«Іздеп келер інің бар болса,
Бақытың барын содан біл.
Аңсап келер ағаң бар болса,
Әруағың барын содан біл.
Аларды біліп, бермегеннен без,
Ел-жұрты қашып, ермегеннен без.
Үйіне қонақ қонбағаннан без,
Көптің айтқанына болмағаннан без.»
Төле би
XVIII ғасырда өмір сүрген Айқожа ишанның замандасы және үзенгілесі болған Һисамеддин (Сунақ Ата) ұрпағы Есім ахунның неменесі (бесінші ұрпағы)Ерсұлтан Тұрғанбайұлы 1927 жылы Жаңақорған қонысының қасындағы «Борықты» ауылында дүниеге келген. Жасынан алғыр, елгезек, пысық бала Ерсұлтан «Қандыарал» 7 жылдық мектебін бітірер кезде, соғыс басталып кетіп жұмыс істеуге мәжбүр болды. Ауылдық Кеңестің сол кездегі төрағасы Наурызбайұлы Құдабай жас баланың пысықтығын, тіл алғыштығын ескеріп, жазуының сауаттылығын және қол таңбасының әсемдігіне қарап хатшылық жұмысқа алады.
Ерсұлтан Тұрғанбайұлы 1946 жылы Қызылорда қаласындағы педучилищеге түскенге дейін жұмыс істеп, «өте жақсы» деген мінездеме алады. Педучилщені тамамдаған соң Төменарықта, Жаңақорғанда комсомол комитеттерінде жұмыс істеп, өзінің іскерлігін, жақсы ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете білген.
Ерсұлтан Тұрғанбайұлын аудандық партия, Кеңес органдарының басшылары өте жауапты қызметке ұсынып, Жаңақорған аудандық жастар одағының «Комсомол» комитетінің бірінші хатышысы етіп тағайындайды. Ол бұл қызметті 1953-1955 жылдары абыроймен атқарады.
Партияның жолдамасымен Ерекең 1956 жылы Алматы жоғары партия мектебіне түсіп, 1959 жылы тәмәмдайды. Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып жүріп, уақытты босқа өткізбей, сырттай Талғар қаласындағы зооветернарлық техникумы мен Алматы мемлекеттік педагогиқалық иниститутын бітіріп, Алматы Халық шаруашылық институтына түседі.
Ерсұлтан Тұрғанбайұлы 1959 жылдың күзінде Қызылорда облыстық Компартия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы болып істеуге кіріседі. Сонымен 1962 жылдың көктемінде партияның ұйғаруымен Шиелі аудандық өндірістік басқармасының жанындағы партком төрағасының бірінші орынбасары қызметіне жіберіледі. Ол кезде Шиелі мен Жаңақорған аудандары біріктірілген болатын.
Обкомпартия басшылары Ерсұлтан Тұрғанбайұлын Жаңақорған ауданы Шиеліден бөлінген кезде аудандық партия комитетінің екінші хатшысы етіп тағайындайды.
Обкомпартияның аппаратында жұмыс істеген кездерінде тәжірибесі мол М.Сужиков, С.Тоқтамысов, М.Ықсанов сынды басшылардан алған тәлім-тәрбиесін ұштастыра отырып, аға буын партия қайраткерлері Б.Сопыбеков, Қ.Қазантаев және И.Әбдікәрімовтердің қызметтік әдістерін, өмірлік өнегелерін ұстана еңбек еттеді.
Шиеліде, Жаңақорғанда екі ауданның өсіп-өркендеуіне, дамуына аянбай өз үлесін қосады. Жаңақорған ауданында ауыл шаруашылығының кең өріс алуына, «Түгіскен» массивін түлетуге, оны жаңадан игеруге тың және тыңайған жерлерден күріш егу көлемін ұлғайтуға, әсіресе мал шаруашылығын дамытуға зор еңбек етеді. Күрмеуі шешілмеген мыңсан шаруашылықтың оң шешімін табу үшін күн-түн демей, уақытпен санаспай соның соңында жүріп, Ерекең шамалы науқастанғанына қарамай, әбден жұмысқа берілгентін, анда-санда үйіне сәлем беруге бара қалсақ жолыға алмайтынбыз. Ол кісінің қашан үйге келіп ұйықтап, дем алып, қай уақытта орнынан тұрып кетіп қалғанын білмейтінбіз. Сөйтіп жүріп ағамыз бір күні ауруханадан бірақ шықты, науқасының түрін байқасақ, ол шамасы бүйректегі жиналған құм түйіршікке айналып, бүйрекпен қуықтың арасындағы түтікшенің арасында тұрып, кіші дәреттің жүруіне кедергі келтіреді екен. Сап-сау болып отырған адам әп-сәтте әбігерге түсіп, қол-аяғы мұздап, ыстығы көтеріліп, тыпырлайды да қалады. Ондай сәт жұмыста немесе үйде болсын, кезкелген жерде ұстайды да қалады екен. Талай рет сөйтіп ауырып қалғанының куәсіде болдық, жедел жәрдем шақырсақ тыныштандыратын дәрі салады да кетеді, шамалы ауырғанын қойған соң, жұмысқа шығып кетеді, қыруар қарбалас-қаурыт іс күтіп тұрған соң және оның жауапкершілігі өте көп болғанан кейін, солай болуға әкеледі екен. Бұл аурудың бір жаман жері, бірер сағат ауырып қайта жұмысқа шықан соң жұрттың әсіресе басшылардың сенімсіздігін туғызатын сияқты. Қойшы сол кездегі ауданның бірінші басшысы аупарткомның бюросын шақырып, тек Ерекең ағамның жеке ісін қарайды. Сондағы тағатын кінәсі «ауыра бересін» дейтін көрінеді. Сол заманда социализм кемелденіп, коммунизмнің моральный кодексі жер-жерге ілініп қойылып жатқан кез еді, аупарткомның бюросында аудандағы бірінші басшысы не айтады қалғандары бастарын шұлғып: «Сіз не айтсаңыз да сол дұрыс қой» дейтін, өздерінің пікірі жоқ, бар болса да тыңдалмайтын, пікір айтқан адам ол жерде көп істей алмай кететін еді ғой?! Бірақ дәл сол Ерекең ағамның жеке басының ісін қарап жатқан партбюрода бір азамат былай депті: «Жолдастар партбюро мүшелері ауырмайтын пенде жоқ, бәрімізде ауырмаймыз деп кепілдік бере алмаймыз, ертең ауырып қалуымыз мүмкін. Бұл мәселені бұлай қоюдың өзі менімше дұрыс емес, ауырған адам емделсін, соған мүмкіндік берейік?!» Ол азамат көненің көзін көріп, большевиктерден тәлім-тәрібие алған, партия мен кеңес жұмысының ардагері, халқының жанашыры, Жаңақорған қонысының «Құрметті азаматы», қарт коммунист Зұлпыхар Мұсаханов екен. Зәкеңнің бұрында да талай-талай әділетті шешкен шешімдері мен айтқан сөздерін есітіп жүретінмін. Оның біреуі мынау: «Ұлы Отан соғысы басталарынан бұрынырақ болса керек, Жаңақорған ауданының «арызқой» жазғыштары Орталық комитетке (Мәскеуге) «анонимканы» шұбыртқан ғой келіп, онда қожа-сунақтар жиналып келіп, ананы өйтті, мынаны бүйтті, қырды-жойды, ішті-жеді деген болуы керек. Орталықтан комиссия келіп, бірнеше күн тексеріп, еш нәрсе таба алмай, арызда жазылған мәселелер анықталмай, еш болмаса «қожа-сунақтар» кімдер екенін анықтап кетейін десе ешкім дұрыстап жауап бере алмай дел-сал болады. Сонда аудан басшылары әлгілерді әжептеуір басшы қызметте істеп жүрген, жас коммунист Зәкеңе жұмсайды ғой, «бір білсе сол кісі біледі» деп. Тексерушілер қайта-қайта сұрап қоймаған соң Зәкең: «Вот вам что скажу, дорогие гости, про кожа-сунаков это «особая порода-среди казахского народа» депті. Екінші бір әділдігі аупартком бюросында 1960 жылдардың басына таман жаңадан құрылған кеңшарға «Сунақата» атауы берілмей талқыланып жатса керек, сондағы сылтаулары «ислам дінін» таратушыларының бірі, бұл ескіліктің қалдығы, қожа-молдалардан шықан, Түкістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің имамы, шырақшысы болған секілді сылтаулар айтылған. Сонда Зұлпыхар Мұсаханов тұрып: «Бұл қасиетті тарихи жерге «Сунақата» атауы 800 жылдан астам уақыт бұрын берілген, Қыпшақ мемлекетінің астанасы болған «Сығанақ» қаласы да сол жерде орналасқан, тарихты бұрмаласаңыздар келер ұрпақтың алдында жауапты боласыңдар. Керек десеңіздер Хисамеддин Сығанақи (Сунақ Ата) менің бабам, сондықтан ежелгі атауын өзгертпей жаңа кеңшардың атын «Сунақата» деп жоғарыға ұсыныс жасайық!» деген екен. Әділдік пен шындықтың туын өмір бойы тік көтеріп ұстаған қайран, АЗАМАТ-АЙ!
Сөйтіп мәселесін бюрода қарап, «аура бересін» деп кінә тағып көкемді ауданның екінші хатшылығынан түсіріп тастады, бұл 1970 жылдың көктемі еді. Ақыры жұмыстан босадыңыз ғой, үлкен жерге барып, жақсылап тексерілейік деп Алматыға жолға шықтық, аман-есен жетіп «Алма-Ата» қонақ үйіне жайғасып, түн ауа ағаның ауруы басталды, ауру өте қатты шыдатпай барады, жедел жәрдем шақырайын десем көкем шақыртпайды, өйткені алып кетіп ота жасап тастайды дейді. Әйтеуір қойшы жиен ағам Мұхтар Әліұлымен байланысып едім, ол кісі Ерекең ағай таңертең кіші дәретін бір банкіге шықсын деді. Ертесіне таңертең Мұхтар аға ерте келіп Ерекеңді әлі ыдыстағысымен ауруханаға алып кетіп, тексерген қортындысы оң нәтиже бергенін, бүйрек пен қуықтың ортасындағы түтікшедегі тас түндегі қиналғанында төмен түскенін айтты. Сөйтіп үш-төрт күн емдеп ауылға қайтарды.
Ерекең партия қызметінде жүргенде шәкірт тәбиелеуді де үнемі естен шығарған жоқ. Оның айғағы ретінде С.Іскендіровті, Ә.Сүлейменовті, О.Сапарбаевті тағы басқаларды атауға болады. Олардың көпшілігі кейін аудандарда, облыста жауапты қызметтерді атқарған еді. Бірде Срайыл Іскендіровтың: «Ерекең мені аупарткомда нұсқаушы болып жүргенімде шалғайдағы кеңшарға бастауыш партия ұйымының хатшысы (парторгі) етіп тағайындады. Көпке дейін ол кісіге ренжіп жүрдім, неге басқа үлкен қызметтерін қимады екен деп. Бірер жыл өткен соң қайта аупарткомның аппаратына бөлім меңгерушісі етіп қайта алды. Содан әрмен қарай жауапты қызметтер басталды ғой, алдымен аудандық ауыл шарушылық басқармасы, сонан соң аудандық кәсіподақ ұйымы т.б. Сондағы менің түсінгенім Ерекеңнің мақсаты мені сонау төменнен бастап шаруашылықтарда істетіп, пысытып, ширатып алуды көздеген екен ғой» деп айтып отырғанын есітіп едім.
1970 жылдары Жаңақорған аудандық Жоспарлау комитетін басқарып, ауданның экономикасын көтеруге еңбектенсе, 1980 жылдан 10 жыл бойы Жаңақорған аудандық коммуналдық шаруашылығын басқарып, түйіткілі көп шаруашылықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешіп, темір жолдың күн шығыс жағынан екі гектар жерге бау-бақша егіп, «Ерсұлтан саябағы» атандырып, 1980 жылдардың ортасында елді мекендерді «жасыл өлкеге» айландырудың бастамшылы болған. Ерсұлтан аға ағаш егудің, оны баптауы мен өсіруінің шебері және білгірі еді. Іс сапарда немесе демалыста болған жерлерден әсіресе жеміс ағаштарының көшеттерін алып келетін тұғын.
Ерсұлтан Тұрғанбайұлы қай жерде жүрсе де, жүрген жерін көгертіп, жеміс ағаштарын егіп, оның айғағы ретінде Жаңақорған қонысында аупарткомның ескі ғимаратының (қазіргі қоныстық әкімшілік) айналасындағы жеміс ағаштарын (30-40 жыл болып, қартайсада) айтуға болады. Ерсұлтан Тұрғанбайұлы (Шиелі – Жаңақорған) аудандарында да бірнеше мәрте аудандық Кеңестерге Депутат болған, Жаңақорған кентінің Құрметті азаматы, Тыл және еңбек ардагері, Республикалық дәрежедегі зейнеткер.
Ерсұлтан Тұрғанбайұлы Отан алдындағы жемісті еңбегі үшін «Мы победили Великой Отечественной войне 1941-1945 годы». «Еңбектегі ерлігі үшін», «В. И. Лениннің туғанына 100 жыл», Жеңістің 20-70 жылдықтарына орай шығарылған мерекелік тағы басқа бірнеше медальдармен марапатталған.
Ерсұлтан Тұрғанбайұлы жұбайы Тұрсынкүл Алмасбайқызымен (әкесі Жұмабайұлы Алмасбай, Қызылордада 1925-1929 жылдары Республикалық жоғары соттың мүшесі болған) 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, 14 немереден 10 шөбере көріп отырған ата мен әже атанған бақытты отбасы болатын.
Ерсұлтан Тұрғанбайұлы Субһанбердітегі зейнеткерлікке шыққан соң балаларыммен бірге болайын деп, Шымкент қаласында қоныс аударған еді. Асыл да, ардақты да, бізге елге, туған жерге, халыққа қызмет етудің үлгісін көрсеткен, Қайран ағамның жүрегі соғуын 2017 жылдың 13 шілдесінде 91 жасқа қараған шағында тоқтатты. Қош, бақұл бол, АҒАТАЙЫМ! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа,жайың жанната болсын!
(Қызылорда қаржы-экономика органдарының 95 жылдығына арналып шығарылган «Тенге тиыннан» кітабынан Қызылорда қ. 2016 жыл)
ТАУАСАР ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ – зейнеткер, ҚР мәдениеті мен кинематографиясының еңбегі сіңген қайраткері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<