Жалағаш аудандық Руханият орталығында Сыр өңіріне белгілі қайраткер, еңбек ардагері, Жалағаш, Қазалы аудандарының Құрметті азаматы Қаһарман Табынбаевтың 90 жылдығы аталып өтілді.
Тағылымды шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері аудандық тарихи-өлкетану музейінде орналасқан қайраткерге арналған көрмені тамашалап, музей жәдіргерлерімен танысты.
Игі шара Руханият орталығының мәжіліс залында «Өнегелі өмірдің өшпес ізі» атты танымдық конференцияға жалғасты.
Конференция қоғам қайраткерінің өмірі мен қызмет жолы жайында түсірілген бейнекөрсетілімнен бастау алды.
Танымдық конференцияда модераторлық еткен Жалағаш аудандық мәслихатының төрағасы Өмірзақ Елеусінов «Қаһарман Тоғызбайұлының өмірі мен қызметі кешегі кеңестік кезеңде халықтың ортасында, елмен бірге өтті. Ауыл шаруашылығындағы ауқымды істердің басы-қасында болған ағамыз аудан, облыс көлемінде жауапты қызмет баспалдақтарынан өтіп, еңкейгенше елге қызмет етті. Сондықтан Қаһарман Тоғызбайұлы құрметке лайық» деп, конференцияның негізгі мақсаты да осындай қайраткер тұлғаның ғибратқа толы өмірін насихаттау екенін атап өтті.
Басқосудың алғысөзін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасының орынбасары Әлиев Жұмабек сөйлеп, тау тұлғалы азаматтың ел үшін еткен елеулі еңбегін тілге тиек етті.
Конференцияның күн тәртібіне сәйкес, Қаһарман Тоғызбайұлының өмірі мен қызметі туралы аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов баяндама жасап, қоғам қайраткері 1959 жылы Алматы зооветеринарлық институтын тәмамдап, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы ретінде еңбек жолын бастағанын, кейін 1967 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітіруі оның басқару ісіндегі кәсіби біліктілігін арттырып, жауапты қызметтерге жол ашқанын жеткізді.

Танымдық конференция барысында Қаһарман Тоғызбайұлының өмірі мен қызметі жайлы «Кемеңгер» атты кітапты құрастырушы, елімізге белгілі күміс көмей жыршы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Берік Сәймағанбетов баяндама жасады.
Мұнан бөлек, елімізге белгілі қайраткер Қаһарман Тоғызбайұлының замандасы, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Пірназаров Ақпантай, Қазалы ауданынан келген кәсіпкер, меценат және қоғам қайраткері Имандосов Самұрат, қайраткердің інісі Нәжімадин Мұсабаев, Қармақшы ауданынан Қармақшы аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Құлдүйсенов Әбдірахман, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаевтар болмысы бөлек тұлғаның өнегемен өрілген өмір жолына тоқталып, Қаһарман Тоғызбайұлының адамдық келбетін, қайраткерлік болмысын аша түсті.
Сонымен бірге, қайраткердің ұрпақтары осындай тағылымы мол конференцияның өтуіне атсалысқан облыстық, аудандық ардагерлер кеңесіне, аудан әкімі аппараты мен аудандық мәслихатқа ризашылықтарын білдірді.
Қаһарман Тоғызбайұлының туған топырағы – Сыр елін гүлдендіріп, экономикасы мен әлеуметтік ахуалын жақсартып, өрге бастыруға сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Осындай арда азаматтардың өмір жолын дәріптеу – бүгінгі буынның парызы. Себебі олардың адал еңбегі, елге деген жанашырлығы, туған жерге деген сүйіспеншілігі – жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін құндылықтар.
Жалағаш ауданының қоғамдық даму бөлімі






