АУҒАН ДАЛАСЫНДАҒЫ ҮШ ЖЫЛ

332

0

Осыдан дәл қырық жыл бұрын басталған Ауғанстандағы соғыс он жылға созылды. Осы жылдар ішінде Ауғанстандағы әскер құрамында қазақстандық 22 269 жауынгер болған.  Өкініштісі, Отан алдындағы борышымызды өтейміз деп Ауған жеріне аттанған қазақ жастарының көбі «не үшін, кім үшін соғыс алаңында жүрміз?» деген сауалға жауап таппаған.

Бірнеше жыл оқ пен от арасында  жүру, сәт сайын ажалыңды тосу, дос-бауырдан көз жазу мәңгілік жан жарасына айналатыны да шындық. Он сегіз жасында ауған жеріне аттанған Данабек Нұрмаханов сол бір тағдырлы, тарихи күндер туралы өз басынан өткен жайды айтып берді. 

– Соғыстың не екенін фильмнен көргеніміз болмаса, нағыз майданның қан­дай боларын ауған же­рінде білдік қой. 1983 жылы әскер қатарына ша­қырылып, Ташкент қала­сының Шыршық атты жерінде 100 күн оқу-жаттығу дайындығынан өттік. Мұнан кейінгі бағытымыз Ауғанстан еді. Бұл жердің түгелге жуығы тау-тасты. Тауды өрлеп келе жатып, нысаналы жерге жеткенше бойыңды күдік пен үміт билеп, әр қадамның қауіпті екенін іштей сезесің. Бірде аяғыма оқ тиіп, Қарақалпақстанның Тақияташ қаласындағы госпитальда емделуге тура келді. Бір айдан соң соғысқа қайта аттандым. Ол жақтың таулары біздегідей емес, жалаң келеді. Дұшмандардан қорғану өте қиын. Сұрапыл сәттерде бірге болған достарымыздан қас пен көздің арасында айырылып қалатынбыз. 1985 жылдың 2 шілдесінде біздің бригадаға колоннаны алып шығу туралы бұйрық түсті. Сол күні жолда минаға түсіп, ес-түсімді жоғалттым. Госпитальға жет­кізіп, ота жасаған екен. Ал елге қайтуға жақын қалғанда «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттады. Үш жыл бойы отаннан жырақ жүріп, ақырында 1986 жылы елге оралдым, – деді ардагер.

Бүгінде Қызылорда қа­ла­­сында тұратын Данабек Ахметұлы механик болып қызмет атқарады, төрт ба­ла­ның әкесі. Сөз соңында жау­ынгерлердің ерлігі, қи­ын кезеңдегі достық және бауырмалдық көмегі бүгінгі жастарға ғибрат болсын, бірақ соғысты көрмесін деп тілек білдірді. Бұл біз тілдескен бір ғана ардагердің өмір жолынан үзінді. Бірақ, Данабек аға ердің қайраты мен сабыры сыналған қиын сәттер туралы айтпады. Жалпы, ардагердің көбі жалынға оранған жастығы, ел күйзелген кезең туралы айтудан тартынады. Бірақ, олар Отанға деген құрметін сөзбен емес, іспен дәлелдеген еді. Сол үшін соғыс ардагерлері құрметті, сол үшін де аласапыран үш жыл мәңгі есте сақтауға лайық.

Айдана Жұмадинова, 
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<