ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ ШЫНАР ТҰЛҒАЛЫ АЗАМАТ

785

0

Әлімбай Әлиасқаров – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының қазіргі «Ақжар» ауылы 1908 жылы дүниеге келген. Әкесі Қожантайұлы Әлиасқар – жер қадірін білген, егіншілікті кәсіп еткен еңбекқор-шаруа кісі. Білім-ғылымға құштар еткісі келген әке сауатын ашсын деген мақсатпен баласын ауыл молдасына береді. Ескіше араб тілінде оқып, сол кезден бастап өлеңге таласы барын байқатады. Зеректігімен көзге түсе бастаған бала талай тамаша ақиық ақындарды тамсандырып, олардың шабытына шабыт қосқан, шығыстың әдебиет жауһары – «Шаһнаманы» қазақ тіліне тәржімалап, ұлттық әдебиетке зор табыс алып келген Сыр саңлағы – Тұрмағанбет Ізтілеуов мектебінде білімін шыңдай отырып, шығыс әдебиетімен танысады. Шығыс шайырларының шығармаларын сүйсіне оқитын Әлімбай Әлиасқаровтың алғашқы ақындық жолы осылай басталады. Сөз маржанын теріп, тереңіне бойлай, өлең құдіретін санаға түйеді. Заман өзгерген уақытта Кеңес мектебінде 7 сыныптық білім алады. Жас ақын ел ішіндегі түрлі ұйымдастыру шараларына қатысады да, 1937 жылы «Халық жауы» деп жазықсыз жазаланып, Ұлы Отан соғысы басталғанша өмірін Колымада өткізеді. Қуанышқа қарай, 1958 жылы толық ақталады.

1942 жылы айдауда қиыншылық тауқіметін тарта жүріп, өз еркімен Отанын қорғау мақсатында майданға сұранады. Сталинград маңайында соғысқа кірісіп, жанқиярлықпен шайқасып, ерен ерліктің үлгісін көрсетеді. Жеңіс күнін І Белорусь майданы шебінде, Польша мен Венгрия жерлерін азат ету кезінде қарсы алған. Орда бұзар жігіт соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, бірнеше жауынгерлік медальдармен марапатталады. 39-гвардиялық атқыштар полкінде взвод командирі болған Әлімбай Әиасқаров жауды жеңіп, бүкіл ел болып күткен Жеңіс күнінен кейін елге бір-ақ оралады. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірде де бекер жатпай, ата кәсіп – егіншілікпен бар ынтасымен айналысты. Ғұмырының соңына дейін еліне, туған жеріне адал қызмет етті. Осындай тынымсыз да ауыр қайнап жатқан жұмыс ортасында жүріп те, ақын қолынан қаламы түспеген екен.

   1974 жылы қасиетті топырақ Мекке қаласына іс-сапармен барады. Мұнан ақынның қажылық парызын өтеу ниетінің болғандығын аңғарамыз. Кеңес үкіметі кезінде дін мәселесін қозғап, 1983 жылы Қармақшы ауданының Жосалы ауылында алғашқы мұсылмандар мешітін ашуға ұйытқы болады. Сонымен қатар, осы жылы, яғни 1983 жылы Ташкент Орта Азия дінбасыларының басқосуы өткізіліп, оған Сыр елінің атынан арнайы қатысқан кісі – Әлімбай Әлиасқаров болатын. Өмір жолы үлгі-өнегеге толы, отты жырларымен қазақ әдебиетінің өркендеуіне үлес қосқан, өзіндік қолтаңбасы бар ақын 1990 жылы дүниеден озды.

