Бағланова – біздің мектептің түлегі

1644

0

Қазақтың мақтанышы, жезтаңдай әншісі, Халық Қаһарманы, КСРО және Қазақстанның халық артисі Роза Тәжібайқызы Бағланованың 100 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, ұлы әншінің есімін мәңгі есте сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақ әндерін дүние­жүзіне танытқан Розаның дауысына лайықтап, көптеген сазгерлер өз әндерін арнап жазды. «Ақ көгершін», «Бейбітшілік бейбіт қолда», «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Асыл арман», т.б. әндердің тұңғыш орын­дау­шысы болды. Әншінің репертуарында одақтас болған 15 елдің ән­дерімен қатар чех, венгр, поляк, үнді, моңғол, корей, швед, т.б. тілдегі әндері жеткілікті болды, қай елде гастрольдік сапарда болса, сол елдің  әнін үйреніп келетін.

Роза Бағланова 1922 жылдың  1 қаңтарында Қазалы қаласында дүниеге келді. Тәжібай мен Ақкүріштің «бары да, нары да» жалғыз Роза болды. Анасы Ақкүріш даусы әсем әнші болып, жиын-тойлардың сәніне айналған көрінеді. Әкесі  Тәжібайдың екі әйелі болған, бі­рінші әйелі татар қызы – Мариям құрсақ көтере қоймағасын, шешесі Күндей екінші рет үйлендіріп, осы Ақкүрішті алып берген. Мариям да бала көтеріп ұл туса, Ақкүріш Үрбибіні туады, кейін Роза деп аталып кетеді. Мариямнан тетелес туған бауыры Ыдырыс соғыста хабар-ошарсыз кетеді. Анасы Ақкүріш  1965 жылы 65 жасында  қайтыс бол­ды. Көз жұмар алдында: «Қарғам, ар­аным жоқ, он баласы бар адамдар да мұндай  бақытқа қол жетпеген шығар. Басыңнан бақ, астыңнан тақ кетпесін! Ризамын, халқыңның сенімін жоғалтпа!» деп ба­тасын берген екен.

Қазалыдағы Жанқожа батыр атын­дағы №70 мектепте ұлы әншінің оқы­ғаны – ұжым үшін мақтаныш. Мектепте Розаға ән сабағынан дәріс берген Ырзахан Жәлімбетов те тегін адам емес еді. 1939 жылы облыстың 14 өнер­пазын бастап апарған Нартай Беке­жановпен бірге Москвадағы бүкіл­одақтық халық шаруашылығы жетіс­тігінің көрмесіне қатысып, Кремль сарайында ән салған ұстаз болатын. «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты» деген рас. Ырзахан аға­йын Роза да ұмытқан емес, Қазалыға келген сайын концертіне шақырып, ал­дыңғы қатардағы орындарға отбасымен бірге отырғызатын.

1961 жылы Қазалыға келгенде Ырзахан ағайын, әйелі Қанбибі мен қы­зы Қаламқасты, Ырзаханның жиен қа­рындасы Бержанова Зерханды Алма­тыдағы үйіне қонаққа шақырды, бір апта қыдыртқан болатын. 1939 жылы мектеп бітірерде, тамаша табиғи дауыс иесі Розаға: «сенің даусың ерекше, сенен жақсы әнші шығады, оқуға түс» деп кеңес береді. Сол жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық  институт­қа оқуға түседі. Әкесінің қайтыс болуы, жұмыссыз екі шешесінен басқа еш­кімі жоқ, Розаға оқу қиын еді. Ол кезде сту­денттерге стипендия берілмейді, үйінен келетін қаражаты болмағандықтан 1941 жылы ақпанда  Ташкентте тұратын  Әбдірахман  деген  жамағатына екі ше­шесімен көшіп барып, сондағы  тоқыма комбинатына жұмысқа  тұрып, тоқыма-тоқу институтының кешкі бөліміне оқу­ға түседі. Осы кезде  Розаның  тағ­ды­рына күрт өзгеріс әкелген  кезде­су болды. Аға-жеңгесі жоқта ауланы сыпырып, ән салып жүргенде шарбақтан ұзын  бойлы  қара кісі кіріп: «кім ән сал­ған?» деп сұрайды. Роза ұялыңқырап, «мен» дейді. «Ертең филармонияға кел» деп мекен жайы  көрсетілген  қа­ғазды ұсынады. Бұл кісі Ташкент фи­лармониясының директоры Кары  Яку­­пов еді. Осылайша Роза бір күнде фи­­­лар­­мония әншісі болып шыға  кел­ді.  Осы филармонияда  өзі  сияқты  ке­йін КСРО Халық артистері атанған би­ші  Тамара ханум, әншілер Халила На­сы­рова, Мукарама Тұрғынбаева,  Гауһар Рахимовалармен өнердегі жолын бірге бастайды.

1941 жылдың мамырында Таш­кентте мақта теруші  еңбеккерлердің   құрылтай съезіне қатысушыларға ар­нал­ған салтанатты концертке Роза  қа­тысып, қазақ, өзбек әндерін орын­дайды. Осы концертті көрген Өзбекстан  Компартиясының  1-ші  хатшысы  Осман   Юсупов  Розаны үйіне қонаққа шақы­рады. Бұл туралы  Розаның   өзі былай  деп еске түсіреді: «Адам бақытты бо­лайын десе, жұлдызы оңынан туып, қамқор жандарға тап болады екен. Осман аканың үйіне қонаққа барсақ, бүкіл отбасымен күтіп отыр екен. Тө­бем көкке жетіп, өз әкем тіріліп  кел­гендей болдым. Бұл дүниеде менде ел қатарына қосылып, ЦК-ның 1-ші хатшысының үйінде  қонақ боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кіріп пе?! Сонымен  Осман ака маған жағдай жасады, қаланың дәл ортасынан бес бөлмелі үй беріп, қажетті дүниелер, пиа­нино, сах­наға киетін киімдерге дейін кө­мектесті».

Бұл бақытты күндер ұзаққа созыл­мады, соғыс басталып кетті. 1941 жыл­дың 17 тамызында Ташкент вокза­лында  майданға аттанып бара жатқандар ал­­дында концертке қатысып, «Бәрі де майдан  үшін, бәрі де жеңіс үшін!» де­ген Сталин  үндеуіне  өзінің  үлесін қоса алатынына  сенді. 

1941 жылдың қыркүйек 1945  жыл­дың мамыры аралығында Ташкент  филармониясы атынан  әр түрлі  май­дандарда  концерт беріп, «жақсы ән – жан азығы»  дегендей жауынгерлердің   бойында жеңіске деген жігерін  арт­тыруға  өзінің үлесін  қоса алды. Қыстың қақаған  аязында, күздің  қара суығында  алдыңғы   шептегі   бомбалардың  жа­рыл­ғанына қарамастан, ән салған   ең­бегі еш кетпеді. 1943 жылдың 30 сә­уірінде  Кеңес Одағының  Маршалы, Кеңес Одағының  екі мәрте  Батыры И.С.Конев «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін өз қолымен табыс етсе, 1945 жылдың  22 ақпанында  Кеңес Ода­ғы­ның Маршалы, екі мәрте Кеңес  Ода­­ғының Батыры К.К.Рокоссовский  екін­ші рет «Жауынгерлік ерлігі үшін!»  медалін  Розаның кеудесіне  тақты.

1945 жылдың 9 мамырында Бер­линдегі Бранденбург қақпасы алдында ашық алаңда өткен атақты концертке қатысқанының өзі неге тұрады. Орыс халқының атақты әншісі Лидия Рус­ланова өзінің репертуарындағы «Ах, Самара городок» әнін менен гөрі сен жақсы айтасың деп, Розаның еншісіне беруі шын талантты бағалауы емес пе?!

1943 жылдың көктемінде  алдыңғы шепте жауынгерлерге ән салып тұрғанда  жау атқылаған снарядтың  жарықшағы көз алдынан зулап өтіп, металл қы­зуы Розаның көзін шарпып кетеді. Дә­рігерлер көмек көрсеткенімен, «бұл  зақым кейін сыр беруі мүмкін» деп ескертеді. 1979 жылы  13 желтоқсанда  Петропавлда  гастрольде  жүргенде екі көзі тас-қараңғы болып көрмей  қа­лады. Сол кезде «Роза  бетінің  әжімін тарттырамын деп операция жасатып, екі көзі көрмей қалыпты» деген қауе­сет тарағаны оқырмандар есінде шығар  деп ойлаймын.  Алматыдағы Рес­пуб­лика Сарайында жоспарланып қойған кон­цертке де «халықтан ұят болады, мен концерт бағарламасында бармын ғой» деп ән салғаны туралы жерлесіміз, сазгер Кеңес Дүйсекеев: «Сахнаға про­жектор жарығын түсіріп, жүретін қада­мына дейін санап бердік, сол өлшеген жерде ғана әрі-бері жүріп, өз номерін тамаша орындап шықты» деген еді. 1980 жылы Моск­вадағы С.Федоров кли­никасында 3 рет операция жасатып жарық дүниені қайтадан көретін болды.

Соғыстан кейін Москвада жоғары партия мектебінде оқып жүрген ақын Жұбан Молдағалиев Ташкент филар­мониясында ән салып жүрген талантты қазақ қызы барын естіп барады. Кон­церттен соң: «Өзбек жерінде не бітіріп жүрсің, Алматыға қайт, мен жоғары жаққа қағаз жазайын. Қазақтың сен­дей қызы басқа елде жүрмеуі тиіс» – дейді. Қазақстан басшысы  Жұмабай  Шаяхметовтың   ықпалымен  Роза Бағ­ланова   елге   біржола келді. 1947-1949 жылдары Абай атындағы опера және балет театрының әншісі, 1949-1960 жылдары мемлекеттік филармония ән­шісі болды. 1960 жылдан бастап  рес­публикалық «Қазақконцерт» бір­лес­­тігінің құрамында, кейін жеке өзі бөлініп  шығып, Америка, Азия, Еуропа, Африкадағы  көптеген  елдерде  кон­церт беріп, қазақ әндерін әлемге та­нытты.

Халық алындағы еңбегі еленіп, 1950 жылы «Ленин» орденімен, 1955 жылы Қазақ КСР-нің халық артисі, 1967 жылы КСРО халық артисі атанды.  1970 жылы «Еңбек Қызыл Ту», 1982 жылы «Халықтар  достығы» орденімен марапатталып,  қа­зақ қыздарының ішін­де бірінші болып  1996 жылы Ха­лық Қаһарманы атанды. Сол жылы Қыр­ғызстанның Халық ар­тисі атағына да ие болды. 2000 жылы халықаралық «Дәнекер» сыйлығымен марапатталды. 2002 жылы дүниежүзілік «Кто есть кто?» энцилопедиясына есімі енгі­зілді. 70 жыл сахнадан түспей, қа­зақ елін дүниежүзіне танытқан Роза Бағланованың Сыр елінің, оның ішінде біздің мектептің түлегі екені – әрине, мақтаныш.

Туған елі өздерінің ұлы әншісін есте қалдыру мақсатында көптеген іс-шараларды іске асырып келеді. Роза Бағланова атында Мәдениет үйі мен үлкен көше бар, Жеңіс паркінде қоладан құйылған биік тұғырдағы бюсті бар. Республикалық әншілер байқауы өтіп тұрады.

Міне, мұның бәрі қазақ қызының бойындағы ерекше қасиеттің сәулелі сәттері һәм өскелең ұрпаққа өнеге өрісі.

Бақытжан Абдул-Түменбаев,

Жанқожа батыр атындағы

№ 70 мектептің тарих пәні

мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<