«5-10-20» жаңа бағдарламасы бойынша қалай үй алуға болады?

1055

2

Бүгінгі таңда баспанаға қол жеткізудің жаңа бағыты ретінде «5-10-20» пилоттық жобасы талқылануда. Жоба аясында әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтардың кредитке үй алу мүмкіндігі кеңейеді

 «5-10-20» жаңа бағдарламасы арқылы кімдердің баспаналы болатынын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі егжей-тегжейлі түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«5-10-20» пилоттық жобасы – «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты. Бұл тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарды несиелендірудің мынадай тетіктерін қарастырады:

  • несие мөлшерлемесі – 5%;
  • бастапқы жарна – 10%;
  • несиелендіру мерзімі – 20 жылға дейін.

«5-10-20» бағдарламасына кімдер қатысады

«5-10-20» пилоттық жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады.

«Ал пилоттақ жоба аясындағы несиелендіруге 3,1 күнкөріс минимумына (101 271 теңге – Sputnik) дейінгі табысқа ие баспанасыз отбасылар қатысады», – делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, 2020 жылы күнкөрістің ең төменгі деңгейі 32 668 теңгені құрайды.

Жаңа бағдарлама бойынша қандай үйлерді алуға болады

«5-10-20» пилоттық жобасы аясында баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен немесе жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады.

Жобаның шарттары қандай?

Қазір жобаның шарттары талқыланып жатыр және төмендегідей параметрлер ұсынылуда. Жеке құрылыс салушылардың алғашқы тұрғын үйі бойынша қарыздың ең жоғары сомасы ел аймағына байланысты айқындалады:

– Нұр-Сұлтан мен Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 миллион теңгеден аспайды;  

– Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы үшін 15 миллион теңгеден аспайды;

– басқа аймақтар үшін 12 миллион теңгеден аспайды.

Әкімдіктер салған кредиттік тұрғын үйдің 1 шаршы метріне мынадай баға параметрлері белгіленген:

  • Алматы қаласында – 240 мың теңгеге дейін;
  • Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта – 220 мың теңгеге дейін;
  • Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта – 200 мың теңгеге дейін;
  • Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында –180 мың теңгеге дейін;
  • басқа аймақтарда – 160 мың теңгеге дейін.

«Отбасы банкі» қалай жүзеге асады?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, жыл соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің базасында «Отбасы банкі» атты толыққанды институты құрылады.

«Бұл тұрғын үйді есепке алу, тіркеу және бөлуді бір орталықтан атқаратын болады. Мұндай міндетті орындау үшін қазіргі кезек жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банкке» беру жоспарланып отыр. Өз кезегінде «Отбасы банкі» баспанасы жоқ жанұялар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін болады», – деп атап өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Мемлекет басшысы «5-10-20» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 390 миллиард теңге бөлуді тапсырған болатын.

Қазақстанда қанша адам баспана кезегінде тұр

2020 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметтер бойынша, жергілікті атқарушы органдарда 540 мыңнан астам адам кезекте тұр. Оның ішінде:

  • мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері – 212,5 мың адам;
  • толық емес отбасылар – 120,5 мың адам;
  • жетім балалар – 60,8 мың адам;
  • 1 және 2-топтағы мүгедектер – 43,5 мың адам;
  • мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар – 21,1 мың адам;
  • зейнеткерлер – 18 мың адам;
  • басқа санаттар – 16 мың адам.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<