Ақын Серікзат Дүйсенғазы өмірден ерте өткен ұлы Әлиханды еске алып, әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентер жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақынның айтуынша, бүгін ұлы Әлиханның туған күні. Егер өмірде болғанда, ол 20 жасқа толар еді.
“Бүгін марқұм Әлихан батырым ортамызда болса, жиырма жасқа толар еді. Көзді ашып-жұмғанша жиырма жыл өте шығыпты. Әлиханымды жоғалтқаныма да төртінші жылдың жүзі болыпты”, – деп жазды ақын.
Серікзат Дүйсенғазы ұлының зерек, сабырлы әрі кітапқұмар болғанын айтып, оның Германиядағы техникалық университеттердің бірінде білім алып, ғылым жолына түседі деп үлкен үміт артқанын жеткізді.
“Қазір өзі қалаған Германияның техникалық университеттерінің бірінде үшінші курс студенті болып жүрер ме еді? Әттең, амал қанша?! Өте зерек, ақылды бала болды. Кітапты өте көп оқитын еді. Техника саласына олжа салар ғалым болатын шығар деп үміттеніп жүрген едім”, – дейді ол.
Ақын ұлының өлең жазғанын тек өмірден өткеннен кейін білгенін де жасырмады.
“Қалыптасқан ақындығы бар екенін қайтыс болған соң ғана білдім. Өлең жазатынын менен жасырып жүріпті. Оның бәрін еске алсақ, өзегіміз өртенеді. Әсіресе, анасына өте ауыр”, – деп жазды Серікзат Дүйсенғазы.
Ол сондай-ақ Жаратқанның жұбаныш ретінде тағы бір перзент сыйлағанын айтып, бүгінде отбасы кенже баласының тәтті қылығы арқылы қайғысын жеңілдетіп жүргенін жеткізді.
Ақын жазбасында ұлының есімін ұлықтауға үлес қосқан жандарға да алғысын білдірді. Оның айтуынша, кәсіпкер Қанат Сәнік пен ақын Серік Қалиевтің қолдауымен “Әлиханның арманы” атты шығармалар мен естеліктер жинағы жарық көрген. Сондай-ақ режиссер Мұрат Есжан түсірген осы аттас деректі фильм “Хабар” телеарнасының архивінде сақтаулы.
Жазбасының соңында ақын марқұм ұлына деген сағынышын жеткізіп, оған арнап жүрекжарды тілегін жазды.
“Е, айналайын Әлиханым-ай! Сені біз бұл өмірден өткенше жүрегіміздің бесігінде әлдилейміз. Жатқан жерің жарық, жаның жәннаттың төрінде болсын, жарығым”, – деп түйіндеді ақын.






