КҮЛКІ ЖЕҢІЛДЕДІ, ОЙ АРЗАНДАДЫ

504

0

«Бүгінде теледидар бетін арзан әзілдер жаулап алды.» Бұл – қоғамдық пікір.
Шынында солай, қазір КВН деген күлкіпаздардың қойылымдарынан көз сүрінеді. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір» дегендей, шынымен күлдіріп жатса, мейлі. Күлдіру қайда, күйдіреді ғой, күйдіреді.
Қай жылы «Нысана» театрының күйеубала атынан енесін (кене деп) мазақ қылғанын, жұртты күлдірем деп оқушысынан жүкті болған мұғалім бейнесін сахнаға алып шыққанын сынап, баспасөзге мақала бергенбіз. Бүлк еткен біреу жоқ.
Міне, енді хандарымызды әжуалап, батырларымызды келемеждеген көріністерге  куә болып жүрміз. Бір өкініштісі, осындай КВН кештерінде елге белгілі тұлғалар, өнер адамдары көптеп отырады. Бірақ, олар балалармен бірге мәз болып күледі. Өнер есігін жаңа ашып келе жатқан жастарға айтатын бір ауыз түзетуі болсайшы.
Енді «Байдың балалары» деген күлкіпаздарға келейік. Соның бірнеше әзілдерін айнақатесіз көшіріп берейік, сонымен:
«Бір көкеміз он жыл қолданбаған симкартасына байқаусызда бірлік салып жіберіп, «симкартам байғұс орнынан бір аунап түскен шығар» – депті.»
Бұл әзілмен күлкіпаз не айтқысы келді? Аңғал қазақты сынағысы келді ме, аруақты мазақ қылғысы келді ме? Міне, осыны айтқан сәттегі зал толы адамның күлкіден түйіліп қала жаздағанын көрсеңіз, ұяттан өртене жаздайсыз.
Келесі әзілі: «Бір де бір жоңғарды өлтірмеген батырдың қылышы менің арым таза депті.» Осы күлетін сөз бе? Жоқ десеңіз, «Ютуб» желісінен іздеп тауып, өзіңіз көріңіз. Бұл сөздің қыран-топан күлетін сөз екенін дәлелдеп береді. Ал, енді айтылған әзілдің астарында не бар? Елі мен жерінің азаттығы үшін, бүгінгі ұрпағы үшін батырларымыз қылыш сілтемеген болса, қарасы қалың, ниеті қара жоңғар мемлекетін жойып жіберген кім?  Егер бұл әзіл арқылы «барлық қазақ батырларын емес, соның ішінде пәленше деген қорқақ біреуді айтқанмын» десе, онда 18-ші ғасырда өмір сүрген сол адамның атын атап, түсін түстеп түсіндірсін.
 «Асық ойнап жатқан балалардың қасынан өтіп бар жатқан қой: «Қатігезсіңдер!» – депті. Бұл – күлкіпаздардың дәме-дәл келтірілген тағы бір әзілсымағы.
Әлгінде айтқанымыздай, ескерту жасайтын біреу болмаған соң, «Байдың балдары» шынымен де бай-бағылан кейпіне еніп, сахнаны немесе теледидар айнасын айдалада бір өзі жүргендей емін-еркін егеленгені сонша, дарақы күліп, аузы басын қалай болса солай қозғап, камераға тілін шығаратын күйге түсті. «Ютубтағы» өз қойылымдарының астына «Қазақстандағы КВН одағына тиесілі авторлық құқықпен қорғалған. Мұны көшіру қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін» деп жазып қойғандықтары-ақ олардың өздерін қалай жоғары ұстайтындықтарын айғақтайды. Оларға менің айтарым:
«Шырағым-ау, көшіруің не, біз сендердің күлкі қашыратын «шығармаларыңды» өшіре алмай жүрміз ғой.»
«Бет қалыңдаса, ұят жұқарады» демекші, айтары да, астары жоқ бұл арзан әзілдердің мақсаты не?
Пайғамбар хадисінде «Арзан күлкі жүрек аздырады» делінген екен. Шынымен, жүрегіміз азып бара ма, ағайын?

                   Д.АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<