Конституция

Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен инвестициялық жобалар талқыланды

4

0

Фото: облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджет қаражатының игерілуі, аграрлық шаруашылық каналдарын бетондау, пайдалануға берілген әлеуметтік нысандарды теңгерімге қабылдау, инвестиция тартудағы өзекті мәселелер талқыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер нақтыланды.

Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына алты айлық инвестиция жоспарын орындауды, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруды тапсырды.

Облыстық құрылыс басқармасына, қала және аудан әкімдіктеріне статистика департаментімен бірлесіп құрылыс нысандарының есебін жүйелеу, айлық, тоқсандық және жартыжылдық статистикалық есептерді толық әрі уақытылы ұсыну міндеті жүктелді.

Бюджет қаражатын тиімді әрі толық игеру мәселесі де назардан тыс қалмады, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді. Жаңадан ашылған әлеуметтік нысандарды теңгерімге қабылдау және қабылдау актілерін рәсімдеуді бір апта ішінде аяқтау, аудандардағы спорт кешендерін заңнама талаптарына сәйкес аудан әкімдіктерінің теңгеріміне беру жайы да пысықталды.

Бұл тұрғындардың сұранысына сай тиімді жұмыс кестесін, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүйелейді, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсартады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі