Өмірдің бұлтартпас соқпақтары, тіршілік түйткілдері кезінде ел-жұрты ардақтаған, тиісті бағасын берген өнер иелерінің есімдерін кейде елеусіздеу қалдыратыны бар.
Бүгінгі әңгіме арқауында өнер иелері, ағайынды Бекен, Махан Берлібекұлы жайлы аз ғана өмірдерек пен өнердегі шығармашылығы жайлы көпшілікке мағлұмат етуді жөн көрдік.
Бекен 1882 жылы, Махан 1900 жылы сол кездегі Қазалы уезі Қуаңдария болысы, бүгінгі Қармақшы ауданында дүниеге келген. Әкелері Берлібек өз дәулеті өзіне жетерлік, сөзін айта да, тыңдата да алған еліне сыйлы кісі болыпты. Бекен мен Махан арабша, латынша оқып, жаза білетін сауатты, ораза-намазын қаза қылмаған, мұсылмандықты берік ұстанған кісілер екен. Бекен атамыз кейінірек Қармақшының «Анабаз» мекемесінде жұмысшы-бригадир болып 1952 жылға дейін қызмет атқарған. Жасынан домбыра тартып, жыраулығымен, күйшілігімен өз жанынан өлең шығаратын ақындығымен айналасына танымал бола бастайды. Атамыздың көзін көргендердің айтуы бойынша, өлеңді жағымды, майда қоңыр даусымен әртүрлі мақаммен нақышына келтіре орындайтын болған. Арасында күй де шертіп қояды екен. Ауылішілік жиын тойларда, астарда Бекенді арнайы алдыртып, таң атқанша жырлатқан. Атақты шайыр Тұрмағамбетпен құрдас, сыйлас болып, бір-бірін ерекше бағалаған. Осы сыйластықтың әсері болса керек, Бекен 1930 жылы туған жалғыз баласының атын Тұрмағамбет деп қойған.
Сыр бойында бір дәулетті кісінің Бибіш атты қызы жасы жиырма төртке келгенше ұлша киініп, «мен қыз емеспін, күйеуге шықпаймын» деп айттырған жерге бармай қояды. Қыздың әкесі Тұрмағамбет ақынға өтініш етіп: «Осы қызыма бір-екі ауыз өлең шығарып көндіріп бер, ол өлеңді орындайтын құрдасың Бекен болсын» дейді. Осы өтінішпен Бекен атамыз он шумақ өлеңді жаттап, көпшілік алдында орындайды.
Өлең орындалып болғаннан кейін қыз келсімін беріп, айттырған жеріне ұзатылады. Бұл өлеңнің мәтіні 2003 жылы баспадан шыққан «Сыр сүлейлері» жинағында бар.
Інісі Махан Бөбек (Пірмағамбет) деген баласын Тұрмағамбетке серік болсын деп ағасына береді. Сол бала төрт-бес жасынан әріп танып, айналасы бір жылда орысша-қазақша жүргізіп оқып, есеп шығаратын дәрежеге жеткен. Осындай өзгешелігінен Бөбекке алты жасында көз тиіп қайтыс болады. Бұл Бекен атамызға ауыр соққы болып, осыдан кейін өлең айтуды қойып, тек оңаша өзі ғана домбырасын алып, гөй-гөй сарынмен ыңылдап жататын болған. «Бөбегім» атты күй де шығарған. Бұл күйдің негізгі желісін Бекдәулет ағамыз аздап білетін. Бірақ бастан-аяқ нұсқасы есінде қалмағанын мойындайды. Бекен атамыз көбіне Балқы Базардың, Шегебайдың, Тұрмағамбеттің дастан-термелерін орындаған. Таспада өлеңдері қалмаған.
