Аталы сөз айтар ақсақалдар қайда?

1300

0

Амандасудың қысқаша кодексі

Бұл  ой-толғауымды  ортаға  салуға не түрткі болды? Мен өз өмірімде айналамыздағы адам­дар­дың бір-бірімен: туыстармен, достармен, әріп­тес­термен, шәкірт­термен (өзім ұстаз ретінде студенттермен, магистранттармен, докторанттармен), қоғам­дық көліктегі жолсеріктермен, тұрғы­лықты жердегі көршілермен және көшедегі, дүкендегі кездейсоқ адамдармен түрліше ахуалда (кәдуілгі, іскерлік, қызметтік, сал­танатты, қайғылы және т.б.) кездескенде алуан-алуан сәлем­десу нұсқаларының бар екенін байқап жүрдім. Ақырында осы бақылауымның нәтижесінде өзім­ше мынадай қорытын­дыға кел­гендей болдым. Расында біз бір-бірімізбен дұрыстап амандаса  (сәлемдесе) алмайды екенбіз: кейде сәлемшінің де,  сәлем алушының да қателігінен олар ыңғайсыздыққа да ұшырап жатады. Мен байқаған амандасудағы қателіктердің негізі сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрлі қазақи түрлерінің мән-мағынасы мен кейін пайда болған жаңа түрлерінің қыр-сырын ажыратып, ойдағыдай меңгермегендіктен деген ойға келдім. Осыған тікелей байланысты  болған бір оқиғаны алға тартпақпын.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Азаматхан Әміртай атты еліміздің отаншыл жас өкілі ұйымдастырған республикалық «Байтақ Болашақ» Экологиялық альянстың Аты­рау қаласында Батыс Казақ­стан өңірінің экологиялық мәсе­лелеріне байланысты өткізілген ғылыми-практикалық конферен­циясына қатысқанмын. Бұл форумда Олжас Сүлейменов, Аман­гелді Айталы, Төлеген Қуа­нышев және т.б. елге біршама танымал адамдар да болған.  Сол күндердің бірінде  бүкіл делегация таңертеңгі ас ішіп отырған үлкен бөлмеге кешігіңкіреп бір жас жігіт кіріп келді. Дастархан басында отырған үлкен-кішімен дұрыстап сәлемдеспей жатып, айрықша Олжекеңе қолын созып, тек сол кісімен амандасқан болды. Сол кезде мен «Қап, әттеген-ай! Мына жігіт амандасудың сәнін бұзды ғой» дедім. Отырған үлкендердің біреуі «Олай болса, амандасудың жөнін айтшы» деді. Өтініш түскен соң, негізінен, жастарға қарата төменде таратылмақ амандасудың кейбір ережелерін айтуыма тура келді. Тыңдаушылардың риза бол­ғандығы шығар, қазір нақты есімде жоқ, отырғандардың  (не Олжас, не Амангелді ағала­рым­ның, не Төлеген інімнің) біреуі «Ореке, сізге амандасудың ко­дексін жазу керек қой» демесі бар ма. Қысқасы, сәл талқылаудан кейін сол жерде аталған кодексті жазуға тапсырма алып шықтым.

Міне, осы айтылған жайттар мен пайымдаулар менің «амандасудың (сәлемдесудің) қысқаша кодексін» немесе «басқа адаммен кім бірінші және қалай амандасуы керек?» дегенге қатысты көптен бері ойымда жүрген пікірімді ортаға салуға мәжбүр етті.  Қазақ халқының  салт-дәстүріне қоса, қазіргі жағдайларды біршама ескере отырып, өзімнің кейбір толықтырымдарым және түзетім­деріммен бірге қарас­тырсақ, сә­лемдесу тараптары мынадай болмақ:

– жасы кіші үлкенге (жас адам егде кісіге) сәлем береді;

– балалар ата-аналарымен амандасады;    

– ұл бала қыз баламен амандасады;

– ержеткен бойжеткенмен сәлемдеседі;

– келін қайын жұртына сәлем етеді;

– зайыбы ерімен (жұбайы отағасымен) сәлемдеседі;

– әйел адам ер кісімен аман­да­сады;

– жиендер нағашыларымен амандасады;

– келін алған құдалар қыз берген құдалармен  («Қызы бардың (қыз бергеннің) назы бар») сәлемдеседі;

– өз әкесінен жасы үлкен кісінің баласына (ол тіпті жас жағынан кіші болса да) алдымен сәлем береді («Шалдың баласына сәлем!» бұл – баласы арқылы жолы үлкен әкеге құрмет көрсету ишарасы);

– мұртсыз мұрттыға сәлем береді (құрдастар арасында кө­бірек кездеседі);

– сақалсыз сақалдыға сәлем береді (құрдастар арасында көбірек кездеседі);

– қара сақалды ақ сақалдыға сәлем береді;

– тұрған адам отырғанға сәлем береді;

– атты адам (түйе мінген, көлік мінген т.т.) жаяу адаммен амандасады;

– сау адам сырқат адамға барып амандасады (және жүзбе-жүз не басқа техникалық құралдар арқылы амандасу мен хал-жағдайын сұрауды түске дейін, күн қайтпай тұрып орындау ләзім);

– ауылдастар (көршілер) бала болса да, алыстан сапарлатып келген адамға барып амандасады: «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» дейді қазақ мақалы (бұндайда өз тарапынан жас адам ауыл үлкендерін күтпей-ақ, оларға сәлем беріп амандасуы тіпті орынды-ақ); 

– аздаған топ көпшілікпен амандасады;

– үйге (тұрғынжай, ғимарат, орынжай, кабинет, дәрісхана, бөлме), вагон купесіне кірген адам оның ішіндегі кісілермен дауыстап амандасады;

– бөлек үйге (ұйымның орынжайы болмаса) кірген адам дауыс­тап екі рет сәлемдеседі: бірінші рет шаңырақтың (үй иесі ата-бабаларының) рухымен, екінші рет ондағы адамдармен амандасу ишарасы;

– оқытушы-ұстаз шәкірт­терімен (оқушылармен) сәлемдеседі;

– басшы-сардар (басшы, бас­тық, әкім) өзінің қосшы-сар­баз­дарымен (ба­ғыныш­тыла­ры­мен, қыз­метші­лерімен, жұмыс­кер­ле­рі­мен) және жұртшылықпен амандасады;

– ел басшысы өзіне қараған жұртпен (халықпен) «Ұлық болсаң – кішік бол» деген қағидамен амандасады;

– адамдар бір-біріне бейтаныс болғанда, жастары шамалас немесе құрдастар болса, «Кім бұрын амандасса, Жаратқанның оған мейірімі  түседі» деген тәмсіл тағы бар, яғни кім бұрын сәлемдессе, сол адамның ізет көрсеткендігі сауап болып ескерілмек.

Жоғарыда келтірілген жағдай­лар­дың бәрінде де сәлем берген адамға сәлем алушы сәйкесінше ізетті сәлемін қайтаруы тиіс. Аздаған топ көпшілікпен аман­дасқанда, аздаған топтың бәрі бірдей жамырап сәлемдесуі мін­детті емес; топтың ішіндегі бір-екеуі ғана топтың атынан сәлем берсе жеткілікті,  бірақ дауыстай, естілетіндей етіп амандасуы абзал.  Басқа, көпшілік, тараптан да бәрі бірдей шулап амандаспай-ақ, көрнекті бір-екі тұлға көпшіліктің атынан сәлемді алып, қайта сәлемдесуі жөн.

Енді қол алысу және құшақ­таса сәлемдесу туралы. Ер адам мен әйел адам қол алысып не құшақтасып амандаспайды. Дәрет­ханада не моншада бас изе­сіп амандасып жатса, соның өзі жеткілікті. Әсіресе дастархан басында ас мәзірі кезінде кейінгі келгендердің отырғандармен қол алысып не құшақтаса амандасуы тіпті ерсі. Отырғандарға ести­тіндей етіп ауызша сәлемдессе болғаны, сол орынды да және тазалық (гигиеналық) жағынан құптарлық іс. Жалпы басқа күнделікті жағдайларда қол алысу мен құшақтаса сәлемдесу міндетті емес, сәлемдесумен бірге оң қолды жүрек тұсына апарып ізет көрсетілсе жеткілікті.

Қол алысу мен құшақтасып амандасу айрықша үш жағдайда ғана болады: жақын-жуық адам­дардың (туыстар, достар, әріп­тестер, көршілер) ұзақ уақыт бойы көріспеген жағдайында, болмаса жақын не таныс адамның қазасына көңіл айту кезінде немесе жақын дос-жарандар (көбіне жастар) кездескенде  өзара рухани жақындықты білдіру мақсатында. Осылардың өзі де дастархан басында ас ішіп отырған кезде болмауы тиіс. Бұл да болса, басқасын былай қойғанда, халқымыз үшін дастарханның, ас мәзірі мен дәм-тұздың айрықша қасиеттілігі мен киелілігінің ай­ғағы. (Мемлекетаралық дип­лома­тияға, құпия не басқа да топтық қауымдарға және індетке қатысты ерекше сәлемдесу сипаты мен жоралғысы бұл жолы қарастырылмайды).

Сәлемдесу, оның түрлері, нұсқалары мен сөздік нышандары әр халықтың өзіне тән боп келеді және де олар түрлі факторлар мен жағдаяттарға қарай (жыныс, жас, қызмет, туыстық және басқа да әлеуметтік жағдайларға орайлас) қалыптасады.  Мысалы, қазақ халқының  көпғасырлық тарихи кезеңдерінде алуан түрлі сөздік сипаттағы амандасу нұсқалары орын алды: ежелгі түркілік, араби-исламдық, сонша мақұлдана бермесе де славян-орыстық,  «ке­ңестік», ал соңғы кездері – виртуалдық нұсқалар пайда болды. Дәл кәзіргі кезде мен осыларға арнайы тоқталмаймын; бұл – ерекше тақырыптың тұздығы болмақ. Ең бастысы, амандасу өркениетсіз, яғни қисынсыз, түсініксіз, мәж­бүрлі-енжар, бөрікті аспанға атқандай дөрекі, тәкаппар-менмен болмауы шарт. Сәлемдесу, сәлем­десуді қабылдау мен өзара сәлемдесу жоғары өркениеттік үлгіге сай болғаны жөн: қисынды, шынайы, анық, әдепті де сыпайы.

Сөз соңына қарай амандасуға, сәлемдесуге қатысты өзім кезінде талай басымнан өткізген және куә болған бірнеше жайттарға тоқтала кеткенді жөн көрдім. Ең алғашқысы бозбала шағымда – техникумда оқып жүрген кезімде, кейінірек жырақта әскер қатарында жүргенімде әркез болды. Сол кездері  реті келіп, арагідік туған ауылыма ерекше сағыныш сезіммен келгенімде әке-шешеммен, бауырларыммен рахаттанып отырып ішілген алғашқы шайдан соң-ақ әкем не анам: «алдымен ауыл үлкендеріне сәлем беріп шыққаның дұрыс» деп, үй-үйді аралап, ауыл үлкендеріне амандасып шығуды үйреншікті қалыпқа айналдырған. Сол кездегі амандасу-сәлемдесуден алған әсерім – өз алдына әңгіме.

Одан кейінгісі өткен ғасырдың сексенінші жылдарында болды. Бір жылы жазғы демалысқа шығып, Алматыдан туған жерім Қазалыға тартып кеттім. Бізде екі Қазалы бар: біреуі Қазалы стансасы (қазір Әйтеке би кенті), екіншісі – ескі Қазалы қаласы. Арасы он шақырымдай. Бір күні стансадан қалаға бармақ болып, автобусқа отырдым. Сол кезде мынадай оқиғаға куә болдым. Автокөліктің орта шенінде жасы 90-ды алқымдап қалған бір қарт кісі отырған. Сәлден соң автобусқа жасы одан біршама кішілеу (жас айырмашылықтарын кейінірек олардың әңгімесінен білдім) қаба сақалды бір ірі кісі кіріп келіп, қарттың қасына сәлемін берер-берместен жайғаса беруі сол-ақ еді, әлгі ақсақал оның алдын орап, оған «Ассалам алейкүм» деп сәлем бермесі бар ма?! Қарттың бұл қылығына таңғалған әлгі жас кісі: «Аға-ау, бұныңыз қалай, алдымен мен сізге сәлем беруім керек еді ғой?» дегеніне  қарттың берген жауабы, басқаларды білмеймін, мені ерекше таңғалдырды: «Мен саған сәлем беріп тұрған жоқпын, сенің мына келісті қаба сақалыңа сәлем беріп тұрмын ғой» Мәссаған! Осы күтпеген оқиға менің қарас­тырылып жатқан мәселеге  бұрын­ғыдан да айрықша көңіл бөлуіме түрткі болды.

Үшіншісі, әдетте үй ауласында, жол-жөнекей көшеде және т.б. жерлерде  болмасын  кездес­кен егде адамдармен, олардың жас шамасына қарамай,  алдымен амандасқанды жөн көремін. Сондай кезде қайсыбіреулері ғана сәлеміме сәлем қайтарып жатса, көпшілігі таңғалысып, үрпиісіп, мені құдды бір жынды адамдай көріп жатады: «бұнысы несі, танымайтын адаммен де амандасуға бола ма екен» дегендей.

Төртіншісі – соңғы кездегі «виртуалды амандасудың» сорақы бір көрінісіне қатысты. Жақын арада менің ұялы телефонымдағы ватсабыма аты-жөні жазылмаған бейтаныс біреуден «Саламатсызыба» деген  сәлемдеме келіп түсті. Дәл осылай. Грамматикалық және емлелік қателерін (не нүкте, не леп белгі, не сұрау белгісі жоқ) былай қойғанда, басқа бір сөз жоқ. Осыған енді не дерсің? Бір сезгенім – шала сауатты жас адамның жазғаны екендігі.  Осы «Амандасу кодексінің» құрастырушы-авторы ретінде әлгі бейтаныс адамға болашақта ойлана жүрсін деген ниетпен былай деп жауап бердім. «Сәлеміңді алдым, рахмет балам! Бірақ бас-аяғы жоқ, аты-жөні жоқ, бұл қалай амандасу телефон жазбасы арқылы? Орыстардың «Деревне дедушке, неизвестно, от кого» дейтініне ұқсап тұрған жоқ па осы амандасуың?» Көшеде не басқа жерде жас адам үлкен кісіге сәлем беріп жатса жөн басқа, ал бұл жерде әңгіме телефон ватсабы арқылы бейтаныс адаммен сәлемдесудің әлгідей жаңа түрі туралы болып отыр. Қысқасы, әлгі маған қазақша сәлем берген адамның кім екендігі белгісіз болып қалды.

