Құрақтың құндылығын білесіз бе?

3870

2

Құрақ құрау – бұл нағыз өнер, мата қалдықтарын үнемдеп тігудің ерекше түрі. Байқасаңыз, бұл өнер көптеген халықта бар. Орта Азия халықтары қазақ пен қырғызда – «құрақ», Ресейде – «мозаика» немесе «ляпочка», ал ағылшындарда «квилт», Жапон халқында «сашико» деп аталады. АҚШ, Германия, Швеция сияқты елдің мұражайында құрақ бұйымдарының коллекциясы бар.

Ең көне бұйым болып табылатын пэчворк техникасы, алғаш рет Индия елінен табылған. Ерте заманда құрас­тырылған киімдерді кедей, нашар тұратын адамдар киген екен. Ал қазіргі таңда бұндай бұйымды  дизайнерлер авангард стилі деп атап, оны қалталылар тұтынатын болды.

Құрақ өнерін жанына серік еткен Лаура Шуанова есімді келіншек тігін тігу ісін анасы Гүлнәрдан үйренген. Қазір өзі де үш ханшайымның анасы. Негізгі мамандығы – мектепте психолог. Алайда ана сүтімен дарыған тігіншілік өнері оның сүйікті ісімен қатар қосымша кәсіп көзіне айналды. Ең алғаш тіккен құрақ көрпешесін екінші анасы Райкүл апаға туған күніне сыйлық ретінде жасапты. Содан кейін қыздарының үстіне киетін жеңіл көйлек, жейделерді тіге бастайды. Ал құрақ құрау өнерін жұмыстан тыс уақытта тұтынушылардың тапсырысына байланысты орын­дап жүр.

– Халқымыздың ұлттық құндылықтарының бірі – құрақ өнерінің жасалуын зерттей келе оның тұтас бір елдің тарихынан хабардар ететінін білдім. Ол қызық, әрі құнды өнер. Ұзақ ізденісті, ыждағатты қол еңбегін қажет ететін іс. Шын шеберлікке қоса табандылықты талап етеді. Ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан қол­­өнердің аса қымбат, қай­талан­бас сұлулығын, ға­жа­йып көркін көруге болады. Қазақ дәстүрінде келген қонаққа міндетті түрде құрақ көрпе төселетін. Ол бір жағы­нан дүниенің кішкентай бөл­шектерден құралғаны сияқ­ты, келген үйдің қандай от­басы екенін білдірсе, екінші жағынан сол шаңырақтың жақсы қасиеті – қонаққа, ал қонақтың жағымды қасиеті – осы үйге жұғып қалсын деген ырым. Мұнымен бірге «қырық құрақ» деген жамылғы бар. Оған «тіл-көзден сақтасын» деп жас балаларды ораған. Қарап отырсаңыз, қазақ құрағы – жай ғана өнер емес, онда терең философия тұнып тұрғандай. Құрақ құрау қыздарды төзім­ділікке, үнемділікке, ше­бер­лікке, бояу­ларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйле­сімділік таб­уын түсініп, та­нуға шыңдайды. Тазалыққа, әсем­дікке үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді. Мен көбіне  ши, қырық құрақ түр­лерін тігемін. Бағасы матасына жұмыстың күрделігіне орай қойылады. Ең қымбат құрақ көрпешелер 15 мыңға бағаланса, жай түрі 6 мың теңге тұрады. Көрпешенің ішіне мақтасын салып, оны көктеу жұмысына енем көмек­теседі. Кейде өлшеп, қию жұмыстарына да қолғабыс етеді. Себебі тапсырыс берушінің айтқан уақытына сай орындап беру керек. Бір жағы екеулеп жасаған істің өнімі де тез. Бұрын қол машинасымен тігетін едім. Қазір заманауи электрлі тігін машинам бар, – дейді өнерлі келіншек.

Отбасында Айару, Раяна, Айнамкөз атты қызғал­дақ­тарды тәрбиелеп отырған ана  қыздарына да ұлттық өнерді үйрететінін айтады. Жолдасы Қуаныш – математика пәнінің мұғалімі. Көбіне тапсырыс­ты иесіне жеткізу қызметін жасайтын сол. Бойындағы өнерін қосымша табыс көзіне айналдырып, берекелі кәсіпке ұластырған жас отбасының жарасымды тірлігіне шын сүйсініп қалдық.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<