«Комиссар Жүргенов» романы хақында

498

0

Өткен жылы Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың тапсырысымен, Бейбіт Қойшыбаевтың авторлығымен «Комиссар Жүргенов» романы жарық көрді. Роман жанрын таңдауда автордың алдында күрделі міндеттердің болғаны байқалады: эпикалық ауқымды таңдаған дұрыс па әлде психологиялық роман немесе велосипед ойлап таппай-ақ, үйреншікті классикалық жанрды жазған абзал ма? Сондай-ақ бүгінгі қоғамдық пікірдің қажеттерін өтеу үшін «патриоттық бояуларды» қоюлатқан дұрыс па әлде тарихи деректерден ауытқымай, заман шындығын сол қалпында беруге тырысқан жөн бе? Таңдалған екінші жол өзін-өзі ақтаған. Ақыр соңында роман осы күнгі оқырман тілі мен қабылдауына жақын тарихи құжатты, публицистикалық стильде жазылып, көзіқарақты оқырманның ыстық ықыласына бірден бөленгенін айту керек. Кітаптың тұсаукесері автордың қатысуымен, «Жүргенов қорының» төрағасы, Сыр бойының ардақты ақсақалы Сәпен Аңсатовтың ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында дүйім жұрттың алдында зор ауқымда өткізілді.

Бар болғаны 40 жыл өмір сүріп, қазақ қана емес, бүкіл Түркістан халықтарының қоғамдық-саяси өмірінде өшпес із қалдырған, тарих көкжиегінде құйрықты жұлдыздай ағып өткен тұлғаның дүниетанымдық феноменін, өмірі мен қызметі эволюциясының ұңғыл-шұңғылын қалай ашуға болады? Автор бұл орайда, өзінің еркінен тыс, объективті түрде бүгінгі тарих ғылымының жаңа бағыттары – «күнделікті тарих», ауызша тарих әдістері мен тәсілдеріне жүгінеді. Сөйтіп бұрынғы кеңестік тарих ғылымында қағажу қалған ауызша деректерді жазба деректермен қиюластырып оларға жаңа мазмұн мен рең береді.

Автор Т.Жүргенов құбылысын халықтық тәрбие дәстүрімен ашады. Қазақта атағы жер жарған даңқты да танымал кісілер ауылына ат басын бұрып қонақ болғанда, арнайы үй тігіліп қонақкәдесі жасалғаннан кейін қонақтың дуалы аузынан шыққан ұлағатты сөздерін ауыл болып тыңдау үрдісі болған. Мұндайда қазақ әсіресе, болашағынан үміт күткен, ақыл-парасатымен, зейінімен ерте ерекшеленген ұл-қыздарының іс-шараға міндетті түрде қатысуына мән берген.

Кітаптың алғашқы беттерінде атақты Қажымұқан палуанның Қараның ауылына қонақ болып келуі суреттеледі. «…Оның келуі құрметіне елдің үлкендері мен игі жақсылары Қараның үйінде бас қосып, әңгіме-дүкеннің көрігін қыздырған-ды. Әйгілі палуанның аузынан шыққан әр сөзді бір жұдырықтай жас өскін үлкендерден қалыспай қағып алып отырды. Бұл алты жасар Темірше еді… Қара бұл ұлының мұндай жайғасуына әбден үйренген. Небір той-думанда да тап осылай алдына жатып үлкендердің келелі кеңестерін де, жырауларды да, әншілер мен күйшілерді де тапжылмай тыңдайтын».

Дәл осындай жас өскіндердің жаны мен рухын қалыптастырған кездесу-сұхбат шайыр Тұрмағамбетпен де болды. «Қажымұқан палуан жақсы әсермен Қара ауылынан аттанған күннің ертесіне жайлауға бітімі мен өзін ұстауы қыр қазағынан өзгешелеу, киім киісі тәжік еліндегі діни қызметкерлерге көбірек келетін бір салт атты жас жігіт келді. Ол өңірдегі аса сыйлы, ойшыл, қадірменді ақсақал Қара Жүргенұлына сәлем беруге келе жатыр екен. Бұл қаршадайынан ақындығымен көзге түсіп, бұдан он шақты жыл бұрын үлкендердің кеңесімен оқу қуып Бұқараға кеткен Тұрмағамбет Ізтілеуұлы болатын.

