КӨРШІҢІЗБЕН ҚАЛАЙСЫЗ?

1324

0

Бұрындары үлкендер көршімен тату болу керектігін жиі ескертетін. Сол сертті бұзбай, біз де беріге дейін қойы қоралас көршімен жақын араласып келдік. Тіпті, бір жаққа жол тартса, көрші көршіге үйін тапсырып кету заңды құбылыс секілді көрінетін. Қасиетті шариғатта «Аллаға және ақырет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын!» деген терең мағыналы жолдар бар. 
Бірақ, қазір қым-қуыт тірліктің ығына жығылып, көршіге мойын бұрудан қалғандаймыз. Әйтеуір баяғыдай емес, ыстық ықылас сейілгендей сезіледі. Бұл орайда «Шай сұраса, май қосып беретін, кең пейілді, дархан жүректі қазақтың бүгінде көршісімен қарым-қатынасы қалай?» деген сауал туындайды. Пікірлерге зер салсақ.

Ләззат Бауыржанова, 
қала тұр­ғыны:
– Үлкен отбасында өскендіктен көпшіл болдым. Әлі есімде, бала күнімде көршілер шай, сүт болмаса нан сұрап келсе, соңғысы болса да бере салатынмын. Тіл табысу, елмен араласу қаныма сіңгені соншалық, күні бүгінге дейін көпқабатты үйде тұрсам да көршілеріммен етене араласамын. Қуанышқа ортақтасқанды қалаймын. Бес күн жалғанда  арадағы сыйластық ажырамау керек.
Назерке Байділдаева,
тіл маманы:
– Қазақ  – бәрінен  бұрын  сыйлас­тыққа баса мән беретін текті халық. Хадиске көз жүгіртер болсақ, «Көрші ақысы» деген түсінік мұсылмандар үшін бірінші кезекте тұрады. Сол үшін де мұсылман бауырлар көршімен татулықта, өзара ынтымақтастықта өмір сүруді парыз санайды. Бабадан қалған даналық сөзді ескерер болсақ, халқымыз алда-жалда іс түскен уақытта да жәрдем етер әуелі Алла, содан соң  көрші деп білген. Көрші ақысының нағыз үлгісін пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) көрсеткен. Өзіне зәбір көрсетіп, жолына нәжіс заттарды төсеп қоятын иман келтірмеген көршісі ауырып қалғанда, оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет қарым-қатынасы арқылы сол көршісінің иман келтіруіне себепкер болады. Осыдан-ақ, көршінің қадір-қасиетін пайымдай беріңіз. Өз басым сыйластықты құп көремін. Әсіресе, көршілеріммен. Балалық шақтағы құрбыларым да сол көрші үйден. Қимас естеліктер бәрімізге ортақ дүниемен тығыз байланысты.
Тоқтар Ағыраев,
 күйші, термеші:
– Көпқабатты үйлер бой көтергелі көршілік дәстүрдің тамырына балта шабылды. Сосын күндіз де үйін құлыпта ұстайтын жерде қандай көршілік байланыс болсын. Жер үйдің де кейбірінде ғана сіздер айтып отырған қарым-қатынас сақталған.
Гүлжаһан Төленбекова,
зейнеткер:
– Өмірімізде күнбе-күн, жүзбе-жүз кездесіп, туыс-туғаныңнан артық араласып, шүйіркелесе отырып шай ішетін жандар бар. Оны біз «Құдай қосқан көрші» дейміз. Көрші болғанымызға 7-8 жылға жуықтапты. Осы кезге дейін олармен ағайыннан да жақын бола түстік. Түскі асты ол үйден ішсек, кешкі уақытта қазан біздің үйде көтерілетін. Наурыз мерекесінде де көшеміздегі 19 көрші бірігіп, наурыз көже дайындап, Ұлыстың ұлы күнін тойладық. Міне, бойымызға әкенің қанымен, ананың сүтімен сіңген ұлттық болмыс осында деп білемін. Бірақ, қазір көптеген адамдар осы дүниелерден қалыс қалған сыңайлы. Қалалықтарға қонақтап барсаң, көршісімен аман-саулық сұрамақ түгілі, танымайтынын айтып жатады. Кейде орта буынның көрші түгілі бір-бірімен шаруасы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, барлығы күйбең тірліктің соңында жүр. Жалған дүниені аяқтап, о дүниеге барғаныңда жаратушы Алла: «Көршіңмен қалай тұрдың?» деп сұрайды екен. Тату тұрсаң жұмаққа, қату тұрсаң тозаққа жібереді деген бар. Сондықтан көрші көршімен күнде көріссе де, айлап көріспеген адамдай араласқаны жөн.
Айғаным Мұстапаева,
«Ел.кз» ақпа­раттық-танымдық сайтының тілшісі:
– Егер бір сәт өткен өміріңізге көз жүгіртіп, балалық шаққа саяхат жасасаңыз, есіңізге ең алдымен бірге ойнап, бір жүрген көрші үйдің балалары, достарыңыз түсетіні анық. Себебі, қазақ қашаннан «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деп көршісін туғанындай жақын тартқан. Басыңа қиын іс түссе, ия болмаса қызық-қуанышқа кенеліп думандатып жатсаң, бәрінен бұрын хабардар болып отыратын осы көршілер. Кейде басымызға іс түссе, жырақтағы жақының талай шақырымды артқа тастап, құстай ұшып жетем дегенше, ауладағы көршілер істің бәрін тындырып, тұрмысымызды түзей қояды. Мұның барлығы – пейілі кең, иманы кәміл қазақтың дінінен, салт-сана, болмысынан алыстамағанының көрінісі.
Жеңісбек Дәрібаев,
дінтанушы:
– Әрине, көршілеріммен жақсымын. Қазақ көрші ақысын жете түсінген халық. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағындағы жандармен әрдайым тату тұрған. Бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген. Осындай қасиет бабамызға қайдан келді? Әрине, асыл дініміз исламнан келген.
Ислам дінінде көршің қай дінді ұстанса да оның көршілік ақысы бар екенін айтып өткен. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Маған Жәбірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» деген болатын. Осылайша Ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен жақсы болуға шақырады.
Ол көрші мейлі мұсылман немесе басқа дінді ұстанушы болсын бәрібір көршілік міндеті бар. Расында, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Осы жөнінде бабамыз «Алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деп айтқан емес пе?! Сондықтан оның орны әрдайым ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп қоңсыны Жаратушының өзі белгілейтініне сенген. Сондықтан жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Көршің басқа аймаққа қоныс аударып жатқанда қимастық сезім болады ғой. Осының бәрі көршіңнің туысыңдай болып кетуінен.

Рауабану Қаракеева,
«Фейсбук» әлеуметтік желісінің қолданушысы:
– Шынымды айтсам, көршілерімді танымаймын. Қалалық тұрғындардың басым бөлігінде де осылай шығар деген ойдамын. Кейде жеті шелпек таратуға шыққаныңда, есігін ашпай, кажет емес деп отыратындары да бар. Бұл не деген салқындық екенін түсінбеймін. Ал ауылда жағдай тым бөлек. Мұндағы көршің туысқаныңдай болып кетеді. Қуанышың мен қайғыңды да бөлісіп, айт, наурыз секілді мерекелерде үй аралап, құттықтау айтып, дәм татып, арқа-жарқа боласың. Ал қалада қонаққа бармақ түгілі, көршіңнің бет-жүзін көрмейсің.

Нұрлыбек Рахманов,
 БҚО, «Жайық пресс» ақпарат орталы­ғының жетек­шісі:
– Студенттік кезде пәтерден пәтерге көшіп шаршағасын, екінші курс оқып жүргенде несиеге қаладан жер сатып алдық. Сол тақыр жерге құрылыс материалдарын түсіріп, шіліңгір шілде айында іске кірісіп кеттік. Айналадағы көршілерден ешкімді танымағандықтан бірдеңе сұрай қою да қиын. Әлі жөн білмейтін балаңдығымыз бар. Сөйтіп бірінші күні күрке тігіп, асымызды далада отқа пісірдік. Кешке көршілердің өздері келіп танысып, қол ұшын соза бас­тады. Бірі құрылысқа өте қажет электр тоғын үйінен тартып берсе, бірі шайға шақырып, енді бірі балаларын көмекке жіберіп, сол бірліктің арқасында бір айға жетпей құрылыс салынып еді. Содан бері сегіз жыл өтті, олармен ағайын-тумадай аралас-құралас болып кеттік. Кейбірі қаланың басқа шетіне қоныс аударса да, арамыз ажыраған емес. Той-томалақ көршілерсіз өтпейді. Бұл көршілерімнің маған, менің жас отбасыма берген үлкен тәлім-тәрбиесі деп санаймын. Ата-бабаларымыздың «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, Үй салмас бұрын көршіңді ойла» деп тегін айтпағанына көзім жетті.
Сөз түйін. Берілген жауап әрқилы болды. Бәлкім, бұл көрші туралы ұғымның заманмен бірге жаңғырып, өзгеріске ұшырағанының дәлелі болар. Дегенмен, ауызбірлікке, ынтымаққа құрылған қарапайым қалыптан танбай, қанға сіңген байырғы дәстүрлерімізден ажырамағанға не жетсін?! Көрші-қолаңды туысынан да жақын қабылдайтын текті халықтың ұрпағы екенімізді абзал іспен, ізгі амалмен дәлелдеуді естен шығармасақ игі.

Пікір жинаған
М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<