Күреңжорға хикаясы

5465

0

сурет ашық дереккөзден

Алғыс айту күні! Иә, мұны қып-қызыл саясатқа айналдырмасақ та, қарапайым адамдардың бір-біріне рахмет деуінің өзі сирексіп бара жатқан осы заманда арнайы еске алып қоюдың еш әбестігі жоқ. Менің есіме марқұм Олжабай Сапарбаев ағамыздың айтқан бір әңгімесі түсіп отыр. Сол әңгіме – мынау.

Атамыз Нұртаза екі әйел алған кісі екен. Бірінші әйелінен – менің әкем Сәдуақас, екінші әйелінен Мейірбек деген ағамыз өмірге келген. Ол кісі отыз жетінші жылдардың зобалаңымен Өзбекстанға көшіп кетіп, сол жақта бір колхоздың бастығы болған. Кісі елінде тегін адам ел басқара ма, бұл ағамыздың беделі мен ерекше зеректігін көрсетсе керек.

Әкем діни сауатты адам болыпты. Мен 1937 жылы қазіргі «Екпінді» ауылы маңындағы Жаманбала дейтін көл жағасында туған екенмін. Әкемнің Сапарбай деген ағасы қайтыс болып, інісі әмеңгерлік жолмен жеңгесі Күнжанды алған. Менің әке-шешем – осы кісілер, бірақ Сапарбай әкемнің атына жазылғанмын.

Сәдуақас әкем де Өзбекстанға кетіп, біз елде қалғанбыз. Ол аласапыран заманда ел адамдары бір уыс бидай үшін, бір ауыз сөз үшін жаза тартқан. Кеңестердің атқару комитетінен, партия комитетінен, мемлекеттік саяси басқарма бөлімінен бір-бір адамнан өзара келісіп, «мынау колхозға малын өткізбеген», «мынау бидай ұрлаған», «мынау колхоз жиналысына қатыспаған» деп сорлыларды соттай берген. Осы «үштік» үкімімен талай адам атылып, айдалған. Осыған қарағанда әкелерімізді неге ел ауып кеткен деп кінәлаудың өзі артық.

Ал енді әңгімені өзім көрмеген атам Нұртазаға қатысты айтайын.

Біздің ауылда Әділбек деген ақсақал болды. Сол кісінің қорасында қараңғылап ұстайтын күреңжорғасы бар екен. Оны біреуге бермек түгілі, көрсетпейтін болған.

Студент кезімде өзімнен үлкен Зухра, Талмаш дейтін екі апамның үйі Төменарықтың дария жақ бетінде, жайлауда отыратын. Бір апам – қойшының, бір апам – сиыршының әйелі. Демалыстарда Қызылордадан Төменарыққа жетіп, одан он бес шақырым жерге жаяулап, қатар отыратын екі апамның үйіне барамын. Ет жеп, ағарған ішіп, аунап-қунаймын. Кейде ауылдан сол жаққа дөңгелейтін біреу жоқ па екен деп кідіремін. Осындай күйімді көрген кісілер: «Әділбектің жорғасын сұрап алмайсың ба?» деп күлкі қылады. Сол сөзді бір-екі мәрте естіген соң намыстанып, әлгі ақсақалдың үйіне кіріп бардым. Атын береді деген ойымда жоқ, бірақ жұрт сұрай алатынымды білсін дегенім еді.

Сәлемімді алып, жөнімді білгесін:

– Нұртазаның немересі екенсің ғой, – деді көзін босаға жаққа тастап.

– Апаларымның үйіне бара жатыр едім, – деп кібіртіктедім. Кіріп барып ат сұрайтын әлгі арыным жоқ.

– Күреңжорға қорада тұр, сен мінбегенде кім мінеді, – деді ақсақал. Ал, ендеше!

Есік пен төрдей жорғаға мініп, «шу-у» дедім. Жануар шайқалтып жүргенде ескен желді маңдайыммен қақ жарып, ұшып келе жатқандай күй кештім. Астыңда атың болғаннан рахат жоқ екен ғой деймін. Тынысым ашылып, танауым делдиіп кетті білем, айналама көзімнің қиығын салып, тәкаппарлана қараймын. Осы сәтімді жұрттың бәрінің көргенін қалаймын. Қас қылғандай қараң еткен біреу жоқ. Жортып келемін… Сондағы күреңнің тұяғының астында кейін сырғып қалып жатқан айдау жол секілді өмір де зулап өтіп жатыр. Қаншама қызық пен қуаныш бұйырды, бірақ, солардың бірі де менің сол қуанғаныма жетпейді.

Мұнан кейін бірден Әділбек ақсақалдың үйіне баратын болдым. Күреңжорғаны мініп, апаларымның ауылына қарай жөңкимін.

– Әй, Олжабай, ешкімге ұстатпайтын атын мына шал маған қалай қиып жүр дейтін шығарсың. Мұның мәнісін айтайын, – деді Әділбек бір күні.

Осыны өзім де сұрай алмай жүргенмін.

– Мен әке-шешеден жетім қалып, Жаңабай деген кісінің қойын бақтым. Ол кісі астыма бір жаман тайын мінгізіп қойды. Жұмысымды адал істедім, бірақ, менің бір әдетім бар. Көкпар десе бәрін тастаймын, қиқу көрсем арқам қозады. Бірде көрші ауылдағы көкпарға бара жатыр ем, Жаңабай астымдағы тайын алып қойды. Ызаға булығып, Қызылтамға келдім. Жай-күйі болмағандардың осы жерден пойызға мініп, Ташкент жаққа тартатынын білетінмін. Мен де Жаңабайдың жалшылығын тастап, біржола безбекпін. Сол кезде теміржол жағасына зер шапан, құндыз бөрік киген бірнеше атты сау ете қалды. Асынған қарулары бар. Солардың арасындағы қызылшырайлы, жүзіне сақал-мұрты жараса қалған өткір көзді кісі мені танып:

– Мына бала Төрегелдінің Әділбегі ғой, неге жылап тұрсың? – деп сұрады.

Мен Жаңабайдың жаман тайын алып қойғанын айттым.

– Онда мына күреңторыны сен мін, бұл – енді сенікі. Қоңырат, Найман аман болса, маған ат көп, – деп күмістеген әбзелімен, оюлаған жабуымен атын маған тастап, өзі басқа атқа мінгесіп жүріп кетті.

Аң-таңмын. Содан не керек, салып-ұрып көкпарға бардым. Бұрын көзге ілмейтін жұрт топырлап мені қызықтады.

Обалына не керек, сол атпен адам болдым. Осыдан кейін қорамнан ат үзілген жоқ. Мынау күреңжорғаны ешкімнің қолына берген емеспін, сен басымен аламын десең де, беремін.

Сондағы маған бесті атын мінгізіп кеткен адам сенің атаң Нұртаза еді. Атаң жасақ ұстаған, батыр адам болған.

Балам, адамның адамға жасаған жақсылығының ең үлкен бағасы – алғыс. Мен өмірбойы Нұртаза әулетіне алғыс айтумен келемін. Сен сол жомарт та қайырымды адамның ұрпағысың. Саған мың алғыс. Жақсы адамның ұрпағы болғаның үшін алғыс айтамын.

…Әділбек ақсақал осылай деді. Кешегі көрген жақсылығын бүгін ұмытып кететін адамдар бар. Ал бұл кісі менің атамнан бала күні көрген қайырлы ісін әлі күн ұмытпаған, не деген абзал жандар.

***

Олжабай ағадан естіген әңгіменің Алғыс айту күні қарсаңында ойыма оралуы тегін емес. Шынында біз алғыс айта білеміз бе, алғыс айтып жүрейікші. Алғыс – жүрек қылындай бір нәзік нәрсе, бірақ, ол адамдардың арасындағы сыйластық пен татулықтың таудай сертін үзілмей көтеріп тұрады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<