30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай Қызылорда қаласында «Адам саудасына жол жоқ» атты профилактикалық акция ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындарды адам саудасының қаупі туралы ақпараттандыру, еңбек қанауының алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру.
Акция Қызылорда теміржол вокзалында өтті. Оған «Оңтүстік – Солтүстік – Батыс – Шығыс» бағыттары бойынша жүретін үгіт-насихат пойыздарының мобильді тобы, сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Мемлекеттік еңбек инспекциясы, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында мамандар адам саудасының қандай жолдармен жүзеге асатынын, еңбек қанауының белгілерін қалай тануға болатынын және мұндай жағдайға тап болғанда қайда жүгіну керектігін түсіндірді. Сонымен қатар, заңсыз жұмысқа тарту, бала еңбегін пайдалану және кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері де сөз болды.
Тұрғындарға күмәнді жұмыс ұсыныстарынан сақ болу, жұмысқа орналасарда еңбек шартын міндетті түрде жасау, жұмыс берушінің заңдылығын алдын ала тексеру және жеке құжаттарын бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді.
Акция аясында қатысушыларға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, сенім телефондары мен дағдарыс орталықтарының байланыс нөмірлері ұсынылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түсіндіру шаралары алдағы уақытта да халық көп жиналатын орындарда жалғасады. Бұл бастама адам саудасының алдын алуға, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайтуға бағытталған.