Осы деңгейдегі кездесулер Сыр сүлейлері Кете Жүсіп, Балқы Базар, Шораяқтың Омары және т.б. болғаны анық. Осылайша шығыстық энциклопедиялық білім иесі Тұрмағамбет ауыл мұғалімі атанып, оған Қара тарапынан барлық жағдай жасалады. Мектебінің үздік оқушысы болашақ мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов болды. Одан әрі Темірбек бір топ баламен елге жақын маңдағы «Аламесек» төменгі бастауыш орыс мектебіне оқуға барады. Сосын Перовскідегі Суханский дейтіннің төрт жылдық жоғары бастауыш училищесінде оқуын жалғастырады. Бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан басталған шеткері аймақтардағы ұлттық толқуларды көрді. Дүниежүзілік революция жетегінде жүрген және бірде-бірінде жоғары білім болмаған, қылмыстық ұғымдармен өмір сүрген больщевиктер партиясы Орта Азия мен Қазақстанда Кеңес өкіметін күшпен орнатқаннан кейін, әрі қарай не істеу керектігіне теориялық, практикалық білімі мен өресі жетпеді. Сондықтан олар 1918 жылы 1 мамырда өлкеде Түркістан Советтік республикасын құрып, дербестік бермей, тікелей Мәскеудегі орталық билікке бағындырды да, Ресей Федерациясының құрамына кіргізді. Мәскеу тарапынан 1918-1936 жылдары өлкеде кеңестік мемлекеттік бірлестіктер ойын картасындай үнемі қайта араластырылып, қайта таратылып отырды. Орталық Азиядағы Түркістан, Бұқара, Хорезм республикаларын ұлттық-аумақтық тұрғыда қайта жіктеп, бөліп межелеу мәселесі бір сәтке болса да толастаған емес. Межелеу мәселелеріне қатысты ұлт зиялылары көзқарастарының талқылану барысы мен суреттелуі – романның ең жарқын беттері.

Мәскеу Түркістан халықтары мен этникалық топтарының бір федерацияға бірігіп, болашақта біржолата «Түркістан ұлты» болып ұйысқанын қалаған жоқ. Қазіргі Қазақстандағы қоғамдық пікірде межелеу науқаны кезінде Ташкент пен оның төңірегінің Өзбекстанға әділетсіз өтіп кеткеніне өкініш білдіріп, оны сол уақыттағы өзбек саяси элитасының құйтұрқылығынан көретіндер жетіп-артылады. Шындығында, оның Мәскеудің ұйғарымы болғанын екінің бірі біле бермейді. Романда мәселенің анық-қанығы өзбек зиялылары Мінәууар қари Әбдрашидханов, Файзолла Ходжаев пен Темірбек Жүргенов арасында өрбитін сұхбат, ой-толғамдар арқылы беріледі.

Қысқа мерзім ішінде кеңестік Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде жарық жұлдыздай із қалдырған тұлғаның басына қара бұлттың төнбеуі мүмкін емес-тін. Т.Жүргенов – большевиктік революциялық романтикалық ұрандарға сенген, бірақ оның қылмыстық табиғатын бірден аңдай алмаған адам. Параноик Сталин құрған адамжегіш жүйе үнемі жаңа құрбандықтар талап ететін. Әрбір өлкеде, республикада, шаруашылықтың әрбір саласында мезгіл-мезгіл қанша адам жау ретінде ұсталуы керектігін жеке өзі белгілеп беріп отырғаны бүгінде мәлім. Бұл жағынан ол өзі шыққан қылмыстық әлем ұстанымдарынан да төмен түскен еді.

Романда зоологиялық қорқыныш инстинктімен өмір сүруге мәжбүр қазақ зиялыларының өкілі ретінде Есенаманов образы сомдалған. Бірден айта кетейін, романда Есенаманов табиғатын ашуға жеткілікті мән берілмеген. Саяси коньюктураға бола туған бауырын өлімге қиюға даяр, азғындықтың табиғатын, қозғаушы күштерін, түпсанасын ашу әрине, оңай емес. Дегенмен тырысып көріп, оған жеткілікті мән беру керек еді деп ойлаймын. 1957 жылы Жүргенов ақталғанда, оның есімінің еліне лайықты ұлықталып қайтарылуына да кедергі болған нақ осы «есенамановшылдық» еді.

Өмірден өткеніне бар болғаны жиырма жыл өткен, оның үстіне аты аңызға айналған комиссар Жүргеновті көргендер, кезінде шапағатына бөленген өнер қайраткерлері аз болған жоқ. Олардың 50-60 жылдары Қазақстан билігіне Т.Жүргеновке қатысты мәселелерді табандылықпен қоя алмауы немесе сөзін өткізе алмауы – қорқыныш жұтқан қазақ зиялылары мен «есенамановшылдық» мінез желісінің көрінісі. Осылайша олар Т.Жүргеновті екінші рет сатқанына есеп берген жоқ. Алайда ішкі бостандығын сақтаған, принцип-ұстанымынан таймаған Т.Жүргеновтің санаулы шәкірттері болмады емес, болды. Солардың бірі Т.Жүргеновтің төл өнімі И.Омаров еді. Оның бар қолынан келгені 1967 жылы Мәдениет министрі болып тұрғанда жұмыс бөлмесіне Т.Жүргеновтің портретін іліп қойып, «есенамановшылдарды» кіжіндіру болды. Т.Жүргеновтің рухы мен Ильяс Омаровтың мінез желісін жалғастырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков еді. Парадоксальдығы сонда, еліміздің тәуелсіздік алуымен «есенамановшылдыққа» түпкілікті соққы берілетіндей көрінген. Алайда ол құбылыс ретінде нақ тәуелсіздік жылдары қайтадан рухани жаңғырып, екінші тынысын алды. Республика қоғамдық-саяси өмірінде өз позицияларын нығайтты, саяси элита тарапынан да зор қолдауға ие болды.

Тұжыра келгенде, кітапты аса қызығушылықпен оқып шыққанымызды, оның мазмұнының, танымдық көкжиегінің кеңдігін (қазақ қасіретінің көрші түрік халықтарының қасіреті, қазақ-өзбек зиялылары алғашқы буынының өзара түсінікті, қоян-қолтық араласуы аясында қаралатындығы), автордың өзіне тән сөз саптауының сонылық сипатын атап өткіміз келеді. Айталық, орыс тіліндегі «раскаянное письмо» сөзінің «опыну хаты» деп берілуі сәтті шыққан. Болашақта оның біржолата осы нұсқада қолдану қажеттігі күмән тудырмайды. Өйткені, өз тәжірибемізден білетініміз, оны әркім өз қалауынша аударып жүргені жасырын емес, «өкінішке толы хат» дегендей.

Кемшілік емес, тілек ретінде айтқымыз келгені, мүмкін сол жылдардағы кеңестік негізгі құжаттарды, қаулы-қарарларды қазақшаламай-ақ, түпнұсқада, орыс тілінде бергенде, сол заманның зәрлі атмосферасы мен бояуы айшықтала түсер ме еді?! Сондай-ақ республиканы басқарған Голощекин, Мирзоян, НКВД басшыларымен Т.Жүргеновтің тартысты диалогтарының кейбір тұстары орыс тілінде беріліп жатса (авторға олар белгілі), ешқандай сөкеттігі болмас еді. Қайта керісінше, Т.Жүргеновтің олардан моральдық және интеллектуалдық басымдығы ашыла түсер еді деп ойлаймыз. Сөз соңында Бейбіт Қойшыбаевтың жаңа романын қалың оқырман мен тарихшы, филолог студенттердің міндетті түрде оқып шығуына кеңес берер едік.

Тастанбек Сәтбай,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті,

тарих ғылымдарының докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<