100 мың теңге пара алған ауыл әкімі сотталды

282

0

Ақтөбе облысындағы  Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Жармұханов пара алғаны үшін сотталды, –  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімге қатысты қатысты қылмыстық іс №2 Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Іс материалына сүйенсек, кәсіпкер ауыл маңынан 2 гектар жер сұрап, бау-бақшаға көкөніс егуді жоспарлаған. Жер телімін жалға алу құжаттарын рәсімдеу туралы сөз қозғалғанда ауыл әкімі М.Жармұханов мамыр айындағы мерекелер үшін 100 мың теңге сұраған. Кәсіпкер әкімнің ақша сұрағаны туралы ақпаратты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне жеткізді. Сот отырысы кезінде сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, кәмелет жасқа толмаған үш баласын ескеруді, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Әрі жаза мерзімін айыппұлмен өтеу үшін ата-анасының баспанасын сатуға шығарғанын, өзінде ешқандай мүлік пен жинақ ақша жоқ екенін жеткізді. «Мейрамбек Жармұханов Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте басшылық қызметті атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалсын», – деді №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы Т.Алданов. Ауыл әкімі сот залынан қамауға алынады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<