Қор болған талант

7726

0

Әлеуметтік желідегі желдей ескен жылдам жаңалықтардың арасынан кезінде тым тәуір әншілігімен таныла бастап, кейінірек көптің есінен шығып кеткен жерлес жігіттің арада он жылдай уақыт өткенде адасыңқырап жүрген бүгінгі бейнесін байқап қалдым. Байғұс бала әбіржіп кетіпті, әлі қырыққа келе қоймаса да, ішкіліктің ізіне түсіп, бұрынғы болмысын жоғалта бастағаны анық білінеді. Жанашыр жандар оның өткен дерегін анықтап, жуындырып, киіндіріп, біршама қалыпқа келтіріп, қолына домбырасын ұстатып ән айтуын өтінгенде, бет-бейнесін жоғалтқанымен, өнерінде өзгеріс жоқтығы көпшілікті таңғалдырды. Пенде Құдайдың берген талантын табанға салса да, таланты оны тастауға әлі де қимай жүрген сияқты. Бірақ әттеген-айы сол, соңғы дерекке сүйенсек, жанашырлардың жақсылығына бірер күн ғана мойынсұнып, жігітіміз ескі сүрлеуіне қайта түскенге ұқсайды.

Өмірден өз орнын таба алмағандар өте көп. Әбден тозығы жетіп, «ит байласа тұрғысыз» дейтін жағдайға жеткен осы үйдің тұсынан өткен сайын, тағы бір тағдырлы жанның өмірдерегі көз алдыма көлбеңдей береді. Бұл үйдің осындай күйде тұрғанына отыз жылдан асты. Елдің үйінен ерекшеленіп, күйі тайып тұрғасын назар аудармай өту де мүмкін емес екен. Сабырыңды тауысатын салқын желін өңмеңдеткен «қараша, желтоқсан мен сол бір-екі айдың» бастапқы кезі болса да, әйнектен жұрдай терезелерінен ішкі бөлмелерінің есіктері де, едені де жоқ екені анық көрініп тұр. Бүгінде үйдің бұрынғы кейпі қандай болғаны белгісіз. Жылдар бойы жөндеу көрмей, әрі жауған қар мен жаңбырдан сорғалаған лай батпақтан бұрынғы түсін байқау мүмкін емес. Ауланың ішкі жағындағы бір бөлмесі солайымен жоқ, егесі аяз қысып жаны қысылғанда отқа жаққан сыңайлы. Аула қоршаулары түгелге жуық жоқ, ағашын отқа жағып, қаңылтырын темір-терсекке өткізген. Айтпақшы, «үйдің егесі болған ба, бар ма, бар болса халі нешік?» деген сұрақтың туындауы да заңды. Бары бар-ау, бірақ… Әлгі репеті кеткен баспанадан әлі соншалық қартайып тұрмаса да, оны білмейтін адамдарға жас шамасы белгісіз, бет-аузын жүн басқан, үстіне ескі-құсқы шоқпыттарды іле салған бір тіршілік иесі анда-санда қу құлқынның қамымен өзіне ғана белгілі жақтарға барып-келіп тұрады.

Бізден екі-үш жас қана үлкендігі бар Ержан тым талантты жігіт еді. Мектепте жүргенімізде жоғары класта оқитын оның салған суреттері керемет тартымдылығымен талайларды таңғалдырып жүруші еді-ау. Пәлендей көпшіліктің көзіне түсіп, көрмелерге қатысып танылмаса да, оның шағын плакаттарға, сурет альбомдарының ішіне салған бейнелерге қарау үшін көз керек болатын. Оқулықтардағы әйгілі адамдардың, кеңестік кезеңдегі атақты тұлғалардың, тіпті өзіміз күнделікті көріп жүрген адамдардың бейнелерін, табиғат көрінісін айнытпай салғанда, кәнігі суретшілердің өздері осындай-ақ болатын шығар деген ойға қалатынбыз. Бейнелеу өнері жайлы соншалық талғам-түсінігіміз болмаса да, шығып келе жатқан, батып бара жатқан күннің, жыл мезгілдерінің көріністері, адам кескіндерінің ұқсастығына қоса оның бет терісінің айнымайтын түсін қалай дәл тауып салатыны бізді таңғалдыратын. Бұған қоса, оның ағаштан, саздан, өзге де өзі қалаған нәрсесінен мүсін жасайтын да өнері болды. Мектеп тақтасына сабақ жазуға пайдаланатын кәдімгі бордан санаулы минуттарда дәлме-дәл етіп жасаған Лениннің мүсінін бір топ баланың ортасына лақтыра салғаны есімде. Соны алған баланың ізінде біраз уақыт жүріп қызықтағанбыз. Өнеріне тәнті болғанымызбен, оны ешқайсымыз жақын біле алмадық және ол мүмкін де болмады. Оған себеп, Ержанның өте өркөкірек, ешкіммен жақын тіл табысқысы келмейтін өзімшілдігі болса керек. Бұған қоса, сол кездің өзінде оның төбелеске біртабан жақын, сәл нәрсе үшін көрінген адаммен ілінісе кететіні, ата-анасына да, бауырларына да тым дөрекілеу екені де байқалып қалған. Бір сөзбен айтқанда, қиын бала болатын. Мектеп бітірген соң арада он жылдай уақыт өткенде маған онымен бірге теміржол мекемесінде жұмыс істеудің реті келіп қалды. Орда бұзар жасқа келсе де, әлі отбасын құрмапты, бұрынғы жаман қылықтарынан әлі арылмапты. Амандасқанымыз болмаса, көзге көрініп тұрған тым дөрекілігінен тіл табысып әңгімелесу, жөн-жосық сұрасу, сөзге тарту мүмкін емес еді. Ақыры жұмыстан шығып тынды. Бұдан кейін оны тек араға жылдар салып, ішімдіктің ізіне түскенін байқап қалып жүрдім. Кейін ол есімнен де шығып кеткен, өткен жылдың қараша айының соңында үйінің тұсынан өтудің орайы келіп қалғанда, көршісі Қабылбек аға оның жалғыз тұратынын, қазіргі тұрмысы туралы аз-кем хабар берген.

– Ержанның өте талантты екені, бұған қоса ағаштан түйін түйген ұсталығының бар екені бізге де белгілі, – дейді Қабекең. – Жасым жетпіске жақындады, оны бала күнінен білемін, ата-анасы өте жақсы адамдар-тұғын. Бірге туған бауырларының ішінде дәл мұншалықты қиын бала болмап еді.

Сөзін әрі қарай жалғаған Қабылбек ағаның айтуынша, отбасындағы ұл-қыздары аралас сегіз ағайындының ішінде Ержан екіншісі, әкесі ертелеу қайтқан. Анасы науқастылау болса да, әупірімдеп балаларын өз қолдарын өз ауыздарына жеткізген. Ең үлкені Ердәулет отбасын құрып, келіншегі екеуі базар ішіндегі азық-түлік сататын кәсібін кеңейтіп, науқас анасының тұрмысын жеңілдету үшін шаңырақтың жауапкершілігін өз қолына алса да, араққа біртабан жақын Ержанмен тіл табысу мүмкін болмапты. Жай айтқанды да, қатты айтқанды да қаперіне алмағасын, отбасымен ақылдасып бір емес, екі рет мәжбүрлі емдеуге де жіберіп көріпті. Еш нәтиже шықпай, керісінше Ержан ішуін үдете түскен. Күн сайын үйдің берекесін алатын, оның үстіне аға сыйлау былай тұрсын, жағасынан алып, қол жұмсауға дейін баратын қарулы інісін жөнге салу мүмкін еместігін түсінген Ердәулет көп ұзамай бөлек шығып, жөнін тапқан. Араға біраз уақыт салып анасын да, іні-қарындастарын да өз қолына көшіріп алып, қарашаңырақты ымыраға келмеген інісіне қалдырған. Содан бастап Ержан әкесінің қарашаңырағында жалғыз қалып, тірі жанның сөзіне құлақ аспай ішімдіктің ізіне алаңсыз түскен.

– Осылай өмір кешіп жатқанына отыз жылдан асты, қанша дегенмен жылдар өзінің дегенін алады ғой, шатақ мінезі жайына қалды, бірақ сөзге құлақ аспайтын қыңырлығы сол күйінше, – дейді Қабекең. – Қазір зейнет жасына да келді. Бір жақсы қылығы, көрші-көлемге, өзгелерге қылдай қиянаты, артық сөзі жоқ. Бергеніңді алады, мазаңды кетіріп ештеңе сұрамайды, тек ашылып сөйлеспейді, өзіне ғана белгілі жаққа барып келіп тұрады. Бір жылдары көршілермен ойласып, бауырларына айтып, ішкі істер, әлеуметтік орган өкілдерін араластырып Ержанды қарастығы жоқ немесе қарттар үйіне орналастыруға әрекет жасап көргенбіз. Бірақ нәтиже шықпады, сосын еркіне жібердік.

Қабылбек аға осыны айтып бола бергенде, есігі шалқалай ашылып, босағадан ұстай тәлтіректей басып сыртқа шығып келе жатқан Ержанның өзі де көрінді. Адам сияқты еппен қозғалғаны болмаса, бейне бір аруақ дерсің. Үстіне жамылған шоқпытынан, бейберекет өсіп кеткен сақал-мұртынан, адам танымастай өзгеріп кеткен бет-әлпетінен оның кім екенін де ажырату мүмкін еместей. Бұрынғы бой-сойы келіскен, он саусағынан өнері тамған талантты Ержанның тамтығы да қалмапты. Өзін-өзі аямаған, өз басына мейірімі келмеген, не болмаса өзгенің айтқанына көнбеген мұндай жандарға атамыз қазақ «Құдай аясын» дейді екен.

Құран Кәрімде аттары аталатын жиырма бес пайғамбардың бірі Иса ғ.с. пайғамбарға Жаратушы Алла әлі күнге емі табылмаған алапес ауруын емдейтін, туа бітті зағиптың көз жанарын қалпына келтіретін, тіпті өлген адамды тірілтетін кереметтер сыйлаған. Сол Иса ғ.с. «Мен Алланың қалауымен алапесті қатарға қосамын, туа бітті жанарсызға жарық дүние сыйлаймын, өлген адамға жан енгіземін, бірақ наданды жөнге салу менің қолымнан келмейді» депті. Артық айтқым келмейді, әйтсе де он саусағынан өнері тамса да, атам қазақ айтпақшы, «өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын» жандарды қанша аяғаныңмен, көмек қолыңды созғың келгенімен, табыттан өзге түзей алмайтынын мойындауға мәжбүр болады екенсің.

 Әлімжан Қияс.

Қазалы ауданы,

 Әйтеке би кенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<