Сәуріктей сұлу сәуірім

1031

0

Жылдың кезегімен екінші болып келетін ай атауы ежелден  көкек еді. Осы бір ғаламат құстың заты мен аты қазіргі адамдарға ұнамай-ақ қойды. Көкектің қасиеті мен сүйкімі жайында осы газеттің былтырғы сәуірдегі сандарының бірінде танымдық мақала жазған едім. Ал, бүгінгі әңгіме «сәуір» дейтін сұлу, сиқырлы сөзге қатысты.

1990 жылдары ай аттары қазақшалана бастағанда «Еге­мен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаға «жоғарыдан» бір кісі телефон шалып, «Лениннің апрель тезистерін енді көкек тезистері дейміз бе?» деп көкек атауын алдырып тастапты. Сол кез­дегі елшіл журналистер ай аттарының қазақша нұс­қа­сын сақтап қалу үшін амал жоқ, көкекті сәуір деп ауыстырайық деп жол тапқан екен. Содан бері бұл мезгіл сәуір айы болды. Мен бұл деректерді танымал қаламгер, жерлесіміз Нұртөре Жүсіптің жазбаларынан кездестірген едім.

Сәуір – негізі амал атауы. Қысы-жазы кең далада тіршілік еткен ата-бабаларымыз та­би­ғат ерекшеліктерін терең зерттеген. Күннің қабағын, желдің бағытын, алдағы мез­гілдің мінез-құлқын айныт­пай білген. 

Қазекем шамамен осы ай­дың жиырмасыншы күні бас­талатын сәуір амалы кіргенде бұлттарды жіті бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуір бұлтының қалып қойғаны болып есептеледі. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, қырық күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. Сәуір амалы өтпей, сәурік аталатын айғырды тарт­ты­руға болмайды. Өйткені, бұл кезеңнің аяқастынан қар­лы боран болу қаупі бар.

Ел ішінде осыған сай бір аңыз әңгіме жүреді, алдынан шығып сөйлетіп көрсеңіз, бы­лай дейді: Пәленше дейтін бай отамалы амалынан соң, жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін түгел тарттырып тастайды. Ал, артынша қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылыпты. Сондықтан кейде осы амалды «қырық сәурік» деп атау да кездеседі. Қазақ атам бұл амалға қатысты «Сәуір болмай, сайран болмас, сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақ­паса алпыс күн», «Сәуір болмай, тәуір болмас» деп мақал­дайды. Сонымен бірге қазақ халқы сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді де «сәуір» деп атайды.

Сәуір сөзі қалай сұлу естілсе, өзі дәл сондай сүйкімді ай. Бұл айда жердің асты мен үсті түгел оянып, көктем тал басына өрмелеп шығады. Адамның ағзасында ерекше өзгерістер жүреді, қарапайым қадам басқанда бойынан жеңілдік сезіледі. Әр атқан таң алдыңда көңіл айнасындай көркем кезеңнің жақындай түскенін айтпай сездіреді.

Сәуірдің ең ғажайып қа­сиеті оның жаңбырында. Алланың жаратылысындағы заттарда біз білмейтін қаншама хикметтер бар десейші. Асыл Пайғамбарымыз бір Хадисінде былай депті: «Жәбірейіл маған сондай бір керемет дәрі бар екенін үйретті, ол дәріні білгенге емші дәрісіне мұқтаждық қалмайды». Сонда сахабалар: «Уа, Алланың елшісі оны бізге де үйретші» дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Сәуір жаңбырын жинаңдар. Оған Фатиха, Ыхлас, Фәлах, Нас сүрелерін жетпіс мәртеден оқып, жетпіс мәрте тасбих дұғасын қосса, сосын жеті күн үзбей таңертең сол оқылған жаңбыр суын ішсе, Алла ол кісінің денесінен, тамырынан, сіңірінен қиыншылық берген ауруларын кетіреді. Алла атымен ант етейін, осы суды әйеліне ішкізсе, әйелі жүкті болады. Өзі ешқандай аурудан қорықпайды», – депті.

Керемет пе, керемет!

Сәуір – халық түсінігінде де, табиғатта да тамаша кезең. Осы кезеңде жақсы ойларға беріліп, көңілді жүрген адам қиындыққа душар болмай, жақсылыққа жолығады. Бұл да – қасиетті кітаптардың сөзі.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<