Соңғы екі жайт ненің белгісі, ненің көрінісі? Әрине, бұл, түп­тің түбінде, білместік пен надандықтың, бер жағында аман­дасу-сәлемдесу рәсімінен бейха­барлықтың, оған деген жауап­сыздық пен енжар­лық­тың айғағы дер ем. Ойымды қорытындылай келе айтарым: аман­дасып сәлем­десуге, сәлем алуға, сәлем қай­таруға бейжай қарамайық, ха­лайық!

Жоғарыда ескертілгендей, бұл материалда талқыланбақшы та­қы­рып түбегейлі түрде ашылмайды, келешекте оны автор одан әрі зерделей түсіп, алынған нәтижені жазбаша түрінде қосымша баяндамақ. Айталық, амандасу, сәлемдесу, «ассалам алейкүм» сөздерінің түбір сөздері «аман», «сәлем» («салам»), «армысыз?» сөзіндегі  «ар», «мал-жан аман ба?» сөздеріндегі  «мал» және  «аман» сөздері араб тілінен, ал  «жан» сөзі иран (парсы) тілінен, «халың қалай?» сөзіндегі «хал» сөзі араб  тілінен алынып, кезінде қазақ тілі қорына енген. Олай болса, осы жерден біздің ата-бабаларымыз байырғы заманда (ислам енбей тұрған кезде) бір-бірімен қалай жөн сұрасып көрісті (амандасты, сәлемдесті) екен, таза қазақ сөзімен жөн сұрасу болды ма екен, болса, қалай болды екен деген сұрақтар туындайды. Сол себептен де, осы «Қысқаша кодексті» егер де кімде-кім толықтырғысы, нақтылағысы әрі түзеткісі келсе, осы газет бетінде өз ойларын білдіруге немесе автормен байланысқа шығуына болады және оған алғысым шексіз (автордың электрондық поштасы  aliyevu@mail.ru).

Ескерім. Қазір бізде «культура – мәдениет», «цивилизация – өркениет» деп дұрыс аударылмаған. Алғашқы мән-мағынасына сай «өркениет» деп мен «культураны» айтып отырмын. Ал  «мәдениет» ұғымы – «цивилизацияның» баламасы. Кезінде этимологиясы (пайда болу, шығу тегі) мен семантикасы (мән-мағынасы) ескерілмей бізге араб тілінен енген «мәдениетті» («медина», яғни   «қала» сөзінен туындаған маданиат, мадинат) арабтар «цивилизация», ал «культураны» (өркениет) «харс» деп атайды. Сондықтан да соңғы кездегі барлық еңбектерімде мен «Культураны» (латынша егу, тебіндету, өскіндету, өсіру, баулу) «Өркениет» (түбірі «өр», одан өру, өрістету, өрлеу, өркен, өркендеу, өркендету, яғни адамның, негізінен, табиғатпен табиғи байланысты өмір салты), ал «Цивилизацияны» (латынша «цивилис» қала, шаһар)  «Мәдениет»  (яғни адамның, негізінен, қалаға қатысты жасанды өмір салты) деп алып, олардың байырғы мән-мағынасына сәйкес қолданысқа кеңінен енгізе бастадым. Осы жаңалығымды жан-жақты да терең зерттеп дәлелдей келе, болашақта Мемтерминкомға (Мемлекеттік терминологиялық комиссия) «культура – өркениет»,  «цивилизация – мәдениет» болып дұрыс аударылуы керек деген ұсынысымды жеткізбекпін.

Құрметті оқырман кауым! Ақсақалтануға қатысты қысқаша ой-толғауымды аяқтай келе сіз­дерді осы тақырып аясында бұры­нырақта айтылған және болашақта көтерілмек сұрақтар мен мәсе­ле­лерді жан-жақты талқылауға шақырамын. Ал ақсақалдар кауымы өздерінің ақсақалдық сөздерін айтып жатса, құба-құп болар еді!  

Орақ АЛИЕВ,

«Тұран-Астана» университетінің профессоры

(Соңы. Басы өткен сандарда)

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<