ЖЫЛҚЫНЫҢ КИЕСІ

496

0

Әсілі, Асқар Сүлейменов айтпақшы, қазақ арғымақтан жаралған. Оның себебі көп. Ең бастысы, ұлт болғалы бері қазақтың жаратылысы жылқымен сабақтас, сондықтан біз жылқы мінездес жұртпыз. Ал, Қамбар атаның тұқымы туралы көсіліп жазуға да, апталап айтуға да арқау әңгіме жетерлік. Бір ғана «Көкмойнақтың үйірі» жырындағы «Жауға мінсем – айбарым, тойға мінсем – жайнағым, төбемдегі – байрағым, жанымдағы серігім, талыс танау – көрігім, асылың хайуан демесең – малдан бөлек келімің» деген теңеудің өзінен жылқының құнын анық білдірсе керек. Осындай қадір-қасиеті, тұлым-табиғаты ерекше қылқұйрық мені қанша рет қалам тербеуге итермеледі. Бүгінгі мақаланың байыбы бөлек, оған  мына оқиға түрткі болды. Бұл жердегі мәселе – кәнігі ұрының кәсібінде емес, тұлпардың киесінде тұр.
Иесіне адал қызмет етуді көздейтін таза қанды жануардың мықтылығын мойындамасқа шара жоқ. Бір ғана мысал. Белгілі актер Асанәлі Әшімовтің естелігін тыңдашы. «Ш.Уәлиханов туралы кино түсірілімінде Шоқанның рөлін сомдаған ұлым Сағидың астына мінген ақбозы шаршағаннан ба, әлде мезі болды ма, икемге көнбей мінез көрсетті. Ашу қысқан мен атты қатты жекіп, басынан қамшымен ұрдым. Өмірі бетіме келмеген ұлым: «Аға, тоқтат!» деп қатты дауыс көтеріп, қолымнан қамшыны жұлып алды. Сабама түскен соң атқа қарасам, көзінен жас мөлтілдеп тұр екен. Алланың құдіреті, көп ұзамай көзімнің қарашығындай қос құлынымнан айырылдым. Сонда мені аттың киесі ұрды ма деймін. Сол сәттегі жануардың жасқа толы жанары әлі есімнен кетпейді» деген еді Асекең.
Ия, жылқы жетекке жүре беретін жануар емес. Ол мінезді. Кемшілікті кешірмейді. Туған жерді қимайтын, туған қорасын тастамайтын талғампаз. Иесін іздейді, сағынышы кеудесіне сыймайды. Сондықтан қазақ сәйгүлікті сатпайды, соймайды, біреуге сыйламайды.
Әр ұлттың ұлттық болмысына сай кие санайтын аң-құсы бар. Айталық, Ш.Уәлихановтың «Қазақтардағы шаман­дық­тың қалдығы» атты еңбегінде: «Қазақтар киеге үлкен мән береді. Сондай құдіретті күші бар жан-жануарлардың киесі бар дейді, ал, олардың өзін киелі деп атайды. Жан-жануарлардың киесін қадірлемеу – киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары – кесір деп аталады», – деп түсініктеме берген.
Жылқы атасы – Қамбар ата туралы халық арасында әртүрлі дерек бар. Мысалы, Қамбар ата есімін Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың күйеу баласы Әзірет Әлінің атбегісі болған Ганбар есімді кісімен байланыстырады. Мүмкін солай шығар, оны тарих таңбалайды.
Біздің ауылда Өмірзақ деген кісі болды. Кәсібі жылқы ұрлау еді. Ел біледі, бірақ үстінен ұстап алмаған соң «сен ұрысың» демейтін.
Дария жағасы ен тоғай, іші жылқыға толы. Күзгі салымға қарай семіз жылқыға ауыз салу арта түседі. Қанша қадағаласа да қарақшыдан құтыла алмайды. Жылқысын бір жоғалтып, екі жоғалтып шаршаған жұрт назалана бастайды. Сол баяғы Өмірзақтан көреді. Ақыры елдің наласы, жылқының киесі ұрыны ит өлімге итермеледі. Үзеңгіде бір аяғы қалып, аттың тепкісінен бет-ауызы танымастай болып ісініп, оның үстіне бес-алты күн далада жатып, денесі сасып жатқан жерінен тауып алды. Ел «ажалы ақыры аттан келді» деді де жерледі. Дана халқымызда «Тұлпарға қас қылғанның тұқымы құриды» деген киелі сөз бар. Бәлкім, осы сөздің жаны бар шығар, әйтпесе себепсіз айтылар ма еді…

Қаныбек ӘБДУОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз