Жұмбақ  жауаптасулар

4032

0

«Тіл – адам қатынасының ең маңызды құралы» дейді социалистік идеяның ең алғашқы кемеңгері Маркс ақсақал. Әрине, бұл ескертпеге дау айта алмайсың. Бірақ, ол кісі ескертпесе де, қызыл тілі қылыштан өткір қазағымыз қадым заманнан сөз мәйегін кемеліне келтіріп, тасқа басқаннан бетер түгендеп кеткен. Ал бұдан бөлек адам қатынасының тағы бір маңызды құралы, ол – жұмбақтап жауаптасу және ыммен түсінісу. Бұл жағына келгенде де бабаларымыздың алдына жан салмайтынына көнеден жеткен мына дерек мысал болса керек.

  Үш жүзге белгілі, Байұлының Байбақтысы Сырым батыр билікке араласарда Байұлының Танасы, сексеннің сеңгіріне шыққан Малайсары биден бата алуға барыпты. Сонда би:

– Арқаң қара нардай жауыр болсын,

Мінезің қара жерден ауыр болсын.

Өкпең жоқ, бауыр болсын,

Құлағыңнан сыбыр кетпесін,

Есігіңнің алдынан дүбір кетпесін,

Жасың жетпіске жетпесін, – деп бата беріп және осы жұмбақ батаның шешуін Сырымның өзіне жүктепті. Сырым бұл батаны былай тарқатып тұрып:

– «Арқаң қара нардай жауыр болсын» дегеніңіз, билікке араласатын ердің арқалайтын жүгі ауыр болады, «төзімді бол» дегеніңіз шығар, «мінезің қара жерден ауыр болсын» дегеніңіз салмақты, сабырлы бол дегеніңіз шығар, «өкпең жоқ, бауыр болсын» десеңіз, «өкпешіл болма, бауырмал бол» деген шығарсыз, «құлағыңнан сыбыр кетпесін» дегеніңіз, жоқ-жітіктің, жетім-жесірдің мұң-мұқтажына құлағың түрік жүрсін» дегеніңіз шығар, «есігіңнің алдынан дүбір кетпесін» десеңіз, «дос-жараның, жора-жолдасың көп болсын» деген боларсыз, ал «жасың жетпіске жетпесін» дегеніңізді түсіне алмадым, биеке, – депті.

Сонда Малайсары би:

– Мен жетпіске жеткенше жеті түрлі бәлеге кездестім :

– Асусыз тауға кездестім,

Арылмайтын дауға кездестім,

Аямайтын жауға кездестім,

Өткелсіз көлге кездестім,

Ұшы-қиыры жоқ шөлге кездестім,

Табылмайтын жоққа кездестім,

Дауасыз оққа кездестім. Міне, сені жасы келген жанның көпшілігі жолығатын осы жеті түрлі жайсыздыққа тап болмасын деп берген батам еді. Әйтпесе саған Лұқпанның жасын да көпсінбес едім, – деп, мұның да шешуін сұрайды.

Сырым бұл жұмбақты былай шешеді:

– Асусыз тауға кездессеңіз, тізеңіз қалтырайды екен, арылмайтын дауға, аямайтын жауға кездессеңіз, балаңыз тыңдамайды екен, келініңіз сыйламайды екен, өткелсіз көлге кездессеңіз, көзіңізді мұнар шалған шығар, ұшы-қиыры жоқ шөлге кездессеңіз, қатарыңыз аз қалған шығар, табылмайтын жоққа кездессеңіз, орындалмаған арман шығар, дауасыз оққа кездессеңіз, опасыз жалған шығар.

Ең соңында Малайсары бас киімін шешіп, Сырымға қаратып тұрып басын шертеді, Сырым биге қарап тілін шығарып жауап береді. Бұған би риза болып батасын беріп, Сырымды шығарып салады.

   Былай шыққан соң Сырымның жолдастары: «Батыр, біз бәрін де түсіндік, тек би екеуіңіздің соңғы қылықтарыңызды түсіне алмадық», – дейді.

Сонда Сырым:

– Бидің басын шерткені, «басқа бәле неден?» дегені еді, ал мен, «басқа бәле тілден» деп, тілімді шығарып жауап қайтардым, – деген екен.

Бұдан бөлек, Құран Кәрімде жиырма бес пайғамбардың ішінде біздің қазақ «темірдің пірі – Дәуіт пайғамбар» деп атаған Дәуіт ғ.с. да және ол кісімен замандас болған, құрметіне отыз аяттан тұратын «Лұқман» сүресі түсірілген, ақыл-кеңесіне пайғамбарлардың өздері мұқтаж болған Лұқман хакімнің де аттары аталады.

Бір күні Дәуіт ғ.с. пайғамбар қару-жарақ, сауыт-сайман соғып жатса, жанына Лұқман хакім келіпті. Келгенін көріп тұрса да, пайғамбар оған назар аудармай, жұмысымен айналыса береді. Хакім де сұраулы жүзбен, асқан сабырмен және үнсіздікпен ұзақ күтеді. Ең соңында қаруды жасап бітірген Дәуіт ғ.с. пайғамбар хакімнің жүзіндегі сұрақты айтқызбай ұғып: «Әрине, солай, қару-жарақ тек қорғану үшін ғана жасалады» дейді. Сонда Лұқман хакім: «Құдайдың құдіреті, үнсіз жауаптасудың өзі бір хикметті ғибрат екен-ау», депті.

Әлімжан ҚИЯС,

Қазалы ауданы,

Әйтеке би кенті

*сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<