ИНТЕРНЕТТЕН ҮЙРЕН ДЕ ЖИРЕН

90

0

Ақпараттың дамыған заманында жаңалықтарды адамдар көбіне интернеттен алатын болды. Мына бір деректен де көп нәрсе ұғуға болады. Небәрі бір жылдың ішінде «Фейсбук» әлеуметтік желісі 200 млн қолданушы жинаса, телехабарларға 60 млн көрермен, радио толқынына 50 миллион тыңдарман жинау үшін 13 жыл уақыт қажет болған. 

Әлеу­меттік желіні Жер бе­тіндегі 7,5 миллиард адам­ның 3,5 миллиарды пайдаланады. Со­лардың ішінде ин­тернетке тәуел­ділік әсі­ресе мектеп жа­сындағы балалар арасында өр­шіп тұр. Се­бебі, интернеттегі ақпараттарды алуға шек қойыл­маған, балаға да, үлкенге де бірдей. Көбіне ата-аналары ба­ла­ларының смарт­фоннан не кө­ретінін қада­ғаламай, жай ойнап отыр деп есептейтінін ескерсек, атыс-шабыс ойындары мен қаты­гездікке толы фильмдердің бала психологиясын жаулап жат­қан­дығы жасырын емес. Осы секілді ақпараттардың өскелең жас­тағы баланы  жауыздыққа жетелеп, ойлау қабілетін тежейтіні де анық.

Интернет ақпарат алмасудың тиімді жолы болғандықтан, әр­кім әртүрлі пайдаланады. Бірі қызық үшін қараса, ендігі біреу­лер пайдалы деректерді өз тәжі­ри­бесіне енгізіп, жеке кәсібін дөңгелентіп отыр. Сонымен қатар, алаяқтықпен ақша тауып, қылмыс жасайтындар мен атақ қуып, абыройын айрандай төгетіндер де жеткілікті.

Әлеуметтік желі шексіз, шекарасыз лабиринт секілді. Бір кірсең, шырмалып, шыр айналып қаласың. Әуелі әуестікпен көріп, артынан тәуелділікке түсіп, соңында санасының уланып, ұйқысының ұрланғанын байқамай қалғандар қаншама?!

Ал, тілге қатысты келсек, интернетті бірыңғай пайдалану салдарынан стильдік норманың бұзылып, тіл шұрайлылығы тө­мендеп, ойдың қасаңданып бара жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл, әсіресе, қолына қалам алып жүрген жастар үшін қауіпті жағдай болып отыр.

Елбасы Астанадағы ­Назарбаев университеті сту­дент­теріне дәріс оқыған кезде «Кім кітап­ты көп оқыса, сол интернетте отыр­ған­дарды басқаратын болады» деген сөз айтқан еді. Кітап оқудың қаншалықты маңызды екеніне Мемлекет басшысының өзі осылай мән беріп отыр.

«Тамшы тас теседі» дегендей, қайта-қайта айтылып жүрген ойды қозғаудағы бір себебіміз «Жас­тар жылында» интернеттің торына телмірмей, кітап оқып, көзінен радиация сәулесін емес, ғибрат нұрын өткізетін замандас­тарым көбейсе екен деген бір тілек еді.

 

Аружан МАХМУД, 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік 

университетінің 4-курс студенті. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз