Шәкірті едік Шернияздың

408

0

Әлі есте. Оныншы класқа көшкенімізде біздің сабақ кестемізге өзгеріс енген. Бұрын-соңды өтпеген екі пәннің қосылғанын білдік. Бірі «Трактор», жо-жоқ, дұрысы, «Ауыл шаруашылығы машиналары», екінші «Алғашқы әскери даярлық». Екеуі жайлы бізден жоғары оқитын ересектерден естісек те, сабақ құрылымын көзбен көрмеген соң тым таңсық дүние еді.

Аптасына екі рет болатын «Алғашқы әскери дайындық» пәнінен Шернияз ағай береді. Капитан шеніндегі мұғалімнің сабақ барысында тым қатал болмаса да, талапшыл екені алғашқы күндері-ақ белгілі болды.

– Балалар, әскери форма кию керекпіз, – деді оқу жылының басында. – Әзірге қолда барын пайдаланармыз. Көйлек пен галстугін ата-аналарың қысылмаса, мына Қазалының базарында бар…

– Ағай, әскерден келген ағамның солдат кезіндегі кигені жарай ма? – деді біздегі бір оқушы.

– Әрине, жалпы, балалар үстеріңде әскери киім болса, өздерің де бұл сабаққа құлшыныстарың артары сөзсіз. Сондай-ақ біз екі жыл ішінде әскери жаттығулар мен қорғаныс тәсілдерін үйренетін боламыз.

Шернияз ағай сол күнгі сабақ соңын осылай деп түйіндеген.

…Қазалының базары ығы-жығы. Халық нөпірі көп. Жексенбі болған соң ба, жан-жақтағы ауылдан келген ағайын керегін осы жақтан іздейді. Біз де әдейі демалыс күнді таңдап алдық. Біз деп отырғаным, сыныптас Еркебұлан екеуміз. Мақсатымыз – әскери көйлек пен галстук алу. Төменгі жаққа қара түсті шалбар жарай береді. Айтпақшы, демалыс күнді таңдау себебіміз жоқ емес. Өйткені, аптаның дәл осы күні Байқоңырда тұратын орыс әжейлер «баени» киімнің неше түрлісін әкеп, Қазалы базарында сауда қылатын.

– Әй, тоқташы, мына көйлектер таза болғанмен өлген орыс солдаттардан қалған дейді ғой. Еркебұлан олардың жайма базарын аралап жүріп, осылай күдік айтады.

– Жоқты айтпашы. Басқа қай нағашың мұндай көйлек дайындап отыр еді? – деп мен ашық қарсыласамын.

Қош, сонымен пұлын төлеген қос әскери көйлекті қолтыққа қысып базар сыртына ығыса бердік. Мойынға тағар галстугі де жоқ емес. Көңіл бірленген, «Шернияз ағайдың сабағына дайынбыз» деген қуаныш та бар.

Иә, сол екі жыл, яғни, 10-11 сыныпта өткен «Алғашқы әскери дайындық» пәнінде біраз дүние үйрендік. Соғыс тактикасы, оқшантайдан оқ шашу немесе белгілі уақыт ішінде қайта жинау, арнайы тирді көздеп, мылтық ату, пәлен метрге дейін граната лақтыру. Қазақ батырлары мен кешегі екінші дүниежүзілік соғыстағы аталар ерлігі туралы дәрістер. Саптық жүріс, бұйрық беру, түрлі қиындығы бар жаттығулар. Шернияз ағай осыны жалықпай үйрететін. Шыдамы да тым берік. Кейде босаңсып бара жатсаң, намысыңды жанып, қайта түзеп алатыны бар. Бір сөзбен айтқанда, ол берген сабақта туған елді сүю, қорғау, соған адал болу сынды қасиетті құндылықтарды бар оқушы бойына сіңіріп бергендей.

Міне, біз мектеп бітіргелі 20 жылға жуықтапты. Ағай да зейнетке әлдеқашан шыққан. Биыл жетпіс дейтін жастың желкенін керген Шернияз Шамұратов біз өскен Аралдың Жаңақұрылыс дейтін шағын ауылында ұзақ жыл еңбек етті. Жары Жанерке Бақбергенова да мектепте елу жылдай ұстаз болды. Ән сабағынан беретін. Айтпақшы, ол үйдегі ұл мен қыздың бәрі өнерлі екен-ау. «Шамұратовтар» отбасылық өнер ансамблі десе болғандай. Рысжан, Рысбай, Рысбек те домбыра шертіп, гитарада ойнайды. Жанерке апай секілді баянмен сүйемелдеп, ән де салады. Әсіресе, менің кластасым Гүлмира талай байқаулардың бас жүлдесін алып келіп жүрді ауылға. Гүлстан, Тоғжан, Фариза да алдыңғы аға-тәтелерінің ізін қуып, өнер дейтін ауылдан алыс кетпегенін де білетін едік.

Иә, әңгіме Шернияз ағай жайлы еді ғой. 1953 жылы Арал ауданына қарасты Октябрь ауылдық кеңесінде туған ол 1970 жылы қазіргі Қаратереңдегі орта мектепті бітіріпті. Әдеттегідей, мектеп бітіре сала біздің елдің жігіттеріне ортақ жұмыс – балықшы кәсібін бастаған. Ал бір жылдан соң әскерге кетіп, 1973 жылы оралыпты.

– Әскерден келген соң Қызылордадағы №128 кәсіптік техникалық училищесінде оқып, оны 1974 жылы қызыл дипломмен бітірдім. Оған да көңілім толмай, сол жылы Түркістан қаласындағы индустриалды-педагогикалық техникумына түсіп, оны 1977 жылы тәмамдадық. Жастық шақта білімге ден қойған дұрыс деген ой еді бәрі. Ал 1987 жылы Жамбыл суландыру және құрылыс институтының (ДГМСИ) дипломын алдық. Оған дейін өзіміз кешегі күнге дейін еңбек еткен Жаңақұрылыс совхозында механик, автогараж меңгерушісі, шаруашылық меңгерушісі, техника қауіпсіздігінің инженері, совхоз директорының орынбасары, аға инженер қызметінің құлағын ұстадық. Оған қоса қоғамдық негізде 1983 жылдың қарашасына дейін комсомол комитетінің хатшысы болдым, – деп өткен өмір жолын әңгімелеп берген ағай.

Сол 1983 жылдан бастап ауылдық партия комитетінің хатшысы, 1989-1994 жылдары ауылдық кеңес төрағасы болған Шернияз Шамұратов 1997 жылға дейін елдегі кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарды. Ағайдың білім беру саласына келуі де осы жылы басталды. 2019 жылға дейін, жоғарыда айтып өткенімдей, №74 орта мектепте әскери даярлық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы болып жұмыс істеді.

– Мен шәкірттерімді отаншылдыққа баулуды алдыма мақсат еттім. Себебі, Қазақстан Ресбуликасының Ата Заңының 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы әрі міндеті» екендігі анық жазылған. Бұл үдеден шығу үшін алдымен біз секілді аға буын кейінгі жастарды нағыз елжандылыққа тәрбиелеу керек емес пе?! Осыған сай болу үшін қолымнан келгенше оқушыларымды туған ел мен жерін қорғауға, дәріптеуге, сүйе білуге тәрбиеледім, – деп ағынан жарылады ағай.

Біз білерде, ағай ел ішіндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жауапкершілік, жұмысына адалдық, шәкірттерінің дұрыс жолда болуы ол үшін басты назарда. Есімде әлі, әскерге барып келген жігіттер ауылға келісімін мектепке соғып, ағайдың қолын алып, алғысын айтатын. Өйткені, одан үйренгені көп.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін оның ауыл тарихында өз орны бар. Сол Жаңақұрылыста 1998-2012 жылға дейін қоғамдық негізде «Нұр Отан» партиясының ауылдық филиалы төрағасы, 1994 жылдан осы кезге дейін №23 сайлау учаскесінің хатшысы болды. Қосымша «Жайылым» қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды.

Еңбек елеусіз қалмады. Халық арасында сыйлы болған аға қызмет жолында көп марапатқа ие болды. Партия мен аудан және облыстық білім басқармасынан бірнеше «Құрмет Грамотасы», аудан әкімшілігі мен Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшыларының көптеген «Алғыс хатын» алды. Өз саласында және қоғамдық жұмыстар бойынша сіңірген қалтқысыз қызметіне орай мерекелік медальдар мен төсбелгіні кеудесіне тақты. Бұның ішінде армия генералы «С.Нұрмағанбетов атындағы», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» және «ҚР Армиясына 20 жыл» медалі де бар.

– Адамның адам болуы, абыройлы аталуының түп тамыры тәрбиеде. Әке-шешеден алған сол құндылықты бойға сіңіріп өстік. Әкем Шамұрат та елге белгілі ақсақал еді. Өткен ғасырдың ортасында, өзің білетін Сазды, Бекбауыл, Қаратерең ауылдық кеңесінде төраға болды. Өз заманында халыққа қызмет етуді мақсат тұтқан әкемді әлі күнге дейін өзіме де, балаларыма да үлгі етіп келемін, – дейді ағай.

Бүгінде білімі мен біліктілігі, кісілігі мен қарапайымдылығы бір төбе болатын Шернияз ағай өмірлік жары Жанерке апаймен бірге жеті перзентінен тараған немерелерінің қызығына батып отырған жайы бар. Өзі де жазу-сызудан алыс емес ағаның жақында ғана «Өткен күннен белгі бар» атты ғұмырнамалық шағын кітабы жарық көрді.

Көпшіл әрі қазақи қалыпты ұстанған ұстаздың 70 жасқа толғанын мақала басында айттық. Осы абырой төріне ол «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жетпеді. Қылған қызметімен жұртқа жағып, жақсы істерімен алғыс арқалап жетті. Әрі жоғары қызмет тізгінін ұстағанда да кісіге қиянаты болмапты. Бұны Жаңақұрылыстағы қызметтестері де, өз замандастары да, жасы кіші іні-бауырлары мен шәкіртері де бек мойындайды.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<