Қазақ қоғамындағы жастар рөлі

953

0

Сұлтанмахмұт Торайғыров ағамыз айтқандай: «Ақыр түбінде қара бұлт ашылып, қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне, өз елін бақытқа бастар азамат боларына, бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімім бар» – деген.
Бірақ, қазіргі қазақ қоғамында жастардың рөлі қандай? Олардың келбеті қандай? Қоғам ауысқан сайын оның өзіне тән құндылықтары мен тәрбие жолдары да өзгеруде. Қазақ халқы ертеден жастар тәрбиесіне аса көңіл бөлген және дәстүрлерімізді құрметтеуді міндет тұтқан. Алайда, өзгеріп жатқан заман қазіргі жастарымызға әр қилы ықпал етіп, бүгінгі күнде жастарымыздың келбеті өзгеріп отырғандығы баршамызға белгілі. Ол – Батыс елдердің мәдениетіне еліктеушілік.
Бүгінде теледидарды көре қалсақ, қылмыстық оқиғалар мен нәпсіқұмарлықты уағыздайтын фильмдер – әлі де алды-артын танып білмеген, өмірге көзқарастары енді қалыптаса бастаған жастардың бойын баурап, ойын ластауда. Оның үстіне күні-түні жұмыстан қолы босамай, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлуге мүмкіндігі келмейтін ата-аналардың да енжарлығы ықпал етуде.
Жастар бойындағы осындай қылықтар көбіне қыздар тәрбиесінен көрінеді. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «Қызға қырық үйден тыйым» жасайды. Ұлжан ана данышпан Абайды дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені Қиыншылыққа, жоқшылыққа шыдамай, өмір үшін күресте шыдай алмай, көбірек ақша табудың жолында ар-намысын құрбан етіп, көше бойын жағалаған жас бойжеткендер күн өткен сайын артып келеді. Осының салдарынан жетім балалар үйлері толып, жәудіреген тастанды сәбилер қатары көбеюде. Тіпті, қоқыс жәшіктерінен де табылып жатқаны қаншама?!
Сырттан келген сән үлгісімен киініп, санын жалтыратып, жалаңаштап жүру де, зиянды әдетке әуестеніп, көрінген еркектің көз сүзуіне апаратыны жасырын емес. Бұл әсіресе, қазақ халқының ұлттық менталитетіне жат қылық. Міне, қоғамымызға өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық. Қазіргі қазақ қыздарының жүріс-тұрысы, киім киісі, үлкен-кішіге деген құрметі өзгеше. Халық сонымен қатар, «қолаң шаш, қиғаш қас, ақылына көркі сай» деген теңеулерді қыздарға арнаған. Осымен бүгінгі қазақ қызының келбетін салыстырып қарасақ, ұлттық дәстүрлерден қаншама алыстап кеткендігімізді көреміз.
Елбасымыз бір сөзінде: «Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер» – деп еліміздің болашағын жастарымыздың қолында екенін нық сеніммен айтқан. Қазіргі қоғам өмірі де жастардың қолында. Сондықтан да, ең бірінші қоғамды қалпында сақтап қалуымыз үшін жастардың тәрбиесіне көп көңіл бөлгеніміз дұрыс.

Айсәуле Нұрланова,
ҚМУ-дың 1 курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<