ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмыс берушілерге №086 үлгідегі қағаз түріндегі анықтамаларды қабылдамауды ұысынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Белгілі болғандай, қазіргі кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізу шараларын пысықтап жатыр.
«Біз Денсаулық сақтау мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктеріне ұсыныстар бердік. Қазіргі кезде «086» анықтамасы бойынша ақпараттық база құрылды. Емханалар медициналық тексеруден өткендер туралы барлық мәліметтерді (электрондық нұсқада) енгізіп жатыр. Енді осыны нормативтік тұрғыда бекіту керек, яғни жұмыс беруші адамды қызметке қабылдаған кезде осы базадан қарай алады. Яғни қағаз түріндегі анықтамалардың заңды күші болмайды. Менің ойымша, бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін аяқталып қалады», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Астана қалалық департаментінің басшысы Жазира Жылқышиева.
Оның сөзіне қарағанда, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасымен, Астана әкімімен кездесу барысында аталған ұсынысқа Денсаулық сақтау министрі оңтайлы жауап берген.
Айта кетейік, бүгінде түрлі үлгідегі медициналық анықтамалар интернетте еркін саудаланып жатыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанда орташа есеппен алғанда күніне жалған 10 анықтама беріледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<