Абайдың әжесі

271

0

Абайдың әжесі Зере туралы көптен бері ойланып жүрмін. Әже туралы талай кітапты ақтаруға тура келді. Поляктың демократ-революционері А.Янушкович өз жазбаларында Құнанбай туралы мол мұра қалдырған. «Барлық байлар Құнанбайдың кебісін кигізуге  жарамайды» деп бағалағаны қайран қалдырады. Бұл ойларды «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Зере әже» атты дүниесінде  профессор С.Қорабай нанымды өрнектеген.

Басқа ұлтты қайдам, «алып – анадан туады» дейді тек қазақ. Тұлпарды тұяғынан танитын да қазақ. Қазақ ырымшыл. Сол ырымы шындықпен жалғасып келеді. Болар баланы жөргегінен байқайтын  біздің бабаларымыз, аналарымыз туралы аңыз жетерлік. Зере әжеміздің келін болып түскендегі  аты Тоқбала болыпты. Жас келін  мұрнына алтын шығыршық әшекей зере тағып жүргендіктен, қайын жұрты  оны Зере атап кеткен көрінеді.

Болжампаз Зере  әжеміз немерелері ішінде  Абайды  жақсы көріп, оны жастайы­нан өлең-жырға шыңдаған. Құнанбай қажы 1853 жылы Жидебайдың  терістік шығысындағы Найзатас деген жерден  мектеп ашып, оған Абайды оқуға берген. Зере әжеміз киіз үйде оқыған балаларға жанашырлық танытып, Құнанбайға айтып, үш бөлмелі мектеп үйін салдырған. Оның бір бөлмесінде Зере әжеміз тұрған деседі. Балаларға түгелдей қамқоршы болған, немересінің бөлек тамақтануын ерсі көріп, оқитын балаларға түгелдей дастархан жайып отыратыны  әлі күнге аңыз-жыр. Бұл жайлар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» «Қайтқанда» тарауынан айқын сезіледі.

Атақты батыр Бауыржан Момышұлы сұрапыл соғыс жылдарында «Абай» романын оқығаннан кейінгі әсерін мөлдіретіп жазып кеткен. «Зере мен Ұлжан  – тек Абайдың ғана емес, барлық халықтың анасы. Елінің мұңын мұңдап, жырын жырлаған  аналар болып қала береді» деп тәнті болған.

Алыстан ескерткіш көрінеді. Жұрт тағзым етеді. Ол – Қибатау маңындағы Зере әже мен Абай ескерткіші.  «Құнанбай» фильміндегі  Зере әже ролін  тамаша сомдаған, Мемлекеттік сыйлыққа ие болған Нұрсилат Салықова былай деп тебіренген-ді: «Пенде болған соң адам басына әртүрлі  тағдырлар жазылары белгілі. Қысылған, қиналған сәттеріңде осы Зере ананың басына келіп, ес жинап, зерек болып есейіңдер, қарақтарым!» деген тілегіне бас имей болмайды.

Аға сұлтанның шешімін  Зере ана ғана бұзатын болған. Көбіне ісі түскен адамдар алдымен Зере  анаға  жолығатынын деректер одан әрі дәлелдей түседі.  Бірде Зере ана түс көрсе керек. Түсінде ері Өскенбай алтын сақаны үйіріп отырған көрінеді. Ана сол алтын сақа Құнанбай деп жориды. Ал Құнанбайдан ұлы Абай дүние есігін ашқан.

Біздің көбіміз әже бауырында  өстік. Мен әжем Рабиға Бәйтенқызының тұңғыш немересі едім. Әжем 87 жасында 1951 жылы дүниеден өтті. Қостанайдың «Жыланшық» деген жерінде туғанмын деп отыратын. Өлең-жырды жатқа айтатын, суырыпсалма ақындығына қайран қалатынбыз.  Көп өлеңдері есімде. Сәті түскенде жинақтау  ойымда жүр. Зере сынды әжелер ойға оралған сәтте мен де  толғанысқа түстім. Бұған не қосарың бар, оқырман?!

Қайыр ҚОРАСАНИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз