында оған ауданның Құрметті азаматы атағы берілді.

Иран ағам тектінің ұрпағы еді. Жоңғар-қалмақпен күресте Сыр елі каһармандардың бірі белгілі би, батыр Жүзжасар бабамыздың ол алтыншы, мен жетінші ұрпағымын. Ел арасындағы әңгімелерге қарағанда оның өз әкелері Әміре, Әмзе, атасы Мергенбай көзі ашық, ел арасында абыройлы, ағайынға, досқа адал азаматтар болған екен. Әміре ата заманның қиын кезінде оқи алмағасын келешек оқыған азаматтардыкі болатынын болжап, Иран ағамыздың бала кезіндегі тәрбиесіне, оның жақсы адам болып қалыптасуына көңіл бөлуді ел арасында абыройы бар, ер мінезді Қантым әжемізге тапсырып кетіпті. Еті тірі, ақылды әжеміз Иран ағамыздың келешекте елдің сенімінен шығып, халқының жүгін арқалайтын нағыз нар азамат болып қалыптасуы үшін қолынан келгенінің барлығын істеген тәрізді.

Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады екен. Ағамыз жақсы оқушы, қатарының алды болып, қалыптасуына өз үлесін қосқан Сыр еліне белгілі ұстаз, партия, кеңес органдарының қайраткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Жадырасын Күзенов ағамызбен жақын араласып, оның ұйымдастыруымен өткізілген сыныптастар кездесуіне де келген болатын.

1980 жылдары қызылордалық бір жігіт оның інісі екенімді біліп, өзінің Ақтөбеде түзеу жұмыстарына (ол кезде оларды «химик» дейтін) сотталып, сол жерде жазасын өтеп жүргенде адам мәйітінің үстінен түсіп милиция қызметкерлерінің оны ұстап, қамағанын, істі сотқа жолдағанын, ал сотта Иран дәлелдердің жеткіліксіз болуына байланысты ақтап жібергенін айтқан болатын. Ешкімі жоқ, жетім жігіт екен. Социалистік Еңбек Ері, атақты күрішші Жадыра Тасмамбетова қиналған кезде Ирекеңнің көмектескенін айтып, «нағыз біртуар азамат», «нағыз бір сөзді жігіт» дейтін. Белгілі ақын, сазгер, әнші Елена Әбдіқалықовамен ағалы-қарындас болып жақсы араласты.

Ақтөбедегі садақа-аста сөйлеген досы В.Проскурин оның игі істерін еске алып, «біз жетім болып қалдық» деді. Оның қазасынан кейін артынан ерген інілері біз, жалпы ағайын жетім болып қалдық. Ыстық ықыласын, құлаққа жағымды қоңыр даусын, тәрбиелік мәні бар дана сөздерін, әділ, орынды айтылған сын-ескертпелерін сағындық.

Оның әлі де бағындыратын белестері көп-тұғын. Парламентке, сот жүйесіне керек еді, құқықтану саласы оның адал қызметін, күш-жігерін соңына дейін пайдалана алмады. Елінің нағыз патриоты, жанашыры еді. Парламент Сенатының отырысында алыс шетел, оның ішінде Қытай Халық Республикасы азаматтарының Қазақстанда еңбек ету, тұру, отбасын құру мәселесі, әйелдердің зейнетке шығу жасын көтеру туралы заң жобалары талқыланғанда қаhарына мініп, ашуланып сөйлеген сөздері әлі есімде. 2013 жылы 70 жылдық мерейтойы алдында Отан алдындағы еңбегі еленіп, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды.

Шүкір, артында жақсы сөздері, балалары, немерелері қалды. Достары, ағайындар құранға атын қосуда. Бану жеңгей, бала-шағасы, достары оны еске алатын талай жақсы іс-шараларды атқаруда. 2019 жылы жергілікті билік арқылы өзі заңдастырып облыстық сотты көшірген ғимарат қабырғасына мемориалдық тақта ілініп, «Бекзат тұлға, тура би» атты естеліктер жинағы жарық көрді. Естелік жинаққа Ресей Федерациясы мен елімізге белгілі мемлекет, қоғам қайраткерлері, республика және облыс сот пен құқық қорғау органдары саласының басшылары мен ардагерлері, ағалары мен достарының лебіздері жарияланған. ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асановтың «Елін сүйген қайраткер», ҚР Бас әскери прокуроры Д.Сартаевтың «Шын мәніндегі халық қалаулысы болды», академик Қ.Әбішовтің «Принципшіл, әділ азамат еді», ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы С.Ақылбайдың «Елін сүйген Ирағаң», Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі, экс-сенатор Е.Сағындықовтың «Билердің бізге жеткен бейнесі», экс-сенаторлар Ю.Кубайчуктің «Был настоящим лидером», Л.Полторабатьконың «Высокопрофессиональный юрист», соғыс және еңбек ардагері, Қаржы саласының үздігі, Қазақстанға еңбегі сіңген экономист, «Құрмет», 1,2-дәрежелі «Отан» ордендерінің иегері Б.Баймахановтың «Бабасы би болып еді», соғыс және еңбек ардагері, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерінің иегері К.Бердаулетовтің «Бала кезінен басқаша еді», әділет генерал-майоры Ә.Әділханның «Тағылымы мол тұлға», полиция генерал-майоры А.Федоровтің «Он остается в памяти земляков», «Ақтөбеглавснаб» АҚ төрағасы Б.Петуховтың «Человек чести» атты мақалалары енген.

Әсіресе Өзбекстан Республикасының, Ресей Федерациясының бұрынғы Бас прокуроры О.Гайдановтың естеліктері өте әсерлі. «Как молоды мы были, как верили в себя» атты естелікте Ресей прокуратура генералы өзінің Иранмен 70-жылдардан бері дос екенін, комсомол хатшысы ретінде облсоттың сол кездегі жас комсомолы Иранмен бірлесіп, мекемелердегі комсомол жастардың құқықтық сауатын ашу үшін бірлесіп шаралар атқарғанын жазған. Кейін Ақтөбе қаласының прокуроры болып тағайындалғанда, Иран Әміровтің Ақтөбе қаласы қалалық сотының төрағасы лауазымын атқарғанда отбасымен тығыз араласқан. Полицияда жоғары басшылық қызметін атқарған екі досымен, Иранмен қаз атуға барып, кәсіби тәжірибелі  үш аңшының  бірде-бір қаз ата алмағанын, ал өзін аңшылықтан мүлдем хабарсыз қылып көрсетіп, мақтанудан аулақ болған Иранның қазды атып, оны отқа  өте  дәмді қылып дайындағанын, өмірінде одан тәтті тамақ жемегенін әсерлі қылып көрсеткен. Бойындағы шыдамдылық, адамды тыңдай білетін қасиетін, қандай да бір мәселенің шешілу жолына сенімді болса оны өзгерту мүмкін еместігін жазған. Ресейге көшкеннен кейін 2005 жылдың көктемінде Бас Прокурор ретінде ТМД елдерінің Парламентаралық ассамблеясының тұрақты комиссиясының жетекшілерінің бірі болып  мәжіліске қатысу үшін Мемлекеттік Дума ғимаратына кіргенде екі жыл көрмеген Иран досымен кездесіпті. Бір-бірін құшақтап, өзі қатысуы тиіс сарапшылар кеңесінің мәжілісіне бармай жерлестерімен Қазақстан  елшілігіне  қонақ  болғанын, екі күннен кейін Иран Петербургте өте сауатты баяндама жасап екі мемлекет өкілдерін таңғалдырғанын айтады. Иран кейін заң шығармашылығына көңіл бөлген, оның мықты дипломатқа тән қасиеттері бар еді, небір ымыраласпайтын жақтарды дипломаттық тәсілдерді қолдану арқылы татуластырудың шебері еді. Өзінің дара, мейірімді, сенімді, тиянақты, принципшіл, қимас, жан досымен соңғы рет 2013 жылы Мәскеуде кездесіп, үш сағаттан артық бірге болған екен.

