Мінез

624

0

Әлібек зейнет жасына жақын­даған. Мұндайда адам қиялға  бе­рілгіш болады екен. Өткен-кет­ке­нін таразылағысы келе ме, қалай? Балалық алтын шақтың орны өз алдына ғой. Дегенмен, оқу бітіріп, кәсіпті бастап, қызығы мен қиындығы мол болмыстың иірімді, жылдам ағы­сына секіргесін басталады екен небір уақиғалар.

Қаладағы мекемеге қызметке тұрған. Мұнда институтта бірге оқы­ған Бекнияз да бар екен. Ол жоғары оқу орнын бітірісімен осында. Жұ­мысқа ысылып қалыпты. Өйткені, оның оншақты жыл үлкендігі бар және одан бұрын да өндірісте біраз шыңдалған. Көп ұзамай Бекнияз бөлім меңгерушілігіне көтерілді. Бірсыпырасы осыған таңданды. Өйткені, бұл азаматтың мінезі тіктеу еді. Өз айтқаны болмаса, жұрттың алдына түсіп емпеңдей бермейді. Ұзын бойлы. «Бойы сырықтай неме илікпейтін бәле, онымен келісу бір күш» деп баяғыда Бекнияздың әкесі жөнінде айтып отыратын сөзі қазірге дейін Әлібектің есінде.

Әлібек терең білімімен көзге түсті. Мұның тағы бір жағымды қасиеті бар-тұғын. Ол өзгемен жылдам тіл табысып ымыраласатын, көнтерлі мінезді. Істегеніне жылға жетпей бұл да бөлім жетекшілігіне биіктетілді. Бірдейсің, қабілетің де сондай дегенге ол заманда да көне қоймағандар оқшауланған. Алға ұмтылған. Көпке пайдасын келтірмекші болған. Әрине, өзінің қамын да күйттемей қалған жоқ. Солардың ішінде Әлібек те бар. Бөлімнің бұрынғы жұмысын талдап, оны жақсарту бағытында біраз ізденіп, талаптанып дайындаған ұсынысын басшылыққа өткізді. Жоғары жақ мұны бөлімдер мәжілісіне сараптауға жіберді. Міне, сол күн де жетті. Барша бөлім меңгерушілері мен қатардағы қызметкерлер үлкен бөлмеде. Әлі­бекке сөз тиді. Жаңалығын баяндады. Жаман шықпаған сияқты. Сұрақтарға да жауап қайырды. Енді нағыз талқыға түсетін сәт те келді. Орнына отырды. Сәл қобалжулы.

– Бұл ұсыныстың нақты ісімізге көмек көрсетер жерін көріп тұрған жоқпын. Жалпылама айтылған сөз­дер­ден өзге тілге тиек етері жоқ. Сондықтан, осы түсініксіз жұмысты қолдауға қарсымын, – деді бірінші сөйлеуші.

– Әдетте өндіріске жағымды әдісті ұсыну алдында ол ұзақ уақыт сынақтан өтуі қажет. Бұл – даусыз қағида. Әлібек мырза осы турасында мандытып ешнәрсе айтпады, өйткені, ондай мәліметтер жоқ. Осыған бай­ланысты мен ұсынысқа қарсымын, – деп ойын жалғастырды екінші бөлім жетекшісі.

Әлібектің ұнжырғасы түсті. Мүлде аң-таң, себебі, осылардың барлығы өткенде екеу-ара пікірлескенде мұның ойын қалтқысыз қолдаған. Әріптестер пиғылын түсінбей іштей қатты әлек. Оның қазіргі күйі екіесті қатынына ренжіген жуастау сиыршы маңдайынан айырмен салып қалған баспақтың жағдайымен шамалас еді. Енді қайтсін, үш ұйықтаса күтпеген. Амал жоқ, шыдау керек! Басшының рұқсатымен келесі азамат алға шықты. Өзге лажының жоқтығынан Әлібек оған жалтақтай берді. Бірақ, іс насырға шапты.

