Ер мен жер

461

0

Ұзақ жылғы қаламгерлік қызметімде кейіпкердің қасиетін, бет-бейнесін, мінез-құлқын ашу барысында ол өмір сүрген кезеңнің ерекшеліктеріне мән беру керек екендігін түйсіндім. Сонда ғана әңгіме кім туралы, оның нендей ерекше қызметі бар, ол еңбектері халық үшін қандай пайда әкелді, қоғам қалай бағалады деген сауалдардың жауабына қаныға түсесіз.

Бүгінгі мақаламызда Сыр өңірінің экономикасы мен әлеуметтік дамуына ай­­тар­лықтай үлес қосқан ауыл шаруашылығы ғы­лым­­дарының докторы, про­фессор Дүйсен Егенұлы Нұрымовтың жүріп өткен жолы арқылы оның ел мен жер үшін атқарған елеулі еңбектерін де еске аламыз. Күні кешеге дейін арамызда жүріп, қарапайым ғана қалпымен талай ауқымды шаруаларды атқарған аға­мыз туралы өткен шақпен айтуы­мызға тура келеді.

Иә, сонау жетпісінші жыл­дардың басында Қы­зыл­орда облысында егін­шілік саласымен қатар мал шаруашылығын күрт да­мыту міндеттері тұр­ды. Бас­қа өндірісі кемшін Сыр өңірі үшін расында бұл не­гізгі табыс көзі, халықтың қарнын тойдырумен қатар эконо­миканы көтерудің төте жолы болатын-ды. Көне­көз­дер біледі, 1981 жылы СОКП Орталық комитеті «Азық-түлік бағдарламасын» қа­былдады, әр өңірдің өз мүм­кіндіктерін зерделеуге, соған орай қарқынды жұмыс ұйым­дастыруға шешім қа­был­данды. Бұл солақай пікір ай­тылмайтын, артық тал­қы­лауды қажет етпейтін бұй­рық райдағы тапсырма еді. Ал тапсырманы орындау – мін­дет. Оны орындай алмаған ай­мақтың басшысы, өңір атқамінерлері партбилетін үстел үстіне қояды. Қызыл билеттен айырылу – құрдымға кетті деген сөз. Сондықтан да «соқыр ит жан үшін үреді» деген ерсілеу мақалды еске ала отырып, жоғарғыдағы міндетті орындау жолында сол кездегі жанталасты көз алдыңызға елестетіп көріңіз.

Әлқисса, міне, осы нау­қан­ның бел ортасында отан­дық ғалымдар да жүрді. Со­ның бірі – ғалым-агроном Дүйсен Нұрымов ағамыз еді. Қызылорда облысының алдында тұрған «Ауыл ша­руашылығы өнімдерінің жайы және оны дамыту перс­­пек­тивасының» маңыз­ды­лы­ғы неде еді? 1977 жылғы мәлімет бойынша ауыл ша­руашылығы жерінің не­гіз­гі алқаптары Сырдария өзе­нінің бойында 200 мың гек­тарға таяу болды. Оның 120 мың гектары инженерлік жүйеге келтірілген. Жуық ара­да бі­рін­ші мелиорациялық топ­та­ғы жерлерді көп шығын жұм­самай-ақ, агротехникалық ша­раларды қатаң қолданып, иге­ру мәселесі де тұрды. Бұл әре­кеттердің бәрі мол өнім алу барысындағы ізденістер еді десек, түсініктірек болар. Әрине, ізденістердің басында ғалым-агрономдардың жүр­ген­дігі белгілі.

1958 жылы Ташкент ауыл шаруашылығы институтын бі­тіргеннен кейін Шиелі ауда­нының бірқатар шаруашы­лығында бас агроном бо­лып қызмет еткен атақты ға­лым Әнес Алтынбековтің іс-тәжірибесінен хабардар Дүйсен ағамыз жоғарыда ай­тылғандардың нақтылай орын­далу барысында ізде­ністі ша­руаларға ден қой­ды. Ша­руа­шылықтарда өзі бастан өт­керген тәжі­ри­бе­сін ғылым жолында пай­­далануды мақсат етіп, Қазақ егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ас­пирантурасына түсті. Оны  1962 жылы тәмамдаған соң кандидаттық диссертация қор­ғап, саналы өмірін егін ша­руашылығына байла­нысты ғылыми-зерттеу жұ­мыстарына арнаған. Ға­лымның негізгі ғы­лыми ең­бектері Арал өңі­рі жағ­дайында мал азығы да­қылдарын өсіру техноло­гия­­сы, оның сапасын арт­­­­тыру мен бақылауға ар­нал­­­ғандығы жо­ғарыда айтыл­­ған бағдар­ламаның орын­­далу бары­сын­дағы жан­кешті ең­бек­тердің басы десек, артық емес. Облыс­тың оңтүстік ау­дан­дарында, әсіресе, бір кездері өзі еңбек еткен Ши­елі ауданында көп­теген ғы­лыми-зерттеулер жа­сады. Тә­жірибесін сан мәрте қайталай жүріп, нәрлілігі тө­мен, тұзды топыраққа төзімді және жоғары өнім берумен ерекшеленетін жү­герінің «Қа­зақстан-587 ТВ» жаңа буданын жасауға мол үлес қосты. Би­іктігі 4-5 метрге жетер жаңа тұқымның гектарына 50 центнерден жоғары өнім бер­гендігін көрген талай ша­руа­шылық басшылары құ­нар­лы мал азығы – жүгері өсіруге ден қойғаны сол жыл­дар еді. Сыр өңірінде өсіп, мол өнім берген бұл сортты өсірген талай звено жеткешілері, өн­діріс бри­га­­дирлері мемле­кеттік жо­ғары атақтарға, үкіметтік мара­пат­тауларға ие болды. «Бір адам жаққан отқа мың адам жы­лынады» деген осы болар.

Бір өкініштісі, көбінесе соң­ғы нәтижені дәріптеп, алғашқы ізденіс іздері ұмы­тылып қа­лып жатады. Алай­да, көктем шық­қаннан дала кезіп, егін алқабының басын­да жүретін Дүйсен Егенұлы жоғарғыдағы жаңа­лығы үшін 1985 жылы АС СССР 4951 авторлық куәлігіне ие болды. Бұл оның өмірде қалдырған айшықты ізінің бір дәлелі болса керек. 

– Дүйсен ағамен бірнеше жыл ғылыми-зерттеу инсти­ту­тында қатар қызмет еттік. Ол кісінің ғылымға беріл­гендігі сонша, басқа еш­қандай жағ­дайға көңіл ау­дар­мастан дала төсінде жа­сап жатқан тәжі­рибесінің нә­тижелі болуына ғана баса мән беретін. Қара­пайым ғана киініп, қарапайым ғана жү­ретін. Нағыз еңбектің торысы, ғылымға берілген адам еді, – деп еске алады қызметтес інілерінің бірі Ка­малдин Шермағанбетов.

Біздің ғалым-агроном ке­йіпкеріміз облыста жемшөп базасының жайы мен өркендету перспективалары туралы бір­неше еңбектер жазды. Қы­тымыр қыс айларында малдың қолға қарап қалатыны бар. Өз аяғымен жайылғандай емес, мұнан малдың күйі тө­мендеуі мүмкін. Сондықтан оларды құнарлы жем-шөппен азықтандыру керек. Ал оны қалай жүзеге асыруға болады? Ол үшін жем-шөптің берік қоры жасалуы тиіс. Осы орай­да СОКП Министрлер кеңесі «1978-1985 жылдары жемшөп өндіру және жемшөп дайындауға  арналған жоғары өнімді техника шығаруды арттыру, мал фермалары мен құс шаруашылығындағы жұ­мыстарды комплексті ме­ха­никаландыру шаралары ту­ралы» қаулы қабылдады. Өйт­кені, жемшөп базасының сол кездегі жағдайы мал ша­руа­шылығының қажетіне он­шалықты сай келмейтін еді. Кешенді шара қажет деп отыр­ғандығы да сондықтан жоғарғы жақтың. Осы құжат Дүйсекеңнің көсіле шабуына, өзінің ғылыми ізденісін одан әрі тереңдетуіне де жол ашты десек, артық емес. Күріш егетін шаруашылықтарға ау­ыспалы егістің екі түрі – күрішті жә­не азықтық, ал мал өсіретін шаруашылықтарға азықтық тү­рін жасауды ұсын­ды. Әри­не, оларды то­пы­рақ және су­ландыру мәсе­лелеріне қарай бейімдеп ат­­қару керек. Бұл – айтуға оңай секілді көрін­генімен, алты ай жаз дала тө­сінде жүріп, тәжірибе ала­ңын­дағы қылтиған әр шөптің тү­біне үңілумен өтетін жан­кешті еңбек. Төзімді, білік­тілікті қажет ететініне дау жоқ. Осы қиыншылықтарға мо­йымаған ғалым шынайы ең­бек етті.

– Дүйсен Нұрымов мен басқарған «Түгіскен» ша­руа­шы­лығында да жиі бо­ла­тын-ды. Кеңшардың маман­дарымен бірлесіп, бірнеше ізденісті ша­руалар атқарды. Менің таң­ғалатыным, ар­тық күтімді ке­рек етпей, тек ғылым жұмы­сына мән бе­ретіндігі еді. Біз­ге де көп салмақ салмай өз ша­руа­сымен түбегейлі шұ­ғыл­­да­натын, – дейді Жаңа­қор­ған ауданындағы ірі шаруашылық Түгіскен кеңшарында жиырма жылдай директор болған Наятолла Қарақожаев өз сө­зінде.

Иә, малға құнарлы азық болатын түйежоңышқаны (Донник) Сыр өңіріне жер­­сіндіруде Дүйсен Еген­ұлы ұзақ ізденісте болды. Ал­ғашқы өнім сортаң жерге өскендіктен болар, ащы­лау шығып, бұл істе аздаған те­желу болды. Алайда көп­те­ген шаруашы­лықтар­дың «Дон­­никті» екпе жоңышқа­ның ай­наласына егіп, малдан қорғаныш ретінде қолдан­ға­нынан хабарымыз бар. Ке­йіннен оның қолдануға қо­лайлы сорты өзімізде өнім бере бастады. Демек, ғалым жұмысының далаға кетпегені. Ол күрделі экологиялық жағ­­­дайда жемшөп өндіру жүйесін дамытудың көкей­кесті мәсе­лелеріне және жо­­ғары оқу орнына арнап 83 ғылыми еңбек жазды. «Ау­ыл­шаруашылық та­мақ өнімдерінің сапа­сы мен қа­уіп­сіздігі», «Ауыл­шаруа­шы­лық өнімдерінің сапасын сараптау және бақылау», «Көп­жылдық шөптер» деп ата­латын 3 оқулық және 30 әдіс­темелік нұсқаулықтың ав­торы.

1993-2019 жылдар аралы­ғында Дүйсен Нұрымов Қор­қыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Ауыл шаруашылығы өн­дірі­сінің технологиясы» ка­фед­расының меңгерушісі, кейін сол кафедрада, сосын «Бола­шақ» университетінде шә­кірт­терге дәріс оқып, жас­­тарды ғылымға баулы­ды. Про­фес­сордың жетек­ші­лігімен 5 ас­пирант кан­дидат­тық дис­сер­та­ция қор­ғады. Олар осы жолда өз қыз­меттерін жалғас­тырып жүр.

Дүйсен Егенұлы өзінің көпжылдық ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесінде Қызылорда облыстық атқару комитеті мен ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесінің Құр­мет грамоталарымен және Ке­ңес Одағының халық ша­руа­шылығы жөніндегі коми­тетінің күміс медалімен ма­ра­­патталған. 1993 жыл­дан бері Алматы Мал шаруа­шы­­лығы және мал дәрі­герлік ғылыми-өндірістік орта­лы­­ғының жа­нындағы док­тор­лық және кан­дидаттық дис­сертация қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі бол­ған.

Қазақтың қара шалдары көкірек-көзіне түйгендерін ма­қал етіп, соңына қалдырып кете берген ғой. Соның бі­рінде «Жігіттің қосағы оң­бай, қосы түзелмейді» дейді. Дүйсен ағаның жан жары – Тілек те құдай бере салған адам. Алпыс жылдан астам өмір сүрген уақытында бір-бірімен сөзге келмепті. Қа­шанда «отағасынікі жөн» деу­мен келіпті. Апамыз – қазақ әдебиетінің алыбы, қоғам қай­раткері, мақтанышымыз Әбіш Кекілбаевтың туған қа­рындасы. «Мата даңқымен бөз өтер» демекші, үлкен кісінің атағымен-ақ, талай қырлардан асуға мүмкіндігі болса да, өмірі төте жол іздемепті. Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, екі ұл, үш қызын қатарға қосты. Бәрі де еліміздің өркендеуіне шама-шарқынша қызмет жасап жүр. Адам ұрпағымен мың жасайды деген, Жаратушы берген тоғыз немере сүйді.

Еңбегінің бағаланғаны да, Дүйсен Егенұлы қызмет еткен мекемелер оны құрмет тұтып, еске алып келеді. Әсіресе, облыс­тық ауыл ша­руашылығы бас­қармасы ға­­­лымның Сыр өңі­ріне жа­саған қызметін жоғары ба­ғалап отыр. Бұл өсетін ел­дің, өркендейтін ұрпақтың ұс­танымы болса керек. Ба­қилық сапарға аттанғанына қырық күн толатын ел мен жердің жанашыры Дүйсен ағамыздың рухы пейіште шал­қысын, соңы қайырлы болсын.

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<