Лауха және қазанның қасиеті

1116

0

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі және «Qyzylorda» арнасының бірлескен «Құнды жәдігер» жобасының тарихи-этнография­лық экспедициясы Жаңақорған ауданында орналасқан жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген Әбдіжәлел бабтың (Хорасан ата) кесенесіне ұйымдас­тырылды.

Аты Алаш жұртына белгілі, VІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүріп, қазақ даласына ислам дінін алғашқы әкелушілердің бірі саналатын Хорасан ата туралы тарихи-танымдық телехабар түсіріліп, жұртшылық назарына ұсынылды.

Ел аузында сақталған аңыз-әфсаналарда  Иран мен Орта Азия елдерін дінге кіргізу мақсатында Әбдірахим баб, Ысқақ баб және Әбдіжәлел баб бастаған топ жіберіледі. Әбдіжәлел баб иемденген жерлерінде, соның ішінде Хорасан өлкесіне мешіт-медреселер салдырып, арабша сауатын ашып, мәдениеттің өсуіне де ықпалын тигізгеннен кейін  «Хорасан ата» атанады. Қалың нөкермен аттанған Хорасан ата Қызылқұм өңіріндегі Тотықұс аралына тұрақтайды. Аңыз-әңгімелерде Хорасан ата ислам дінін уағыздаумен қатар жүйке, қояншық, шешек ауруларын емдеп жазған.

Хорасан ата Сыр өңірінде жорықта Өзгент қаласын қоршау кезінде оғыздардың қолынан қаза тауып, өзі мекен еткен Тоты құс аралына жерленеді. Оның ұлылығына бас иген Қожа Ахмет Яссауидің өзі 63 жасында қылуетке түскенше жыл сайын арнайы келіп Хорасан атаның рухына құран бағыштайды екен.

Атадан балаға мұра болып келе жатқан құнды жәдігерлердің бірі – лауха.  «Лауха» сөзі – арабша жазу жазылған тақташа мағынасын береді. Хорасан атаның ұрпақтарының айтуынша, лауха Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың күйеу баласы төртінші халифа Әли ибн Әбу Тәлібтікі екен. Себебі Хорасан ата Әлидің үшінші ұлы Мұхаммед-Ханафияның тікелей бесінші ұрпағы саналады. Лауха екі бөліктен құралған. Бірінші бөлігі – жапырақ пішінді жазулармен өрнектелген жалпақ басы болса, екінші бөлігі – шырағдан тәрізді мойынсап. Жалпы биіктігі – 43 см, өрнек жазулы жапырақтың диаметрі – 26, мойынсаптың ұзындығы – 17 см. Лауханың жапырақ бөлігінде Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) және хазіреті Әли халифаның аты төрт рет жазылған. Зерттеушілердің айтуынша, ХІХ ғасырда Түркістандағы «Әзірет сұлтан» кесенесінде орналасқан Тайқазанның құлақтарына жылқы қылымен ұшталған, кейбірі жарты ай секілді иіліп біткен, темірмен қапталған ұзын 10 лау­ха бекітілген. 1935-1940 жылдары кесене қараусыз қалған тұста лаухалар қолды болғаны жайында деректер бар.

Ел арасында лауха туралы тылсым оқиғалар көптеп кездеседі.  Қасиетті дүниені ырымдаған адамдардың перзент сүйгені, тіпті, лауханы сыртқа алып шығып жоғары көтерген уақытта шектен тыс көбейіп кеткен құрт-құмырсқалар күрт азайып, егіндікті басып кеткен шегірткелердің басқа жаққа қоныс аударғанына куәгер болған адамдар бар.

Лауханы 2003 жылы Хорасан ата ұрпағы Әбілғазы Берденқажыұлы баба кесенесі басына табыстайды. Содан бері зиярат етушілердің саны көбеймесе, азаймаған.

Хорасан ата кесенесіндегі тағы бір құнды жәдігер – тастан жасалған қазан. Жергілікті тұрғындар қазан туралы әртүрлі пікір айтады. Зиярат етушілер жемістің шырынын езуге пайдаланған. Қазанның жасалған мерзімі белгісіз. Диаметрі – 90, биіктігі – 50, қабырғасының қалыңдығы – 7 см. Түбінде диаметрі 3-4 см тесік орналасқан. Мұндай қазанның көлемі үлкен түрлері Самарқан қаласындағы әйгілі Көр-Әмір кесенесінде орналасқан. Өзбек ғалымдарының айтуынша, бұл қазандар  жуынуға арналған екен. Аңыз-әфсаналарға сенсек, бұл дүниелерді халық киелі санайды.

Қорыта айтқанда, Хорасан ата кесенесінде сақталған құнды жәдігерлер тарих қойнауынан жеткен асыл қазына екені сөзсіз. Алдағы уақытта музей қорын толықтыру мақсатында жоғарыда аталған жәдігерлердің көшірмесін жасату жоспарлануда.  

Гүлзира ӘУБӘКІР,

Ақмешіт музейінің қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<