Бір шелек шеге

3585

0

– Ойбу, мына дауылдың құтыруын, – деп сөйлей кірді ішке Сәнім. Ауызғы бөлменің есігі қалай ашылды, үй ішіне суық жел лап ете қалды. Есік аузындағы леген даңғыр-дұңғыр етіп, жел екпінімен Сәнімнің аяғына оратылды.

– Қараң қалғырдың затын мында қойған қайсысы? Күйіп-піскен әйелдің ашуын кімнен алары белгісіз.

Осылай абыржып тұрғанда көзі терезеге түсіп кетті. Қалшиған күйі қалған. Жоқ! Тұтасымен.

– Ойбай, Мәлік, анаң қара?

Ескі машинасының әлдебір бөлшегін қайдан табарын білмей отырған Мәлік әйелінің дауысынан селк етті.

– Өй не, не болып қалды жылан көргендей бажылдап?

– Мында келші, тез келші. Кеше аман еді ғой.

– Нені айтасың?

– Ой, қарасаңшы терезеге. Қасына келген Мәлікке Сәнім терезені нұсқаған. Күйеуі әзір ештеңені байқар емес.

– Көрмес – түйені де көрмес. Ашулана сөйлеген Сәнім Мәлікті жетелей терезенің нақ алдына әкелді. Сөйтті-дағы да ар жағындағы мектепті көрсетті.

– Кеше ғана бар еді. Мына жел оны да қоймапты. Шатырын аударып әкеткенін көрмеймісің?

– Апыр-ау, бұл өзі биыл салынған мектеп емес пе еді?! Мәлік аң-таң.

– Жеген да өкіртіп жоғарыдағылар…

***

«Жеген да дейді, әә» Мәлік мырс етті. «Кім жемей жатыр, жей берсін»…

Түскі шайдан кейін Мәліктің ойынан мектеп шатыры кетпей қойды. Расымен ол мектептің біткеніне жыл толмаған. Әдепкіде үш қабатты болады деген ғимараттың бір қабаты аяқастынан қысқарды. Біреуінің қайда кеткені белгісіз, оны бұл ауылдың адамдары да ізіне түсіп, індетпепті. Ауылға жаңа мектеп керек деп арызданған бір кездегі пысықайлар «бюджет ақшасы жетпей қалып, үнемдеу мақсатында екі қабатты мектеп түсетін болды» деп бал ашты. Оның парқына Мәлік секілділер бара қоймаған.

Құрылыс басталған көктемде арғы үйде тұратын көршісі мұның арбасын сұрай келген. Есік алдындағы аз жерді кетпендеп жатқан Мәліктің ту сыртынан біреу «ассолауын» ұзағырақ созған күйі сәлем берді. Жомарт екен.

– Уағалейкумассалам!

– Оу, Мәке, диқан болып кеткенбісің?

– Жоға, бос жатқан жер болған соң жуа мен сәбіз сеуіп тастайын дегенмін. Өзің? Жайша жүрмісің?

– Арбаңды сұрай келгенмін. Бір шаруалар шығып қалып…

– Е-е, аманшылық па? Анау күмілжіңкіреп қалды.

– Мәке, айтсам ба, айтпасам ба? Жомарт ыржия береді.

– Өй, мынау маған құда түскелі келген адам құсап сызылғаны несі? Саған бере қоятындай бойжеткен қыз жоқ бұл үйде.

– Енді Мәке?

– Не Мәке?

Жомарт жақындай түсіп, Мәлікке ақырын сөйлей бастады.

– Мәке, мына мектеп салынып жатыр ғой. Кеше соның «ыстаршыйына» жолығып едім. 10-15 қаптай цемент алатын болдым. Ақысын берсең анауың аянатын емес, Мәке. Ол-пұл керек болса, маған айтсаң болды. Чики-чики, – деп Жомарт көзін қысып қойды. – Айтпақшы, Мәке, арба қайда тұр?

– Анау қора ішінде. Әй, шынымен алып тұрмысың келісіп. Енді Мәлік ығылана бастады.

– Имандай шыным, Мәке. Жомарт арбаны сүйреткен күйі аула есігінен шыға берген…

Мәлік шалқасынан жатқан күйі әлі ойлануда. Шынымен де сол мектеп салынған жыл бәріне берекелі болғандай. Біраз адам қарық болыпты-ау. Анау Сапарбай да кейін арбасын алған. Ол да цемент алыпты. Қаладан 1500 теңгеге артып жүрді мұндағылар. Ал «анаумен» келіссең әр қабын 1000 теңгеден тышқаншылап үйіңе таси бер. «Анауы» – ақ каскасы басынан түспейтін семіз қара. Ақша көрсе көзі мысықтың көзіндей мөлие қалатын оны бір-екі ғана көргені бар Мәліктің. Ал былай жүзтаныс емес еді.

Сол кезде бұл ауыл мектеп салуға келген бригаданың жүк көліктеріне де жырғап қалып еді-ау. Жырғағанда қандай, дүңкиген көп КАМАЗ-дың шоферлеріне арағын берсең шарбағыңның ішіне құм мен сазды сол сәтте аударып кетіп жүрді. Әрине, бірақ алдымен анау семіз қараға бірдеңе ұстатасың.

Қызықтың көкесі мектепке кірпіш қаланғанда болған. Әдемі күйдірілген кірпішті пысықтар пайдалана біліпті. Көрші Құбаштың үйіндегі ошақтың сыртына дейін мектепке келген қызыл кірпіштен қапталды емес пе?! Семіз қара шынымен бір мектептің үстінен қанша пайда көрді екен, әә? Цемент, кірпіш, солярка, шеге. Айтпақшы, өзі де Жомарт арқылы бір шелек жүздік шеге алғаны бар.

Осындай оймен алысып жатып көзі ілініп кетіпті. Түс көрген. Шелек толы шеге мектепке қарай қашып барады. Бұл қуып әлек. Ұстатар емес. Мәлік шошып оянды. Сыртқы есік ашылыпты. Сәнім екен. Ауылдас әрі ағайынның шілдеханасынан келген беті.

– Айттым ғой, «жеген» деп, – деп сөйлей кірді. – Жаңа шілдеханада ауылдың қатындарынан естігенім ғой, шалым. Мектеп дұрыс салынбаған екен. Шатыры ұшқан ештеңе емес, қабырғасы жыл болмай жарылуға қарапты…

Мәлік теріс аунап жатты. Тыңдауға құлқы жоқ. Түсіндегі қашқан шегелер көз алдына қайта көлбеңдеген.

– Ай, ит тірлік-ай! Ай, өзіміз-ай! Мәліктің іші аши осылай күбірлейді. Қос құлағын сөйлеп жүрген әйелінің даусымен шегелердің шықыры басып кеткендей.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<