– Нақты зерттеулер орындал­маған. Әлібек мырзаның құр ой-тұжырымдары ғана көзге ілінді. Одан әрі ұсыныс нақты дәлелденіп, пы­сықталмаған. Жұмыс шикі, сондық­тан оңды пікір айта алмаймын, – деп қарап тұр үшінші азамат.

Жаңағы жаңағы ма, енді Әлібектің мүлдем салы суға кетті. Қараторы жігіттің реңі қоюланып, түтігіп тұр екен. Ол Әлібекке көз тоқтатып, қолдағандай сәл жымиып:

– Тағы кімде пікір бар? – деді.

Баршасы төмен қарап қапты. Құдды бірінен-бірі қымсынып, қысы­лып, ұялып отырғандай. Басшы ойлы жанарымен алдындағыларды және жәймен шолып өте бергенде, орнынан Бекнияз қозғалды.

– Әріптестерім ұсынылған мәсе­ленің анық-қанығына түсінбей жатқан сияқты. Бүгін ортамызда сөйлеген Әлібек төтеннен келген жоқ. Бұрын да осы отырған төрт-бесеуіміз бұл мә­селе төңірегінде хабардар болып, пікір алысқанбыз, – деді Бекнияз. Ол асықпай сөйледі. Үні де мығым. Мәселені жетік білетіні көрініп-ақ тұр. Ұсыныстың пайдалы тұстарын тайға таңба басқандай қоңыр дауыспен жайып салды. Соңында: «Осындай оңды жобаны қолдамасақ, несіне маман атағына ие болып жүрміз?!» деп сөзін доғарды.

Мынадан кейін Әлібек есін жинай бастады. Шынына келсе, Бекнияздың қол­дауын күткен жоқ еді. Кешеге дейін оған шамалы сақтық күмәнмен қарап келгені рас. Осыған негіз де жоқ емес. Оның есіне сонау алыста қалған студенттік өмірдің сәті түсе кетті. Институтты бітіруші бір топ жас автобус ішінде. Көңілдері көтеріңкі. Олар сүйтпей жүретін бе еді? Бұл жолы да солай. Қызық болғанда, көлік ішіндегі екі-үш ересек кісілер бір-бірімен шатасты. Осыны барлығы көріп келеді. Пысықай екеуі момақандауын тұқыртып барады. Бәрі де масаңдау. Үйреншікті көрініс. Заман солай. «Бәлесінен аулақ» деп өзге жұрт килігіп араласпайды. Одан әрі шыдай алмай, Бекнияз жанжалға ұрынды. Шатақ пен пәле қорасына ойланбастан қойып кетті. Зәбір көрген азаматқа жақтасты. Бұлар Бекниязға болысты. Төбелес қыза түсті. Сөйтіп, түгелдей мілисаның құрығына ілін­ді. Енді ғана бітірейін деп тұрған оқуынан шығып қалу қаупі төнді. Баршасы бір түннен кейін босатылды. Бекнияз абақтыда бақандай үш күн жатты. Әйтеуір, әупіріммен оқудан шығудан аман. Бірақ, барлығы оқу орнына әйгілі болды. Сол күндері бәрі мұны кінәлап күстаналады. Олардың арасында Әлібек те бар еді. Дәл казір ойы өзгерген сияқты. Бекнияз ағасының мінезін енді түсінгендей.

Басшы орнынан көтеріліп:

– Несін жасырайын, мен қазір екіұшты сезімдемін. Бізде көп уақыт істемесе де, өндірісімізді терең ұғы­нып, оны алға жетелеуге ба­ғыт­талған нақты жол көр­сететін азамат бар екені қуантты. Әр нәрсені уақытылы және әділ бағалау оңай емес, әрине! Қолда барымызды мықтап қадірлеуге, ұтымды іске асыруға дайын болуы­мыз қажет. Бекнияз мырзаға да мол ризашылығымды білдіремін! Жақ­сыны қателеспей танып, дер кезінде құрметтеу де – сауапты іс. Осы жобаны қолдамаған азаматтардың түп мәнісі түсінбегендіктен бе, әлде өзге себептен бе, оны олардың өзде­ріне қалдырамын, – деді.

Бір қызығы Бекнияз Әлібектің ойына келмеген қосалқы ерекше­ліктерді ашып, ұсыныстың салмағын өсіре түсті! Мұның себебі Бекнияздың бұлардан гөрі жарық дүние есігін ертерек ашып, өмір сырын көбірек білгенінде ме екен? Әлібек іштей тәнті. Оның сөзі мықты қолдау болды. Өзгелер мұны екеуінің бірге оқығандығы мен жерлестігіне жапты. Қазір оның ойына әкесінің: «Аштықта берген бір үзім нан» дегені түсе кетті. Ойламаған жерде осындай ірілік жасау шынымен аштықта берген бір үзім наннан кем болмады. Жұртқа білдірмей Әлібек көзінің астымен Бекнияз ағасына жанарын аударды. Шілденің аптапты күні түстен кейін салқын көлеңкеде тыныстап, маужырап оянып, мұздай сумен шайынғанындағыдай бірден ширап сала берді. Дарияның таяз құмына аңдамай қайырлап қалған лақаның құй­рығынан шалшықтап келіп, жалаңаш қолымен ұстап алған баланың уысынан бір бұлқыныспен оп-оңай шыққанындай, әріптестерінің орынсыз сынынан алаңсыз ажырап, мүлде серги түсті.

– Тағы сөйлеушілер бар ма? – деді басшы. Жұртта үн жоқ. Үн түгілі бастары төмен салбыраған. Кінә­ларын мойындағандай. Сол за­манның жазыл­маған тәртібі бар еді. Басшының қоры­тынды сөзінен кейін жүрек жұтқандар болмаса, сөз тоқтайтын. Жетекшінің сөзі­не ден қоятын. Артық кетпейтін. Бұл жолы да солай болды. Әлібектің ұсынысы қабылданды.

***

Қоғамға бұл дерттің сіңгені сонша, сол кездегі жастар досының дүкеннен отыз тиындық беторамал алғанын көрсе, «жу» деп қолқалайтын. Ол да соған бірден көнетін. Қаладағы, мейлі ауылдағы кез келген жиын онсыз өтпейді. Бұл ұжымдағы жағдай осыдан көп алшақтамапты. Құ­рығанда аптасына бір рет жұмыс аяғында қызметкерлер бас қосып, «жақсы» суды жұтып, көңіл көтереді, қызу пікірлеседі, жақындасады. Сон­дай бір отырыста екі бөлім басшысы шатасып, ерегісті. Біреуі – Бекнияз. Әңгіме қыза бере екіншісінің құй­тырқы сұрағы бәрін бүлдірді. Әлгі азамат осындай мінезімен әйгілі еді. Ылғи жанындағыларды мінеп, сынап отырмаса, көңілі көншімейтін. Арандатушылық та жоқ емес ойында. Осыған дейін мұның айы оңынан туып келген. Адамына кез болмай жүр екен.

– Әділдік пен шындықты қор­ғайтын арамызда азамат бар. Бірақ, соны ол әрдайым өз пайдасына жақсы шеше біледі, – деп ортаға тас лақ­тырды. Жұртта үн жоқ. Баршасы Бекниязға қарап қапты. Бекнияз жәймен жаңағыға мойын бұрды.

– Түсінбей қалдым, сен не деп сандырақтап отырсың?! – деді ол.

– Менікі сандырақ емес, шындық. Өйткені, сол адам әрқашан өз қамын күйттейді, түптің түбінде оның ой­лағаны әділдік емес, өзінің жеке қамы! –деп жауап қайырды әлгі.

– Сен тарпаң, жалтарма, кімді мазақ қылмақшысың татау неме! Ер болсаң айт соны дәл қазір, – деп Бекнияз орнынан тұрды.

– Көкек өз атын шақырады де­гендей, мықты болсаң, өзің тап кімді меңзеп отқа­нымды, – деді арандатушы. Жұрт осыған ду күлді. Осы ретсіз күлкі қамшы болды ма, Бекнияздың түрі бұзылып  қатты ашуланды, ананың жағасына жар­масты.

– Менің бір сілтегенімнен қал­майсың! Бірақ, саған қол жұмсап, былғанбаймын! – деп, Бекнияз оны итеріп жіберді. Ол тәлтіректеп, құ­лауға сәл-ақ қалды. Бекнияз сөзін жалғады.

– Сендер жаңа мынаның сан­дырағына күлдіңдер-ау! «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» дегенді әлі естімепсіңдер! Арзан күлкіге ынтықсыңдар! Ауру адамның өкпесін құрт күнде үңгіп жеп, қарайтып жат­қандай, мынаның іріткі, шіріген сөзі сендердің саналарыңды аямай кертіп, мүжіп, бірлікке, жақсылыққа ұмтылған ниеттеріңді кеміріп жатыр. Соны сендер білесіңдер ме?! Білмейсіңдер! Әйтпесе, бос күлкіге үйір болмас едіңдер! Бар болғандарың осы. Май­дасыңдар. Сезім-саналарың ұсақ. Сендердің ой­сыз күлкілерің мы­н­аған керек. Бұлар сол заматта өз­дерінің зымиян істерін орындап, сендер сияқтыларға көрінбес тұза­ғын құрып қояды. Соған ерте ме, кеш пе түсесіңдер, түсіп жатсың да. Ал, мынау сияқтылар соған риза, өйткені, бұларға осы керек. Бұларға адамдардың тату болғаны емес, азаматтардың бір-бірімен алагөздігі керек. Сонда ұпайы түгел. Әттең, сөзден гөрі шатақ іске жақын, қылшылдап тұрған жас кезімде кез болмадың. Сол кезде көресіні көрер едің. Оқасы жоқ. Бүгінгі сыбағаң одан кем болмаған сияқты. Сенің пәс, қара пейіліңді бүгін әшкереледім! – деді тағы Бекнияз. 

Жұртта үн жоқ. Жаңа ғана дабырласып, шулап отқан жігіттер көздерін төмен салып, тұнжырап ойға берілген. Көбі ананы қолдамай «Бәлем, өзіңе дауа болды, сені де тоқтататын адам табылады екен ғой» деп, іштей риза.

Қазір Бекнияз – ауылдың беделді ақсақалы. Көпшілік бұл кісіні сыйлайды. Өйткені, ол – өмір мектебінен мол та­ғы­лым алған азамат. Қандай жағдай бол­масын, әділдік жағын қолдайды, қорғайды. Көп құрметіне бөленген. Біразы одан тайсалады. Өйткені, өзгенің кемшілігін бетің бар, жүзің бар демей, айтып салады. Жұрт разы. Біреу осылай айтып отыруы керек шығар.

***

Әлібектің бала кезінде ауылда әкесінің аталас інісі болған. Ол заманда жеңгелері қайын інілерінің атын өзгертіп айтушы еді. Жігітте бар игі, жақсы қасиеттерді сол атаулар жаңғыртатын. Бабалар данышпандығынан бастау алған осы ырым жас келіннің өнегесі мен тәрбиесін биіктетумен қатар қазақ азаматтарын ірі мінезді болуға жетелепті. Сонымен, жаңағы қайнысына Әлібектің анасы «Білгір» деген ат қойыпты. Аула ішінде жүрген әкесіне, жақындап қалған інісін көріп «Білгір аға келеді» деп ұмтылғанда:

– Аңғал балам, не деп тұрсың, оның аты басқа ғой, – деп әкесі зекіді. Осыдан соң жым болды. Сөйтсе, анасының оған әзілдеп қойған аты екен. Кейін білді ғой, өзге кісі не айтса да, оның берер жауабы «өзім білемін» екен.

Оның Әлібектен жасы көп кіші баласы бар. Бұл мектеп бітірерде Талас мектепке енді барған. Қазір аудан орталығындағы мекемеде істейді. Қызметі жаман емес. Қалаға жолы түскенде соғып, ылғи сәлем беріп тұрады. Кеше Әлібек ауданға келген. Бүгін әдейі інісінің хал-жағдайын білуге шықты. Дәлізбен жүріп, Таластың кабинетіне жақындай бере оқыс тоқтады. Себебі, іштен айқай естілді. Есіктің ар жағында біреулер керісіп  жатыр. Бұрылып кетуге дәті бармады. Қалай болғанда да кабинет иесі – оның жақын адамы. Амалсыздан ішке енді.

– Сені ме, бәлем! Көресіні менен көресің! Ісім сенімен болсын, – деген Таластың дауысы қатты шықты.

– Бұл не сұмдық тал түсте! – деді Әлібек екеуінің арасына түсіп.

– Енді көрмегенім сен бол! Теріс мінезді неме, адам емессің! – деп есіктен шыға жөнелді екіншісі.

Осы сәттегі Таластың халі адам сен­гісіз еді. Қысылтаяң шақта қы­зып тұрған шатаққа Әлібектің ойда-жоқта ілінуі жағдайын мүлдем өзгертіп, оның көңіл-күйін алаңсыз езіп, ерітіп жіберді. Балалық шақта қатарларынан немесе жастары үл­кендеу құрбыларынан зорлық көрген жасөспірім дәл сол сәтте кезіккен өзге адамның оны аяп мүсіркегенін көргенде ағыл-тегіл көңілі босап, өксігін баса алмайтын болатын. Екеуара бір-біріне қандай ауыр сөз айтқандарын өздері біледі. Дегенмен, Таластың түріне қарағанда олар біраз жерге барған сияқты. Мұның аса сезімтал екенін осы жолы Әлібек анық байқады. Шамасы, барлығын ішіне жинайтынның өзі екен. Осы оңай соқпаған сыңайлы. Бір күні ағытылуы керек еді. Ақыры, бүгін ашылыпты. Қазір көршісінің ерте пісіп, иісі маңайды со бойы алып тұрған қауынына түсіп, сол үйде отқан әкесінің қолына іліккен ба­ладай бар сырын ақтаруға әзір еді.

 – Ешкімге білдірмеген құпиямды ашайын. Мектепте жақсы оқыдым. Алды болдым. Соған үйреніп кеткен ата-анам «сен әрдайым жұрттың басында боласың, сенің алдыңа еш­кім түспейді» деп екпіндетті. Маған осы қатты әсер етті. Сол сөзге  сендім. Расқа шығаруға бар кү­шімді салдым. Бара-бара өзім де үйреніп кеттім. Қазір де сондаймын. Менің алдыма жан адам түспейді деп ойлаймын. Бірақ, өмір өзгеше екен. Алдыма өзгелер түсіп жатыр. Сырттай бетіне күлгенмен, оларды іштей жақсы көрмеймін. Мейлі, қабілеті мен талабы менен биік болса да. Осы жаман екен. Бұл маған ауыр тиді. Мені іштей қажытты! Өзіме де сол керек! Ойлайтын едім, «әй, бір күні осыдан құқай көресің-ау» деп! Айтқаным болды! Қарасаңшы, ақыры сыбағамды өз жақыным, туысым берді маған! Енді осы соққыдан кейін тұра аламын ба мен?! Өзіме тіпті риза емеспін. Ата-анама да өкпелімін. Қайдан білейін, олар маған зиян ойламаған шығар. Ал, мен осыны дұрыс түсінбеппін. Енді кеш. Мен осымен кеткенім кеткен, – деді Талас.

– Несіне түңілесің? Мұндай жағдай әркімнің басында болады. Ертең-ақ түзеліп, өз-өзіңе келіп, жұрт қатарлы боласың, – деп оны жұбатты Әлібек.

– Құдайдан жасырмағанды, сізден несіне жасырайын! Көрдіңіз ғой маған туысымның не деп кеткенін. Онда бөтен адам не айтпайды? Соңғы кезде әріптес ағалар, қатарластар көзқарасының өзгергенін сезіп жүрмін. Көре көзге айтпағанымен, сыртымнан мені солар мақтап жатқан жоқ, – деді ол алған бетінен қайтпай.

– Қоймадың ғой. Сенің бойыңдағы кемшілігің тек саған ғана қатысы бар дейсің бе? Жоқ! Сен олардың алғашқысы да, соңғысы да емессің! Бұл көп мықтымын деп жүргендерге қатысты. Бірақ, олар соны байқамайды. Байқаса да, сен сияқты абыржымайды! Ал, сенде сезімталдық жоғары. Көп ойлайсың, көп сынайсың өзіңді. Бұл бір жағынан жақсы да. Сенің тазаруыңа керек. Тазарасың да. Мен соған сенемін, – деді Әлібек.

– Мені құртқан өзімді асыра баға­лаушылығым! Азды-көпті жетістікке ке­зіккесін, қайсыбір жұрт мақтағасын, шы­нында солай екен деп шалқайдым. Сөйт­сем, жұрттың әсіре мадақтаушылығын дұрыс түсінбеппін! Артық мақтаудың өзі үлкен сын екенін мен бейбақ білмеппін! Сол маған сор болды. Өзімді өзім ал­даусыратып, аспандап кетіппін. Ақыры не болғанын көріп отырсыз!

***

Беріктің осы бөлімге жұмысқа тұрғанына оншақты жыл болды. Ол  Әлібек оқыған институтты бітірген. Содан ба, екеуі жақсы түсінісіп, жақындасып кетті. Жұмысқа алғыр, қабілетті екен. Көп жағдайда оның ойы Әлібек пайымынан ұзамады. Сөйтіп, ағалы-інідей болып кетті. Өткен жылы басшы Әлібекпен жеке пікірлескен. Себебі бұл бөлім меңгерушілігінен босатуды сұрап жүрген. Соның орайы енді келгендей. Осы орынға екі азаматтың біреуін таңдау қажеттігін басшы ашып салды. Біріншісі – сырттан келетін маман, екіншісі – Берік екенін хабарлады ол. Әлібектің ойын білгісі келетінін сездірді.

Әлібек сырттағы азаматты да білетін. Бұл сауалға ол көп ойланған жоқ. Салғаннан Берікті қолдады. Себебі оның білімі тыңғылықты, да­йындығы жоғары, жұмыспен түбегейлі таныс. Сондықтан мұның ұжымға да қолайлы болатынын ескертті.

– «Ауылдағының аузы сасық», «Сырт көз – сыншы» демекші, осы екеуінің меңгерушілікке тиімдісі сырттың азаматы деп ойлаушы едім. Сіздің мына сөзіңізден соң пікірім өзгерді. Дұрысы, өзіміздің Берікті осы орынға қою болар, – деп басшы келісімін берді. Сөйтіп, Берік бөлім басшысы болған еді.

Одан кейін Әлібек зейнетке шықты. Енді көбіне үйінде. Балалары мен ұр­пақтарының тәрбиесіне мол уақыт бөлуге мүмкіншілігі бар. Ағайын мен қоғамнан қол үзген емес. Қайсыбір мәселелерді талдауға қатысып, талқылаудан ұзаған жоқ. Өйткені, мұның ойы мен түсінігі бөлек. Бұрынғы әріптес інілерімен жиі тілдесіп тұрады, кеңесін беруден шаршамайды. Осы уақытқа дейін Әлібек Берікке азды-көпті, ірілі-уақты тапсырмалар беруге дағдыланған. Обалы не керек, Берік те ағасының қолын қайтарған емес. Жақында Әлібек інісіне күрделірек іс тапсырған. Жобаға сараптама дайындау қажет. Берік уәдесін берген. Бұл істі орындау шамамен оның төрт-бес тәулік уақытын алады.

Қалта телефоны шыр ете қалды. Ол көтермей тұр әдейі. Телефон үш мәрте соқты да, өшті. Ағасы қоңы­рау шалғанын содан білді Берік. Осыны бұрын анықтаған. Әлібек хабар­ласқанда тура үш мәрте қоңырау жібереді. Одан кейін екінші жақ жауаптаспаса қоя салады. Ол кісінің өзгермейтін үйреншікті әдеті. Өзге ешкім бұлай жасамайды. Ағасының неге осылай істейтінін ол біледі.

Адам ойсыз жүрмейді. Ойдың да күрделісі болады. Бірақ, ол күнде емес. Айында-жылында. Жолайрықта. Өмір ұстанымын өзгертер шақта. Бұл оңай емес. Мұндайда азамат сан толғанады, мың тебіренеді. Беріктің осы ой иіріміне түскені кеше емес. Біраз болды. Ұйқысыз түндер өтті. Ақыры, осы ұйғарымға келді: «Қашанғы біреудің ықпалында жүре беруім керек? Жарайды, мен ол кісіні сыйлаймын, оның маған бұрын іс жәрдемі, сөз көмегі болған да шығар. Бірақ, менің де алға қойған мақсатым бар емес пе? Рас, бұрын мен осы азаматтың ығында едім. Оны мойындаймын. Дегенмен, өмірбақи солай бола бере ме? Уақыт та, заман да өзгерді. Ендеше, бұрынғыша жүре алмаймын! Бір адам жақсы екен деп, сол жерден ұзамауым керек пе? Сонда мен өз қамымды, жеке мүддемді қашан қамдаймын? Тұрақты, салмақты, жұртқа жағымды боламын деп мен осы жасқа дейін келдім емес пе? Сонда не таптым? Не көрдім? Өзге жұрт менің қасымда шамалы уақыт бірге болып, тура аялдамада кезіккендей аз-кем уақыт­тан соң өтіп, жылжып, кетіп жатыр. Солардан қай жерім кем? Жо-оқ, мен кем емеспін, кейде артықпын! Менің кемшілігім жайбасарлығым, жұмсақтығым, жұрттың көңілін қал­дырмауға бейімділігім. Өмірге бе­йім­делмегендігім. Мызғымас тұ­рақ­тылығым. Содан не көрдім? Қасым­­дағылар сан өзгеріп жатады. Содан шығар, олардың өмірлері жақсы, сәнді, бақуатты! Енді олай болмайды! Мен әбден шаршадым. Мейлі, жұрт не десе, о десін!  Енді оншақты жылда менің қабілетім мен білімімді кім керек етер дейсің? Қой, енді осы да жетер! Енді маған бәрібір. Менің қамымды өзімнен басқа ешкім ойламайды. Көп болса, өзгенің барлығы жасап жатқанды істермін, – деп түйді Берік.

Бір жетіден соң Берікті телефон қоңырауы оятты. Тыңдап тұр. Үш мәр­те шырылдап, телефон сөнді. Кім ха­барласқанын анық сезді ол. Бірақ, селт етпеді. Аржағындағы Әлібектің ойы Берік амандығын білу ғана еді.

***

Әлібек аулада жүр. Әдеттегідей ой құшағында. Осы уақытқа дейін көп аза­матпен қызметтес болып араласыпты. Біреуі екіншісіне ұқса­майды. Мінездері әртүрлі. Әрқай­сысының бұған берген ықпалы мен әсері де өзгеше. Ұнамды мінезді аза­маттардан жұмыста болсын, құй, отбасылық қатынаста кезіксін, мол игілік көрді, үйренді, өнеге алды, осыны өмірдің түрлі қалтарыстарында жөнімен пайдаланды. Мінезі күрде­лілермен қатар жүру жеңіл болған емес. Бұл ортақ істің орындалуына, мұның пенделік ахуалына әжептәуір салмақ салып, санасына айтарлықтай жүк болғаны да рас. Өмір солай екен. Адам осыдан қашып құтыла алмайтын көрінеді… Әлібек ауыр күрсінді. «Жа­ратушы Ием, балаларыма, ұрпағыма жайлы мінезді жандарыңды кезіктіре гөр», – деп күбірледі.

Серікбай ҚОШҚАРОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<