Елеусіз қалған есім

1928

1

Ұлы Отан соғысына қа­тысып, бес орденмен мара­пат­талған қазалылық соғыс ар­дагері туралы «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаевтан есті­генімде сене қойған жоқ­пын. «Мүмкін емес, медальдарды да орденге қосып тұрған шығар» деп ойладым. Тарихшы ретінде соғыс тақырыбын зерттеп жүргенімде 2-3 ордені бар соғыс арда­гер­лерін білетінмін, олар нағыз  батырлар еді. Солардың бірі «Қызыл Жұлдыз» орденінің екі мәрте иегері, аудандық ішкі істер бөлімінің ардагері М.Беков деген кісі еді.

Сонымен, бес орденді соғыс арда­ге­рінің аты-жөні Елубес Ер­ғараев екен. Інісін үйіне іздеп бардым. Өзім танитын Тасболат Ерғараев деген ағамыз. Ол ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етті. Қазір зейнетте. Оның айтуынша, атасы Ерғара – 1930 жылғы көтерілісте ту ұстаған Пірім батырмен бірге туған. Арыстанбайдың алты ұлының бірі Ерғарадан екі ұл – Елубай (халық Елуекі деп атап кеткен) мен Елубес тарайды. Ағайынды Ерғараевтар Арал ауданының Құмбазар елді мекенінде дүниеге келіпті. Елубай 1907 жылы дүниеге келсе, інісі Елубес 1910 жылы туған. Алайда оның туу туралы куәлігінде 1918 жыл жазылыпты.

– Өзің білесің, құжат жағына келгенде қазақтың жай­ба­сарлығы басым. Құ­жат­ты тек керек кезінде іздейді. Ол кезде туу туралы метриканы алған уақытымен жазып бере­тін болған. Әкеміз халықты қынадай қырған мешін жылғы аштық жылдары ауыл ірге­сіндегі көлден балық аулап кү­нелт­кен екен. Ашаршылықта көптеген ағайынымыз «оң­түс­тікте тоқшылық» дегенді естіп, Құмбазардан көшіп кеткен. 1933 жылдары атам Ерғара отбасымен Қазалы стансасына көшіп келеді. Қазалы стансасы бұл кезде үлкен теміржол торабы еді. «Екі шойынжол тұрғанда балаларыма осы жерден жұмыс табылар» деген ниетпен қоныс аударса керек, – деді ол.

Мен үлкен атамды көрген жоқпын, әкемнің інісі Елубесті соғыстан кейінгі жылдары ғана көрдім. Әкемнің жұмыс орнына тамақ апарып тұратынмын. Ол қазіргі 5 кварталға өтетін теміржол өткелінен түсе берісіндегі көмір базасы еді. Бастапқыда әкем сонда от жағушы болып істеді. Ол кездегі көмірді тиеп-түсіретін кранның төменгі жағында қазандық болатын, әкем соған көмір жағатын, бумен қозғалысқа келетін экскаваторды сол кезде көрдім.  Сол кездегі депода оқыған жалғыз қазақ Қасым (фамилиясын ұмыттым) әкем Елубай Ерғараевты Чкалов қаласындағы кран маши­нистерін дайындайтын курсқа  жібереді. Оны оқып келіп, машинист болып жұмыс істеді. Осылайша, әкем теміржолға аса қажет маман ретінде броньмен соғысқа алын­бай қалды. 1963 жылы теміржоландан зейнетке шығып, 1987 жылы дүниеден озды, – деді ол .

Ал әкемнің інісі Елубес соғыстан бұрын, 1940 жылы 3 мамырда әскер қатарына алынған. Әскери борышты өтеу мерзімі ол кезде 3 жыл болыпты. Ол әскерде жүргенде еліміздің батысында соғыс басталады. Елубес Ерғараев мергендер даярлайтын қысқа мерзімді курсты бітіріп, №281 атқыштар полк құрамында ұрысқа кіреді. Ұлы Отан соғысына үш жыл бойы мерген болып қатысқан сержант Елубес Ерғараев 1944 жылы Кенигсберг қаласына 18 шақырым жерде өткен бір шайқаста оң қолынан ауыр жараланады. Немістің мергенінің оғы оның алақа­нынан өтіп кетіп, сүйектің ішінен өтіп, шынтақтан тесіп шыққан.

Сержант Е.Ер­ға­раев 1944 жылдың 10 қаза­нынан 1945 жылдың 8 тамызы аралығында 10 ай бойы гос­питальда емделеді. Әскери дәрі­герлер оны екінші топтағы соғыс мүгедегі ретінде елге қайтарады. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңде оның «Қызыл Ту», жауынгерлік «Қызыл Жұл­дыз», бірінші және екінші дәрежелі «Отан соғысы» және үшінші дәрежелі «Даңқ» ор­денімен, сондай-ақ, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік  еңбегі үшін» медальдарымен марапат­тал­ға­нына ешкім назар аудармаса керек. Өзі де мен ордендерім бар еді айта қоймаған. Ол ұрыста алған жарақат салдарынан елге оралғаннан кейін 8 жылдан соң дүниеден озған. Бір қызығы, майдангер ағасының 5 орденді батыр екенін Тасболат ақсақалдың өзі Қазалы аудандық әскери комиссариаттан сұрау салдыру нәтижесінде Жеңістің 70 жылдығы тұсында ғана біліпті.

Майданнан оралған жігіт тәрбиелі отбасынан шыққан Марияш есімді қызбен шаңырақ көтереді. Олар Серік, Төлеген есімді екі перзентті сүйді. Бірақ, оның тұрмыс жағдайы ауыр еді, мүгедек болғасын жұмысқа жарамады. Жақайым Дәріқұл жыраумен бір ауылда туып, қатар өскен Елубес қисса-дастандарды қолы кемдеу болса да, домбырамен жырлайтын жыршы болатын. Алайда, ол кезде елде той-томалақ аз болды, бара қалса әйтеуір бос  қайтармайтын, отбасын асырау оңайға түспеді.

Сол себепті де Тәжікстанға көшуге шешім қабылдады. 1931-1933 жылдардағы аштық кезінде сол жаққа үдере көшкен қазақтардың арасында жақын ағайындары бар еді. «Бұл жақтағы тәжіктер сауықшыл халық, жыраулық өнерімен-ақ жан бағуға болады», деп шақырғасын, Елубес отбасымен сонда қоныс аударды. Ол кезде тәжіктер Қазақстандағыдай емес, біршама жақсы тұрды.

«Қазақстан  – майдан  арсеналы», «Майдан мен тыл – бір» деген ұран мұндағы қалың елді титықтатып кеткен-ді. Тылда  еңбек еткендер де еңбекақысының 50 процентін «облигация» түрінде қорғаныс қорына аударуға мәжбүр болды. Тәжікстан майдан ше­бі­нен қашық болғасын және ашар­шылықты бастан кешпе­гесін бе, халқы күйлі тұрып, ойын-сауықты, тойшыл екен. Қазақтың ғана емес бүкіл түркі халқының ортақ  қазынасы «Көрғұлы», «Ер Едіге» секілді белгілі дастандар мен атақты Нұртуған шайырдың тарихи дастандарын, терме-толғауларын талмай жырлайтын Елубесті ол жақта қолды-аяққа тұрғызбай алып кететін.

Қазалының қазағы Қорған-Төбе қаласында 4 жыл тұрады. 1952 жылы соғыста алған жарақаты асқынып, ауырып қалғанын естіген ағасы Елубай «бауырым жат жерде қалмасын деп» Тәжікстанға барып, інісін отбасымен бірге Қазалыға алып келеді.

Бес орденді батыр елге келгеннен бір жылдан кейін жарақат салдарынан (1953 жылдың 5 мамырында) қайтыс болды. Бейіті Әйтеке би кенті жанындағы қорымда. Соңында Серік пен Төлеген есімді ұлдары қалды. Жары дүниеден ерте кеткенмен Марияш ана ұлдарын үйлендіріп, олардан бірнеше немере сүйіп, 2007 жылы өмірден озды. Бұл күнде қара шаңыраққа Ерғараев Серіктің ұлдары Мейрамбек пен Бақытбек ие болып түтінін түзеу түтетіп отыр. Серік қызы Бақыткүл, Маржан ұрпақ тәрбиелеп отыр. Ал Ерғараев Төлегеннен ұлдары қазір Қазалы, Алматы және Нұрсұлтан қалаларында тұрады.

Осымен бес бірдей орденнің иегері туралы әңгімені аяқтауға да болатын еді, бірақ  көңілім көншімеді. «Өзі мерген болса, бес орденнің   ар жағында үлкен ерлік тұр ғой» деп ойла­дым да осы ордендер қандай ерліктер үшін берілетінін іздестіре бастадым. Мәселен, «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» және «Отан соғысы» ордендері соғыс кезінде командирдің тапсырған нақты бұйрығын толық орындағаны үшін бері­леді екен. Ал үшінші дәре­желі «Даңқ» ордені «өзіне бекі­тілген атыс қаруымен 10-нан 50-ге дейінгі жаудың көзін құртқанда беріледі» делін­ген. Жерлесіміздің ұрыс даласында қанша жауды жер жас­тандырғанын осыдан-ақ бағам­дауға болады. Соғыс кезін­де мергендерге бірінші кезек­те жаудың жоғары шенді офицерлері мен байланысшыларын, мергендері мен пуле­мент­шілерін және зеңбірек көз­деушілерінің көзін құрту, сондай-ақ, төмен ұшқан жау ұшақтарын атып түсіру тапсырылды.

Ең бастысы, жаудың мер­ген­дерінің көзін жою болды. Өйткені, қолайлы жерге бекініп алған жау мергені көп жағдайда бір ротаның қарсы шабуылға шығуына кедергі келтірген. Ол үшін мергендер жұп болып шыққан: бірін­шісі – «мерген муляжды» тірі адамдай етіп көрсетіп жатқанда, екіншісі, жаудың мергенін байқап, дереу атып, көзін  құртып отырған.

Бір өкініштісі, соғыста снай­пер болған Елубес Ерға­раевпен ол кезде  ашылып сөй­лесіп, одан даңқты жауын­гер­лік жолы туралы сұрау ешкімнің ойына келмеген. Ол бір «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен қиын кезең болды ғой деп өзімді жұбаттым. Соғыстан титықтаған ел-жұрттың әлі аш-жалаңаш кезі, жан бағу мақсатында күні-түні еңбек етті. Кейін  ел тойынып, алды-артына қарап, өткен-кет­кенін түгендей бастады.

Тәуел­сіздік алған бақытты кезге соғыс солдаты жете алмай, дүниеден ерте кетті. Есіл ердің көкірегінде қандай арман кеткенін біз білмейміз…

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,

Жанқожа батыр  атындағы 

№70 мектеп мұғалімі.

Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<