Туды көктем, жарлық кеп құдіреттен

1923

0

Әдеттегідей емес, күннің көзі жадырап, айнала нұрланып, адамдардың жүзі шырайланып шыға келді. Бұл өзгерісті әрбіріміз байқадық. Неге бұлай? Кешегі күйімізден қалайша өзгере қалдық? Бұл сұраққа жауап беру үшін әуелі атам қазақтың осы бір ғажайып мезгіл сипатына қалай баға бергенін айтайық.

Қазағым төрт мезгілдің алмасуындағы құбылысты төрт ауыз сөзбен түйеді – «жаз шықты», «күз келді», «қыс түсті», «көктем туды» дейді. «Көктем келді» демейді. Айтсақ,сөз қадірінен қағажу қалып бара жатқан біз айтып жүрміз. Бір-екі мысал: «…Жас бала жазғытұры туды десіп, жабағы, көтерем тай, ақсақ қой да…», бұл екі жол Мағжан ақыннан алынды. Жазғытұры көктемнің екінші атауы, яғни, ақын «көктем туды» деп отыр. Ал, Роза Рымбаеваның «Наурыз айы туғанда» деп шырқайтын әні ше? Бұл өлеңнің авторы – қазақ төл сөзін бұзбайтын білімді ақын Ғұсман Жандыбаев. ­­


«…Сә­уір туды, жас жігіт бұйығы әлі, қатал қыс әлі әмірін бұ­йырады…». Осындағы «сәуір туды» – «көктем тудының» синонимі. Бұл – Мұқағали Мақатаев.


«Туу» сөзінің түсінігі – жаратылу, жаңғыру, жаңалану мағынасын мегзейді. Көктем – күллі табиғаттың жаңаруы. Осы күні қардың көбесін сөгіп бәйшешек гүлі өседі. Сіз мына жағдайды еске алыңыз, бір өсімдікті қолдан көктету үшін жерге күннің қызуы сіңген сәтті күтуге тура келеді. Онсыз өсімдік топырақ нәрін ала алмай, солып қалады. Осыған ұқсас тағы бір нәрсені айтайын, өріктің дәнін шағу үшін оны қысқаштың тісіне басасыз не балғамен ұрып сындырасыз. Ал, оның ішіндегі өте нәзік дән өзегі жерге тастағанда сол қатты қабыршағын өз күшімен жарып шығады.

Енді осы құбылыстарды «ғылыми» деп аталатын түсінікпен талдайықшы. Мысалы, қардың асты жылы болады, сондықтан бәйшешек тамыры суыққа тоңбайды, ал, қауызының аязға төтеп беруіне сабағындағы жұқа түктерден тұратын өзіне тән қабығы көмектеседі немесе өріктің дәні топырақ астында шіриді, сосын қабығын өзегі жарып шығады, топырақтан тамыр арқылы алатын судан, күн сәулесі қуа­тының әсерінен фотосинтез құбылысы жүріп, органикалық заттар түзіледі деген сияқты дәлелдемелердің иелері өз білімділіктеріне «Құдай» сөзін қоспайды. Бұл – олардың ең осал тұсы және тұрлаусыз түсінік қалыптастыруы.

Бәйшешек те, өрік те, бәрі де – сөз жоқ, бір Жаратушының құдіреті.
Жалпы, «көктем туды» сөзі қазақ үшін төлдің тууымен де байланысты. Осы мезгілде қой қоздап, бота боздап, ешкі төлдеп дегендей, шаруашылық жайы жаңаша бір күй кешеді. Қыс бойы «ұйықтаған» ағаштар оянып, бүршік атады, жәндіктер жер бетіне шығады. Олар күш алып кету үшін барлық жанды организмдегі қуат жаңа оянған тіршілік иелеріне тең бөлінеді. Жанды, жансыздың бәрі тұтас табиғаттың бір бөлшегі болып саналатындықтан осылайша біз бір-бірімізге «көмек көрсетеміз». Сондықтан бо­йымыздағы қуат кеміп, «жуан­ның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» шағы келеді. Соған қарамастан әр кеудеде жаңа арманның пайда болуы, рухымыздың түлеуі біздің жүзімізді нұрландырып, өң-келбетімізге ерекше сұлулық сыйлайды.


Алғыс айту күнінің 1 нау­рыз­ға белгіленуі де кездейсоқтық емес. Осы кезде адамның жүрек көзі ашылады, көңіл кірі жуылады. Табиғаттың тылсым күші адамның бүкіл ағзасына сүзгі жасайды.
Көктемді қазақ жадыраған албырт жастық шаққа, жаңа өнген балғын шөпті жас балаға, жайқалған гүлді бойжеткен аруға, жусаны аңқыған дархан дала кеңдігін мәрт жігітке теңейді.


Көктем – жыл басы. Енді суық болмайды. Қиыршықтап қар түсетін бір мезгіл бар, оны аталарымыз «наурызша» деген. Ол да – табиғатты әсемдеу үшін жіберілген тәңір сыйы. Біз әзірге Григориан күнтізбесіндегі жаңа жыл мейрамын Наурыз мерекесімен қоса атап өтіп келе жатырмыз. Оның қазаққа қатысы шамалы. Қаңтарда табиғаттың өзінің алдындағы айдан өзгешелігі де жоқ. Жаңалығы болмағанмен, жақсы ниет, жылы лебіз ақ қармен араласа жауып жататын сол күнді санадан сызып тастаудың неше түрлі сылтауына қосыла қоймайтынымды да жасыр­маймын.
Енді өзімнің өлеңімнен бір шумақ келтірейін, «Көктем» дейтін өлеңімде:

«Жан шуағын ерте келді жыл құсы,

Сұлулықты суреттейін мен не деп.

Ерке көктем – төрт мезгілдің тұңғышы,

Тал басына шығып апты өрмелеп», –

деп жазғанмын. Шынында, көктемнің төрт мезгілдің басы боларлық қақы бар. Оны мен табиғаттың тәнінен ғана емес, бірге қызмет істейтін ­ іні-қарындастарым­ның жан дүниесінен де кө­ре­мін.


Бүгін бәрінің көңілі шат, үндері жұмсақ. Әдемі-ақ, бәрі. Тек, осы бір «әдемі» сөзін әдемі қылып айтатын Айғали бауырымыз жоқ арамызда. Осынау көктемнің алғашқы айында туған күнін атап өтетін Қази ағамның қайтпас сапарға аттанғанына да он төрт жыл өте шығыпты. Көктемдей күліп, кеудесін кең даладай ашып жүретін жайсаң Жақсылық пен Оразбек ағамның орны да ойсырап тұр. Кеше ғана қасымыз­да жүрген Әсағам мен қайсар қалам иесі Бақтыбай ағам да бүгін редакцияға бір бас сұғып, ішкі дүниелерінің нұрын төгіп өтер еді…


Алайда, Жаратқанның жарлығымен туатын көктем тіршілік жолын жалғай береді. Біз сол жолдың үстінде кетіп бара жатыр­мыз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<