Ауылдың адамдары еді

1258

0

Атсейіс

ХІХ ғасырдың орта тұсынан ХХ ғасырдың басына дейін осы күнгі «Таң» ауылының төңірегінде Қоқыбай есімді кісі өмір сүріпті. Бабамыз 20 жыл болыс болған деседі.

Алайда, бұл кісінің атағы болыстығымен емес, атсейістігімен шыққан сыңайлы. Енді Қоқыбай бабамыз жайлы екі-үш үзік әңгімеге тоқталайын: Қазақ қашанда тойшыл халық. Ауқаты барлар дүниеден пәленбай жыл бұрын озып кеткен  ата-бабаларына арнап ас беріп отырған. Мұндай асты сүр ас дейді екен. Алдын ала сауын айтылған осындай бір сүр аста аламан бәйге ұйымдастырылып, жер-жерден 80 ат келген дейді. Көрші ауылдағы Сарықасқа руының бір жас жігіті  бәйгеге жаратып әкелген қарақасқа атын Қоқыбай сейіске көрсетіпті. Атты бір айналып өтіп, кеуде тұсының терісін оң қолымен бұрап босатқан Қоқаң: «Е, шамаға келтіріпсің, жануар «мүше тістеймін» деп тұр ғой» деген екен. Аламанда алғашқы келген 10 атқа бәйге тігілсе керек. Әлгі қарақасқа ат жетінші болып келіп мүше алған.

Тағы бір жылы жүз қаралы ат қосылғалы тұрған аламан бәйге басталар алдында көпшілік қауым қолқалап, Қоқыбай бабамыздан: «алдыңғы лекте келетін он тұлпарды меңзей аласыз ба?» деп сұрапты. Жүйріктерді аралап өткен ол «мынау-мынау» деген. Айтса айтқандай, түс ауа шаң берген әдепкі сәйгүліктер сейіс көрсеткендер болып шыққан. Осы оқиғадан соң ел арасында: «Қоқыбай тұлпарлармен тілдеседі екен» деген әңгіме тараған.

Атсейіс алдына келген атты шаппайды деп ешқашан айтпаған. Тек «жақсылап суын алып, бағын сынап көр» дейді екен.

Қоқыбай атамыздың заманында бәйгенің алдын бермеген Отауторы деген тұлпары болыпты. Жер-жерге бәйгеге апарғанда төрт қанат қараша үйді түйеге артып жүретін болған. Барған жерінде көз-сұқтан аман сақтау үшін қасындағы серіктері атты осында кіргізіп, қарауылдап, күтіп-баптайды екен.

Бір жылы атсейіс сырқаттанып қалып, ел жақсылары көңілін сұрауға барады. Шәй ішіліп, марқа қозының еті пісемін дегенше біршама сырласқан ақсақалдар көңілі көтеріліп, сергігендей болған үй иесінен:

– Талай бәйгенің басы-қасында жүрдіңіз, талай сәйгүліктің бабын біліп, бағын аштыңыз, біз білмейтін жерде өзіңізден айласын асырған жан кездесті ме? – деп сұрайды.

– Адамның білгенін адам біледі. Неге кездеспесін, кездесті. Шекті еліндегі бір сүр асқа жер-жерден 120 ат барды. Сол өңірдегі бір атсейістің тау елінен әкеліп, баптаған қос тұлпары бар екен. Оның Отауторыны көргісі келіп, аңдығанын білдім. Ретін тауып, қасымдағы атқосшыларым көрсетпеді. Бірақ, аттар айдалар шақта әлгінің көзі Отауторыны шалған да, қарақшыны (мәре) 700-800 метрдей өрге апарып қадатады. Ішім кіпі алды. Айласын асырғанын білсем де, амал жоқ еді. Тау жылқысындай емес, аяғы қысқалау қазақы жүйрік өрге қарай көсіліп шаба алмайды. Оған жаттықпаған, дағдыланбаған. Ал тау тұлпарларына өрі-қыры бәрібір, биіктік оларға кедергі емес. Түс ауа ұзаққа айдалған аттардың шаңы көрінді. Әуелі бір шаң бұрқ ете түсті де, одан соң екі түйдек шықты. Алғашқысы менің Отауторым, одан кейінгілер өзім қауіп еткен қос тау тұлпары екенін сездім. Әне-міне дегенше аттар жақындай берді, алдында – Отауторы, соңында – екі тау тұлпары. Қарақшыға 200 метрдей жер қалғанда екеуі менің тұлпарымды қуып жетіп оза берді. Міне, «адамнан адам айласын асырады» деген осы емес пе? – депті. Тыңдағандар бас шайқаған екен.

Қоқыбай бабамыздың Сейітжан, Шөмен есімді екі баласын көзіміз көрді. Сейітжан атамыз сонау елуінші жылдардың аяқ жағына дейін «осы үйде қыстық соғымнан бір омыртқамыз қалған шығар» деп «Таңның» шалдарын ертіп біздің үйге келіп, сыбағалы асын ішіп-жеп кететін. Ол кісі жайлы «орысша оқыған, кезінде оязға писарь болған» деген де әңгіме бар. Ал Шөмен атамыз 1970 жылдың ортасына дейін «Таң» ауылында өмір сүрді. Арабша сауаты бар кісі екенін білетінбіз. Бүгіндері олардан тараған ұрпақтар Жалағаш ауданы мен Қызылорда қаласында ел қатарлы тіршілік етіп жатыр.

Жырау 

Екі соғысқа қатысқан әкем Әубәкір Есжанұлы 1917 жылы Жалағаш ауданының «Таң» ауылында дүниеге келіп, 2012 жылы өзінің туған топырағында өмірден озды. 1939 жылғы Финляндиямен болған соғысқа және Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1943 жылы майданнан жарадар болып қайтып, «Таң» ұжымшарында мал шаруашылығы саласында қызмет еткен. Әкем жырау кісі еді. «Шәкір-Шәкірат», «Тақ Сүлеймен мен Самұрық құс» қиссаларын бір түн бойы жырлайтын. Балқы Базардан бастап, Сыр бойы шайырлары Тұрмағамбеттің, Омардың, Кете Жүсіптің Керейт Даңмұрынның термелерін келістіре орындайтын. Бірде маған мынадай әңгіме айтқан:

– 1938 жылы Әулиеатадағы (осы күнгі Тараз қаласы) мал дәрігерлік техникумында оқып жүргенмін, – деп бастады сөзін. – Қала шетіне орналасқан бір атты әскер эскадроны болатын. Сабақтан кейін аракідік сол жаққа барып тұрдым. Себебі, бала күнімнен атқұмар болып өстім. Оның үстіне жарқылдаған жалаң қылышты, әдемі мундирлі атты сарбаздардың әскери жаттығулары мені барынша қызықтыратын. Қызығудың аяғы әскери комиссариаттан бір-ақ шығарды. Атты әскерде қызмет етуге сұранып, екі рет әскери комиссариатқа бардым. Комиссар екеуінде де арызымды қанағаттандырмады. Үшінші рет барғанымда күліп, арқамнан қақты да, дәрігерлік тексеруден өтуге жіберді.

Ауылдағы анам мен ініме хат салдым. Содан 1938 жылы күзге салым Карелиядан бір-ақ шықтым. Армандаған шпорлы құрым етік пен атты әскердің мундирін киіп, беліме алмас қылыш тағындым. Атты әскер полкінде бір өзбек жігіті және мен, қалғандары орыстар еді. Ол жылдары кеңес әскеріне бұратана ұлт өкілдерін мен сияқты өзі сұранғандарды болмаса, алмайтын. Жаттығуға кірістік. Маған ұзындығы есік пен төрдей күрең қасқа ат бұйырды. Атты әскерде ат белді әрі сайлы болуы тиіс. Өзіңді де, атты да жаттықтырасың. Тамағымыз тоқ, жағдайымыз жақсы. Тынығатын уақыт та жеткілікті.

Ауылда Жақып есімді ағаштан түйін түйетін жездем бар еді. Сол кісіге хат жазып, маған домбыра жасап, салып жіберуді сұрадым. Бір ай шамада үшқаттан жасалған төрт бұрышты, ұзынша посылка келді. Ашсам, домбыра. Шанағын бөлек, алмалы-салмалы сағасын бөлек ішек-тиегімен қосып, ұқыптап салған екен. Дереу құрастырып, ішегін тағып шертсем домбыра күмбірлеп тұр. Қатты қуандым. Кешкілік тамақтанып алғасын домбыра тартам. Әдепкіде орыстар бұл қандай аспап деп таңырқағандай болғанымен, келе-келе олар менің домбыраға қосылып айтқан ән-жырымды жиналып отырып, тыңдайтын еді. 5-6 ай бойы домбыра ермек әрі серік болды. 1939 жылдың 30 қарашасы күні түнде тревога берді. Атты, қару-жарағымызды сайлап, сапырылысып кеттік. Ешкім ештеңе айтпайды, бірақ тосын жағдайдың болғаны сезіледі. Ертесіне белгілі болғандай, Финляндиямен соғыс басталған екен. Соғыстың аты – соғыс. Оны көп айтатыны жоқ. Бастапқыда бетпе-бет келіп, соғыса алмадық. Оның есесіне ат тұяғының асты мина, көк тіреген зәулім ағаштардың басына жау мергендері отырады екен. Оны кукушка деп атайды. Талайымыз опат болды. «Маннаргейм» атты бекіністі батыс милитаристері талай жылдар бойы темір-бетондап салыпты. Оны алу оңайға соқпағаны тарихтан белгілі. Әрі кетсе екі-үш аптаның ішінде финдерді тізе бүктіреміз деген кеңес әскери басшыларының жоспары іске аса қоймады. Көп сәтсіздіктер болды. Шабуылға шығарда полктің қызыл туы көбіне ысырылып не өзбекке, не маған келетін. «Уралап», құйындата шапқан атты әскерлердің арасынан көзге де, нысанаға да желбіреп келе жатқан қызыл ту бірінші ілікпей ме?! Бірде астымдағы күрең қасқа атыма жау оғы тиіп, омақаса құлап, қоса домалағаным бар. Алла жар болып, аман қалдым ғой.

1940 жылдың 12 наурызы күні Финляндия тізе бүкті. 3 ай, 13 күнге созылған соғыс аяқталды. Баспана көргеніміз жоқ, дала тағысы сияқты күй кештік. «Қар жастанып, мұз төсендік» десек болады. Өзіңе үңгір-қуыс тапқаныңмен, астыңдағы атыңа табылмайды. Одан айрылып, жаяу қалсаң, әскери трибуналдан шығуың мүмкін… Сырт киімге тәуекел, үш жарым айға жуық іш киім ауыстырмау дегеннің ар жағы белгілі шығар… Биттеп кеттік. Сөзім жалаң болмас үшін айтайын, Ленинградқа алып келгенде қала тұрғындары бізден жабайы адам көргендей үрікті. Бір апта бойы моншаға түсірді. 1941 жылы жазға салым, әскери қызмет мерзімім аяқталуға жақындап, елге қайтамын деп күн санап  жүргенімде, Германиямен соғыс басталып кетті, қайта алмадым, – деп әкем әңгімесін аяқтаған еді.

Ақын

1998 жылдың күзі болатын. Қаладағы №235 орта мектеп директорының орынбасары едім. Мені облыс әкімшілігіне шақырды. Уақытында барып, мәжіліс залына көтерілгенмін. Залда біраз адам жиналып қалған екен. Кеудесіне «Еңбек Ері» Алтын жұлдызын таққан жалағаштық Ұзақ Еспанов отыр. Қасында Садық Әлиев пен Жақсыбай Сарбалаев бар екен. Сәлем бердім. Ұзекең хал-жағдайымды сұрап жатыр. Сәл тұрғасын келесі қатардағы бос орындарға қарай шыға беріп едім, Жақсыбай ағамыз да орнынан көтерілді. Екеуміз екінші қатарға жайғастық. Жиналыс басталамын дегенше біраз әңгіменің басын қайырдық. Жәкең бір жағынан ағамыз болса, екінші жағынан бөлелігіміз де бар еді.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бізге алғаш шыққан «Астана» медалін табыстады.

…Ақын Жақсыбай Сарбалаевтың кіндік қаны 1942 жылы «Таң» ауылының топырағына тамған. Әкесі Сарыбала өлең-жырға қаражаяу болмаған, ал анасы Аймыш жыр қонған сүлейлер ауылынан еді. Отбасы кейін Жалағаш кентіне қоныс аударды. Жәкеңнің өмір жолына қысқаша тоқталар болсақ, 1964 жылы Қызылорда медицина училищесін бітіріп, 20 жылдай Жалағаш аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында табан аудармай қызмет етті. 1990 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың тіл-әдебиет бөлімін сырттай аяқтап, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды. Бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың депутаты, бір рет облыстық мәслихаттың да депутаттығына сайланған. Өлеңдері жыр жинақтарға енген.

1977 жылы аудан орталығы Жалағашта ауыл клубтарының байқауы өтетін болып, ауқымды шараға байланысты ауылға Жақсыбай ағамыз шақыртылды. Ол кісі келе өнерлі жастарды жинатты. Тездетіп өзі мазмұнды сценарий жазған. Дайындық қызу жүрді. Оншақты күннен соң байқау басталып, «Таң» ауылдық клубы байқау қорытындысында бас жүлде иемденіп еді.

Менің бұл шағын мақалада ендігі бір айтпағым – Жәкеңнің бертініректе өзінің жан сырындай етіп жазған бір өлеңі жайлы. Енді соны оқиық:

– Көрінбес көп ішінен дара тұлғам,

Несіне ақын болып жаратылғам?

Сәбидей сырқаттанып қала берем,

Құстың да салқын тиіп қанатынан.

Наз күтумен досына досым алаң,

Кей кезде дертіме дерт қосып алам.

Қаймығып қажитындай болмашыға,

япыр-ау, не болғаны осы маған?

Шабыт құстың талды ма қанаты да,

Саябырлап барады тағатым да.

Алып ұшып тұрмаймын бұрынғыдай

Жақсы жыр, жан азығын таратуға.

Зеңгір көк, зеренді көл, құшар далам,

Құсы да туған жердің ұсар маған.

Өңірін туып-өскен қимай-қимай,

Алатау – арман тауға ұша алмаған.

Кейде өзімді жаралы құстай көрем,

Шарықтап қиялымнан ұшпайды өлең.

Кешіктім, кешір мені арманды өлке,

Төсінде туған жердің қыстай берем.

Иә, Жәкеңнің осы жазғанындай, ертерек жабысқан дерт ат тұсауындай адымын кең аштырмады ма? Қайсыбір қаламдастары сияқты кезінде Алматыға, ақындар ортасына барса кім біледі, Жақсыбай Сарбалаев өлең аламандарында жыр бәйгелерін шаппай алар ма еді деп те ойлаймын. Ол 2012 жылы жетпіс жасында өмірден озды.

Темірбек ЕСЖАНОВ,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<