Бабалар басына белгі қойылды

2519

0

Сыр өңірі ел қорғаған батырға, екі ауыз сөзбен дауды шешкен шешен мен биге, шешіреші қарияға, елді өнерімен сусындатқан сал-серіге, әнші мен жыршыға кенде емес. Алайда, кеңестік қызыл идеологияның кесірінен ұлтымыздың төл тарихы бұрмаланып жазылды. Қолдан түрлі кедергілер жасалып, рухани дамуымыз тығырыққа тірелді.

Иә, екі ғасыр бойығы отаршылдық, 70 жылдық бодандық – бұл ұлтымыздың басына түскен қиын кезеңдер еді.
Туған жерінің сынық сүйемін де жау аяғына таптатпай, халқы үшін құрбан болған батыр бабаларымыздың қаһармандық істері паш етілсе, бодан халықтың ерлік рухы оянады деген шовинистік көзқарастың болғаны жасырын емес. Тіпті, жеті атамыздың кім болғанын білмейтін халге жеттік.


Тәуелсіздік алған соң тарихымыз қайта қаралды. Мемлекет тарапынан ұлттық тарихты терең зерделеу және ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жөніндегі бағдарламалар қолға алынды. Ұмытала бастаған әдет-ғұрып, салт-санамызды, ата-баба, шыққан тегімізді білуге бет бұрдық. Бұл – қуанарлық жағдай! Шежіре тарихымызды қалпына келтіріп, түрлі кітаптар шығарылып, ата-бабалары жайында нақты деректерге қол жеткізе бастадық. Осылайша, өткен дәуір қатесін түзетіп, жаңа тарихи көкжиектерге жол ашылды.


Біз де ұзақ жылғы ізденістің нәтижесінде ата-бабаларымыз, олардың шыққан тегі, өмір жолдары жайында біраз мәліметке қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, біз Жаппастың Қаракөз аталығынан тараймыз, Сарыаяқ руынанбыз. Көзін көріп қалған ата-әкелеріміздің айтуы бойынша, бабамыз Сарыаяқтың азан шақырып қойған аты Сұлтанкелді екен. Бабамыз шамамен 1690 жылдары туған болса керек. Сарыаяқ атануының да өз тарихы бар. Енді ел аузындағы ескі әңгімеге кезек берейін.


Ертедегі жоңғар шапқыншылылығы кезіндегі қиын жылдарда 600-дей қазақ қалмақтың тұтқынына түскен екен. Солардың ішінде үлкен атамыз Сұлтанкелді де болыпты. Бірде қалмақ ханы үлкен той жасап, балуандар сайысын өткізбекші болады. Жыққанға бәйге тіккен дейді. Тұтқындағы қазақтарды іздеп барған Жаппастың Қалқаман руының Есенбай деген аталығынан шыққан Түбет би бұл хабарды тұтқындағы қазақтарға жария қылып, «Күреске шығатындар бар ма?» – деп сұрапты. Сонда біздің атамыз Сұлтанкелді «мен шығамын!» дейді.

Артынша «егер мен жықсам тұтқындағы барлық қазаққа бостандық берілсін!» деп, өз шартын айтады. Қалмақ ханы бұған келісім беріпті.
Күресте бабамыз қалмақтың қазыналық балуанын жеңеді.

Сонда хан:


– Теңдесі жоқ алып, Сарыаяқ Марқа екен, бұрынғы өткен балуандардың арты, соңғы алыптың алды екен депті. Тұтқыннан босаған қазақтар еліне келгенде «Сарыаяқ балуанның бәйгесінде болып келдік» деген айтуымен атамыз Сұлтанкелді Сарыаяқ атанып кетіпті.
Сарыаяқ атамыздың үш баласы болған. Олар – Малпақ, Кешкілі, Шаң. Осы үш баладан тараған ұрпақтар қазіргі Сырдария ауданы Н.Ілиясов, Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылдарында тұрады. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, 1937 жылғы қуғын-сүргін кезінде оншақты атадан тарайтын ұрпақтар жойылып, қалғандары белгісіз, әр руға сіңісіп кеткен болу керек.


