Заманның заңғар заңгері

1023

0

Казақтың ата заңдарын жіктеп-жіліктеп, үлкен еңбек жазған, соңына өшпес мұра қалдырған Салық Зимановтың туғанына биыл тура 100 жыл толмақ. Салық Зиманов 1921 жылы ақпан айының 19 жұлдызында қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. Ол – қазақ руханиятына, мемлекеттің қалыптасуына айрықша үлес қосқан тұлға.

Профессор, академик Салық ағайымыз қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы. Жастайынан қиыншылық пен ашаршылықтың азабын тартқан ол ержете келе сұрапыл соғыстың зұлматын да бастан өткерген. 1940 жылдың қаңтарында Қызыл Әскер қатарына шақырылған сәттен бастап, Салық ағамыздың өмірінің жаңа сатысы басталды. С. Зимановтың қазақ халқының ардақты ұлы екендігін Ұлы Отан соғысында халқы мен отаны үшін аянбай соғысуынан аңғаруға болады. Ол Оңтүстік Кавказ, Солтүстік Кавказ, Степной, Воронеж, 2-ші Украин, 2-ші Беларус майдандарына қатысып, соғысты Берлин түбінде аяқтаған. Халқының ержүрек ұлы дивизия командирінен бастап миномет полкі командирінің орынбасары дәрежесіне дейін көтеріліп, артиллерия полковнигі шенімен зейнетке шыққан.  

Майдан алаңында көрсеткен әскери ерлігі үшін Салық Зиманов екі дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Кавказды қорғағаны үшін» (1944), «Конигсбергті алғаны үшін» (1945), «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыс аяқталған тұста жасы  25-ті еңсерген гвардия майоры алдымен стажер, содан кейін Гурьев облыстық прокуратурасында тергеуші, содан кейін Алматыдағы Қазақ КСР прокуратурасының маңызды істер жөніндегі тергеушісі (1946-1948) болып қызмет істеді.  Бүкілодақтық сырттай заң институтының Алматы филиалын заңгер мамандығы бойынша бітіріп, 1948-1952 жылдары КСРО Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтына (Мәскеу) жолдама алып, Қазақ КСР Ғылым академиясының заң секторының аспиранты атанды, Осылайша 1950 жылы Мәскеуде кандидаттық, ал 1961 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғаған  Салық Зиманов докторлық диссертациясын қорғаған алғашқы қазақ заңгері болып шыға келді. Белсенді өмірлік ұстанымы, энергиясы, ұйымдастырушылық қабілеті Салық ағамызды ғылыми ортада әрқашан ерекшелеп, оның мансаптық өсуіне ықпал етті.

С.Зимановтың үлкен еңбегі оның қазақ тілінде диссертация қорғаған ғалым-заңгерлер-тарихшыларды дайындауға белсенді қатысуы болды.  Ол қазақ тарихшылары мен заң теоретиктер мектебінің қалыптасуына көп күш жұмсады.  Академиктің саясат саласындағы таланты, әсіресе, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған кезде айқын байқалды. Ол 500-ден астам ғылыми жұмыстың, оның ішінде 20-дан астам монографияның авторы.  Олардың ішінде үш томдық «История государства и права Советского Казахстана» (1960), «Обычное право казахов в XVIII – первой половине XIX века» (1981) сияқты маңызды еңбектері бар. Ал С.Зиманов пен А.Атишевтің «Шоқан Уәлихановтың саяси көзқарастары!» атты кітабы классикалық шығармалар қатарына жатады.  

Оның ғылыми қызметінің шарықтау шегі – «Қазақ құқығының ежелгі әлемі» атты он томдық басылымын шығаруы болды. Салық ағайымыздың өмір жолы көпке өнеге. Міне, биыл қазақ заң ғылымының патриархы атанған Салық Зимановтай алыбымыздың туғанына – 100 жыл . Ағайымыз өмірінде көп нәрсені жасап үлгеріп кетті. Ол өмірінің ұзақтығынан емес, ешбір жылды бос жібермей, өмірінің соңына дейін тынбай жұмыс істеуінің арқасында деп білеміз.

Л.ҚАНАТБАЕВА,

Қызылорда облысы Әділет департаментінің Қызылорда қаласының №2 сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі филиалының бөлім басшысы аға сот орындаушысы»,

 Қазақстан заңгерлер Одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<