Бесіктің қадірі

115

0

Әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. Бірақ сол желіде жүгенсіз кеткен небір дүниені көргенде көңіл құлазиды. 

Жуырда «Инстаграмнан» қоқыс жәшігіне тасталған бесіктің суретін көріп, көпке дейін көңілім түсіп жүрді. Бәлкім, оны суретке түсіріп алып, жариялаған кісінің де мен секілді жүрегі ауырған шығар. 

Қас қылғанда  сол суретті біреу «желкесінен» сүйреп әкеліп фейсбукте «жарқыратып» жі­беріпті. Көпшілік сурет астына шошынған кейіптегі пікір білдіріп жатты. Расында, қандай қорқынышты көрініс десе­ңіз­ші?! Сол бесіктерді қоқысқа тас­­таған да өз қазағымыз ғой. Хал­қымыздың аса қастерлеп ұстаған мүлкі айдың күннің аманында осылай қадірсіз қалатындай не күн туды?!

Бесік – өмірге жаңа келген періште-сәбидің ақ отауы, ұлтымыздың ардақ тұтар асыл бұйымы. Ақ жаулықты аналарымыз бесікке үкі тағып, оны барынша күтіп-баптап ұстап, баладан балаға мұраға қалдырып отырғанын қалайша естен шығарып алдық екен?! Мүмкін бұл жиіркенішті көрініс соңғы он жылдан астам уақыттағы «баланы бесікке бөлеуге болмайды, батыста олай екен, былай екен, мұның бәрі зиян» деп жас аналардың құлағына құйған дәрістің «жемісі» ме екен?

Шынында, бүгінде жас келіндер баланы бесікке бөлеуге құлықсыз. Себебін сұрасаңыз, «дәрігер болмайды деп айтқан» деп қысқа қайырады. Әлде, бесіктің қадір-қасиетін жас аналарымызға ұғындыра алмай жүрген өзіміз бе екен?

Бесік – жоғарыда айтып өткеніміздей, нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Оны Орталық Азия мен Кавказ, Үндістан, Қытай жерін мекендейтін халықтардың басым көпшілігі пайдаланады. Тек әртүрлі үлгіде жасалады. Қазақ бесікті қарағайдан, қайыңнан иіп жасаған. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады. Бесікті «тал бесік» деп атаудың сыры да осы. Бесіктің құрылымы балаға гигиеналық тәрбие беруге лайықталған. Өйткені арнайы орнатылған түбек пен шүмек бала дәретін жайдырмайды. Шүмек қойдың асық жілігінен жасалатын бол­ған және айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып алған.

Бесіктің аспалы бесік деп аталатын түрі де бар.

Жалпы, ата-бабамыз бесікті қасиетті, құтты мүлік деп есептеген. Осыдан болса керек, бесікке қатысты түрлі тыйымдар мен ырымдар да көп.

Бесіктің  ұрпақ   үшін  пайдасы ұшан-теңіз. Соның бір­не­шеуін айта кетсек, біріншіден, қол-аяғын ербеңдетіп, бос жат­қан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қан­баған баланың зердесі то­лық жетілмейді. Екіншіден, ба­ла­ның мазасыздығы ананың психологиясына әсер етеді. Бұндай жайсыздық сүт ар­қылы сәбиге беріледі екен. Сон­дықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыз болады дейді. Үшіншіден, баланы бесіктен шешкен кезде сәби керіліп-созылып, рахаттанады. Денесінің әр түрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды екен. Төртіншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, сәбидің тұла бойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Сонымен қатар, бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Яғни, құрғақ болады. Ол – мықты денсаулық кепілі. Әрі аяқ-қолы сыптай болып өседі делінген. Оған қоса, бесік белгілі бір ритммен ғана тербеледі. Ол баланың жүйкесін бір жүйеге, тәртіпке түсіреді. Сондай-ақ, бесіктегі сәбиге ана әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың бойына ұлттық қасиет дариды екен. Одан бөлек, сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тіл-көзден сақтайды екен. Тізе берсек, бесік баланың өсіп-жетілуінде зор маңызға ие.

Төле би айтты деген мынадай бір әңгіме бар. Жоңғарлар шап­қыншылығынан соң тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, үдере көшкенде, аяғы ауыр жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төлемен қатар келе жатқан кісі: «мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай»,– дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен.  Ендеше, кең дүниенің есігін ашатын қасиетті бесігімізден жиренбей, қадірін білсек екен.

Айнұр Батталова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз