Парасатты болмыс

726

0

Мен Нәлқожа Ақбалаұлы Ергешбаевпен Қызылорда политехникалық техникумында оқытушы болып жүргенде 1975 жылдың қыркүйек айында кездестім. Ол жылдары жоғары және орта оқу орындарының студенттері Сырдың басты байлығы – күріш жинауға ауыл адамдарына көмекке келетіні үйреншікті нәрсе еді.

Бұл кездесу Ақынбай Тоқберішов басқаратын «Тереңөзек» совхозы 9-бригадасының күріш атызында болды. Ол көгілдір кепка қоңыр күдері етік, кенен ашық түсті жазғы шалбар және қысқа жең көйлек киіпті. (кейіннен бұл сол кездің басшыларының астық жинау науқанына киетін бірыңғай формасы екенін білдім). Бригададағы жұмыстың қарқынына көңілі толмай, звено бастығы мен бригадирге кемшіліктерін айтты. Сырт көзге денелі әрі ірі адамның бір шылымнан соң екіншісін тартып екі үлкен кісіге ұрысып тұрғаны оғаштау көрінді.


Бірақ менің алғашқы әсерімнің ал­дам­шы болғанын өмір көрсетті. Бір­неше күннен кейін студенттермен осы сов­хоздың 1-бригадасында жұмыс іс­­теп жүргенде түскі ас кезінде ке­ліп, бізбен ашық-жарқын әңгіме құ­рып, бірге тамақ ішіп, шүйіркелесіп отыр­ды. Шаруашылық директоры Әділ Атақаевтан, қатардағы күріш шаруа­шы­лығымен айналысушы Күләш Әсі­мо­вадан (кейіннен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты), Абылай Сей­те­новтен (ВЛКСМ сыйлығының лауреаты) науқан кезіндегі қызу жұмыстар мен астық жинау мерзімін аяқтау барысын сұрастырып, арасында қалжыңдап та қояды. Барынша қысқа қайырды, ол аудандағы жағдайды жақсы білетін және оның даму қарқынын жоғарылатуға мүмкіндігі барын байқадым.


Кейіннен облыстық партия ко­мите­тінде жұмыс істеп жүргенімде Нәлқожа Ақбалаұлымен бірнеше рет кез­десуге тура келді және әр кездесуде ол тұл­ғалық жаңа қырынан көрінетін. Ол са­налы өмір жолын Отан мен халық мүд­­десіне арнады. Ағамыз Қызыл­ор­да облысы Жаңақорған ауданының «Бір­­лік» елді мекенінде 1931 жылы 1 нау­рызда өмірге келген. Еңбек жо­лын Арал қаласында машина-трак­тор бақылаушы-инженер, механик болып бастап, содан кейін Тереңөзек ауда­нындағы «Аламесек» машина-трактор стансында бас инженер, директор бо­лып қызмет атқарды. 13 жылдан астам уақыт облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігінің төрағасы, 1974 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға де­йін (1992 жыл) Сырдария аудандық ат­қару комитетінің төрағасы, Терең­өзек пен Сырдария аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Сыр­дария аудандық атқару кенесінің төр­ағасы болып еңбек етті. Нәкең барлық жауапкершілігі мен қиындығы мол қызметтерді абыроймен атқара білді.

Маңдай терінің және адалдығының арқасында асуларды абы­­­роймен алып, халықтың ықылас-пе­йіліне бөленді.
Ағамыз мәрт мінезді, адал және өз ісіне берілген азамат еді. Көп сөй­ле­мейтін, бірақ қарамағындағы­лар­дан бір нәрсені – өз міндеттерін адал ат­­­қаруды талап ететін. Ауыл ша­руа­­­шы­лығы мә­селелерін егжей-тег­жейлі білетін, еңбексүйгіш, ешқа­шан уақыт­пен санаспайтын жан еді. Қан­дай да бір ерекше тәрбиелік құпия­лары, әдістемесі болған жоқ. Өзінің жеке үлгісімен, күш-жігерімен және өмір­сүйгіштігімен тәрбиелей білді. Олардың ішінде Жаңабай Азаматов, Алдаберген Бисенов, Ша­ма­хан Құндызбаев, Әділ Атақаев, Нүрділдә Нақыпов, Ыбырай Сейпулов және өзге де азаматтар бар. Бұлардың әрқайсысы аудандық партия комитеті бірінші хатшысының қандай да бір тапсырмасын орындамас бұрын оған жан-жақты талдау жасайды. Содан кейін барып нақты шешім қабылдайды. Қажет болған жағдайда қарсы да келетін. Бірге жұмыс істей отырып, Нә­кең олардан көп нәрсені үйренді, өмірлік тәжірибесінен үлгі алды.


Нәлқожа Ақбалаұлы кісілігі мен кішілігі қатар жүретін қарапайым жан еді. Ол ешқашан достық сезіммен ай­тылған қағытпа қалжыңдарға ренжі­мей­тін, түсіне білетін. Тіпті одан едәуір жас біздің өзіміз мейі­рім­ділігі мен ақжарқын, аңқылдақ міне­зін пай­да­ланып кей кездері өткір қал­жың­дап алатынбыз. Маған әрдайым құр­дас­­тарының достық әзілдері ұнайтын. Елеу Кө­шербайұлы Көшербаев, Бодаш Уәли­ұлы Уәлиев, Нұрділдә Уәлиұлы Уәлиев, Абдолла Дәулетұлы Дәулетов, Ернияз Омарұлы Омаров, Нұрмақ Тоқ­мырзаұлы Тоқмырзаев сынды аза­мат­­тардың Нәл­­қожа Ақбалаұлымен әзілдері, жа­расты қағытпа қал­жыңдары бізді қы­зық­­ты­ратын. Құр­дастарының әзіліне ағамыз еш­қашан ренжімейтін, оларға көңілжықпас пе­йілмен қарайтын. Әйт­се де, құрдас­тар­дың шағып алар қал­жыңдары өткір еді.


Ол кісі әрқашан бірінші орынға жұ­­мысты қоятын. Білімі мен күш-жі­герін уақытпен санаспай жұмысқа жі­бе­ретін, кей кезде денсаулығы мен бос уақытын да жұмысқа сарп ететін. Өзі ерекше жалындап тұратын жә­не өзге серіктестерімен, әріптес аза­маттардың да жалындап-жарқырап тұ­руын талап ететін. Ағаларға қарап жол іздеу – өмір мұраты. Сейілбек Шау­хаманов, Дина Есжанқызы Айсина, Алмагүл Божанқызы Божанова, Сейіл­бек Асқаров, Кеңес Бошайбеков, Бақыт Мықанов, Апбас Камалладин, Сәр­сен­күл Сәрсенова, Алдаберген Көл­баев, Қожабек Дәдікбаев және тағы басқа көптеген азаматтар Нәкеңнің жеке қам­қорлығы мен қолдауының арқа­сында өз ісінің майталмандары болып өсті.


Қатардағы еңбекшілерді моральді түрде көтермелеп, оларға да қамқор бола білді. «Шіркейлі» совхозынан кү­ріш шаруашылығымен айналысушы Бал­дырған Мұстапаева мен «Қараөзек» сов­хозының қойшысы Ахмет Халықов «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды, күрішшілер, механизаторлар Зина­дин Лекеров, Абат Сүлейменов, Тұр­сын Бала­панов, Болат Нұрсейітов, Қы­дыр­қожа Майлы­қожаев, Бексұлу Си­наева және басқалар жоғары дәре­желі ор­дендердің иегері болды. Еңбек адамдары өз ке­зегінде Нәлқожа Ақба­лаұлын құрмет тұтып, үлкен сенім артты. Ол КПСС-тың XXVI съезінің, Қа­зақстан Ком­­партиясының бірқатар съез­дерінің делегаты болып сайланды.


Соншама мемлекеттік жоғары ма­ра­­паттаулардың иесі бола тұрып («Ле­нин», «Октябрь революциясы», «Ең­бек Қызыл Ту» (екі мәрте), «Құрмет бел­гісі», бірқатар медальдар), ол еш­қашан дандай­сы­майтын. Сыр елінің әлеуметтік-эко­номикалық да­муы­на ед­әуір үлес қос­қан қарапайым, қа­тардағы еңбекші­лер деп үнемі айтып оты­ратын.


Басқарушысы Нәлқожа Ақбалаұлы болған он жылдың ішінде Тереңөзек ауданы облыстағы сапалы күріш да­қылының үштен бір бөлігінен астамын беретін мықты индустриалдық-аг­рар­­­­лық аймаққа айналды. Мұнда сол жа­ғалау магистральдық сулан­дыра­тын ка­нал бойында жай­лылығы мен сәулеті қала­лық мекемелерден кем түспейтін, қазіргі заман талабына сай тұрғын үй­лер, мектептер, емдеу мекемелері, мәде­ниет сарайлары тұрғызылды.


