КЕЙІНГІЛЕР КИІЗ ҮЙДІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?..

535

0

Көп адамның басы қосылған бір жиында қазақтың киіз үйінің кереметі жайлы сөз қозғалды.  Осы тұста көпшілік қауым дуылдасып, бірінің сөзін бірі іліп алып, атадан балаға мұра боп жеткен қара шаңырақтың қадір-қасиетін сүйсіне әңгімелеп жатты. Бірақ, шеткерілеу тұрған бір топ жастардың бұл әңгімеге онша қызығушылығы  байқалмады. Содан оларды сөзге тартып көрсем, «киіз үй жайлы естігеніміз болмаса, көргеніміз жоқ» дейді. Иә, бұған таң қалудың жөні жоқ. Себебі, қалада туып-өскен бала қараша үйді қайдан білсін…
Десек те, ежелден келе жатқан ерекше құнды­лы­ғымыз жайлы бүгінгі ұрпақтың біле жүргені дұрыс болар деп көрген-білгенімізді, көкірекке түйгенімізді бөлісуді жөн көрдік.
Біздің бала күнімізде әрбір үйдің алдында қараша үй (бізде осылай аталады) тігіліп тұратын. Алты қанат, сегіз қанат, он екі қанат үйлердің ішкі жасауы мен сән-салтанаты өзінше бөлек. Айталық, алты қанат киіз үйді тігу және жинау оңайырақ. Бір замандағы көшпенді қазақ көбіне осы алты қанат үйді пайдаланған. Ал сегіз қанат, он екі қанат үйлер сыйлы қонақтарды, сал-серілерді күтетін салтанатты орда болған сынды. Қазақта: «Балаң би болсын, би болмаса, би түсетін үй болсын!» деген тамаша тілек бар. Сол секілді, ақ киізбен қапталған керегесі кең, еңселі үйлер би түсетін үй болған. Мұны елдің ежелгі тарихынан, одан бөлек, көркем әдебиеттерден оқып, көңілге түйгенбіз.
Ұлттық құндылығымыз – киіз үйдің ең бас­ты бөлігі – шаңырақ. Дөңес пішінді дөңгелек шаңырақтың ортасы бір-біріне айқаса иілген төрт тарау ағашпен ұстасып тұр.  Халқымыздың қай­сыбір көнекөз бұйымын алсаңыз да, астарында өзіндік бір философиялық ой жатады. Сондықтан осынау шаңырақтың да сыр – сипатын тереңірек тарқатып көрелік:
Айталық, шаңырақтың дөңгелек болуының бас­ты себебі, күннің түсуі, желдің соғуы біркелкі әсер етеді. Ал екінші себебі адамзат тіршілігіне тікелей әсері бар Жер, Ай, Күн планеталарының көрінісі болса керек. Сол сияқты шаңырақтың төбесіндегі айқастыра ұстасқан ағаштар төрт бұрышты кескін жасап, дүниенің төрт бұрышын көзбен шолып отырғандай тылсым ойға жетелейді. Ал шаңырақ пен керегені жалғап тұрған уықтар күннің шұғы­ласын көз алдыңа келтірсе, керілген кереге кеңіс­тікті білдіреді.
Кереге мен уықтар уықбау, кермебау, басқұр және басқа да бау-шулармен бекітіледі. Ал үйдің босағасы берік болуы үшін айналдыра белбау­мен тарта орап, бекітіледі. Сонымен бірге, үйдің сыртқы қабырғасына туырлық, үстіне үзік, төбесіне түндік жабылады. Ағаштан оюлап жасалған «сықырлауық» деп аталатын жарма есік орнатылып, оның сыртынан ораулы шиден тоқылған киіз есік түсіріледі.  Бұдан соң керегенің сыртынан киіз жабуды бастыра, айналдыра қолдан тоқылған шимен қапталады. Шидің өзі түрлі-түсті шуда жіптермен кестеленіп, өзгеше бір өрнекпен тоқылады. Шимен қаптауының себебі, жаздыгүні арасынан жел соғып, үйдің ішкі ауасын реттеп тұрса, ал жаңбырлы, қарлы күндері ши ылғалды бойына ұстамай, күн көзінен немесе желмен кеуіп тұрады. Сондай-ақ, үйдің ішкі әсемдігі үшін көздің жауын алар қызылды – жасылды желбаулар ілінеді. Жерге текеметтер төселіп, қабырғасына сырмақ,тұскиіздер ілінеді.
Бұрынғы көшпенді заманда киіз үйдің ортасына жерошақ орналасқан. Ойлап қарасақ, үйдің ең биік жері ортасы, яғни шаңырақтың тұсы, сондықтан от жаққанда түтіннің түзу шығуы үшін ең ыңғайлысы да осы, сондай-ақ, оттың жылуы да жан-жағына біркелкі таралады.
Осынау шап-шағын үйдің, бүгінгіше айтқанда, бір бөлменің өзінен талай тағылымды тәлім-тәрбиенің тіні бастау алған. Мысалы, үйдің табалдырығы мен төрінің арасында қаншама қадір-қасиет бар?! Көнекөз қариялардан естуімізше, сол заманда келіндер үйдің төрін аяғымен баспайды екен. Үйді тазалаған уақытында қайын сіңілдеріне өтініш айтып,  төргі жағын сыпыртып алатын дегенді еститінбіз. Оған таңқалмаймыз, өйткені өзіміз де бала күнімізде осындай тәрбиені көріп өстік.
Ауылда тұратын ағайындар арасында жасы да жолы да үлкен әжеміз болды. Сол кісі біздің үйге кірген бетте ата-әжеміздің көзі кетсе де, шаңыраққа сәлем беретін. Сосын  қанша қыстаса да «қайнағаның шаңырағы» деп төрге озбайтын. Мұны айтып отырған себебіміз, бүгінде еңселі үйлерде емін-еркін өмір сүріп жатқанымызбен, әлгіндей сыйластықтың ізі байқала бермейтіні рас. Осыдан соң, аядай үйде ғұмыр кешіп-ақ, асыл қасиетімізді атадан балаға жеткізген ұлтымыздың ұлылығына қалайша таңқалмайсың?!
Ғазиза ӘБІЛДА.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз