10 мыңнан астам қазақстандық мектеп оқушылары француз тілін оқиды

1097

0

Фото: Kazinform

ҚР Білім министрлігі қазақ мектептерінде француз тілін үйренуге қатысты статистикалық мәліметтерді айтты, деп хабарлайды Kazinform.

– Қазіргі уақытта 8 мектепте 380 оқушы француз тілін бірінші шет тілі ретінде, 38 мектепте 9 948 оқушы екінші шет тілі ретінде оқып жатыр, – делінген министрліктің редакцияның ресми сауалына берген жауабында.

Ведомство екінші шет тілін (неміс, француз) таңдау пәні ретінде оқыту қоғамдық-гуманитарлық мектептерде (гимназияларда) оқушылардың қажеттіліктерін, мұғалімдердің қолжетімділігін және ата-аналардың пікірлерін ескере отырып жүргізілетінін айтты. 

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 1 қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде француз мектептерін ашу жоспарын жариялаған болатын.

Ведомствоның бұған дейін хабарлағанындай, қазіргі уақытта ҚР Білім министрлігі халықаралық мектептерді ашу туралы келісімді жүзеге асыру бойынша жұмыс тобын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келісімге сәйкес 2025 жылға дейін Астана мен Алматы қалаларында француз тілінде оқытатын мектеп ашу жоспары бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<