Сағындырған сегізінші күн жады

1024

0

Мен институтты 1993 жы­лы бітірдім. Сол кезде «Сыр бойының» редакторы Әскербек Рахымбекұлы еді. Студент кезімде газетке мақала жазып тұратынмын. Осы мақалаларымды ұнатқан редактор мені бірден редак­цияға шақыртты.

Біз институт бітірген жыл­­­дары баяғыдай жол­­­да­­мамен жұмысқа ор­на­ласу жо­­­йылып, жас ма­ман­­дар жұ­мыс іздеуге шық­қан. Қайда барам деп жат­қан ме­нің айым оңынан туды. Газет ре­­дакциясына келдім. Сонда ал­­дымнан Қазекең қарсы ал­­­ды. Туған ағамдай тілек­тес­тік танытып, редакторға өзі ере кірді. «Әзірге кор­рек­тор бола тұрсын», – деді редактор. «Жұмысты төмен­нен бастасаң, жоғарыға шы­ғуың оңай болады», – деді Қазекең. Содан 7-8 ай кор­ректор болып жүрдім де, бес жыл бірге оқыған досым Аманжолдың ақылымен об­лыстық тіл басқармасына жұ­­мысқа ауысып кеттім. Біз ол жерде марқұм Әділхан Бәй­менов ағамыздың басшы­лы­ғымен «Ақмешіт апта­лы­ғы» газетін шығардық.

Екі жылдан соң мен қай­тадан «Сыр бойына» кел­дім, бұл жолы газеттің жа­ңа редакторы Жақсылық Рах­матулла шақыртқан еді. «Ен­ді еш­қайда кетпе, – деді Қази ағам, – осы газетті үл­кен­дер бізге берді, біз сен­дерге қалдырамыз, еге бо­ла­сыңдар». Мен осы сөзді бү­гінге дейін көкірегіме түйіп келемін. Бір кездері жала­қысы жоғарырақ жұмыстарға да кетіп қалу мүмкіндіктері туған, бірақ газетті тастай алмадым.

Қази аға өте ізденгіш еді, тыным таппайтын. Оның сартылдатып басқан жазу ма­­шинкасының даусы редак­цияның сыртқы есігінен кір­геннен естіліп жататын. Бір жылдары Түркияға сапар­лап қайтты. Мария Шоқай ана­мыздың «Сен деп соққан жүректен» деген кітабы бар екен. Онда Алаш арысы, ұлт көсемі Мұстафа Шоқайдың қиын кезеңдердегі өмірна­масы әңгіме болады. Қазекең сол кітаптың бірнеше тарауын түрікшеден аударып, газетке жариялады. Бұл әңгімені жұрт іздеп жүріп оқыды, ре­дакцияға келіп жалғасын сұ­рағандар қаншама.

Мен жастау кезімде жұ­мысқа тиянақты емес едім, өлеңдетіп, серілік құрып ке­тетін кездерім көп болды. Сондай күндері бір апта жұ­мысқа келмей қалғанмын. Ол кезде ұялы телефон жоқ, ұяңда ұйықтап жатқанда тап баспаса, қайда жүргеніңді Құдай ғана біледі. Сонда Қа­зекең мені іздеп үйіме қайта-қайта келіпті. Редактор жұ­мыстан шығарып жіберер деп уайымдап жүріпті. Бастықтың аты бастық, жұмыстың аты жұмыс, «жазамды» алдым. Же­ті ай ақысыз демалысқа жіберді. Мен қарап жүрмедім. Асаба болып той басқардым, бір-екі ақылы кітап жазып тастадым. Редакцияға қайта келдім. Сонда Қазе­кең қуа­нып, балаша мәз бол­ды. «Сен егер саудамен ай­на­лыс­саң, талантты коммер­сант боласың», – деді күліп. Әзілі ғой, әрине. Екеуміз қат­ты әзілдесетінбіз. Ол маған жезде болып келеді. Ойынға келгенде көбіне мен алданып қаламын. Жұмыстан соң үйі­не машинаммен апарып тас­тайтынмын. Бір күні: «Тұра тұршы, саған беретін бір сый­лық затым бар», – деді. Содан көшенің бойында тұрайын. Жарты сағат өтті жоқ, ке­тейін десем, сыйлық деп қы­зықтырып қойды. Ақыры көшені кесіп өтіп бардым, сөйтсем, дарбазасын ішінен іліп алыпты…

Қази аға өн-бойынан жы­лылық шашып жүретін. Оны­мен сөйлескен адам үлкен болса аға болып, кіші болса іні болып кетеді. Әйтеуір, содан кейін Қазекеңнен алыс­тамайды.

Жазуды үйретпейді дей­міз кейде. Бірақ, Қазекеңнен үйренетін нәрсе көп еді. Жәй ғана өтті, кетті деген ала­қан­дай хабарды жазғанда жайнатып жібереді. Суретін қоса салып, суреттеп жазады. Осы әдісті үйренген Айнұр Тұңғышбаева екеуміз бір жылдары «Ақпарат» бөлі­мін кезек-кезек жүргіздік. Ақы­рында мен оны «Сырымды саған айтам, «Сыр бойы» деген бөлімге айналдырдым. Осы бөлім арқылы оқырман хатын қалдырмай түгел қам­­тудың тәсілін таптым. Шы­­нын айтсақ, сол кездегі жас журналистер – Гүл­жази­ра Жалғасова, Айнұр Бат­тал­ова, Әділжан Үмбет, Қуат Ша­ра­бидинов, Қаныбек Әбдуов, бә­ріміз де өзімізді Қази аға­ның шәкіртіміз деп са­найтынбыз. Өйткені, Қазекең білгенін кез келгенімізге ерінбей үйретіп, екінші рет сұрамайтындай санамызға құятын. Қатемізді баттитып бетімізге баспай жөндейтін. Бәрімізді жақсы көреді, әсіресе үш қызды – Гүлмира, Бақыт, Жаңыл үшеуін. «Балам, қызым» деп еркелететіні ше… 

Талай жазған мақаласы­ның артынан індетіп жүріп, айтылған сөзден нәтиже шы­ғаратын да Қазекең еді. Білім мәселесін көтерген ма­қа­ласына мәнді жауап бол­май, сөзін министрлікке дейін жеткізді. Қазекеңнің атына үл­кен құзырлы мекеме­лер­ден конвертке салынған жа­уап хаттар келіп жататын. Жал­пы, Қазекең журналист есе­бін­де газеттің беделіне, аза­мат есебінде халықтың мүд­десіне аянбай жұмыс жа­са­ған адам. Кез келген ма­мандық иесімен сөз алыс­қанда өзінің дәлелдерін өте са­уатты жеткізетін. Бір күні Қази аға мұнай инвес­тор­ларының жергілікті жұмыс­керлерге жасап отырған экономикалық жөнсіздіктері туралы мақала жазды. Соны жазарда бірнеше күн мұнай кенішінің басында жүрді. Ма­қала шыққан соң осы мәселе әкімдікте қаралды. Бір күні редакцияға сол компанияның өкілі келіп, Қазекеңмен әң­гі­мелесті. Сонда мақала ав­торына мұнай жөнінде тү­сін­діріп, жазудағы кейбір үс­тірт кеткен мәселелерді ай­тамын деген кеніш маманы орынды уәжге бас шұлғып, өзінің біраз нәрсені шала білетінін мойындап кетті. Осы әңгіменің куәсі болған біреу Қазекеңді қосымша мұ­най өндірісі мамандығын алған адам деп ойлап қа­луы кәдік еді. Мен сонда өзім­мен әзілдесіп жүрген адам­ның тым биік деңгейін көріп, төменшіктеп қалдым. Қазе­кеңнің бір қасиеті «ұлық болсаң, кішік болды» бойына тоқи білгендігі, қашан да қа­рапайым, тіпті үлкендік қал­пынан түсіп, баламен ба­ла бола салады. Кейде қа­тал­дығы да бар.

Бірде ауданнан келе жа­­тып мінген машинасы бұз­ы­лып, газеттің кезекті нө­мі­ріне іссапар жазбасын өт­кі­зуі тиіс Қазекең даңғыл жол бойынан өткінші көлікті тоқ­татып мініп кетеді. Әлгі бір машинаның шопыры ала­құйындатып ала жөнеледі ғой. Сөйтіп ке­ле жатып, бір ма­шинаға соға­ды. Абы­рой бол­ғанда аса бү­­лінген ештеңе жоқ, кінәлі бала «аға, аға» деп әйтеуір қалаға жеткізеді. Ертеңіне Қа­зекең аяғын сәл сыл­быр­лау басып келіп, бол­ған оқи­ғаны айтты. «Қазір ГАИ-ге барып, оның жүргізуші куә­лігін алдырамын», – деді ашу­ланып. «Қайтесіз, еш­те­ңе болмапты ғой», – дедім мен. «Маған болмаса, ертең бас­қа біреуге болады», – деп Қазекең басымнан ала­қандап бір ұрды. Ақыры сол шопырды шынымен көлік жүр­гізу құқынан айырды. Ке­йін ойлап отырсам, онысы дұ­рыс екен, осы күні екі күн­нің бірінде көлік апа­тының болып жатқанын көреміз. Со­лар қисық қада­мынан сабақ алмағандар.

Міне, менің Қази ағам осындай әділ, ақпейіл, адал жан еді. Ағамның туған күні – 8 наурыз. Мен оған «туған күніңмен» демей, «сегізінші мартыңмен» дейтінмін әзіл­деп. Енді… әр сегізінші нау­рыз келген сайын сол бір жай­дары жан есімізге түседі.

Осы облысқа белгілі аза­маттардың бәрі редакцияға Қазекеңді іздеп келетін. Жа­сыратын несі бар, Қазекең кеткен соң, ол кісілердің ке­луі де сиреді.

Қази Соңғыбайұлы Данабаев 1951 жы­лы 8 наурызда Арал ауданы Қарақұм ауыл­ында дүниеге келген.

Н.Гоголь атындағы Қызылорда педа­гогикалық институтын бітіргеннен кейін 1971 жылы еңбек жолын туған ауылында мектеп мұғалімі болудан бастаған. 1979 жылдан облыстық кәсіподақтары шы­ғармашылық ұйымының әдіскері, сонан соң  директоры болған. 1984 жылдан облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінің аға редакторы болды. 1989 жылдан өмі­рінің соңғы сәтіне дейін облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, руханият бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың кеңесшісі секілді қызметтерді атқарды.

М.Шоқай атындағы сыйлықтың лау­реаты, 2006 жылғы облыс әкімінің стипен­дианты атанды.

Қази Данабаев журналистикадағы қыз­метімен қатар көркем шығармашылықпен айналысты.  Оның қаламынан туған «Гүл­дәурен», «Ақ кептер» хикаяттары оқыр­манының сүйікті шығармасына айналды.

«Шоңтөбе. Шотай. Балдаурен» повесі 1988 жылы республикалық «Жалын» жур­налы жариялаған жабық бәйгесінің жүлдесін алған. Әр кезеңдерде «Сағыныш екен бала кез», «Нартұлға», «Достарым, менің достарым» секілді кітаптары жарық көрді. Қази Соңғыбайұлының Фариза Оң­ғарсыновамен, Хасен Оралтаймен болған шығармашылық байланысы жазушының прозадағы қадамын ұзартып, қарымын күшейтті.

Талантты журналист-жазушы қазақ руханиятының өрлеуіне ерекше үлес қосты.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<