Ел қадірін білген ер

569

0

Өскенбай Арысбайұлы Көзбеков 1963 жылы 6 маусымда дүниеге келген. Орта мектепті үздік бітіргеннен кейін 1982-1984 жылдары әскер қатарында болады. Одан соң екі жыл туған ауылында еңбек етеді. 1986-1991 жылдары әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінде жоғары білім алады.

Алғашқы  еңбек  жолын 1991-1992 оқу жылында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметтен бастайды. Ұстаздық қызметін ғылыммен байланыстырады. Сөйтіп аз ғұмырында жасаған жұмысының жемісі ретінде 1998 жылы «О.Бөкеевтің поэтикасы» атты тақырыпта 2002 жылы 10 қаңтарда қазақ әдебиеті мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

Өскенбай Арысбайұлы осы ғылыми жұмысы арқылы белгілі әдебиеттанушы ғалымдардың назарына ілініп, ерекше бағаланады. Оған дәлел – сонау студенттік кезден оқытып, тәрбиелеп, ұстазы, диссертациялық жұмыстың ғылыми жетекшісі болған, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Майтановтың оң бағасы. Өскенбай Арысбайұлының ғылыми зерттеуі туралы академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкішов ресми сарапшы ретінде арнайы пікір берген. Сондай-ақ диссертациялық жұмыстың екінші оппоненті болған белгілі әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Серікқалиев диссертанттың жұмысын жоғары бағалаған.

Кандидаттық жұмысын абыроймен қорғаған Ө.Көзбеков профессор Бақытжан Майтановтың ғылыми кеңесшілігімен «Прозадағы символ поэтикасы» атты докторлық диссертация тақырыбын теориялық жақтан игеріп, тақырыпқа қатысты әдебиеттер мен материалдарын жинай бастаған шағында  2006 жылы жол апатынан қайтыс болды.

Өскенбай Арысбайұлы әдебиет саласында ғылымға енді келе бастаған жастардың диссертациялық жұмыстарын барынша талдап, пікір білдіріп, болашақ әдебиет зерттеушілерінің жұмыстарына сәт-сапар тілеуді өзінің парызы санаған.

Ө.Көзбеков – әдебиетті оқыту әдістемесі мәселелерімен де айналысып, «Орыс әдебиетінің тарихы» атты типтік оқу бағдарламасын құрастырған және «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша әдістемелік нұсқаулық әзірлеген әдіскер ғалым.

Ол замандағы қазақтың маңдайына біткен екі университетінің бірі әрі бірегейі С.Киров атындағы ҚазМУ-дің филология факультетіне біздің курс 1986 жылы қабылданып, 1991 жылы бітіріп шықты. Түскен жылымыз да, бітірген жылымыз да қазақ тарихы ғана емес, Кеңес Одағы тарихындағы да айтулы жылдар еді. «Балмұздақ» кезімізде-ақ сексен алтыда қасіретті желтоқсан көтерілісінің ызғарлы күндерін қасқайып қарсы алған біздің қыз-жігіттер сексен жетінің репрессиясын да, сексен сегіздің жылымығын да, сексен тоғыздың ояну кезеңін де, тоқсанның саяси толқындарын да аман-есен өткеріп, 1991 жылы Кеңестік империяның көбесі сөгіліп, тәуелсіздіктің таңы атар шақта дипломымызды алдық.

Алатаудың баурайындағы көк желекке көмкерілген әсем қалада тұрақтап қалу – барлық бітірушінің арманы. Әсіресе, біз секілді құмның ортасынан келгендер үшін таудың етегі жұмақтың төрі дерсің! Алайда, ол қаладан тұрақты тіркеу табу қиынның қиыны. Біз алмағайып заман болса да Алматыда қалуды армандап, әрі-бері толқып жүргенімізде Өскен досым диплом алған бойда ауылға қайтатынын, Қызылорданың пединститутына барып жұмыс істейтінін мәлімдеді. «Алматыда не бар, үйсіз-күйсіз қаңғып, елге барып еңбек етейік, тәжірибе жинайық. Отбасы барларға жатақхана береді екен, сонда  тұрамыз, Алматы сосын да қашпас» деп үлкендігін білдіріп ақыл айтып қояды Өскен. Шынын айтқанда, амалын тауып Алматының қалалық тіркеуінен өтіп, Шәкір ағамның (Ыбыраев) шақыруымен алдын ала бөліну кезінде Ұлттық академияның қолжазба бөліміне ғылыми қызметкер ретінде жолдама алып, жұмыс орнымды қамдап қойған менің аяқ астынан өз шешімімді өзгертіп апар-топар елге қайтуыма әуелі Темірхан ағамыздың (Тебегенов) темірді ерітетін тәтті тілі,  екінші Өскеннің осы өзгеше шешімі әсер еткені рас. Бұл күнде ол оқиғаның куәсі болған Темірхан ағам да, Өскен досым да бақилық болды…

…Өзге жұрттан өзгеше жақын Өскен досым елге келіп аз да емес, көп те емес тура он жыл еңбек етіп, баяғы армандаған Алматыға қайта көшіп бара жатқанымда: «Алматы қашпас деп едім, ақыры көшіп барасың, енді бізге де жұмыс қарастыр» деп әзілдеді. Кейін жұмыс та, қызмет те табылып, Алатаудың етегіндегі әсем қалаға қанша шақырғанымда елден кетуді еш лайық көрмеді. Елдің қара топырағы екен де тартып тұрған…

«Ел қадірін білген ер» деген тіркес осы Өскең сияқты азаматтарға арналған шығар, асылы. Ер қадірін де елі кеміте қоймас… Аз ғұмырында Қорқыт топырағының көп әдебиетшісіне ұстаз болды. Аға деп ақыл сұраған талай талапты, талантты інілеріне тура жол, түзу үлгі көрсете алды. Сөзі түзу, ісі қисық жандардың қасында Өскеңнің адалдығы, туралығы, ақкөңіл ниеті көзге ұрып тұратын. Содан да шығар шәкірттерінің көбінің Өскен атына ерекше құрметпен қарайтыны. Әйтпесе, өтіп болмайтын «өтпелі кезеңнің» «өзекті» реформалары өзегін талдырып, қадірін де, кадрін де төмендетіп болған біздің білім жүйемізде кімге кім дәріс бермей жатыр? Меніңше, алшаң бассаң ағаларыңа, емпең бассаң інілеріңе ұнамай қалатын қазіргі заманда асықпай анық баса жүріп әдебиетке, өнерге, өзіңнің сүйікті кәсібіңе адалдық сақтай білу де үлкен ерлік. Өскен де сол өз ісіне шын берілген, әдебиетті шын сүйген азаматтардың бірі еді. Өмірі жарқылдап жүретін Өскеңнің бір жолы «бірінші курстың бір студенті «Абай жолы» романының авторын білмей қалды» деп бірнеше күн бойы қабағы ашылмай қойғаны есімде…

Кей кезде Өскеңнің ерекше қазақылығына, ұлттық ұстанымына қайран қалатынмын. Студент кезімізден ол тілімізге орысшадан енген сөздерді, терминдерді ешқашан екпін қоймай таза қазақы үрдісте дыбыстайтын. Біз тілімізді әбден жаттықтырып, зорланып дыбыстайтын терминдерді ол оп-оңай қазақы ыңғайға сала қоятын. Біз келеке қылып оны терістей бастасақ, «әй, сендердің ешқайсысың да Мырзабековтен (Сапархан ағай) асқан әулие емессіңдер, қазақта ондай фонетика маманы жоқ» деп дымымызды құртатын. Кең пішілген қазақы болмысы сөйлеген сөзінен де, істеген ісінен де, жүріс-тұрысынан да көрініп тұратын. Досқа адал, сөзге берік нағыз еркөңілді, ұлтшыл азамат еді…

Өзінің мың сан шаруасы тұрса да, көмек сұраған адамның алдына түсіп елпілдеп жүретін. Бірде өзі Қызылорданың түбіндегі лагерьде жатып, сатып алатын үйді іздеуге көмек сұраған «сырбаз» досымызға тұратын үй іздеймін деп үш-төрт күн бойы сабылып, қара табанынан бастап бірнеше мүшесін жарақаттап алғаны бар. Сонау тоқсаныншы жылдардың ішіндегі «Арысбай атамыздың ауылын іздеу оқиғасынан» басталатын, айта берсе бір кітапқа жүк болатын талай қызықты оқиғалар өтті ғой қысқа күндік ғұмырында.

Жақында ғана біздің курстың университет бітіргенінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік түлектері» атты жинақ жарық көрді. Сол кітапта бірнеше курстасымыздың Өсекең туралы естеліктері бар. Шолып отырсам бәрі де оның айрықша қазақылығына, өзінің шаруасын тастап, біреудің жұмысын істеп жүретін ақкөңілдігіне ерекше тоқталыпты. «Бәріміз де қазақы ортада өсіп, қазақша тәрбие көріп, қазақ мектебін бітірдік. Алайда, біздің курстастардың ішінде Өскеннің қазақылығы тіптен ерекше еді. Оның бүкіл жүріс-тұрысынан, болмыс-бітімі мен өмір салтынан қазақтың иісі аңқып тұратын… Қазақша етті, палауды тек қолмен жейтін, тамақ жеуге орындыққа отырғанды, шанышқы ұстағанды ұната бермейтін… Сабақтан келгенде төсегінің үстінде малдас құрып отыратын» дейді Өскеннің бес жыл бір бөлмеде тұрған досы, ҚР ҰҒА академигі, елімізге мәшһүр лингвист ғалым Шерубай Құрманбайұлы. Ал онымен абитуриент кезінен бірге оқыған досы, бүгінде елге танымал тілші, ғалым Бижомарт Қапалбек естелігінде «…Бітпейтін шаруа тұрғанда, тыныш жата алмайтын Өсекең мені екі кештің ортасында жетім бұрышқа жетектеп келді. Үй сататын бір орыс шал да табыла кетті. «Саяхаттың» түбіндегі үйін көрген бойда Өсекең бағасын келісіп, шалмен екеумізді қол алыстырып жіберді. Сол үйде тапжылмастан отыз жыл тұрдым. Жар сүйдім, бала өсірдім. Талай қуанышымның куәсі болған жылы ұямды тауып берген-ді. Өсекең осылай, оны қалай ұмытайын», – деп тебіренеді. Бұл – сонау студент шақта, бұдан отыз үш жылдай бұрын болған оқиға. Мұны оқып «Өсекең жарықтық достарын үйлі қылуды балапан шақтан бастаған екен-ау» деп қоям бүгін. Мұның бәрі оның жақыным деген жанға адал дос, сенімді серік бола білгенінің белгісі.

Өскенбай Көзбеков – өнегелі ұстаз ғана емес, талантты әдебиет зерттеушісі де болатын. Қазақ әдебиетінің тарихында қырық қатпарлы терең психологизмге құрылған Оралхан Бөкеев шығармашылығын автордың көзі тірісінде-ақ алғаш зерттеу  объектісіне алып, ғылыми диссертация қорғаған да біздің Өскенбай досымыз еді. Өкінішке орай, талантты жазушы да Қызылордадан келген «томпақ қара баланың» (Оралханның сөзі) өз шығармашылығынан зерттеу жазып жатқанынан хабардар болса да, диссертация қорғалғанын  көзімен көре алмай кетті… Енді Оралхан мұрасы туралы Өскен жазған зерттеу еңбекті ғылыми көпшілікке жеткізіп, кейінгіге насихаттау да тірілердің үлесіне қалған сықылды…

…2005 жылдың қараша айында кезекті бір сапармен Қызылордаға келдім. Өскен, Әлайдар, Дархан бастаған жан достар, інім Аманжол құшақ жая даладай болып қарсы алды. Ел сағынып келіп, бірнеше күн бірге жүріп сағынышымызды бастық. Қайтатын уақыт келді, бірақ, Президент сайлауының қарсаңы бірде-бір пойызға билет жоқ. Амалсыз қара жолмен «Түркістан-Шымкент-Алматы» бағытында автобуспен кетуге қарар бердім. Автобекеттің басындағы кафеге жеткеннен-ақ Өскең «қайтпа, бүгін қонып, ертең шық жолға» деп мені үгіттеумен болды. Үстелдің басында Өскең, Әлайдар және мен. Әлайдар әлсін-әлсін далаға шығып, «Асеке, бес автобус қалды», «төрт автобус қалды» деп хабарлап келеді. Өскең мені жібермеудің жағында. Ақыры  не керек сөйтіп отырғанда Әлекең соңғы автобустың да кетіп қалғанын хабарлап тынды ғой… Сол кеште басымыз бүтін отырып тағы бір той жасадық. Бұл – біздің Өскеңмен соңғы рет кездесуіміз екен…

Қазір ойласам бір-біріміздің дидарымызды қимаған екенбіз-ау сол күні. Көңілден кетпес күндер еді шіркін сол кездер…  Одан соң да телефонмен бірнеше рет сөйлестік, бірақ дидарласа алмадық. Қайтарынан екі күн бұрын сөйлестім, керемет көңілді еді…

«Жігіттің отыз жасқа дейінгі досы – шын досы, отыздан кейінгі досы – есеп досы» деген сөз бар елде. Есейіп есеп білгендігімізден бе, әлде есебі кәміл заманнан есепсіз досты іздегенімізден бе, әйтеуір отыздан кейін де талай есті азаматтармен дос болдық. Алайда, жастық шағыңның ыстық-суығын қатар өткізген, студенттік күндердің қиын да қызық кезеңін бірге бастан кешірген ескі достардың көңіл төрінде ерекше орыны болатыны талассыз шындық. Себебі, анда-санда басың қосылғанда  барыңды бөлісіп, жоғыңды талқылайтын, қайта оралмас жастық күндеріңнің тірі куәсімен бірге отырып, санаңдағы сағым сәттерді жадыңда жаңғыртқанға не жетсін?!

…Дидары ғайып дүниеде бар мен жоқтың бағасын айыратын жасқа жетіп қалған сияқтымыз. Дегенмен, ортамызда Өскен жоқ дегенге күні бүгінге дейін еш сенгім, иланғым жоқ. Қызылордаға айында-жылында бір барғанда көре алмаған, кездесе алмаған, дидарласуға мүмкіндігім болмаған қаншама таныс достар бар. Өскен де құдды солардың бірі секілді. Бүгін болмаса ертең кездесіп қалатындаймын… 

Асқар Тұрғанбай,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің вице-ректоры

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Ғылыми кеңесінің шешімімен университеттің №1 ғимаратында филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ө.Көзбеков атындағы дәрісхана ашылмақшы. Дәрісхананың заманауи тұрғыдан жөнделуіне Ө.Көзбековтің отбасы – жары мен балалары және ағайындары атсалысты. Дәрісхананың ішкі безендірілуі мен жабдықталуына Өскенбай Арысбайұлымен бірге оқыған кластастары, курстас достары, отбасылық достары және университеттің 1996 жылы бітірген түлектері мен өзінің тәлімгерлік жасаған К-01-1 оқу тобындағы шәкірттері қаржылай көмек берді. «Жақсылық жасасаң өзіңе…» деп ақын С.Торайғыров айтқандай, Өскенбайдың дүниеден озғанына 17 жыл өткеніне қарамастан оны осынша адам ұмытпағаны былай тұрсын досым, ұстазым деп сыйлап қол ұшын беріп, атына берілген дәрісхананың ашылуына қолғабыс тигізуде. Өскенбай Арысбайұлының өмірі қысқа болды, бар-жоғы 43 жасында дүниеден озды. Артында жары – Гүлбану мен ұлы – Ерсұлтан, қызы – Қарлығаш қалды. Қазір олардан бірнеше немересі бар.

Ғылыми еңбектері

«Ғалымның хаты өлмейді» дегендей Ө.Көзбековтің артында бірнеше мақалалары бар. Олардың кейбірі жарияланбай қолжазба күйінде қалған.

1. «О.Бөкеев прозасының поэтикасы». Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация. – Алматы, 1998. – 155 бет.

2. «Суреткер шеберлігі» //Қызылорда педагогикалық институты. Тезистер жинағы, 1993. 0,5 баспа табақ.

3. Бөкеев шығармаларындағы аңыздық желі, символ //Қазақ тілі мен әдебиетінің кейбір мәселелері. Аспиранттар мен ізденушілер жинағы. Шымкент, 1996. 0,3 баспа табақ.

4. «Оралхан прозасындағы ырғақ» // Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының жинағы, 1997.

5. «Бөкеевтің тіл көркемдігі» // Актуальные проблемы теории и методики ВУЗ-е. Жинақ. Қызылорда гуманитарлық университеті, 1997.  0,2 баспа табақ.

6. «Көркем шығармадағы уақыт және кеңістік». ҚРҒА хабаршысы, Тіл әдебиет сериясы. №1.  1998.  0,3  баспа табақ.

7. XIX ғасырда жазылған белгілі ғұлама Бекасыл Бекболатұлының «Жұлдызнама» еңбегі // Ұлы дала мұралары. – Алматы, 2006.

8. «Ә.Қоңыратбаев және Шығыс әдебиеті» (қолжазба).

9. «Әдебиеттану терминдердің мәселелері» (қолжазба).

10. «Махамбет өлеңдерінің көркемдік ерекшелігі» (қолжазба)

11. «Қорқыт Ата кітабының зерттелуі және Қорқыт Ата бейнесі» (қолжазба).

12. «Асқар Тоқмағанбетов поэзиясындағы соғыс тақырыбы» (қолжазба).

Шығармашылығы туралы пікірлер

Ө.Көзбеков бес қаруы бойында қалыптасқан әдебиетші әрі осы уақытқа дейін республикалық деңгейде көрінбей жүрген сыншы екен. Әрине, астанадан алыста жүрген соң жүрексіне бергені бекер болған. Бізге осындай таным-білігі және оралымды да ойлы қаламы бар әдебиетші қазір тіпті айрықша қажет. Білек сыбанып әдебиет майданына келгені абзал.  

Т.Кәкішов, филология ғылымдарының докторы, профессор

***

Ө.Көзбеков жазушы қаламынан туған табиғат көріністерінің көңіл әлемімен сабақтастығына мән беріп, ой өрбітсе, ішкі монолог тұрпатына келгенде О.Бөкеевтің сана тасқыны емес, логикалық жүйедегі пікірлер құрылымын қалайтынын нақты мысалдар арқылы көрсетеді.

Б.Майтанов, филология ғылымдарының докторы, профессор

***

Символ жайлы пікір де біздің әдебиеттануда кең өріс жая қойған жоқ. Ізденістер бар. Ал Өскенбай Көзбеков мифологиялық ойлау өрнегі мен логикалық тұспал, ишараның арасындағы үлкен сабақтастық сырын тауып, көрсетуге ұмтылады.

З.Серікқалиев, филология ғылымдарының кандидаты

Әдебиет туралы ой-пікірлері:

О.Бөкеев  – халық тілінің қаймағын, сөз құбылтудың сан алуан сырларын жете меңгерген, сұлу нақышты, көркем кестелерін барынша пайдаланып, толқыта төккен, әуендік байлығын, ырғақтың қыры мен сырын, икем-бейімін шебер игерген жазушы.

***

Кейіпкерлерінің жан дүние әлемінің тереңіне үңіліп, айтылар ойды ішкі толғаныс-тебіренісі арқылы жеткізу – О.Бөкеев шығармашылығының негізгі ерекшеліктерінің бірі.

***

О.Бөкеев – фольклордағы эпикалық-романтикалық дәстүрді бүгінгі өмірдің реалистік-романтикалық биігіне көтерген қаламгер.

***

Нағыз өнерде форма мен мазмұн ажыратылмайды.

***

Шығарманың негізгі мақсаты – әлеуметтік өмірдің қай саласында болмасын күрделі өзгерістер жүріп жатқан мезгілде сол уақыттың талабын жүрегімен түсініп, жүзеге асыратын адам тәрбиелеу.

***

Заман талабын терең зерттеп, зерделеген қаламгер ғана бүгінгі уақыт талабын күнілгері болжап, алдын ала зиялы замандастарының ой-санасын оятып, қайрат-жігерін осы асқақ мақсатқа жұмылдыру бақытына ие болады.

***

Көркем сөздің шын майданында жалпыға ортақ бір ғана өлшем бар. Ол – талант, ой-парасат, көркемдік шеберлік асулары.

***

Суреткердің суреткерден айырмашылығы – дүниені қалай көріп-танып, сол  таным суретін оқырманға қалай жеткізе алуында.

***

Бүгінгі ұлттық әдебиеттануымыздың заман талабына жауап берерліктей дамуы үшін әдеби терминдерімізді бір ізге түсіруіміз қажет. Бұл салада бізге А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» ерекше үлгі бола алады. Өкінішке орай, осы еңбектегі үлгі боларлық терминдерге әлі де өз дәрежесінде назар аудармай келеміз. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<