Сарыаяқ руына туысқан Қаракөзден тарайтын Наурыз, Достияр, Құрманай, Өңгіт, Бесбалуан – барлығы бірге қыс қыстап, жаз жайлап өмір сүрген. Қыстауы – қазіргі Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылының аймағы, (осы ауыл тұсындағы Сырдария өзеніне жақындау «Бозарқаш» деп аталатын жерде екен). Қазіргі Талсуат, Қараөзек елді мекенінің тұсында дарияның сол жағалауына дейінгі аралықта болған. Жаздағы жайлауы – Арқада Қостанай, Троицкінің арасындағы Айт, Тобыл өзендері, Бестөбе, Аман, Қазамбас, Мамыр, Шағыр көлдерін жайлаған. Жағдайы төмендеу ағайындар Сырда жаз егін егіп, шөп дайындап, оны малды отбасына сатып күнін көрген.
Бүгінгі таңда Сарыаяқ ұрпақтары ата-баба жайында біраз мәліметтерге қол жеткізіп отыр. Руымыздың ата-тек шежіресін жасап, кітаптар мен мақалалар жариялап отырмыз.


Өткен ата-бабаларымыздың арасында ел қамы үшін еңбек еткен тұлғалар да болған. Айталық, Зейілбай атамыз қазақтың соңғы ханы – төре Кенесарының билік құрған уақытында өмір сүрген. Шамамен 1785 жылы туған болу керек, ол Жаппас руының ішінде белгілі тұлғаның бірі болған көрінеді. Жергілікті халық Кенесары хан мен Қоқан хандығынан зорлық-зомбылыққа, қысымға ұшырап отырған ғой.


Осындай жағдайға тойтарыс беріп, қарсылық көрсетіп отыруға күш жинап, әрекет ету үшін кеңес құрғанда атамыз сол кеңестің белсенді мүшесі болған екен. Онан берідегі аталарымыз – Меңліаяқ Сәрменбайұлы, Ыбырай Есенғұлұлы ел арасында сыйлы, құрметті кісілер болған, атағы бүкіл Ақмешіт өңіріне тараған белгілі тұлғалар. Меңліаяқ ақындығымен, Ыбырай тарихи әңгімелердің қазынасы, абырой-атағы биік, жоқ-жұқаға жанашыр жан ретінде ел арасында танымал болған.


Жаппас ағайындар арасында Сарыаяқ руының ұрпақтары саны жағынан ең азы. Өмірдің азабы мен қиянатын бастан өткізген, ыдырап, әр жаққа бас сауғалап кеткен біраз ағайындарымыздың қай жерде қалғаны да белгісіз. Осы жағдайларды әкелеріміз әрдайым қынжыла айтып, құлағымызға сіңіріп отыратын. Ұзақ жылғы ізденіс нәтижесінде осыдан 100-150 жылдай бұрын бақилық болған бабаларымыздың қорымын биыл күзде таптық. Ақылдаса келе аруақтардың басына ескерткіш-белгі қойған жөн деп шештік. Өйткені, бабалар рухына тағзым – ұрпақ парызы!


Жуырда Сарыаяқ ұрпақтары жиналып, бабалар рухына тағзым жасау үшін басына барып құран оқып, дұға бағыштадық. Тарихымызды түгендеп, шежіре, деректі кітапшалар шығаруды қолға алдық. Осындай шаруаның бетін қайыруға әрине, заманның өзгеруі, тәуелсіздіктің арқасы деп білеміз. Әсіресе, атқарылған рухани жұмыстар біздің болашағымыз – жас буынға сабақ, жол көрсету және маңызды тәрбиенің бірі деп есептейміз.


Амангелді ДӘРМЕНБАЕВ,


еңбек ардагері,


Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<