Махан Берлібекұлы Көктөбе (Қармақшы ауданы) деген жерде дүниеге келген. Он алты-он жеті жасында Әбдікәрім Жүсіпбаевтан дәріс алып, арабша-латынша сауат ашады. Домбыра ұстап жыр айтуды жиырмаға жақындаған жасында бастаған. 1927 жылы «Жаңа-тілек» артелінің ұйымдастырушысы, меңгерушісі болады. 1940 жылы Ақтөбе қаласындағы колхоз басшыларын дайындайтын біржылдық крусты бітіреді. Өзі айтулы аңшы, мерген болып 1932-1933 жылдардағы алапат аштықтан отбасын, ағайын-туыстарының біразын аман алып шыққан. Мергендіктің арқасында 1941-1945 жылдары соғыстан аудандық әскери комиссар Жантасов деген кісі броньмен алып қалып, соғыс аяқталғанша аңшылар тобының бригадирі болады. 1945 жылдан бастап мал фермасының бригадирі болып жүргенде өз ағайындарының жалған арызымен 10 жылға түрмеге қамалады. 1954 жылы ел-халқына аман-сау оралып, колхоздың сиырын бағып, 1961 жылы екі көзі бірдей көрмей қалғасын «Карл Маркске» (қазіргі Алдашбай ахун ауылы) көшіп келіп, отбасында отырып қалады.
Махан көкеміздің көзін көріп, әнін тыңдағандардың айтуы бойынша, оның жыр қоры өте бай болған. Жыраулық мақамы да өзгеше, дауысы ашық болған деседі. «Қыз Жібек», «Алпамыс» хиссаларын, «Тақ Сүлеймен», «Жарлы тәліп», «Ұры қарға», т.б. көптеген дастандар мен Балқы Базар, Ешнияз сал, Тұрмағамбет, т.б ақын-жыраулардың термелерін жатқа білген. Ертерек жастау кезінде ас, жиын-тойларда Рүстембек, Ібаш, Махан – әрқайсысы бөлек-бөлек тігілген үйлерде таң атқанша жырлайтын болған. Өз жанынан өлең шығаратын ақындығы да бар.
1973 жылы филиология ғылымдарының докторы Рахманқұл Бердібаев Махан көкеміздің үйіне арнайы ат басын бұрып, біраз әндерін, шығармаларын тыңдайды. Ол кісі осы кездесу жайында облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланған көлемді мақаласында: «Махан жыраумен кездесу – мен үшін үлкен жаңалық. Әсіресе, екі көзінен қалып, жарық дүниені бір көруге зар тағдырға налып шығарған өлеңдері ерекше жан тебірентерлік оқиға болды» деп келтіреді. Ғалым осы мақала желісін «Жамбыл және қазіргі Қазақ поэзиясы» деген кітапқа түсірген.
Махан ақсақалдың көзден қалғаннан кейін шығарған өлеңдерінен бірер шумақ мысал етейік, соның бірі ақынның құрдастарына арнауы:
Құрдастың көрсем жүзін
қырау басқан,
Әзілі кезектесіп
мың алмасқан.
Сол күні домбыра алып
дүр сілкініп,
Төгер ем шабытпенен
біраз дастан.
Көре алмай көңіл орта
ескегімді,
Ерлерді еске алдым
ескерімді.
Сабырлық сабасына
ой бөлейін,
Нәзуіш, қалыңдау сал
бөстегімді.
Махан жырау 1961 жылы көзден қалғаннан кейін үйге келген қонақтардың, қатар замандастарының өтінішімен ғана домбырасын алып, өлең айтатын болған. Кей-кейде шабыттанып дүр сілкініп кетуші еді дейді. Шығарған өлеңдері баласы Бекдәулеттің, немересі Маринаның архивінде сақтаулы. Шағын тиражбен жеке кітап етіп бастыруға дайындау үстінде екен.
Махан жырау 1974 жылы 74 жасында қазіргі Алдашбай ахун ауылында дүниеден озды. Қазақ халқының тіл, дін, рухани қазыналарын тереңнен гауһар тергендей жинақтап, рухани байлығымызды еселеген тума талант иелерінің есімдері мен шығармаларын болашақ ұрпақтың игілігіне ұсыну, аманаттау – баршамыз үшін парыз.
Амандық БҮРЛІБАЕВ,
К.Рүстембеков атындағы
жыраулар үйінің директоры.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<