Пейіліміз тарылмасын

9213

0

Фото: ашық дереккөз

Өткенде әлеуметтік желідегі айдай әлемге тарап кеткен, Тәжікстаннан әкелінген бау-бақша, жеміс-жидек көрмесін талан-таражға салған видео көп адамға ой салғаны анық. Ол жөнінде жаңалықтардан да көрсетілді, баспасөз беттеріне де шықты, біреулер айыптап, біреулер жақтап жатты. Алайда өзге ұлт емес, өз қандастарымыздың өрескел қылықтарына басым көпшіліктің көңілі қалғаны жасырын емес.

Хан Қожанасырдан сұрапты дейді: «Осы екеуміздің қайсымыз жақсымыз?» деп. «Әрине, сіз жақсысыз» депті Қожекең ойланбастан. Хан: «Ау, Қожа, ойланбай тез жауап қайтардың ғой» десе, Қожекең: «Хан ием, ойланып сөйлесем басымнан айырылып қалуым мүмкін ғой» деген екен.

Қазіргі заманды енді бұрынғымен мүлде салыстыруға келмейді. Жариялылықтың бір жақсы жағы, қандай жағдай болса да халық пікірін ашық айтуға жасқанбайтын күйге жетті. Жоғарыдағы жайтқа байланысты да жұртшылық жанайқайларын жайып салды. Әрине, қымбатшылық бар, ол рас, әлеуметтік жағдай да сыртқы, ішкі алыс-беріс айналымына, шетел, ұлттық валюта, құнды қағаздарының ай сайын, апта сайын емес күн сайынғы құбылысына байланысты өзгеріп тұрады.

Бірақ ол көрмедегі жеміс-жидекті талан-таражға салуға, ауызашар дастарханын тонауға, Наурыздағы тегін палау үшін төбелес шығаруға, тегін донер үшін жаға жыртысуға себеп деп ойламаймын. Қымбатшылық та, әлеуметтік ахуалдың тұрақсыздығы да кез келген мемлекетте болып жатыр емес пе? Африка мемлекеттерінде сүйегі терісіне ілініп тұрған ересектер тұрмақ, балалардың өзі таратып жатқан тегін тамақтың кезегін сабырмен күтіп тұрғандары байқалады. Ал бізге не болған өзі, ата-тегімізді айтып мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз, қонақтардың қауын-қарбызын ту-талақай етіп тонап болып, ою-өрнек салынған тәрелкесіне дейін жұлып алып жатқанда сол тектілігіміз, сабыр, шыдамымыз қайда қалды? Біздің ата-бабаларымыз шынымен мұндай емес болатын әлде бұлар бір қарын майдың ішіндегі бір құмалақ па екен? Олай дейін десең, қымбатшылықты желеу қылып, беттің арын белбеуге түйгендердің қарасы көбірек бой көрсетіп қалып жүр.

Өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында мектепте ән сабағынан Қобылаш Жаймұратов ағайымыз ұстаздық етті. Кез келген музыкалық аспапта ойнай алатын нағыз өз ісінің маманы, мейірімді, соғыстың от-жалынын, ашаршылық нәубетін басынан өткерген жан еді. Сабақтың арасында қиын күндердің естеліктерін айтып отыратын. Ашаршылық жылдары комсомол қатарында болып, үкімет тапсырмасымен аштан өлгендерді жинап жерлеумен, аман қалғандарды әлдендіріп, оңалту орталықтарына әкеліп тапсырумен айналысқан. «Аштан өлген адамдар, бүгінгі күні сендер көшеде өліп жатқан ит пен мысыққа қалай таңғалмайтын болсаңдар, солай әр жерде жатушы еді, бала болсаңдар да қиын күндер туралы сендер ой түйсін деп айтып жатырмын, дейтін» ол кісі.

– Даланың кез келген жерінде, жұлма-жұлмасы шыққан киіз үйлердің ішінде отбасымен өліп жататын. Кеудесінде жаны барларын аш өзегіне түсіп бірден өліп кетпес үшін аздап ғана аузына қасықпен быламық тамызып отырамыз да, өлгендерді топтап жерлейміз, – дегені де есімде қалыпты. 

Құран Кәрімде иманды адамның иманы жоқ адамнан саналы болатыны, өз әрекеттеріне есеп беретіні туралы «Өлексені, қанды етті, доңыз етін жеуге Алла сендерге тыйым салды. 115 аят. Нахыл сүресі» деген аят бар. Аяттардың растығына көз жеткізу үшін шетел ғалымдары лабораториялық зерттеу жүргізеді. Он ақ тышқанды бес-бестен екіге бөліп екі аквариумға орналастырып, бір жағындағы тышқандарды піскен адал етпен, екінші жағындағыларын қанымен тұрған шикі етпен қоректендіреді. Бір аптадан соң ет беруді кілт тоқтатады. Сонда не болды дейсіз ғой ? Қанды ет жеген тышқандар аштық қысқанда төрт мықтысы бесінші әлсізін жеп қояды. Тағы бір ашыққанда үшеуі жабылып төртінші әлсізін азық қылады. Келесі ашығудың азабына шыдамай, екеуі үшіншісін қорек етеді. Соңында қалған екі тышқан бірін-бірі жұлмалап, күштісі әлсізін біраз уақыт тамақ қылады. Жалғыз қалған соңғы тышқан уақыт өте келе аштық қысқанда өзін-өзі жұлып жеп, қансырап өледі. Ал піскен етпен тамақтандырған тышқандар біріне бірі тиіспей, әрқайсысы өз орындарында жатып өледі. Бұдан шығатын қорытынды, адал асты қорек ететін, саналы, иманы бекем, пейілі дұрыс адам өзгелерге зиянын тигізбейді, «арым жанымның садақасы» деп, ел-халықты ұятқа қалдыратын әрекеттерге бармайды.

Бір қарт кісіге жеті атасынан бері бақ қонып, байлық үзілмей келе жатыр екен дейді. Күндердің күнінде қарияның мазасы кете бастапты. Атасының жағдайын байқап жүрген келіні: «Ата-ау, мазаңыз кетіп жүрген сияқты ғой, не себеп болды?» дейді. Сонда атасы: «Келінжан, сен де бір баламсың ғой, айтайын. Жеті күннен бері бір періште келіп, «Сенің әулетіңе жеті атаңнан бері үзілмей беріліп келе жатқан байлықты басқа бір әулетке берем» деп жүр. Мен күнде «Сәл мұрсат берші, ертеңге дейін, ертеңге дейін» деп жүрмін. Әулетіміздің бақ-берекесі кетсе, күніміз не болмақ?» депті. Сонда келіні. «О-ой ата, сол ғана ма, оған уайымдамаңыз, енді келсе, «Байлығыңды алсаң ала бер, бірақ пейілімді алма!» деңіз» дейді. Періште келесі жолы келгенде қария: «Мейлі, не істесең де қалауың білсін, бірақ пейілімді ала көрме» дегенде, періште қарттың жауабына разы болып: «Сенің әулетіңе пейіліңе орай тағы жеті атаға дейін бақ-береке ілесіп жүретін болады» депті.

Жаратушы Алла ел-халқымыздың, баршамыздың пейілімізді тарылтпасын!

Әлімжан ҚИЯС.

Әйтеке би кенті

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<