Ол кісі Сырдария ауданын басқарған кезінде өте тығыз қарым-қатынаста бол­дық. Жұмыс бабына байланысты об­­­­лыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Әуелбековтің тапсырмала­рының орындалуын тексеру үшін кемінде айына екі рет осы ау­данға (ол облыс орталығына жақын бола­тын) баратынмын. Мүмкін құрдас болған­дықтан шығар, Еркін Нұржанұлы мен Нәлқожа Ақбалаұлының өзара қа­рым-қатынасы басқа басшыларға қа­рағанда жылы, сенімге құрылған болатын. Оның үстіне E.Әуелбеков осы ауданнан екі мәрте Халық депутаттары облыстық Кеңесінің депутаты болды. Осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, Тас­бөгет ауылында жаңа әлеуметтік мәде­ни объектілер (Мәдениет сарайы, Тұр­­­мыс үйі, СПТУ, стадион, дәмхана) са­лынды. Киров атындағы (қазір Ж.Ма­хам­бетов атында), Абай атындағы сов­оздарда сүт кешендерін, ҚазҒЗИ-дың күріш-тәжірибелік шаруашылығын, қа­­ракөл шаруашылықтарының борда­қы­­лау аландарын қайта жөндеу жұ­мыс­тары жүргізілді. Абай, Жамбыл атын­дағы сов­хоздарда мектептер, СССР-дың 50 жылдығы совхозында (Бесарық) Мә­дениет сарайы, аймақтық машина сы­нау станциясының зертхана­лық кор­пусы салынды. Тоған шаруашылы­ғының екінші кезегі салынды және оның қуат­тылығы жылына 600 тонна тауарлы балыққа дейін жеткізілді.
Аманкелді атындағы совхоздың әлеу­меттік-экономикалық дамуына көп көңіл бөлінді. 100 бас ірі қара малға арналған сиыр базасы, витаминдік-шөптік ұнтақтың брикеттері мен түйір­шіктерін өндіру үшін жем-шөп цехы, 5 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы, былғары, қаракөл өндеуге, қа­ра­көлден және қаракөлшеден бұйым­дар тігуге арналған кіші цехтар, 400 орындық Мәдениет сарайы, 640 оқу­шыға арналған орта мектеп, Қара­көл шаруашылығы институтының 30 орын­дық мейманханасы бар оқу-зерт­ханалық корпусы, 20 орындық сауық­тыру профилакторийі салынды.


Нәлқожа Ақбалаұлы ағаны ағадай, ініні інідей сыйлай білетін, жақсының қадірін арттыратын, қашанда кеңпейіл, жомарт азамат еді. Оған дәлел – қа­рапайым, қатардағы еңбекшілер тура­лы да ұмытпағандығы. Ол кісінің бас­тамасы бойынша СССР-дың 50 жыл­­дығы сов­хозының (Бесарық) Қалы­баевтар әу­летінен шыққан өндіріс озаты – шо­панына жаңа жеңіл көлік берілді. Қалыбаевтар «Арысқұм» отарлық жа­йылымында «Қалыбай бауы» атты бақ отырғызған. Кейіннен бұл жер көп­теген адамдар мен малшылар, Жезқазған жағына бара жат­қан адамдарға демалыс орны бол­ған. Ағамыздың жоғарғы органдар­дың ал­дында зейнеткер, соғыс ардагері Құлахмет Әубәкіров, шопан, «Ленин» ор­денінің иегері Сейтнәби Мінай­да­ровқа көмек көрсету, олардың тұр­мыстық мәселелерін шешу жөнінде сұ­ран­ға­ны әлі есімде. Ол кісінің осындай қара­пайым азаматтардың өзекті мәсе­лелерін бірінші орынға қойғанының куәгері болып едім.


Нәлқожа Ақбалаұлы салмақты, ба­йыпты кісі болатын. Қанша мазасын алып, берекесін қашырып жатса да, ал­ды­на келген адамды меселін қайтар­май, қабылдауға дайын еді. Әрқашан ұстамды, ақжарқын, ілтипатты мінезінен таймайтын. Кабинетінің есігі қандай адамға болса да ашық еді. Нәкең – аду­ынды ашумен келген адамды ақырын сөйлесіп, байыпты әңгімеге көшіре бі­летін, ашуды ақылға жеңдіре алатын адам. Ол кісінің мейірімділігі мен мәрт мінезі қарсыластары мен ашулы адамның мысын басатын. Мұндай адам­дарды уақытын да, күш-жігерін де аямастан шыдамдылықпен тыңдай білетін.

Басқалардың жоғын жоқтап, барына қуанып, көңіліне ор­тақ­таса бі­летін мінезімен Нәлқожа Ақ­балаұлы Алаштың айтулы азаматта­рының қата­рынан табылды. Отыз жылдан астам уақыт облыстық дең­гей­дегі басшы бо­лып істесе де билікқұмар, мансапшыл шенеунік болған жоқ. Қолы ашық, жайсаң жан қалпын жоғалтпады. Өтірік айтқанды ұнатпайтын. Қандай да болса ащы шындықты талап ететін. Жолдастарын ешқашан жерге қаратып көрмеген адам.
Сырдария ауданының құрметті аза­маты, облыстың құрметті ардагері, Ембергенов Хамит қажы өз замандасы әрі әріптесін былай деп еске алады.


«Нәкең өте қарапайым, мінезге бай, мәдениетті, парасатты азамат еді ғой. Кадрларға бірдей көзқараспен қа­райтын, талғамайтын, біреуге қиянат жасап, дауыс көтеріп, дөрекі мінез көрсеткен емес. Нағыз марқасқа, бек­зат, зиялы, жаны жайсаң, жомарт, жү­регі кең, дархан, яғни барлық теңеуге лайық еді. Мұндай қасиет екінің бірін де болмайтыны анық.
Оның көп жыл хатшылық қызметте жү­ріп, мол тәжірибе жинағаны, басқару стилі мен әдісін жақсы меңгергені, ха­лық­пен, кадрлармен тіл табысып, жақ­­сы қарым-қатынаста болғаны анық байқалып, сезіліп тұратын. Сол ауыр жылдары шаруашылық жұ­мыс­тарын саяси-көпшілік жұмыстар­мен ұш­тастыра жүргізіп, қиыншылықтан шығудың жолын тауып, ауданның өр­кендеуіне аянбай тер төгіп, қажымас қайраттың үлгісін көрсетті. Өзінің іс­керлігімен, талапшылдығымен, ұйым­дас­тырушылық қабілетімен танылды. Н.Ергешбаевтың елге істеген табанды да жемісті еңбегі ел есінде».
Осындай жомарт ағамыздың атында Қызылордада көше бар. Былтыр жыл соңында 90 жылдық мерейтойы қарса­ңында қаладағы орта мектептің біріне ағамыздың есімі беріліп, ауласына бюст орнатылды.


Нәкең тек білікті басшы, ұйымдас­тырушы әрі қамқор тәрбиеші ғана емес, сонымен бірге сүттей ұйыған отба­сының отағасы, тірегі де бола білді. Асыл жары Шыныгүл жеңгемізбен бірге ақылды да парасатты ұл-қыздарын ер жеткізді. Барлығына да жоғары бі­лім берді. Қызы Шынар – педагогика ғы­лым­дарының кандидаты, жоғары дә­режелі әдіскер. Ұлдары Мұрат, Жо­мартпен Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдіктерінде бірге қызметтес болдық. Қызмет бабы бойынша Әбдіқадырмен де кездестік. Ол аймақтың дамуына көп үлес қосуда.


Мен ағамызбен ресми, хаттамалық шараларда, шақырылған жерлерде, дас­тарқан басында да, Кавказда дема­лыста да, тұрмыста да, басқа да жағдайларда бірге болдым. Есімде адал, жүзі жарқын, тілегі түзу, көңілінің шуағы бәріне же­тетін жаймашуақ мінезді аға ретінде қалды.
Осындай халқына қалтқысыз қыз­­метімен, адамдармен қарым-қаты­нас­та адал, адамгершілігі мол, өз биі­гіне шынайы көтерілген қазақтың айтулы азаматтарының бірі – Нәлқожа аға­мыздың өнегесі ұмытылмайды. Мұндай адамдарға халық «аузын ашса, жүрегі көрінетін еді» деп баға береді.

Кеңес МАХАМБЕТОВ.
Нұр-Сұлтан қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<