Әлімбай Әлиасқаровтың өлеңдері «Пернедегі термелер», «Нақыл сөздер», тағы басқа топтама жинақтарға енді. Оның көпшілігі республикалық газет-журналдарда, соның ішінде басым бөлігі өзіміздің қазіргі «Сыр бойы», «Қармақшы таңы» газеттерінде жарияланды. 1965 жылы ақынның «Еңбек күйі» атты өлеңдер жинағы және 1975 жылы «Қанатты қыз» жыр жинағы «Жазушы» баспасынан аз данамен баспа бетін көрді. Кітапқа 21 өлеңі, 5 терме жырлары, «Қанатты қыз» атты ұзақ өлеңі және «Ел қорғаны», «Қожансыр хикаясы», «Үндемес қыз» атты өлеңмен жазылған аңыздары енген. Көзі тірісінде Әлімбай ақынның басқа шығармалары жарық көрмеген екен. Енді міне, ақынның ұрпақтары, қара ормандай халқы жақсы жанның жаршысы іспеттес дүниелеін жарыққа шығаруда. 2008 жылы қазақ халқының арғы-бергі тарихы, рулық-туыстық қатынастың ерекшеліктері сөз болған «Қазақ шежіресі» атты тарихи шығармасы жарық көрді. Сол жылы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс әкімі болған М.Құл-Мұхаммед мырза қолдауымен аймақтағы бұрын беймәлім болып келген мұра әдебиетшілерге, қара халыққа жеткен болатын. «Сырдария кітапханасы» 200 томдығының бір томы жеке Әлімбай Әлиасқаровқа арналды. 2008 жылы Әлімбай ақын 100 жасқа толды. Ұрпақтары және артынан ерген халқы ақынға арнап ас берді. Алмас Алматовтың бастауымен Әлімбай Әлиасқаровтың бірнеше термелері халыққа ұсынылып, оң бағасын алды.

Ақын қайта тіріліп, халқымен қайта қауышқандай болды. Ақын Әлімбай Әлиасқаровтың шығармашылығы – кейінгі ұрпаққа өнеге, артына қалдырған өшпес дүние.

ЖАУДЫ ӨЗ ҰЯСЫНДА ТАЛҚАНДАҒАН МАЙДАНГЕР АҚЫН

            Отанын сүйген, ұлттық салт-дәстүрін бойтұмар қып ұстаған, өлеңге өнердің пірі деп баға берген Әлімбай Әлиасқаровтай азаматтың Атамекенге деген сағынышын, туған жерге деген ыстық сезімін от кешкен майданнан жазылған өлеңдері толық айғақтайды. Хат үлгісінде жазылған елге жолданған өлеңдерінен елге сағыныш, Отан үшін күрес, ерлікке, жеңіске жігерлендіру сарыны есіп, майдангер ойы мен тілегі анық аңғарылады.

            «Майданнан хаттар» атты өлең топтамасының төртінші хатында:

            …Біздің қыран қызыл ердің,

            Батты жауға тырнағы.

            Тұлғасындай күш-жігердің

            Достар тірі жүр бәрі.

            Майдан үсті апыр-топыр,

            Жатыр жаулар қан болып

            Фашист қашып бара жатыр,

            Сәтті біздің бар жорық…

            …Сен істеген майдан үшін

Еңбектерің көрінсін.

Шыңдауға Ұлы Отан күшін

Аc, жүн, астық берілсін…, – деп, қан майданда қасық қаны қалғанша Отан үшін күресіп жатқан жолдастарының амандығын туған елге жеткізе отырып, жорықта айлары оңынан туып, жолдары болып жатқанын хабарлайды. Туған жерін ту еткен ерлер үшін, өзі үшін алаң болмауларын сұрайды. Жалпы, майдан хаттарынан Әлімбай ақынның өмірге деген оптимистік көзқарасын, майдандас достарымен қатар тыл жұмысшыларына да жігерлендіру сөздерін аямай, ерен еңбектері үшін алғыс білдіріп жатқандығын көруге болады.

«Қос қарулы жауынгер» атты өлеңінде ақын өзінен бес ата ілгері өткен, Әбілқайыр ханның әскербасы болған бабасы Айбасұлы Арыстанбай батыр:

            …Қара халық қамы үшін

            Батыр жауға барады.

            Батыр «батыр» бола ма

            Айқасқан жауын жеңбесе,

            Найза «найза» бола ма

            Көздеген жерден кірмесе, – деп, жауға аттанар алдында сарбаздардың жігерін өлеңмен көтергенін айтады. Айта келіп, Арыстанбай батырдың ұрпағы, яғни өзінің де Ұлы Отан соғысында «Желкеле жауды, желкеле» деп, әскерлерге ұран тастағаны тағы бар:

            Аспанда болсаң – бұлтсың,

            Жерде болсаң – жойқын су,

            Отанның асыл сұңқары –

            Қызыл әскер ерлерім,

            Желкеле жауды, желкеле!

            …Орманда қабылан, арыстан,

            Шыңда бүркіт, мұзбалақ,

            Халықтың алмас ерлері,

Желкеле жауды, желкеле!

Әлімбай Әлиасқаров өзін Арыстанбай батыр бабасына теңей отырып,  ұрпаққа атадан қалған мекенді қасық қаны қалғанша қорғауға, патриоттық сезімін оятуға, туған жерін ардақтауға баулып жатқанын аңғарамыз. Ел басына күн туғанда жауын тарыдай шашып, ірімшіктей іріткен батырларымыздың болғанын, олардың ерлігін айтқысы келген іспетті.