Оның тағы бір жан досы, Ресей Федерациясы Көркемөнерінің еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жазушы, мәскеулік Рауль Мир-Хайдаров «Беседы с Сократом» атты мақаласында қимас досы туралы қызықты деректер келтірген. Иран досынан айрылып, естелік жазатыны туралы  үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. «Ол фундаментальды, сұсты, айбатты, көрнекті, ұстамды, салмақты, терең ойлы, оның  тек рухани бай ішкі дүниесі ғана дамыған емес,  табанды, мықты күш иесі, ғасырлық жуан емен сияқты қатты еді. Ғасырлық емендер тек аспан күші найзағай түсуі әсерінен ғана сынады екен, қалған қиындық, апат, қасірет, ауыртпалықтардан зиян шекпейтіні туралы оқығам. Ол туралы жас кезінен бастап жақын араласқан О.Гайдановтан естігем. Кейін екеуміз Мәскеуге көшіп барғанда жиі еске алатын болдық. Оның бойында заң саласында сирек кездесетін қасиет бар еді, үлкен лауазымға тағайындалмастан бұрын, жас кезінен халыққа сыйлы, абыройлы болды. Сол үшін оны достары, әріптестері әзілдеп «Сапа белгісі» дейтін. Иә ол таныстыруды қажет етпейтін. Оның аты-жөні, тегі, жоғары, терең білімді, біліктілікті, кәсібилікті, принципшілдікті, әділеттілікті білдіреді. Иранмен мен Ақтөбе Заң институтының бастығы, полковник Х.Сүлейменовтің 50 жылдық мерейтойында таныстым. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облысының департамент бастығы, генерал Б.Шайменов пен оның орынбасары Қ.Елубаевпен тойхана фойесінде тұрғанда соңғысы маған сыбырлап: «Міне, біздің ауыр салмақтылар келді» деді. Келген екеудің бірі маған бұрыннан таныс бұрынғы судья, әділет басқармасының бұрынғы бастығы С.Барышев екен. Жоғары қызметтегі адамдардың назары ауып амандасуға жапа-тармағай ұмтылған С.Барышевтың  қасындағы адамды бірінші рет көруім. Б.Шайменов маған: «Прокурорлар туралы романыңды аяқтадың, енді судьялар туралы роман жазсаң, бұл  кісіден артық білгір және сот жүйесінің абыройлы адамын таба алмайсың» деді. Сол кезде алдымда тұрған мырзаның О.Гайданов талай жақсы сөздер айтқан атақты Иран Әмірұлы екенін білдім. Ол соңғы романымнан басқа менің бүкіл шығармашылығыммен жақсы таныс болып шықты. Кейін жақсы араласып кеттік. Мен Ақтөбеге жиі келем, ол Мәскеуге барып тұрады. Біздің С.Барышев үшеуміздің көптеген кездесуімізге қатыса бастады. Елінің болашағына  алаңдап, Қазақстанның дамуына қажет заңдарды, ең бастысы ата-бабамыздан мирас болып қалған қасиетті жерімізді сақтап қалатын жаңа заңдарды қабылдау керек екенін жиі айтатын. Біздің  жерімізге  батыстағы, шығыстағы көршілеріміз қызығып отыр, олардың қызығушылықтары жеріміздегі пайдалы қазбалар туралы ақпарат тарағаннан кейін онан сайын артты. Азаматтарды құқықтық тәрбиелеу, судья, прокурор, полиция, басқа да билік салалары туралы айтқан ой-тұжырымдарын естідім.  Үшеуміздің кездесу барысындағы пікірталастарымызға  қызығып ортамызға қосылуға ниет білдірушілерге ол: «Біз көңіл көтеру үшін жиналмаймыз, философиямен айналысамыз, қозғалған тақырып кейбіреулердің  көңілінен шықпай ренжуі мүмкін, кездесу  кворумы мәңгілікке қалыптастырылған» деп өтінішті қанағаттандырмай тастағаны бар еді.

Бірде бала кезімдегі оқулықтардағы ежелгі грек элитасы, афин аристократы, грек философына ұқсатып «Сократ, бұл нағыз Сократ қой» деп даусым  ерекше қатты шығып кетті. Мен оны ұлы дана, ойшыл, философқа теңедім. Шынында ол таңғаларлық, ғажап адам, ірі заңгер, дана философ, қазіргінің Сократы еді. Міне Иран Әмірұлының шынайы портреті. Онымен кездесулерді мен «Сократпен сұхбаттасу» деп атадым. Иә, басқаша атау мүмкін емес. Иран Әмірұлы біздің өзара кездесуімізді, қозғалған тақырыптарды жоғары деңгейге көтерді. Иә ол біз үшін нағыз  Сократтың өзі еді» делінген.

Сонымен қатар, кітапта Иран Әмірұлының қойын кітапшасына жинақтап, жазып жүрген көне дәуір хикметтері, назымдары, әлем даналары мен ойшылдарының халық қажетіне жарар қанатты сөздері, қандастарымыз туралы шетел ғұламаларының жазбалары, басқа да қазақ халқының қанатты сөздері жарияланған.

«Әдемі қарттық – бір бақыт» дейді  халық сөзі. Тек Ирекең ағамыз осы әдемі қартаю бақытын, қызығын аяғына дейін көре алмады. Жасамаған жасын ұрпақтарына берсін, арты жақсылыққа жалғассын, өзі өлсе де оның жақсы сөздері өлмесін.

Хұсайын ҚОРАЗБАЕВ.

Қазақстан Журналистер және Заңгерлер одағының  мүшесі,

облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы, полиция полковнигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<