ТАУ ТҰЛҒА

1979

0

Ғұламалардың айтуынша толық адамның бойында ізеттілік, әділеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, мәдениеттілік, төзімділік, шынайылық сияқты жеті түрлі қасиет болуы керек. Мұндай қасиеттер мемлекет және қоғамқайраткері, Қазақстанға ерекше еңбек сіңірген қайраткер, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов ағамыздың бойынан табылатын.

Сыр жұртшылығы Исекеңді шын мәніндегі жақсы адам, нағыз басшы деп бағалады, адал көңілден сыйлады. «Барлық адамдарға мейіріммен қарауға тырыс, тіпті саған дөрекілік көрсеткендерге де сыйластық таныт. Оларды сыйлауға тұратын адам болғаны үшін емес, сен сыйлауға тұратын адам болғаның үшін», – деген екен дана Конфуций. Исекеңнің адалдықпен атқарған ісінен – иман игілігі көрінетін еді. Исекеңнің қайырымды жүрегі, ең бастысы – мейірбан мінезі ел есінде. Әбдікәрімовтың тағдырлы жолынан өмірді сүйген, өмірді тазалық пен адалдық деп түсінген, сол мұратынан айнымаған мінезді көретінбіз.

           Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйінен мешітке, мешіттен үйіне қайтатын жолда тұратын яһуди оны сөгіп, балағаттап күтіп алып, шығарып салады екен. Бір күні әлгі тентек яһуди пайғамбарға шығып кездеспепті, екінші күні де солай болыпты. Пайғамбарымыз «Ойпырмай бұл неге шықпай қалды, ауырып қалды ма екен? Қой үйіне кіріп жағдайын білейін» деп үйіне кірсе тентек яһуди ауырып жатыр екен. Сонда пайғамбарымыз «Сізді екі күн болды, көре алмадым. Сосын жағдайыңызды білейін деп үйге кіріп едім»,  – депті. Сонда әлгі яһуди пайғамбарымыздың күнде өзін жазықсыз балағаттап, қиянат жасап жүрген адамға мейірімділік көрсеткеніне, жанашырлығына таң қалып, кешірім сұрап, оған ризашылығын білдіріпті. Міне, осы асыл пайғамбарымыздың жүрегіндегі адамзатқа деген шексіз мейірімнің бір ұшқын оның үмметі Исекеңнің де бойында бар еді. 

          «Абай жолы» трилогиясы шыққаннан кейін Мұхтар Әуезовтың басына бәле үйіріліп, оған «ұлтшыл» деген кінә тағылып, күнде жиналыс жасалып Мұхтарды «ұлтшыл» деп қаралап жатса керек.  Мұхтар өзі сол жиналыстарға қатысып, қаралап жатқандарға қарсы ештеңе айтпай шығып кетеді екен. Бір күні Мұхтардың тілектес інілері «Мұха, сізді жазықсыз «ұлтшыл» деп жатқан қаралаушыларға неге үндемейсіз, неге мен ұлтшыл емеспін деп ақталмайсыз» десе керек. Сонда Мұхтар «Олар мені дұрыс сынап, дұрыс қаралап жатыр. Шынында мен «ұлтшылмын» ғой. Неге оларға қарсы шығамын. Олар дұрыс айтып жатыр» депті. Ел басқарып, биік лауазымда жүрген Исекеңді де көре алмайтын, қызғаныштың отына шарпылған теріс қылықты адамдар, ол кісіні сүріндіру үшін жоғары жаққа шағым түсіріп, жамандауды әдетке айналдырған пенделер болған. Солармен кездесіп қалғанда Исекең оларды құшақтап, қолын қысып, арқасынан қағып амандасып, амандық сұрап жылы шырай танытады екен.

      Исекеңнің тілектес достары, ол кісінің бұл әрекетіне таң қалып, «Исеке ол сізге бәле жауып, жамандық жасап жүрген адам ғой, оған неге мейірбандылық көрсетіп жатырсыз» дегенде, Исекең «Әй, сол ақымақтармен ақымақ боламын ба, өздерінікін дұрыс санаса жүре берсін сол жолымен», дейтін құсайды. Қолында күш, басында биік лауазым бола тұрып дұшпанына да жамандық жасаудан өзін тежеген екен. Ұлтын сүйген ұлы тұлғалар осындай болса керек-ті. Міне, мұндай ұлтына, жеріне, еліне деген өлшеусіз махаббат Әуезовтың інісі Исекеңнің де бойында бар еді.

Осылайша, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.), Мұхтар Әуезов сынды даналар сияқты ешкімге жамандық жасауға ұмтылмайтын, жамандық жасаған дұшпанына да жақсылық жасаған кесек тұлғалардың қатарында біздің Исатай ағамыз да болған екен.

Исекең Алашқа ақыл айтқан, жұртқа жол көрсеткен. Басшыға бағыт сілтеген. Жүзге бөліп, руға бөліп алалауды білмеген. Өмірінде құлқынның құлы болмаған, саналы ғұмырында халқының ұлы болған. Отызында орда бұзған, қырқында қамал алған, елуінде ел ағасы болған, алпысында жұртына жаға болған. Жетпісінде желкенді кемедей, желдің бағытын алдын – ала біліп, өмір теңізінде жүзе білген абыз еді Исатай ағамыз.

Исекең, облыс басшысы кезінде ел аралағанда, егістік көріп жүргенде ауылдағы қатардағы күрішшілер, малшы, сауыншылар ол кісімен жүздесуге, сәлемдесуге, сөйлесуге құмар болатын. Исекең де жолда кездескен еңбек адамдарының үстінен өтіп кетпей, тоқтатып амандасып, жағдай сұрап, көңілдерін көтеріп, риза қылып кететін. Жаңағы кездескен қарапайым адамдар ол кісімен кездескен сәтін жұртқа, отбасына, балаларына жыр қылып айтып, өмірінде риза көңілмен еске алып жүретін.

Исекең қойшының үйіне, күрішшінің үйіне кіріп отбасын көріп, жылы шыраймен амандасып, «Келін, үйде ауыз тиетін не бар, таба нан, айран, шұбат болса әкел, дәм татып шығайық», – дейді екен. Үй егесі дастарқанын жайып, барын алдына қойғанда Исекең таба нанын жеп, айранын ішіп, «Ой келіннің наны қандай, айраны қандай дәмді», – еді деп үй егесіне рақмет айтып, батасын беріп шығатын болған. Жанындағы басшыларға «Сендер қойшының, егіншінің үйін қомсынып, менсінбей, тізе бүкпей шығасыңдар, дәм ауыз тимей кетесіңдер. Оларың дұрыс емес. Қарапайым еңбек адамы басшының тізе бүгіп, ұсынған дәмін ауыз тигенін өзіне мәртебе санап, марқайып қалады. Соған риза болады. Өзіне мәртебе санайды»,- деп ескертіп жүретін. Бұл да болса «Кісінің имандылығы – кісі сыйлауынан көрінеді. Адамның ақыл-парасаты, мәдениеті мен тектілігі – мінез-құлқынан көрінеді», – деп Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бір хадисінде айтылғандай, Исекең ағамыздың қарапайымдылығы мен көркем мінезі  еді ғой.

Ардақты пайғамбарымыздың бір хадисінде адам баласына қаратып айтылған: «… Өміріңде ең жақсы, ең үлкен үйде тұр» деген өсиет сөзі бар. Мағынасы: «Адам санасына игілікті із қалдыру жолы – адам жанына, жүрегіне жақсылық нұрын себе білу. Игілік нұрын себе білу деген сөз – сенің адам жүрегінде қалдырған жақсы, игі істерің. Жасаған жақсылығың мен игі істерің адамдардың жүрегінен орын алса, ол жүрек сенің тілеуіңді тілейтін ізгіліктің үйіне айналады, саған қуаныш сыйлайтын, сені құрметтеп аялайтын мейірім мен қамқорлықтың ақ ордасы болады. Ақ Ордадағы ақ тілек Алланың құлағына шалынып, жүректен жүрекке жетеді.

Сонда «Ең жақсы, ең үлкен үй дегеніміз – адамның адамға жасаған жақсылығы, таза адал ниетімен жүректерге салған ізі, қалдырған игі істері, мейірімі мен қамқорлығы» дегенге саяды. Мінезі сұлу жан – өз ортасының көркі. Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ.

Жақсы адам алыс жатқан екі елдің арасын жалғастырады. Жаман адам бірге туған екі бауырды таластырады.

Исекең обылысты басқарып тұрғанда Өзбек ССР-на қарайтын көршілес, бауырлас Қарақалпақ автономиялық Республикасымен бауырластық қарым-қатынас орнатты. Қарақалпақ автономиялық Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Қалибек Камаловпен сыйлас дос болды. Екі ел арасында мәдениет, әлеуметтік, шаруашылық байланыс орнатып, барыс-келіс жиіледі, туысқандық, бауырластық байланыс орнатылды. Кеңес өкіметі, Коммунистік партия тарап, әр республика тәуелсіздік алғаннан кейін, достық байланыс басында жүрген көш басшылар Исатай Әбдікәрімов, Қалибек Камалов зейнетке шыққаннан кейін ұзақ жылғы достық, бауырластық байланыс тоқтап қалды.

Қарақалпақ автономиялық Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағалығына Қалибек Камаловтың туған інісі Тимур Камалов сайланды.

1997 жылы Тимур Камалов облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевқа қойшылардың слетіне шақырып, хат жолдады. Бұрынғы ағалардың салған сара жолымен туыстық, бауырластық байланысты жаңғыртайық деген тілек білдіріпті. Б.Сапарбаев облыс делегациясын басқарып, тойға қатысып қайтуды маған тапсырды. Мен Исатай ағаға барып, шақыртуды айтып, қандай жөн-жоралғымен барғаным дұрыс, ақыл беріңіз дедім. Ол кісі Республика басшысына сый-сияпатты облыс әкімі өзі шешер. Қарақалпақтардың көшбасшысы абыз ақсақалы Қалибек Камалов деген менің досым бар және  сонда Социалистік Еңбек Ері екі қазақ шопан бар сол үшеуіне шапан жап деп тапсырма берді. Олардың аты-жөнін ұмытпапты. Исекеңнің ақылымен солай дайындалып бардық.

Делегация құрамында «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Жақсылық Рахматулла, Қазалы ауданының әкімі Болат Пұсырманов, исі қазаққа танымал жырау Алмас Алматов болды. Делегацияны қарақалпақ бауырлар қошеметпен қарсы алды. Шопандар тойы Қызылқұмда өтті, 100 үй тігіпті. Салтанатты жиналыста маған сөз берді. Сөзімді қазақтың абыз ақсақалы Исатай Әбдікәрімовтың жолдаған сәлемінен бастадым. Исекеңнің атын естігенде Республика басшысынан бастап, залдағы 300 адам орнынан тұрып ұзақ қол шапалақтады, құрмет көрсетті. Ардақты ағамыз үшін бүкіл делегация мақтаныш сезіміне бөлендік, Республика басшысы мен Қарақалпақстанның абыз ақсақалы Қалибек Камалов өз сөзінде Исекеңнің сөзін ерекше құрметпен атап, И.Әбдікәрімовтің арқасында Қарақалпақстан мен Қазақстан «Бір құстың екі қанатындай, ботаның екі көзіндей, түйенің екі өркешіндей ел болды», – деп оған айрықша құрмет көрсетті. Исекеңе жапқанымыз деп түйенің түбітінен тоқылған қымбат шапан, алтын сұр қаракөлден тігілген бөрікті маған аманаттап, біздің атымыздан Исекеңе шапанды жауып, бөрікті кигізіңіз деп тапсырды.

Бізде Қызылорда да көпшілік жиналатын тойларда, астарда, жиналыс кеңестерде Исекең жанындағы өзі қатарлы 20 шақты ақсақалдарды ертіп халық жиналған залды толтырып жіберуші еді. Аталы сөз сөйлейтін, өтіп жатқан шараның мазмұнын, мәнін толықтырып, елге үлгі көрсететін. Сондай дәстүрді мен Қарақалпақстаннан да көрдім. Қалибек Камалов ағамыздың жанында қарақалпақтың абыз ақсақалдары топтасып, бірге жүреді екен. Салтанатты мәжіліс аяқталып, үзіліске шыққан кезде ақсақалдар тобынан бір кісі шығып, мені оңаша әңгімеге тартты.

Ол кісі Исекеңдердің қарым-қатынас жасаған дәуірінде Қарақалпақ обкомының идеология жөніндегі хатшысы болған екен. Кейіннен Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшылығы қызметіне көтеріліпті.

«Сол кезде маған Исекеңнің атынан бір азамат келіп, бір мұқтажына көмектесуді сұрады. Мен сол кезде Өзбекстандағы атышулы «мақта ісіне» байланысты сөзге ілігіп, қиналып жүрген кезім еді. Жаңағы шаруасымен келген азаматқа көмектесуге мүмкіндігім болмады. Бірақ Исекеңнің тапсырмасын орындай алмағаныма осы кезге дейін өкінемін, қалқам, Исекеңе барған соң менің осы өкінішімді айтып, мені кешірсін, өкпелемесін осыны ардақты ағама менің атымнан жеткізіңізші», – деп өтініш жасады. Мен Қарақалпақ ақсақалдың биік адамгершілік қасиетіне, ал Исатай ағаның абыройының, беделінің таудай биік екендігіне көзім жетті.

Исекең дүниеден өткенде Қарақалпақстан Автономиялық Республикасы Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары бастаған үкімет делегациясы келіп, Республика басшысының атынан, денсаулық жағдайына байланысты келе алмаған абыз ақсақал Исекеңнің досы Қалибек Камаловтың атынан, бүкіл Қарақалпақ бауырлардың атынан, Исекеңді соңғы сапарға шығарып салуға арналған Орталық алаңға жиналған қалың қаралы қауымға көңіл атты.

Исекеңнің жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жауапты облыс әкімінің орынбасары жетекшілік еткен жерлеу комиссиясы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов ағамыз Исекеңді жерлейтін орынды таңдауда біраз ақылдасты. Осы мәселені түпкілікті шеше алмай отырған комиссияға Үммігүлсім апай келіп: «Жерлеу орнын таңдауда қиналмаңыздар, бұл мәселе жөнінде Исекеңнің айтып кеткен өсиеті бар, ол кісі өзінің ата-баба қорымына, туған жері Жаңақорғанға жерлеуді тапсырған. Сол өсиетті орындағандарыңыз дұрыс болады, Исекеңнің аруағы риза болсын», – деп нүктесін қойды.

Сүйіспеншілік – адам тұлғасының ең маңызды бөлігі. Бұл кез келген күшті тойтарып, оны жеңе алатын ұлы қуат, әрі толассыз нұр. Исекең осындай мол сүйіспеншілікке ие болып, өз бойындағы бүкіл өшпенділік пен қатыгездікті тамырымен қоса жоя алған адамзаттың нағыз қаһарманы болатын. Мұндай қаһармандардың дүниеден өткеннен кейін де өмірі жалғаса береді және бүкіл өмірінде олар ең сүйікті жандар болып, ел есінде сақталады. Исекеңнің ішкі жан дүниесі түрлі кесір мінезден, кекшілдіктен, өзімшілдіктен арылған игі қасиеттермен көмкерілген еді.

Жүрегі таза, жақсылық үшін жаратылған текті жандар – шамға ұқсайды. Өйткені шамның жарығы айналасындағыларға тегіс жарық шашады. Сондай-ақ жақсы адамдар – жеміс ағаш сияқты. Басқалар оның тәтті жемісіне таласып, ырзығын пайдаланады. Исекең осылай айналасын жан шуағымен жылытқан, аты аймақ тарихына алтын әріптермен жазылған кемеңгер тұлға еді.

Өрелі парасат пайымның иесі Исекеңдей тұлғаның жарқын бейнесі, оның адамгершілікке толы бекзат болмысы ешқашанда ұмытылмайды, елімен бірге мәңгі жасай береді. Қысқа ғана ғұмырында жамандық пен жауыздықтан жиреніп, жақсылықпен, адамгершіліктің жолымен жүріп өмір кешті.

Халқы сенді, сыйлады. Аспады, таспады, елдің жағдайымен санасып, мұң-мұқтажын ойлады. Оған пана болды. Өзіне қастық жасаған адамның есігін күліп ашты. Күннің жарығын бүркей алмайтынымыз сияқты  Исекең сияқты жақсы адамның жақсылығын жоққа шығару мүмкін емес.

Жетпіс жылдан астам уақытқа созылған Кеңес дәуірінде Қызылорда облысын 20-ға тарта басшы басқарған. Солардың ішінде облыс тізгінін ұзақ ұстап, ел алдында сіңірген еңбегі үшін облыс жұртшылығының ерекше сүйіспеншілігіне ие болған тұлғалардың бірегейі – Исатай Әбдікәрімов еді.

Исекеңнің өмірбаянына көз жүгіртсек, оның Қазақстан тарихында ойып алатын орны бар тұлға екендігін тану қиын емес. Исекең басқарған кезеңде облыс қарқынды дамыды. Халықтың сүйікті басшысына айналды. Ол халыққа жақын болды.

Исекең Мәскеуге дейін беделін салып Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда филиалын, бұрынғы күріш тәжірибе станциясының базасындағы Жақаев атындағы Қазақтың Күріш ғылыми зерттеу институтын ашқызды. Ауылды дамытуға, көркейтуге пәрменді шаралар жасады. Қызылорда облысы бүкіл Кеңестер  Одағы бойынша күріштің 25 пайызын өндіріп, ырысты, күрішті Қызылордаға айналды. Исекеңнің қолдауымен ондаған шаруашылық басшылары, күрішшілер, малшылар, механизаторларға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Халықтың тұрмысы жақсарды.

Өзінен кейінгі облыс басшыларына киелі өңірдің қарқынды дамуына жол ашып, артында жақсы із қалдырды. Исатай ағамыз елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы болды. Дүниеде халықтың атын шығарып, елге жасаған жақсылық – шын жақсылық.

Алланың пенделері қатарлы Исекеңнің басында да ауыр күндер болды. Ақылға, сабырға сүйеніп ол күндерден сынбай, майыспай, басын тік ұстап өтті. Ол кісінің жүріс-тұрысы, көпшілік алдында өзін ұстай білу мәдениеті, білімпаздығы, бәрі-бәрі халыққа үлгі еді.

Исекеңнің атына қолдан көлеңке түсіргісі келген әрекеттер де болған. Бірақ халқын, елін қадірлеген сол халқы мен елі де қадірледі.

«Ұл ақылды қош көрмес – ата үлгісін көрмесе, қыз жарытып ас бермес ана үлгісін көрмесе», – деп Қорқыт Ата айтқандай Исатай аға мен Үммігүлсім анадан өнеге алып өскен ұрпағы сол кісілерге лайық болды. Шамшия, Әльфия, Роза, Шолпан қыздары, немересі Нұрмұхаммед Исекеңнің атына лайық, үлгілі, Әбдікәрімовтердің шаңырағының киелі туын жоғары ұстаған абзал ұрпақ болып қалыптасты.

«Балық сүйексіз болмайды, адам кемшіліксіз болмайды. Кемшілігі жоқ тек Алла», – деген. Исекеңнің де кемшіліктері бар шығар, бірақ біріншіден, мен оларды білмеймін, екіншіден, ол кісінің ел игілігі үшін сіңірген еңбегімен салыстырғанда, ол кемшіліктер көзге ілінбейтін бұлдыр көлеңке сияқты.

Исатай Әбдікәрімов мақтауға, мадақтауға, ол кісінің атымен мақтануға нағыз лайықты, тау тұлға.

Келесі жылы, Алла қаласа,  Исекеңнің туғанына 100 жыл толады. Ұлы адамдардың өмірден өткен уақыты алыстаған сайын олардың алып бейнесі барлық қыр-сырымен сомдала бермек, жарқырай түспек.

Ажал тірі пендеге ортақ құбылыс екенін ескерсек, ұлылық әр адамға тие беретін ырыс емес, ол жаратқанның жекелеген жандарға беретін сыйы.

Өлім – өмірдің соңы емес.Исатай ағамыз ортамызда жоқ болғанымен ағаның тау тұлғасы биіктей бермек. Бабалардың етегінен ұстаған ұрпақ адаспайды. Исатай ағаның өнегелі өмірі, елі, халқы үшін жасаған игі істері бәрімізге үлгі.

Аббас Камалатдин,

Сырдария ауданының құрметті азаматы,

«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<