Кешегі алапат соғысты көзімен көрген, оқ пен оттың астында Отан үшін арпалысқан Әлімбай Әлиасқаров – дана болмысымен, қайнаған қан майданда жазған алмастай өткір де қайсар жырларымен сөз қадірін өз қадірі, өз қадірін ел қадірі деп бағалаған тау тұлғалы азамат. 39-гвардиялық атқыштар полкі взводының командирі ретінде жүздеген сарбаздарды ұрысқа жұмылдыру, зұлым жаудың басқыншылығына қарсы маңызды тактикалық шешімдер қабылдау сияқты аса күрделі сынақтардан сүрінбей өтіп, қол астындағы жауынгерлердің намысын жанитын отты жырлар оқитын, даналық нақылдар айтатын данышпан ұстазға айналған.

…Алаңдама, бауырлар!

Ертең жеңіп фашисті

Аламын жаудан кегіңді, – деген өлең жолдарының өзі де жоғарыда айтылған сөздердің куәсіндей.

ТУҒАН ЖЕРДІ ТУ ЕТКЕН АСҚАР АҚЫН

Туған жер – әр адамның шыр етіп, кіндік қаны тамған киелі мекені. Туған жерге деген сағынышымыз зор ұлтпыз ғой. Сыр өңірінің табиғи байлықтарын, өзен-көлдерінің ғажайыптылығын айтқанда, бойымыздағы қазақы рухты лаулата түсетіндейміз. Туған жер – тұғырың. Әрине, Отанды жырламаған ақын, шешіле сөз етпеген шешен жоқ. Туған ел – асыл қазына. Ал, осы қазынаны біз көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Әр адамға кіндігінің жас қаны тамған жер қайда болса да ыстық, қасиетті де қастерлі, оған деген махаббат көкейде сағыныштың сары алтын жапырақтарымен құндақталып мәңгі сақталатыны даусыз. Ол сағындырады, ол аңсаттырады. Көксейсің, көруге құстай ұшып асығасың. Өйткені сенің тұңғыш рет жарық дүние есігін ашып, өмірге енген мекенің. Ол – туған жер!

Сайын дала — ата-жұрт бабаларымыздың көздің қарашығындай сақтап, найзаның ұшы, білектің күшімен қорғағанының арқасында бізге жетіп отыр. Ендеше осындай алып туған жерді сүйіп өту – кімге де болсын парыз әрі қасиетті міндет. Туған жерді сүю оның әрбір тасын сүюден басталады. Яғни, туған анаңа, туған жұртыңа деген махаббат туған жерге деген махаббатқа ұласпақ. Отан … Атамекен… Атажұрт… Тарих… Бұл қай құлаққа да асқақ естілер асыл ұғымдар. Ендеше, туған жерін ту еткен Әлімбай ақынның да бұл тақырыптан алыс кетпегенін туған өлкесіне деген махаббаттан туған өлеңдерінен байқауға болады.

«Жерім үшін, елім үшін жырлаймын» атты жырында:

            О, Туған жер, қадіріңді білемін,

            Сенде өмір, сенде сая тірегім.

            Туған жерім, топырағыңнан жаралып.

            Мен дауылға қарсы тұрған түлегің.

            Туан жерім, сенде ажар-реңім,

            Сен дегенде алып ұшар жүрегім.

            Көз алдымда мен шырылдап түскен жер,

            Өсіп қазір елмен бірдей жүремін…

            …Маған ерлік, жалын берген елім ғой,

Маған өшпес дарын берген елім ғой.

Менің өзім жалғыз тамшы болсам да,

Туған елім айдын шалқар көлім ғой…

…Елім барда – тасқа тимес маңдайым,

Елім барда – шөлдемейді таңдайым,

Жүрегіме қызу берген, қан берген

Жерім үшін, елім үшін жырлаймын, – дейді қарт ақын. «Отаның – алтын бесігің», «Отаны жоқтық – нағыз жоқтық»,– деп дана халқымыз бекер айтпаған. Өз Отанын сүю, өз ана тілін ардақтау – әрбір азаматтың бірінші міндеті. Ал, біздің халқымызда атамекенді ардақтау сезімі өте терең. Халқымыздың басынан қандай қиын кезеңдер өткенде де ата-бабаларымыз елімізді сыртқы жаудан қорғай білген. Халқымыздың осы бір қасиеті жанымызға ана сүтімен тарап, ана тілімен дарып, ақ нанымен бекуі тиіс. Өйткені Отан біз үшін оттан да ыстық. Өз елі үшін жанын да, барын да аямаған Әлімбай ақын да жырына осы ойды арқау еткен секілді. Туған жерін шалқар көлге теңеп, өзін соның бір тамшысындай сезінген ақынның ішкі жан сезімінде туған өлкесіне деген терең махаббат жатыр. Туған жерін сая тірегіне балап, өзін небір дауылдарға қарсы тұрар кішкентай балапан-түлегі екенін айтқанда, Әлімбай ақынның елі барда күш-қайратының таусылмайтынын және елі үшін жанын аямай, қиындықтарға қарсы тұратынын байқауға болады.

Ертелі-кеш Сырға келіп қараймын,

Құлағыма келіп, түрлі тарайды үн.

Тамашасы таңырқатып талайды,

Сары сазанды ойнатады арай күн.

…Ағып жатыр Сырдария ырыспен,

Атақты ол ат тісіндей күрішпен.

Өзгермейді қарсы алады ұрпақты,

Айнымайды әрқашан да ұлы істен, – деген «Сырдария» атты жырында Әлімбай ақын өз елінің жерін де, суын да, тасын да, тіпті қыбырлаған жанды тіршіліктің барлығын сүйетіндігін, солармен мақтан ететіндігін айтады. Сырдарияның ырзық-несібеге толы екенін айтып, өңіріміздің бүкіл елге атағы шыққан ат тісіндей ақмаржан күріштерін де жырға қосқан. Күннің сәулесімен ойнақшып жүрген сазанға дейін аңғарып, кішкентай көріністен үлкен ләззат алған ақынның терең зердесін, биік өресін байқауға болады. Су басына жиі келіп, табиғатпен тілдесетін ақынның дарияға көңілі толып, әр тамашасына таңырқай қарайтыны жыр жолдарында айтылған.

Сырдың суына шомылып, топырағына аунап өскен әрбір Сыр қазағына Сырдариядан мөлдір өзен, Сыр елінен сұлу табиғат жоқ шығар.

ҒИБРАТЫ МОЛ ӨНЕГЕЛІ ТҰЛҒА

Әлімбай Әлиасқаров дүниетанымында адамгершiлiк мәселесi негiзгi орын алады. Оның өмiрге деген парасатты көзқарасы, елiне деген бекем сүйiспеншiлiгi, адамдықты құрметтей бiлген қабiлетi өнегеге толы терме-жырларынан аңғарылып тұр. 90 жасқа келіп, дүниеден озған ақынның бар ғұмыры халықпен бiте қайнасып өткен. Ауызбiрлiгi жетiспеген ортаны көріп, елiнiң ертеңiн ойлап, мұңға батқан кездері аз болмаған секілді. Оның жыр-толғауларында адамға деген мейiрiмдiлiк, қайырымдылық, сүйiспеншiлiк қай жағынан болса да, бiрiн-бiрi толықтырып жатыр, туған-туыстармен тiл тигiзiп қырқыспайтын, бет жыртысып көңiл қалдырмайтын татулық сезiмi айқын бiлiнедi.

Құрметтеймін, халқым-ау!

Тіршілікте бәріңді.

Кек тұтар деп ойлама,

Жайсаң да қанша зәріңді.

Қызығы сол ғой өмірдің –

Сыйлаймын жас пен кәріңді,

Бірлікте барлық береке,

Көрмейін әрі-сәріңді.

Ұрлық, өтірік, өсексіз,

Еңбекпен ізде нәріңді.

Болмашыға ренжіп,

Кетірмеңдер әріңді…

…Қызық өмір сол болар,

Отырсаң үйде аман-сау.

Базар етіп барыңды,

Ескерер деп, есі бар

Термені жаздым – Әлімбай

Талдырып саусақтарымды, – деген Әлімбай ақынның өсиетке толы термесінде өмір туралы замандастарына өзінше терең ой айтуды көздейді. Өмірден тіршіліктің тоқтаусыз бір орнында тұрмайтынын арқалы ақындарша есімізге сала келіп, елдікке, бірлікке, еңбекқорлыққа, қанағатшылдыққа шақырады.

            Ал, «Не жаман?» термесінде Әлімбай Әлиасқаров:

            Татымсыз болса, сөз жаман,

            Көңілсіз назар, көз жаман,

Қайырымсыз болса, ұл жаман,

Мезгілсіз солған гүл жаман,

Қатыгез болса, шал жаман,

Қашаған болса, мал жаман,

Қанағатсыз ер жаман,

Еленбеген тер жаман,

Берекесіз ас жаман,

Өсек айтқыш бас жаман,

Алыстан болса, арман не?

Туыстан болған қас жаман…., – деп, өмірден көріп-білгендерін санада таразылай, көкіректе зерделей келе, терең философиялық ой қозғаған. Жақсы мен жаманның мына өмірде қатар жүрері сөзсіз. Жақсы мен жаманды қос күндеске теңей отырып, «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген қағиданы бетке ұстаған секілді. Жыр жолдары ақынның өз елi мен жерiңдегі адамдардың жақсылығы мен жамандығын, көңiлi мен пейiлiн, қанағаты мен жiгерiн, ар-намысын саралауға, қадірлеуге, сомдауға бағытталғандығын көрсетеді.

Сүмірейіп келген сұмдардан,

Сөйлеп келген жау артық.

Күңкілдеп келген өсектен,

Беттесіп келген дау артық.

Өсек айтқан адамнан,

Тыныш жатқан өлі артық.

Ұғымы жоқ наданнан,

Төте жүрген жол артық….,– деп жырлаған «Не артық?» жырынан адамның өзiн-өзi танып бiлуiн, жақсы мен жаманды айырып, бұл өмірде ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін саралай білуге үндеп жатқанын байқаймыз. Өмiрдегi орны мен деңгейiн дұрыс бағалайтын, ортаның әрекет-қимылдарын сын тұрғысынан зерделей алатын ақынның жыр-термелері қазақ халқының сана-сезiмiн жаңа сатыға көтеруге зор ықпал еттi. Әрбір терең философияға толы жыр жолдары ақынның ой дәлдiгi мен дәйектiлiгін, халықтың сыры мен мұңын ашық жеткізе білуін білдіреді. Ол – даналықтың белгісі. Олай болса, даналық дегенiмiз – өмiр сүрудiң жетiлген түсiнiгi, өмiрдi жетiлдiрудi мақсат тұтқан асқақ ой. Өмірге сыни көзқараспен қараған ақынның термелері – адамды, оның тұрмысын, қоғамдық өмiрдi түзетудiң, жөнге салудың пәрмендi құралы десек, артық айтпасымыз анық.

Келер ұрпақ ақынның қазақ халқының психологиялық ой толғанысы ізімен жазылған терең ойлы  жыр-толғауларынан үлгі-өнеге, тәрбие алары сөзсіз.

ҚОРЫТЫНДЫ

Кеңестік кезеңде қазақ әдебиетіне қосқан зор үлестері тиісті бағаланбай, әділетсіздікке ұшыраған Сыр сүлейлері аз болған жоқ. Тек еліміздің егемендігі тұсында ғана Елбасымыздың тікелей араласуы арқасында халықтың көкейінде жүрген мәселе – Сыр сүлейлерінің ізін жалғастырып келген, ұмыт болып бара жатқан ақын-шайырларымызды насихаттау, еңбектерін жарыққа шығару өз шешімін тапқан секілді. Әлімбай ақынның ұлтымыздың кейінгі әдеби, мәдени дамуы үшін, сөз өнерінің жетілуі үшін, ақындық дәстүріміздің гүлденуі үшін тигізген ықпалы ауыз толтырып айтарлықтай. Ақынның патриоттық сипаттағы елді ерлікке, бірлікке шақырған жалынды жырлары, отты терме-толғаулары бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі зор. Әлімбай Әлиасқаров шығармаларының ең өзекті тақырыптары – Отан, туған жер, адами қасиеттер болса, идеясы – ұлттық рухты, патриоттық сезімдерді ұялату, Отанды сүюге, байлығын қорғауға, елжандылыққа, жауапкершілікке тәрбиелеу. Жоғарыда келтірілген өлең жолдары соны айғақтайды. Адам баласының жанына жылылық дарытып, қанына парасаттылық ұйытатын құдірет сөз өнерінде. «Қазақ» деп аталатын сөз өнерінің ортасынан ойып тұрып орын алуға тиісті Әлімбай ақынның әлі де зерттеуді қажет ететін туындылары жетерлік. Ол алдағы күндердің еншісінде. Әлімбай Әлиасқаровтың өз әлемі, сол әлемде өзіне ғана лайық тұғыр-тағы болатынына сенемін. Лайым, сол сенімге сілтеу түспесін!

 

немересі

Сәруар Әлімбайұлы Әлиасқаров

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<