Үйде отырмыз, иеге сенген күйде отырмыз

272

0

Бүгінгі таңда Қызылорда облысы еліміз бойынша аты өшкір індет көрсеткішінен үшінші орында тұр. Сол дертті таратпау амалдарын жасаған жергілікті билік тарабы барлық мүмкін жағдайларды атқарып келеді.

Бір ғана Қызылорда қала­сының жан-жағынан бірнеше блок-бекет орнатылды. Бірақ, қанша қымтанғанымызбен ін­дет салдарының жел-құз тұр­май­тын Алдаркөсенің шапанындай күйге түсіргеніне не жорық?! Мұның басты себебі етек-жеңі жабылмайтын кейбір жерлестеріміздің карантин талаптарына бағынбай, мекеме жағалап немесе той, мерекесін тоқтата алмай жүргенінде жатыр.

Екі күн бұрын облыс әкі­мі­нің орынбасары Наурызбай Байқадамов онлайн брифинг өткізіп, төтенше жағдай талабын бұзушылардың 171 дерегі тіркелгенін, олардың 46-на әкімшілік айыппұл салынып, 52-не әкімшілік қамау шарасы қолданылғанын айтты. Бір күн­нен соң осы мәлімет тағы 5 дерекпен толықты. Аяғы мен аузын тыя алмайтындарға індетті өртке шөп тастағандай қаулатып жатқандарын түсінетін уақыт жетпеді ме?

Осы күні бізге, көпшілікке қойылып отырған бір-ақ талап бар. Ол – тәртіпке бағыну, үйден шықпау. Баяғының адамдары түтіндеген май шамның жарығында баласының табанына кірген тікенді тісімен алып отыратын. Қазір тәубесі таяз, шыдамы шыртетпе адам көбейіп кеткен. Төбесі биік, терезесі жарық үйімізге сыя алмаймыз. Бұл – бізге астамшылықтың берген құлқы.

Халық үшін кеудесі қысылып, ты­нысы тарылып, аман басын аламанға салып отырған жан­дар­дың жазығы не? Егер аңдап қарасаңыз, күн-түні дамыл таппайтын – басшылық тарап, құ­қық қызметкерлері, әскерилер, дәрі­герлер  және азық-түлік дүкен­дерінің иелері екен. Тіпті халықтың әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтарына көмек түрлері қолма-қол жасалып жатыр. Бүгінге дейін облыстағы осындай 58 мың 500-ге жуық кісі азық-түлікпен, тұрмыс қажеттіліктерімен қамтамасыз еті­ліпті. «Сөзіңді біреу сөйлесе, ау­зың қышып бара ма?» дейтін еді қазекем, жағдайымызды ойлап, жа­ны төзбей жүрген ақ желеңді абзал жандар мен жергілікті басшылыққа алғыс ғана лайық. Әншейінде сынап-мінеуден басқаны білмейтін біраз жұрт қазір өзінің иесі, жанашыры бар екенін мойындады.

Біздің карантин талаптарына үстірт қарау әрекеттеріміз арамызда елдің, болашақтың амандығы үшін емес, қара бастың қамы үшін жүретіндердің аз еместігін де көрсетіп берді. «Тамағымнан өтпесін, тамағымнан өтсе де жүрегіме жетпесін, жүрегіме жетсе де, ұрпағыма кетпесін» деген қайран ақындар-ай, осындай жандарға күйінген шығарсың-ау!

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.

Күніге мың бәлеге жолықсаң да,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан, – деген мұсылман едік қой, ағайын.

Коронавирус – сынақ. Бекемделсең – тұрасың, иілсең – сынасың. Алла «шүкірлігіңді арттырсаң, нығыметімді арттырамын» деген.

Бұл – ғаламтор заманы, баяғы майшамның білтесі біржола жанып таусылған. Интернетті ашып қараңызшы, қаншама тамаша әншілер мен күйшілер біздің көңіліміз жұбансын деп торғайдай шырылдап ән салып, өнерлі саусақтан сиқыр төгіп жатыр. «Осы әншілер-ақ мазамызды алып бітті» деп жазыпты кейбіреулер. Бірақ, сол адам сәлден кейін өзінің де ыңылдап ән салатынын сезбейді. Ән – біздің көңіліміздің анасы. Сол үшін онлайн сахнаның сәнін келтіріп отырған облыстық мәдениет саласы қызметкерлеріне рахмет. Біздің денсаулығымызды шекара күзеткендей күзетіп жатқан ел ағаларына, заң қызмет­керлеріне, алақанымыз терлесе, жүрегі сыздаған ақ желеңді абзал жандарға мың алғыс.

Баяғыда перзентке зар болған бір кісі: «Құдай, не берсең де, бірдеңе берші» деген сөзді күн сайын қайталайды екен. Күндердің күнінде Алла оның тілегін қабыл етіп, әйелінің құрсағына бала бітеді. Тағатты тауысқан тоғыз ай да өтеді. Ақырында дүниеге әлгі адамның сұрағанындай аузы-мұрны, аяқ-қолы жоқ бірдеңе келеді. Әйтеуір жаны бар секілді, доп-домалақ бірдеңе. Қорқып кеткен ерлі-зайыптылар іштен шыққанды далаға тастай алмай, мұның құпиясын білмек болып молда шақыртады. Сонда молда: «Бұл бала тілемей, бірдеңе бер дегендеріңнен болған. Бірақ тегін емес, Алланың сынағы болса керек. Жұбайың мына месті етегіне салып, қырық бір күнге дейін түсірмей жүрсін», – дейді.

Әлгі әйел байғұс та шыдамсыз біреу екен, қырық күн болғанда тағаты таусылып күйеуіне: «Қашанғы қу месті құшақтаймын, молда не айтарын білмей бізді қатырып кетті» деп етегін жазып жібереді. Ал, мес доптай домалап барып, ортасынан қақ айырылады. Местен қолында аса таяғы бар кішкентай бала ыршып шығып, «Ата-анам-ау, қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадыңдар ма?» деп тауға қарай қаша жөнеледі.

Сөйтіп, әулие боп туған бала әке-шешесіне бұйырмайды. «Қыр­қына шыдағанда қырық біріне шыдамайсың ба?» деген сөз сол кісілерден қалыпты.

Біз де қырық біріне шыдап, мамырмен қанаттасып келетін керемет шақтармен, көркем өмірмен қайта қауышуымыз керек.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз