Аға рухымен сырласу

1728

0

Әскербек аға, бұл дүниенің жалған екенін жақының бақиға аттанғанда біледі екенсің. Бұрынғылар «беу, жалған дүние-ай» деп отырушы еді. Сол кезде оны кім түсініпті. Түсінгендер іштен тынған шығар, ал жас күнімізде оның парқын оншалықты ұға бермеген екенбіз. Қиыспас жаның қас пен көздің арасында о дүниелік болса – бұл дүниенің жалғандығы бекер еместігін түсінеді екенсің.

Қапияда өзіңіз қаза болған­да бір қауым ел осындай күй кештік.

…Бұл өнер он бес жаста

қонды маған,

Дүлейді күткен жанмын

домбырадан.

Өлеңді ұшыра алам,

Қондыра алам…

Өнерді байлық десең бол­ды,

балам, –

деп өзіңіз айт­қандай, өзіңіздей тума талант ақынынан айы­рылған қалың елдің қабырғасы қайысса, ар­қатірек ағасынан айырылған іні-қарындастарың, асқар тау­дай әкесінің орнын си­пап қал­ған балаларың мен немере­лерің, қиыспас досынан көз жа­зып қалған қатарлас-қа­лам­дастарың қапаланып, қайғы жұт­ты. Сырбаз да сыршыл ақы­­нынан айырылған ел мұ­ңайды.

Сыр бойынан жеткен қа­ралы хабарды естіген аста­надағы Махмұтбайдай өмірлік жан досыңыз:

Хабардың мынау

тосыны-ай,

Сену қиын шошымай.

Әскербек өткен өмірден,

Аяулы, асыл досым-ай.

Ажалдың алдан тосуы-ай,

Өмір деген осы ма-ай.

Бөлінбей сан жыл

бір жүрген,

Досым-ай, мойын

қосым-ай… –

деп жоқтау өлең жаз­са, сонау жігіттік шақтан қанат­тасып бір­ге келе жатқан тағы бір до­сыңыз Аманкелді Мақа­тай­ұлы: «ар­дақтымыздан айырылып­пыз-ау, Қабдешжан-ай» – деп еңіреді.

Әсеке, сіз қаза болды де­генде ет жақындарыңыз еңі­реп, ел мұңдасып жатқанда қимас досы табытқа түскенін естіген қанаттастарың осылай жоқтап қалды, артыңызда.

 Әскер аға, рабайда бір жол түсіп, өзіңіздің ізіңізге еріп ауылға барып, елдің адамдары мен бауырларыңыздың орта­сына түскенде сіздің бір ше­шіліп әңгіме айтатыныңыз бар еді. Балалық шағыңыз ту­ралы сыр шертетінсіз. Сол әңгімелеріңізден ақын адам­ның өмір жолы әу бастан қиын болатынын түйсінетін едім. Әңгіменің әлқиссасын өзіңіздің мына жарық дүниенің есігін жеті айға жетер-жетпес шарана болып ашып, қырқыңыздан шығарға дейін тымаққа салып киіз үйдің керегесінің басына жағалатып іліп отырғанын, одан соң анамыз Дәмелінің омы­рауынан сүт шықпаған соң жас босанған көрші Сә­лиманың сәбиімен емшектес болғаныңыздан бастар едіңіз.

Одан соң әңгімеңіздің ауа­ны мектепте оқыған жыл­да­­рыңызға қарай ауар еді. Со­ғыстан кейінгі «жуанның жі­ңішкеріп, жіңішкенің үзіл­гелі» тұрған кезіндегі ауыл тұрмысын қоңыр үнмен әң­гімелеп, тыңдарманның көз ал­дына әкелер едіңіз. Әсіресе, «Сарықұмның» баурайына қам­кесектен қоржынтам етіп салынған бастауыш мек­тепті жылда тасқын су ша­йып кеткен сайын әр жер­ге көшіп отырғанын, бір бөл­меде бірінші сыныптан төр­тінші сыныпқа дейінгі оқу­шыларды бір ғана мұғалім оқыт­қанын, мектепте білім алу кезіндегі оқиғаларды қы­зық­ты етіп баяндайтын еді­ңіз. Әңгіме үстінде барын­ша жайдарыланып, әншейін­дегі тұ­йық мінезіңіз ашылып, жан-жағыңызға мейір төгіп оты­­ратыныңыз бар еді-ау. Сонан соң қарындас­тарыңыздың қол­­­қалауымен қолыңызға дом­­­­­быра алып, қоңыр дауыс­пен үй ішіндегілерді ұйы­тып ән салатынсыз. Екі-үш ән­ді қа­­йырып болып, өлеңде­рі­ңізді бірінен соң бірін жат­қа оқитынсыз. Туған ауыл­дың адамдарының кеңпейіл дар­хандығына, өзіңізге деген ықы­­­ласына, бауырлары­ңыз­дың сүйіспеншілігіне іштей бір мар­қайып қайтатын едіңіз-ау, Әсеке-ай!

Осы күні ақынның жолы ауыр болатынын тағы да бір түсінгендеймін, Әсеке. Көрген ауыртпалықтан ердің белі қайы­сардай өмі­рі­ңізді өлеңмен жазып кетіпсіз, ақын аға.

Шалымыздың шайқалды

шаңырағы,

Шаңыраққа қарап

шал қамығады.

Түндігін жел желпіген

ақ үй еді,

Қара кемпір кеткен

соң қаңырады.

Қаңырады ақ боз үй,

Қаңырады,

Шилерінен шілдеде

шаң ұрады.

Бозінгеннің ботасы

белдеудегі,

Бебеулейді, бейшара

ша­ғы­нады, –

деп өлеңмен гөй-гөйге салыпсыз, анаңыз елу жастан аса бере бақилық болғанда. Осы өлеңді оқығанда енесі өлген ботадай боздап қалған бауырларыңызды басы­нан сипап жұбатып тұрға­ны­ңыз көз алдыма келеді. Жи­ырма бес жасында анасы­нан айрылған ақын шерін қалай тарқатпақ?! Қайғының қара тастай салма­ғын көтеру оңай болмасы анық.

Араға біраз жылдар салып, кешегі кеңес-герман арасын­дағы қанды-қасап соғыстан аман келген әкеңіз Рахымбек те кемпірі Дәмелінің артынан келместің кемесіне мініп кете барды. Жүрегінен жылуы, жүзінен нұры тамып тұрған жаны жайсаң қара шалдың төрдегі орны үңірейіп қалды.

Ай мен Күн орнында тұрған ашық-жарқын күндердің бі­рінде, жасыңыз жер ортасына жеткен шағыңызда қапияда жан жарыңыз Сәбирадан ай­рылдыңыз.

Сұм ажал қайдан

сырғақтай жетті?!

Жыландай жылжып,

Жырғатпай кепті.

Ұлы бесінде –

Күн батпай кетті…

Үзілді үнсіз,

Тіл қатпай кетті.

Батар күн маңып

бағиға бақты,

Шабыттың аты

шағиға шапты.

Жасаурап жүзі

жазира жатты,

Жанбады жұлдыз

Сәбира атты… –

деп, аһ ұрдыңыз, ағажан!

Шаңырақта ұлардай шулап ұл-қыз қалды. Қарауытып жатқан жас қабірге қарап «…кешікпей, бәлкім, келермін мен де…» деп сіз қалдыңыз. «Жарты жолға жеткенде атың өлмесін, жары жасқа кел­­генде қатының өлмесін» де­генді бұ­рынғылардың қалай айт­қа­нын сіздің басыңызға түс­кен ау­ырт­палыққа қарап біз де түсін­гендей болдық. Ақын жү­регі­ңізге тағы да ауыр салмақ түсті-ау, аға!

Сәбира!

Жалғыз қалдырдың,

Жалғыз жүремін.

Жалғыз мұңайып,

Жалғыз жүдедім.

Жалғызсырады жалғыз

жүрегім,

Жар болсын Алла! –

Жалғыз тілегім… – деп, қалың елдің ортасында жалғыз қалғандай күй кештіңіз-ау, ағажан!

Қуаныш пен қайғы бірін-бірі аңдысып, ала алмай жүрген ескі жау секілді алма-кезектесіп жүретіні белгілі ғой ежелден. Ойламаған жерден ажал құрығы жалғыз ініңіз Жұмабекке түскені сізді тағы да есеңгіретіп кетті-ау, ағасы.

… Есім дұрыс па?!

Естідің нені құлағым?!

Тұманданып тұр,

Тұтылғаны ма мына күн?..

Құладың қалай?

Жұмаш-ай, қалай құладың?!

Құлап жатқан теректі

құшып жыладым… –

деп көз жасын төктіңіз. «Соңымнан ерген жалғызым-ай, ағаңды неге алдыңа салма­дың?», – деп торықтыңыз. «Өл­геннің ар­тынан – өлмек жоқ». Жұ­ма­бектің артында қал­­ған үйел­менді ұл-қызының жетіл­генін көріп, көңіл тоғайт­тыңыз, шү­кіршілік жасадыңыз. Сонда да болса, бауырдың орнының омсырайып тұрғаны сіздің ақын жүрегіңізді сыздататы­нын ұғатын едім-ау, аға!

Бұл жалған дүниені кімдер тәрк етпеген, жан аға?! Екі кештің арасында сіз де қайтпас сапардың сүрлеуіне түсіп, қа­йырылмастан кете бардыңыз. Аңырап ағайыныңыз, еңіреп еліңіз қалды артыңызда. Ар­қа тірек ағасын жоқтап іні-қа­рындастарыңыз, ұлардай шу­лап ұл-қыздарыңыз қалды. Алла­ның сізге берген амана­тын өзіне тапсырар уақыт бо­латынын біліпсіз-ау, жан аға!

… Жансыз тән топыраққа

телінерде,

Шыдамай екі ұлым

еңірер ме?!

Не опа теңгеңнен де,

Тегіңнен де?..

Кемістік мен кетті деп

кеміген бе?!

Көзіме көртопырақ

көмілерде,

Жолданар менен

сәлем өлілерге.

Не дейін пейіштегі

перілерге,

Сарылып бізді күткен

серілерге?..

… Келер жыл айтулы ас

берілер ме?

Күмбезім көк кірпіштен

өрілер ме?

Көк күмбез күндік жерден

көрінер ме?..

… Бізсіз де өрлей берер

өмір өрге,

Өлеңім – аманатым

менің елге… –

деп, өзіңізді бізден ажы­ратып ақирет жолымен кете бердіңіз. Қабірстандағы мәңгілік жайы­ңыз бұдан жиыр­машақты жыл бұрын өзіңіз жайғастырған Сә­бира жа­ры­ңыздың оң жағынан бұйырды.

Жұртым-ай,

Құпиям көп жан білмеген,

Өмір шіркін өтпес кіл

ән-күйімен.

Екі перзент бар менде:

Бірі – балам,

Екіншісі – өлеңім

әлди­леген… –

деп, күмбірлеген күміс қоңы­раудай қоңыр үн­мен өзіңіз жиі оқитын өлеңіңіз құлақта қалды. Осы қос перзентіңіз сіздің екі дүниедегі өміріңізді жалғас­тырушы болсын, АҒА!

Қабдеш ШАҒЫРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<